Өнеркәсіптік инвестиция – экономикалық даму кепілі
Жылдан-жылға дами түскен Қазақстан экономикасын жедел өсіп келе жатқан жас баланың бейнесінде елестетуге болады. Баланың дұрыс өсуі үшін, әрине, ең алдымен тамақ қажет. Ал қазіргі уақыттағы Қазақстан экономикасының басты қорегі инвестициялар екендігі түсінікті. Неге? Себебі, Қазақстан экономикасы қазіргі уақытта өзінің табиғи шикізаттық ресурстарын толық көлемінде ашып, оны тиімді жағдайда игеру үшін елімізге көптеген кәсіпорындардың жаңа түрлері, олардың өнімдерін сыртқа тасымалдайтын жаңа темір жолдар мен автокөлік жолдары, еліміздің жан-жақты кемелдене дамуы үшін жаңа технологияларға негізделген басқа да инфрақұрылымдар мен құрал-жабдықтар қажет етілуде. Міне, осылардың барлығын алып келіп орнатуға, қажетті құрылыстарды жүргізуге бірінші кезекте қаржы қажет екені түсінікті.
Жан басына шаққанда инвестиция тарту жөнінен біздің еліміз ТМД бойынша көш бастап келеді. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізге 120 миллиард доллардан астам шетелдік тікелей инфестициялар құйылған екен. Міне, осы қаржыға еліміздің шикізат саласында үлкен өзгерістер жүріп, осының нәтижесінде Қазақстан мұнай мен газ, астық, бірқатар түсті және қара металлургия өнімдерін экспорттау жөнінде әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің арасынан орын алғандығы белгілі. Елбасының тапсырмасы бойынша енді шикізаттық емес секторды көтеруге көп күш жұмсап жатырмыз. Еліміздің экономика саласындағы басты құжаты болып есептелетін 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының өзі осы мақсатты жүзеге асыруға арналып отыр.
Аталған бағдарламаның аясында өткен жылдың өзінде 152 инвестициялық жобаның жүзеге асқандығы белгілі. Ал үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында ғана 75 жаңа жоба қатарға қосылды. Бұл дегеніңіз 6 айдың ішінде ғана елімізде осыншама жаңа өндіріс орындары, өнімді өңдеу ісімен шұғылданатын кәсіпорындар пайдалануға берілді деген сөз. Міне, осылардың барлығы экономикамызға тартылған инвестициялардың нәтижесінде мүмкін болды. Ендігі міндет осы ырғақты сақтай отырып, еліміздің өндірістерін жаңғырту, осылайша Қазақстанды әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің біріне айналдыру, бірте-бірте шикізаттық елден өнім өңдеуші елге ауысып, ол өнімдерді сыртқы рыноктарға сәтті жағдайда шығару болып табылады. Бұл аса маңызды, жемісті нәтижелері уақыт өте көрінетін стратегиялық міндет. Осы міндетті жүзеге асыру үшін Қазақстан Үкіметі елімізге шетелдік тікелей инвестициялар тарту мәселесіне, әсіресе, оны шикізаттық емес секторға тарту мәселесіне бірінші кезекте назар аударуда.
Осы аптада Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов өткізген отырыста бұл мәселе тағы да сөз болды. Жемісті нәтижелер де жоқ емес екен. Негізі тақырыпта баяндама жасаған Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы іске қосылған біржарым жыл уақыттан бері ел экономикасының өскелең әлеуеті, инвестиция тарту мүмкіндіктері көптеген елдерге таныстырылған. Жиырмадан астам шетелдік инвесторлардың қатысуымен халықаралық бизнес-форумдар өткізілген. Өткен жылы ғана Қазақстанға 5 мыңға жуық шетелдік инвесторлар келіп, біздің жағдайымызбен танысса, биылғы жылдың 8 айының ішінде ғана олардың саны 10 мыңға жеткен. Солардың арасында Францияның, Оңтүстік Кореяның, Қытайдың ірі компанияларымен келіссөз жүргізуде табысты нәтижелерге қол жеткізілді. Мұндай жұмыс Германия, Жапония және Таяу Шығыс елдеріндегі компаниялармен де қызу жолға түсті.
2010 жылы әлемнің 12 тілінде ақпараттар мен мәліметтер беретін ұлттық инвестициялық веб-сайт іске қосылды. Бұл сайтта бизнеске қажетті барлық ақпараттар, соның ішінде, әрбір өңірдегі коммуналдық қызмет бағасына дейін берілген. 8 айдың ішінде бұл сайтқа әлемнің 140 елінен 43 мыңнан астам кіру тіркелген екен. Солардың ішінде 100-ге тарта әлеуетті шетелдік инвесторлардың сұрақтарына нақты жауаптар берілді.
