07 Қазан, 2011

Тұтынушылар қалауынан шыққан сүт

551 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Әрине, тұтынушы сапалы сүтті қа­лайды. Осылай деп саңқ еткізгенімізбен, оның астарындағы пәлса­паны білмесең, ағарғанның табиғатын тү­сінбесең сапа дейтін ұғымның кең шең­беріне бойлай алмайды екенбіз. «Сүттің  тарихы адамзат тарихымен сабақтас, – дейді Целиноград ауданындағы «Родина агро­фир­масы» ЖШС бас директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Иван Сауэр. Ғұламалар жараты­лыстың өзін сүтпен байланыстыратыны тегін емес. Оның құ­рамында екі жүзден астам пайдалы қоспа бар. Яғни, кез келген жастағы организмнің өсіп-жетілуі мен дамуына қажетті  заттар­дың бәрі табы­лады. Ол денсаулықты ны­ғайтумен қатар, кеселдің алдын алу мен қорғаныштық міндетті де атқарады. Мәселе оны өндіре білуде, қастерлі қасие­тін сақтай білуде». Міне, осындай ойдың адамдарының қолынан шыққан өнім сапалы болмай қайтсін. Қазіргі таңдағы ең жоғары өндірістік баға – «Алтын сапа». Родиналықтар 2006 жылғы республикалық бірінші байқауға қатысып жеңімпаз атанса, 2010 жылы да мерейлері үстем болып, екінші рет алтын медаль және кубокпен марапатталды. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені жетістіктерінің «Қараөткел-2010» көрмесі­нің қорытындысымен «Алтын белгі» медалі мен дипломына да ие болды. Салалық министрліктердің, тұтынушылар мен әріптестердің алғыс хаттары қаншама. Бұл жай ғана көрсеткіш емес, баршамыз­дың басты мақсатымыз саналатын сұра­ныс­тың өскендігі, маңдай тердің ақтал­ғандығы, еңбектің жанғандығы, жалпыха­лық­­тық мойындау, алғыс-рахмет деп, тоқ­тау­сыз толғануға тұрарлық бағам. Басты тұтынушы – талғамы биік Астана тұрғын­дарының ниет-тілектерінен таратып, нақ­тырақ сөйлелік. Агрофирма соңғы үш жылда елорда дастарқанына 4000-нан 5200 тонна аралығында, ал 2011 жылдың алты айында 2500 тонна сүт өнімдерін жеткізіп отырған. Мұның барлығы бас қаланың 200-ден астам дүкенінде сатылып, 50 мектеп пен балалар бақшасының, 10 денсау­лық сақтау мекемесінің игілігіне жараты­лыпты. Астананың азық түлік белдеуін толықтыру, еліміздің азық-түлік қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету жолындағы мерейлі жүктің жауапкершілігіне адалдықты аңға­ра­мыз бұдан. Облыс орталығы мен аудандар тұрғындары да родиналықтарға абырой, табыс тілеп отыратыны сүйінішті. Сапа дегеніңіз осы. Шаруашылыққа 2010 жылы голштин тұқымды ірі қара өсіруге бағытталған асыл тұқымды зауыт мәртебесі берілген. Заманалық жабдықтар орнатылған цехта сүт өнімдерінің жеті түрі шығарылады. Бұлардың барлығы СТ РК ИСО 9001-2009 сапа менеджменті жүйесі­мен сертификатталған. Азықтық тауарлар­дың қауіпсіздігі жөніндегі СТ РК ИСО 22000-2006 және СТ РК 1733-2007 серти­фи­каттары талаптарына сай сүтті 120 сағат, ал айран, қаймақ, сары май, сыр, ірімшік пен сүзбені 7 тәулік бойы алаңсыз сақтай аласыз. Сапа менеджментінің халықаралық негіздерге сай келуі шаруашылықтың әлем­дік деңгейдегі өнім шығаруына мүмкіндік ашып отыр. Айналып келгенде, жоғарыда аталған сертификаттар жиынтығы барлық өндірістік және басқару процесін халық­аралық ISO 9001:2008 стандарттары тала­бында жүргізуге кепілдік береді. Астана қаласынан 70 шақырымдағы ша­­руашылық күн сайын негізгі тұты­нушыларының дастарқанына 15-17 тонна сүт өнімдерін жеткізіп жүр. Ой жүгіртсек, «сүт бұлағы» дейтіндей деңгей. Бірақ, бұл сұраныстың 50 пайызы ғана екен. Осы жетпей жатқанның өзі дұрыс па деп қаласың кейде. Өйткені, «Родина» қазір іргелі ізденістер, ұлан-ғайыр өзгерістер