Қоғамдық формациялар ауысып, белгілі бір кезеңде қызмет жасаған басшыға берілетін баға өзгеріске түсетін тұстарда да, тот баспайтын алтынның сынығындай жылдар жылжыған сайын жарқырай түсетін тұлғалар бар. Олардың есімі ел есінде ұзақ сақталуының басты сыры – қарапайым адамдарға барынша жақын болғанында. Туысы емес, турасын іздеп, арзанға алданбай, ақиқатқа жүгініп өткенінде шығар-ау. Бүкіл саналы ғұмырын елге адал қызмет жасауға жұмсап, бар күш-жігері мен қайратын осы мақсатқа сарп еткен Мұстахим Ықсановты дәл осы қатарға қоса аламыз.
Биыл оның туғанына 85, дүниеден өткеніне 20 жыл толып отыр. Алайда таудың алыстаған сайын биіктей беретіні секілді, осы аралықта Мұстахим ағаның қайталанбас бітім-болмысы жүректерде жаңғыра түскені қандай жақсы. М.Ықсанов кезінде Қызылорда, Жамбыл, Орал облыстарын басқарды және Орталық комитеттің хатшысы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары секілді республикалық деңгейдегі аса жоғары қызметтерді атқарды. Маңғаздану мен мардымсуға жаны қас, кез келген жағдайда нақты шешімдер қабылдап іске асыра алатын басшы бұл кезеңдерде республикада ауыл шаруашылығы мен құрылыстың дамуына, ауыл индустриясының қалыптасуына сүбелі үлес қосты.
Ал суландыру мен мелиорация саласында, соның ішінде Алматы қаласында селден қорғау жүйесін құруда М.Ықсановтың қалдырған қолтаңбасы өз алдына бір төбе. Тіпті ұзақ жылдар өтсе де бұл жүйеде Мұстахим Біләлұлының батыл да шұғыл алған инженерлік ойлары мен шешімдерінің игілігін ел әлі күнге дейін көріп келе жатқаны таң қалдырмай қоймайды. Бұл ең алдымен алысты болжай білу мен терең де ауқымды ой жүйесінің жемісі екені кәміл.
Көзі тірісінде дара тұлғамен кең отырып сұхбаттасудың сәті түспесе де, ол кісінің зайыбы, кезінде оңтүстіктің аруы атанған Саида жеңгемізбен талай рет кездесіп, Мұсекең жөнінде айтқан әңгімелерін тыңдаған едік. Содан көңілге түйіп қалған бір деректің төркіні төмендегідей. Мұстахим ағамыз Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясына жолдамасы бола тұра, Бетпақдаланы игеруге аттанғанды жөн көрген. Кез келген қиындыққа қарсы тұра білетін қайсар мінезі сол тұстарда қалыптасты деп ойлаймын, деп еді бүгінде өзі де марқұм, бақилық болып кеткен Саида Шамсутдинқызы.
Ол Одақ бойынша үлгілі «Пахтаарал» шаруашылығын көруге келген Н.С.Хрущев пен А.Н.Косыгинге қысылып-қымтырылмай өздері игерген тыңды көрсетіп, тыныс-тіршіліктерімен таныстырған. Міне, осылайша өз жұмысын жақсы меңгерген жас маман КСРО басшыларының өзін мойындата біліпті. Тағы бір деректе қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің жас та жігерлі инженерге риза болғаны айтылады. Мұхаң Жетісай ауданының шаруашылықтарын аралап жүргенде:
– Мұстахим, «Голодная степь» дегенді енді гүлденген мырза дала деп айтсақ та жөн екен, пәлі, – депті ризашылықпен. Бүгінгі күн биігінен қарағанда, жазушының да, Бетпақдаланы игеруге қатысқан жас инженердің де ой-армандары толық іске асты деуге болады. Өйткені, көп кешікпей шөл ырысты да жарасты қоныстарға айналды.
Ел адамдары Мұстахим Ықсановты қандай қасиеттері үшін жақсы көрді, сыйлады деген сауалға қатысты айтарымыз, оның мәжілісқұмарлықты жаны қаламайтыны, кабинетте отырып басқарудан бойын аулақ салғаны дер едік. Мұстахим Біләлұлына аз сөйлеп, көп іс тыңдыра білу қасиеті тән еді. Облыс басшысы қандай іс болмасын оны ең алдымен көзімен көріп, тек содан кейін ғана тиісті шешім қабылдап отырды, дейді М.Ықсановпен ұзақ жылдар бойы үзеңгілес қызмет жасаған азамат Дәржан Иманғалиев. Ол өз жұмысын өте жақсы білді. Сондықтан да жоғары жаққа жалтақтамай батыл қимылдады. Оның қоғамдық қызметінің басты мәні – облыстағы қызу тірлік болатын. Осынысы арқылы да Мұсекең көпшіліктің құрметіне бөленді.