Инвестициялық заңдылықты одан әрі жетілдіре түсу мақсатында арнайы экономикалық аймақтар туралы жаңа заң қабылданды. Сөйтіп, еліміздің шетелдік инвесторларға танымалдығы арта түсуде.
Міне, осындай жан-жақты, әртарапты жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бүкіл әлемді дағдарыс меңдеп, тікелей шетелдік инвестициялардың ағымы екі еседей төмендеген 2007-2009 жылдардың өзінде Қазақстан шетелдік тікелей инвестициялардың рекордтық көлемін тартуға қол жеткізе алды. Соның ішінде үдемелі индустрияландыру бағдарламасы іске қосылған соңғы кездері өңдеу өнеркәсібіне келіп жатқан инвестициялардың көлемі арта түскендігі байқалады. Мәселен, металлургия саласына келген шетелдік тікелей инвестициялар көлемі 12 пайызға, электр қуатын өндіру мен электронды құрал-жабдықтар өндірістерінде 16 пайызға өсе түскен.
Қазіргі күні инвестиция тартудың әдіс-тәсілдерін одан әрі жетілдіре түсу мақсатында бізге бәсекелес болатын елдердің тізімі жасалып, олардағы осы мәселенің жолға қойылуы зерттелінді. Мұндай бәсекелестер арасында бізбен көршілес және бір аумақта өмір сүретін Ресей, Украина, Әзербайжан, Грузия, Өзбекстан секілді елдер бар.
Қазіргі күндері шетелдік тікелей инвестициялар үшін тартыс әлем елдерінің арасында барған сайын күшейіп келеді. Себебі, Еуропа елдеріндегі ахуалдың нашарлауына байланысты оның ауқымы төмендей түседі деген болжамдар бар. Мәселен, көптеген білікті сарапшылар 2012 жылы әлем экономикасындағы жағдай қазіргіге қарағанда ауырлай түсетіндігін айтып отыр. Солардың кейбіреуінің сөздеріне құлақ түре кетейік.
Ұлыбританияның бұрынғы қаржы министрі А.Дарлинг: «Грекияның мемлекеттік қарызының шамадан тыс ұлғаюы бұл елдің дефолттан қашып құтыла алмайтындығын көрсетеді. Сондықтан еуромаймақ елдерінің басшылары тиісті шараларды дереу қабылдауы қажет. Менің ойымша, олар бұл қатерді тым кеш түсініп отыр. Еуропалық көшбасшылар 2008 жылғы қаржы дағдарысынан ешбір қорытынды шығара алмаған секілді. Әйтпесе, қазіргі қатердің алдын алуға әбден болар еді деп есептеймін. Өкінішке орай, біз оған тым кешігіп қалып отырмыз.
Ал АҚШ президенті Барак Обама Еуропаның ортақ ақшасы болғаныменен оның ортақ экономикалық саясатының қалыптаспағандығын айтқан. Оның пікірінше, бұл жағдай алдағы уақытта үлкен проблемаларды тудыра беретін болады.
«UBS» компаниясы шикізат рыноктары талдау бөлімінің басшысы Д.Шнидер: «Әлемдік экономиканың қазіргі жағдайы осыдан 6 ай бұрынғыға қарағанда ауырлау болып отыр. Осы жағдайға байланысты негізгі шикізат индекстері қазіргіден 10-15 пайызға төмендейтін болады. Әрине, бұл төмендеудің түбі емес. Жағдай оңалмаса бұл құлдырау одан әрі жалғаса бермек».
Әлемнің экономикалық жағдайлары туралы айтылған мұндай қауіп-қатерге толы пікірлерді одан әрі жалғастыра беруге болады. Ал мұның біздің елімізге де әсер ететіндігі айқын.
Үкімет отырысында міне, осындай факторлардың әсерінен үстіміздегі жылы елімізге келетін шетелдік тікелей инвестициялар ағымының азаю қаупі жоқ емес екендігі де баса айтылды.
Әрине, не болса да «көппен көрген ұлы той» дейміз. Бірақ қамсыз отыруға тағы болмайды. Сондықтан Үкімет еліміздің шикізаттық емес секторына инвестиция тартудың ұлттық жоспарын әзірледі. Ол төрт тараудан тұрады.
