«Қазпошта» АҚ төрағасының орынбасары Мұрат ЖАРЫЛҚАҒАНОВПЕН әңгіме
– Халықаралық сәлемдемені сапалы, жылдам әрі сенімді түрде жеткізу – «Қазпошта» акционерлк қоғамы имиджінің негізгі кепілі. Оның үстіне Қазақстан таяуда Дүниежүзілік пошта одағы (WPU) жарғысына қатысты Жетінші хаттамаға қол қойды. Бұл компанияға халықаралық пошта жөнелтілімі қозғалысы шеңберінде қандай міндеттеме жүктейді?
– WPU – БҰҰ-ның бір мекемесінің мәртебесі бар үкіметаралық ұйым. Қазір оның құрамында 190 ел бар. Солар барлық пошта әкімшіліктерінің біртұтас пошта аумағын құрайды. Ол шын мәнінде тек компанияларды ғана емес, белгілі аймақтық бағыттар бойынша тұтас экономикаларды байланыстырып, өзара тоғыстыратын ұйымдардың бірі. Мұндай бірлестіктер әлемде көп емес. Оның негізгі мұраты – пошта әкімшіліктерінің халықаралық пошта жөнелтілімінің бірыңғай қағидасын дайындау мақсатында өзара ықпалдастыққа қол жеткізу. Ереже, көптеген елдердің заңнамасы талап ететіндей, ең алдымен, әрбір азаматтың хат-хабар және өзге де маңызды жөнелтілімдерді алуын қамтамасыз етеді.
Қазақстан 1992 жылдан бері осы ұйымның толыққанды мүшесі. Биылғы тамыз айынан бастап, біз Байланыс және ақпарат министрлігі арқылы Қазақстан Республикасының ұлттық пошта операторымыз. Яғни, WPU жарғысы сияқты халықаралық барлық ережелер мен нормаларға қол қоямыз. Мұндай құжаттар пошта әкімшіліктерінің өзара ықпалдасуы түрлі елдердегі пошта қызметін дамытудың өзегі болып табылады. Өйткені, бұлар талап пен стандарттардың белгілі бір базалық деңгейін қалыптастырады. Бұл қазір біз үшін аса маңызды. Себебі, ақпараттық технология қарыштап дамып келеді. Сондықтан дәстүрлі пошта өз мәнін аз-аздап жоғалтуда. Ақпаратты жеткізу технологиясы шапшаң өзгеруде. Содан ендігі жерде поштаның беталысы қалай болмақ деген сауал туындайды. Бұған бірлесе жауап іздеу WPU деңгейінде де, «Достастық елдері аймақтық байланысы» (ДЕАБ) пошта операторлары қауымдастығы сияқты аймақтық пошта операторлары ұйымдары шеңберінде де жүргізілуде. Дәстүрлі пошта сервисі, сөз жоқ, қалады. Әйтсе де жаңа пошта өнімдері қандай болатынын түсіну керек. Нақ осы мәселелерді біз WPU және басқа да ғаламдық бірлестіктер ауқымында белсенді түрде талқылаймыз. Сөйтіп, пошта байланысын дамытудың ортақ стратегиясын дайындап жатырмыз.
– Kazpost жүйесі Еуропадағы Post Europe ұлттық пошта операторлары қауымдастығының толыққанды мүшесі атанды. Бұл еліміздегі ұлттық пошта байланысы операторы кәрі құрлықтағы өз әріптестерінің қызметіндегі бірыңғай талаптарға сай болуы тиіс дегенді білдіре ме?
– Рас, Қазақстан Post Europe қауымдастығының мүшесі. Айта кету керек, пошта жөнелтілімінің әлемдік қозғалысында Post Europe-ның айналымы айтарлықтай жоғары – 40 пайызға жетіп қалады. Біз аталған ұйымның құрамында жұмысқа жақында кірістік. Post Europe аймақтық кеңесі Киевте өтті. Енді Данияда пошта департаменттері өкілдерінің кездесуі өтпекші. Осы басқосулардың бәрінде де бірыңғай технология мен ортақ іс-қимыл стратегиясын дайындау қолға алынуда. Өйткені, шапшаң өзгеріп жатқан мына заманда инновация кейде мемлекеттік қызмет көрсету саласын дамытудың қалыптасқан ырғағынан озып кетеді. Post Europe да, WPU да пошта әкімшіліктерінің ынтымақтастығын, түрлі елдердегі пошта қызметінің бірыңғай халықаралық талаптарға беталуын ынталандыруды көздейді. Сондықтан Post Europe шеңберінде біз қандай да бір ортақ мәселені талқылап қана қоймай, технологиялық көмек секілді нақты қолдауға да үміт арта аламыз. Дәл қазір бізге кейбір бағыттар мен қызмет технологияларын дамытуда бір-біріне қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін осындай халықаралық салалық ұйымдардың болуы аса пайдалы. Қазан айында сол Post Europe мамандарының келуін күтіп отырмыз. Олармен біздегі стандарттар мен нормалардың сәйкес келуі секілді мәселелерді талқылаймыз. Атап айтқанда, жеткізудің шекті мерзімі сөз болады. Post Europeға жеткізу мерзімі бізге қарағанда қысқа. Біз модернизация мен автоматтандыру деңгейіне қарап, осы талапқа толықтай сай болсақ дейміз.
