07 Қазан, 2011

Балалар да, үлкендер де қуанды

337 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Атырауда 400 орындық балабақша, 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді «БАЛАПАН» – БАЛАҚАЙЛАР МЕКЕНІ. Жаңадан пайдалануға берілген балабақшаны «Балапан» деп атау ұйғары­лыпты. Бірақ бұл жаңадан бой көтерген ғимарат емес. Бұрын да балабақша ғима­раты болған. Сонау бір жылдары бұл ғимарат спорт мектебіне айналған екен. Енді кішкентай балақайлар үшін мектепке дейінгі тәрбие беретін мекеме ретінде қайта­дан есік ашты. Рас, жаз бойы мұнда «Снаб­ОйлСтрой» серіктестігі күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бастапқы жобасына қоса 120 орындық ғимаратты жапсарлата салып берді. Серіктестік басшысы Қайрат Жайлауовтың пікірінше, құрылыс жұмыста­рында 66 адам  еңбек етіпті. Сөйтіп, мұнда енді 400 бала бір мезгілде тәрбие алуға жол ашылды. Балабақшаның әр бөлмесі ойын, асхана, спорт құралдармен, өзге де жаб­дықтармен толық қамтылған. «Балапанның» меңгерушісі Науша Аман­жанқызының айтуынша, мұнда әзірге 100 бала қабылданыпты. «Бірақ бұл балабақ­шаға бала келмейді деген сөз емес. Жақын арада бізге №54 және №55 балабақша­лардағы кішкентай балақайлар ауысады. Жыл аяғына дейін балабақша 400 бала қабылдайтын болады», дейді меңгеруші. Ал балабақшаға қабылданғандар тек қазақ балалары ғана емес, өзге ұлттың балақай­лары да көп мұнда. Және өзге ұлт балалары қазақ тіліне жетік, көркемдеп өлең оқығандары еріксіз таңқалдырады. – Балаларды ұлтына қарамай, осы жастан мемлекеттік тілді меңгеруге құлшын­дыра түсу қажет, – деді облыс әкімі Бергей Рысқалиев «Балапан» балабақшасының ашы­лу салатнатында. – Әр бала мемлекеттік тілді  жетік білумен бірге, ұлттық құнды­лықтардың, тәуелсіздіктің қадірін сезініп өскені жөн. АУЫЛДАН ҚАЛАҒА ҚОНЫСТАНДЫ. Атыраудың іргесінде елді мекендер көп. Бәрінде де тұрғындар жол, жарық, су секілді тұрмысқа қажеттіліктерге қол жеткізгендіктен, ешкімге реніш білдірмейді. Атауынан ғана байқалмаса, ауыл екендігі еленбейді. Ал Пешной аталатын ауылда   бұлай емес. Бұл ауылға Атырау қаласынан қатынайтын жол да жоқ. Табиғи газ, ауыз су желілерін айтпағанда, телефон байланысы тұрғын­дардың өңі түгілі түсіне де кіріп көрмеген. Солай болса да Пешной ауылындағы тұр­ғындар өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан бері қиындыққа төзіп-ақ келіпті. Оны өздері де жасырмай айтады. – Мен 1955 жылдан бері Пешной ауы­лында тұрамын, – дейді Атырау қаласынан жаңа пәтерге ие болған 69 жастағы қария Ризуан Қайырлиев. –Ауылдағы қиындық жаныма батқасын, облыс әкімі Бергей Рысқалиевтің қабылдауына бардым. Өзім болмасам да, балаларым қаладағы жайлы тұрмысты көрсе деген өтінішімді айттым. Әкім ауылды Атырау қаласына көшіруге берген уәдесінде тұрды. Міне, бүгін мен де, өзге ауылдастарым да жаңа баспанаға ие болып, көшімізді қалаға бұрдық. Енді бұрынғы қиындықтарымыз көрген түстей болмақ. Еліміз тәуелсіздік алмағанда, экономикамыз өркендемегенде, бұрынғыша қиындықпен күн көре беретін едік. Тәубе дейік, айдаладағы ауылдан қалаға қоныс­тануымыз – тәуелсіздіктің  жемісі! Пешнойды ұзақ мекен еткен тұрғын­дарға Атырау қаласындағы «Нұрсая» шағын ауданынан пайдалануға берілген жаңа үйден баспана берілді. Сөйтіп, олар алдағы қысты тұрмысқа жайлы, «көгілдір отыны» мен жылуы, суы мен электр жарығы мүлде үзілмейтін жаңа пәтерлерде қарсы алатын болды. Айтқандай, жаңа баспанаға Балық­шы кентіндегі апатты үйде тұратын тұр­ғындар да ие болды. Қоныс тойын тойлаушыларға пәтер кілттерін табыстаған облыс әкімі Бергей Рысқалиевтың айтуына қарағанда, Атырау қаласында 50-ге жуық апатты үй есепке алынған. Бұл үйлерде тұратын отбасылардың барлығын жыл аяғына дейін жаңа тұрғын үйлерге көшіру көзделіп отыр. – Бүгін жаңа қонысқа 60  отбасы қоныстанды, –деді облыс әкімі. – Олардың арасында медицина қызметкерлері де бар. Енді жыл аяғына дейін тағы да 1200 пәтерлі тұрғын үйлер тұрғындар игілігі үшін пайдалануға тапсырылады. Осылайша, Тәуелсіздік тойы қарсаңында мұнайлы өңірде балабақша табалдырығын аттаған балақайлар да, қоныс тойын той­лаған үлкендер де шексіз қуанышқа кенелді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.
Соңғы жаңалықтар