Осы мәселеге байланысты өз сөзінде Әсет Исекешев инвестиция тартудағы еліміздің бәсекелестерін зерттеп, олар қолданатын неғұрлым тиімді әдіс-тәсілдерді енгізу жөнінде шешім қабылданғандығын айтып өтті. Соның бірі инвесторларға қолдау көрсетудің қосымша шараларын қарастыратын «Арнаулы режім» тәртібін енгізу болып отыр. Бұл режім негізінен стратегиялық-инвестициялық жобаларға қатысты қолданылатын болады. Мұндай жобалардың тізімін Үкімет өз қаулысымен бекітеді.
Стратегиялық инвестициялық жобаларды іріктеудің тиісті өлшемдері жасалынған. Ол жоба «Инвестициялар туралы» заң талаптарына сәйкес келуі тиіс. Екіншіден, салынатын инвестицияның көлемі 50 миллион доллардан жоғары болуы керек және іске қосылатын жоба жоғары технологиялық өнімдер түрін шығаруға қабілетті болуы тиіс.
Міне, осындай жағдайда олар мүлік және жер салығынан босатылатын болады. Мұндай жеңілдіктерді қолдану мерзімі тиісті есептеулер арқылы айқындалады. Сонымен қатар, мұндай жобалар мемлекеттік тапсырыстармен де қамтамасыз етіледі. Мұнымен қоса, кейбір жағдайларда әлеуметтік тұрғыдан маңызды деп табылған өңірлерде орналасатын жобаларға өнеркәсіптік субсидиялар беру мәселесі де қарастырылып отыр.
Қазіргі күні елімізбен ынтымақтастық орнатқысы келетін көптеген инвесторлар елдің өңдеу саласына өздерінің инвестиция салуға әзір екендігін, бірақ сол инвестицияларын қайтарып ала аламыз ба деп қауіптенетіндігін, бұған Қазақстан заңдылығының тұрақтылығын қамтамасыз ететін тиісті нормалардың жетілдірілмей отырғандығы себеп болатындығын келтірген. Мәселен, елімізде соңғы уақыттардан бері жұмыс істей бастаған 100 жаңа инвестордың 80-і осындай қауіп білдірген. Сондықтан «Инвестициялар туралы» заңға осының алдындағы 1994-2004 жылдар аралығында жұмыс істеген заң тұрақтылығы туралы норманы қайта енгізу ұсынылады. Тек бір ерекшелігі, бұрын бұл норма шикізаттық саладағы инвесторлар үшін де қолданылған болатын. Әрине, ол кезде елімізде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы секілді арнаулы стратегиялық құжат болған жоқ. Енді осы құжаттың негізінде мұндай ынталандыру факторын шикізаттық сектордағы инвесторларға емес, тек қана өңдеу саласына келетін инвесторларға қолдануға болар еді. Өйткені, шикізаттық секторға қарағанда өнімді өңдеу саласының тәуекелі қашанда зор болып келеді. Оның үстіне мұнда салынған қаржының қайтарымы да ұзақ мерзімді құрайды. Міне, осыны ескере отырып бұл норманы 10 жыл мерзімге дейін қайтадан қолдану қажет болып отырған секілді.
Әрине, жаңадан іске қосылатын бұл жоспар аясында қарастырылатын шаралар жоғарыда айтқанымызбен ғана шектеліп қалмайды. Жоспардың инвесторлар үшін басқа да жағымды жаңалықтары баршылық.
Сонымен қатар, жоспарды нақты жүзеге асыру үшін оның нақты көрсеткіштері де белгіленген. Мәселен, 2014 жылға таман шикізаттық емес секторға келетін инвестиция көлемін базалық жыл болып табылатын 2009 жылға қарағанда 15 пайызға өсіру жоспарланып отыр. Мұндай жағдайда 2011 жылдан бастап салаға келетін тікелей инвестициялардың көлемі әр жыл сайын 3,8-4 пайыз аралығында өсіп отыруға тиісті.
Сонымен қатар, инвестиция тартудағы жауапкершілік министр мен әкімге, сонымен қатар шетелдік елшіліктерге тікелей жүктелетіндігін айтуға болады. Бұл тарап олардың қызметін бағалаудағы рейтингтік көрсеткіштерге қосылады.
Сөйтіп, ел экономикасын одан әрі дамыту, оның бәсекелестік қабілетін арттыру, осы арқылы халықтың өмірі мен тұрмысын жақсарта түсу үшін біздің өскелең елімізге шетелдік тікелей инвестициялар ауадай қажет. Қазіргі күні оның жолдары мен тәртібі, басымдық берілетін салалары толық айқындалып отыр.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.