құшағында. Былайша айтқанда, замана талабындағы жоспар, жобалар тетігі тезірек айналуда. Серіктестікте 2007 жылы қанатқақты жоба негізінде сүт-мал шаруашылығы кешені құрылып, жаңа 20 жұмыс орны ашылды. Осы жылы Канададан 752 бас голштин-фриз тұқымды ірі қара сатып алынды. Қазір оның саны 2500 басқа жетіп, асыл тұқымды зауыттағы әр сиырдан алынатын өнім 7200 литрге жеткен. Түбінде шаруашылықтағы барлық мал осы тектес сиырлардан құралатын болады. Селекциялық сұрыптау жұмыстары, малды өз төлі есебінен өсіру қадамдары бұл мақ­саттың орындалатынына шәк келтірмейтіндей.  Инновациялық технологияны ұс­танатын кешендегі бүкіл жабдық Гераманиядан алдырылса, өндірісті автоматтан­дыру, компюьтерлік басқару мен бақылау қол ұзартып отыр. Жалпы, мұнда өндіріске қаржы құю бірінші кезектегі мәселе сана­лып, тартынып қалу қайтарымды әлсі­ретеді деген ұғым қалыптасқан. Яғни, тиімді бизнес арқылы кәсіпорынды дамы­тудың стратегиялық бағдарламасы бо­лашақ­тың өскелең талабынан өзек тартады деуімізге болады. – Біздің шаруашылық табиғи ши­кізатты бірінші кезең сатысында өңдей­тіндіктен, өзге әріптестерге қарағанда елеулі артықшылық жағдайда,– дейді «Родина агрофирмасы» ЖШС бас технологы Константин Банщиков. –Біздің ұстанымымыз – қоспасыз өнімдер ұсыну, технологиялық талаптарды қатаң бақылау, өндірістің жо­ғары мәдениеті, өнімді қолжетімді бағамен базарлау. Зертхананың күн сайынғы тексерісінен тысқары облыс, аудан, тіпті, Астана қаласындағы мекемелерде қосымша сараптама зерттеулер жүргізіледі. Тұтынушы талғамындағы жеті түрлі өніміміздің құ­рамында май, белок жұғымдылығы сияқты нормалы сұ­раныстар қам­тамасыз етіліп, әр өнімнің ерекшелігіне сай 3,2-ден 72,5 пайыздық майлылық дәре­жесі ұсталады және вита­миндердің бай қоры сақ­талады. Тоңазытқыш­тар­мен жабдықталған авторефрижераторлар ай­рықша маңыз артылатын тасымал ісін алаңсыз ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сүтті қайта өңдеу желісіндегі жұмысшы-операторлардың барлы­ғы­ның арнайы сертификаты бар. Шаруа­шылық беделін өз қолымен көтерген жерлестерім айта қаларлықтай ауытқушылыққа жол берген емес. Осындайда халқымыздың қарабайырлау болса да кез келген кәсіптің қыр-сыры мен қасиетін дөп басатын «Малды малдай адам бағады» деген нақылы ойға оралады екен. Өндіріс меңгерушісі Максим Судникович, технолог Людмила Марталер, Наталья Паскаль, Лилия Белоусова, Людмила Овадок сияқты лаборанттар, сұрыптаушы оператор Лагир Азимов, сауыншы Надежда Сокольская, бақташы Андрей Иванов, тағы басқалар өнегелі істеріне риза боласың. Шаруашылық басшылары осындағы үш ауылдың тұрғын­дарына қала тұрмысына мейлінше жақын қо­лайлылықтар туғызуға тырысатынына қай­ран қаласың. Көкөрімге бөленген Родина ауылы­ның үйлері орта­лықтан жылытылады. Су жүйе­лерінің өзі 40,6 шақырымды, электр шамы тартылған асфальтты көшелердің ау­мағы 40 шақы­рымды алып жатыр. Үйлену тойы мен сәби туғандағы дәстүрлі базарлық 50000 теңге­ден екен. Ұжым мүшелері 13-ші жалақы алады. «Жыл оқушысы» мен «Алтын белгі» иегерлері 150000 теңгені иемденеді. Өткен жылғы 65 жылдық мерекеде соғыс ардагерлері С.Глушко мен П.Богатыревқа «Ваз-2167» автокөлігі мінгізілді. Жалпы, агро­фирманың әлеуметтік бағыттағы ақшалай үлесі 554,5 миллион теңгені құрайды. Ауыл мәдени ошағы республиканың «Үздік клубы» атанса, алдыңғы жылы шаруашы­лық «Жыл­дың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша республикалық «Парыз» байқауы­ның жеңімпазы атанды. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы. 
Соңғы жаңалықтар