– «Қазпошта» АҚ жөнелтілімді жеткізудің сапасы бойынша қазір қандай талаптарға жүгінеді? Оның еуропалық үлгіден нендей өзгешелігі бар?
– Біздің серіктестер мен клиенттер үшін басты критерий – хат, сәлемдеме, ақша аударымының иесіне жетуі. Клиент өзі жіберген дүниенің мекен-жайы мен қозғалысы туралы мағлұматты кез келген уақытта білуі тиіс. «Қазпоштада» жөнелтілімнің қозғалысын қадағалайтын электрондық жүйе енгізілуде. Кемшілік бар, оны жасырмаймыз. Қадағалау жүйесі «Қазпоштаның» автоматтандыру енгізілген бөлімшелерінде ғана бар. Жаңарту қарқынына байланысты мұндай қадағалау жақын келешекте қалалар мен шет аймақтардағы бөлімшелерді де қамтиды.
Хат тасымалдау жұмыстарының жеткізу мерзімі жыл сайын облыс және аудан орталықтары мен ірі қалалар аралығы бойынша сақталып отырады. Жеткізу мерзімі – компанияның негізгі міндеті әрі көрсеткіші болып табылады. Атап өтетін бір жәйт, заманауи басқару жүйелерінің дамуы мен қадағалауға байланысты, адамның субъективті жұмыс жасауы едәуір жеңілдеп, жеткізу сапасы артып келеді. Біз халықаралық поштаны өте көп қабылдаймыз, және өкінішке қарай, ол поштаның жөнелтілуі көп уақыт алады, тіпті кейде жіберу мүмкін болмай қалатын жағдайлар болады. Бірақ біздің болжамымызша, жаңа технологияларды ендіріп, барлық үдерістерді автоматтандыру арқылы мұндай мәселелер бара-бара жойылады.
– Көлік-логистикалық қызмет рыногындағы «Қазпошта» АҚ-тың алға жылжу стратегиясының құрылуы, яғни компаниядағы модернизациялау қызметі, жаңа технологиялар мен басқару жүйелерін енгізу жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– «Қазпошта» АҚ көлік-логистикалық қызмет жұмысын жүргізу барысында, клиенттеріміздің жүгі қысқа мерзім ішінде нақты жетіп, қызметтің кәсiпорындардың көпшiлiгіне тиімді болуын қадағалайды. Бұл жағдай жеткізілу шығынының азайып, заманауи технологияларды қолдану көлемін көбейтуге жол ашады. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі құрылысы аяқталған күннен бастап, көліктік қызмет спектрін осы бағыт бойынша кеңейтуге дайындалып жатырмыз. Сондай-ақ біз қыс мезгілінде көптеген алыс ауылдық аймақтарға жүк тасымалдау жұмысы қиынға соғатындығын, ал жергілікті кәсіп сенімді көлік қызметіне зәру екендігін ескеріп отырмыз. Жүк тасымалы қозғалысының көлемінің көптігіне байланысты, сапасыз жолдардың көбейіп, транзиттік тасымалдың жүруіне көп кедергі болатыны анық. Біз бүгінде өзіміздің жеке темір жол (компания еншісінде 60 вагон бар), сондай-ақ жергілікті пошталық автопарктер мен арнайы техникамызды жұмылдыру арқылы бұл мәселені шешу үстіндеміз. Логистикалық қызметті арттыруға бағытталған жоспарымызда, вагондардың көмегі арқылы жүк жеткізілімін арттыруға қатысты жобада бар, бірақ негізгі күш ауыр жүк тасымалдайтын автокөлiктерге түспек.
Логистикада «Қазпошта» АҚ-тың бәсекелестiк артықшылықта болуы аса маңызды. «Қазпошта» АҚ-тың «бір қоржыны» ішінде тасымалдап, жинау және қорларды басқару сынды бірнеше қажетті қызмет түрлері бар. Біз инфрақұрылымның кең желісін қолданамыз. Атап айтқанда, барлық облыс орталықтарында, сондай-ақ негізгі стансалардағы бекеттерде пошталық жүк тасымалын қабылдап, өңдеу жұмыстарын жасайтын пошталық кешен қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңдағы біздің негізгі мақсатымыз – көлік-логистикалық жүйені барынша тиімді ету. Бұл үшін заманауи басқару жүйесін енгізіп, қызметкерлердің білімін кеңейту қажет. Атап өтетін бір жәйт, көлік-логистикалық қызмет компания кәсібінің тек бір тармағы ғана емес, бүтіндей алғанда, тиімді логистика поштаның негізгі жұмысы. «Қазпошта» жүйесінде мыңдаған километрлерге дейін созылатын тасымал бағыттары бар. Өте көлемді жүк тасымалын жеткізу оңай шаруа емес, жұмыстың дұрыс атқарылуы да осыған байланысты. Біздің негізгі міндетіміз клиенттердің сенімінен шығып, тасымалды барынша тез жеткізуді жүзеге асырып, табысты арттыру.
Әңгімелескен Венера ТҮГЕЛБАЙ.