Бір қарағанда нар тұлғалы Мұстахим Ықсанов кім-кімге де ауыр мінезді, сұсты көрінетін. Сондықтан да онымен сөйлесіп, тілдесуге екінің бірі дауалай бермейтін. Ал шын мәнісінде Мұсекең жүрегі өте нәзік, кішіпейіл, тіпті көңілшек адам еді, деп жалғастырды бұдан әрі өз ойын Дәржан Тілешұлы. Әйтсе де іс, қызмет барысында ол мұндай «әлсіздігін» ешкімге байқатпайтын. Ауқымды істерді қолға алған кезде оның өзі де тұлғаланып, биіктеп кетуші еді. Ауқымды жұмыстар ауқымды ойлай білетін білікті кадрларды талап етті. Оларды танып, таба да білді. Сөйтіп, ол маңайына жағымпаздарды емес, күрделі істерді дербес шешуге қабілетті кадрларды топтастырды. Тағы бір қасиеті Мұстахим Біләлұлы терең де дәл айтылған сараптамаларды тыңдауды ұнататын. Әрі іскер де тапқыр ұсыныстарға бірден қолдау білдіретін. Өзі қойған талаптарға сәйкес келмейтін кадрларды да далаға тастамай, шамасы келетін іс беретін.
Тағы бір айтайын дегенім саясатшыл партиялық режим жағдайында Мұстахим Ықсанов саясатшылдықпен әуестенбеді. Оған уақыты да жоқ еді. Ол бұл мәселелерді идеология жөніндегі хатшы мен обкомның тиісті бөлімдеріне тапсырды да, өзі облысты алға қарай дамыту ісінің стратегиялық мәселелерімен айналысты. Өнбейтін әңгіме мен уақытын ешкімге жегізбей өткен бір тұлға Мұсекең деп білемін. Ол әңгімесін осылай аяқтады.
Кеңестік кезеңде әртүрлі жиындар көп болушы еді ғой. Мұндай кезде шаруа өз жайына қалады емес пе? Әйтсе де М.Ықсанов Одақтық деңгейдегі сол жиындарды өзі басқаратын облыстың мүддесіне пайдаланып отырған. КОКП XXV съезіне бірінші хатшымен Мәскеуге делегат болып бірге барған, сол кездегі Қаратөбе аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тобанияз Табылдиев ағамыз былай деген еді:
– Мәскеуде болған күндерде мен Мұстахим Біләлұлының шаруа шешуден шаршамайтын тамаша қасиетіне тағы да көз жеткізе түстім. Ол съезд уақытының өзінде ретін тауып одақтық министрлік басшыларына кіріп шықты. Оларға жай сәлем беріп қоймай, облыстың біраз саласына нақты көмектер сұрады. Және ойлағанын орындатып отырды. Бұл жәйт бізді таңқалдырды әрі мақтанышқа бөледі. Өз облысымызды білікті және Одаққа танымал, сала басшыларына сөзін өткізе алатын беделді де парасатты қайраткер басқарып отырғанына қуандым.
Мұстахим Ықсанов Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінен зейнет демалысына шыққаннан кейін Алматыға қайтып оралды. Бұдан кейін ол аз ғана уақыт Үлкен Алматы каналының бойында атқарылып жатқан істерге басшылық жасады. Осы өте қысқа уақыт ішінде талантты ұйымдастырушы үлкен нысанның ұқыпты, ысырапсыз пайдаланылуына өз ықпалын тигізе білді. Алайда бұл қызметті одан әрі жалғастыруға асқынған жүрек ауруы мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, 1991 жылдың 18 қарашасы күні бар ғұмырын елдің өсіп-өркендеуіне арнап өткен асыл азамат, қажымас қайраткер өмірден озды.
Оның бүкіл іс-әрекеті мен мақсаты адамдарға қамқорлық жасау ниетінен бастау алып отырды. Алайда Қазақстанды Колбин басқарған кезде Ықсановтың адал еңбегін жоққа шығаруға бағытталған пасық әрекеттер жасалғаны да жасырын емес. Сол бір тұстағы горбачевтік-лигачевтік айла-шарғылар да Қазақстандағы ойы озық, ісі кесек бірқатар партия мен мемлекет қайраткерлерінің тағдырын тәлкек еткенін қайда қоймақпыз. Осындай қиянат пен әділетсіздікке тап болғандардың бірі Мұстахим Ықсанов еді.
Халқымыз табиғатынан табанды да төзімді, кездескен қиыншылыққа қабақ шытпайтын ер жігітті атанға, нарға теңейді. Әрине, жүктің ауырын нар көтеретін болғандықтан да осындай теңеу жасалатыны айтпаса да түсінікті ғой. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мұстахим Ықсановқа қатысты алғанда, бұл жүк жеке бастың емес, қоғам мен мемлекет алдындағы ар-ұят пен жауапкершіліктің салмағындай көріне береді.
Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.