Қазақстан • 14 Шілде, 2017

Неміс инвестициясы – нарықтағы игілік

329 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Германияның сыртқы сауда айналымы өткен жылы 1,7 млрд АҚШ долларын құрады. Ал жалпы соңғы 12 жылда Германиядан ел экономикасына салынған тікелей инвестиция көлемі 4 млрд АҚШ долларына артқан. Бұл ретте, әрине, алдымен елдер арасындағы ынтымақтастыққа ұйытқы болған мемлекет басшыларының еңбегі зор. Одан кейінгісі барлық байланысты бекітіп, серіктестікке серпін беріп жүрген екі елдің үкіметаралық жұмыс тобы келісімдерінің жемісі.

Неміс инвестициясы – нарықтағы игілік

Кеше Астанада өткен сауда-эконо­ми­калық ынтымақтастық жөніндегі Қазақ­стан-Германия үкіметаралық жұмыс тобының 11-ші отырысында да екі ел ара­сындағы қарым-қатынастың жай-күйі жан-жақты талқыланды. Бұл бас­қосу Германия Федеративтік Респуб­ликасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің елімізге ресми сапары аясында ұйымдастырылды. Отырысқа еліміздің Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров және ГФР Экономика және энергетика федералды министрлігінің сыртқы экономикалық саясат департаментінің директоры Эгхарт Франц төрағалық етті.

Жұмыс тобы отырысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері қаралды. Мә­селен, энергетика саласы бойынша тиімділік, қоршаған ортаны қорғау және жасыл экономика, шикізат, өнеркәсіп және технология, білім, туризм, инфрақұрылым сапасы, көлік логис­тикасы, ауыл шаруашылығы, тағы басқа мәселелер талқыланды. Сон­дай-ақ, Экономикалық даму және ынты­мақ­тастық ұйымы комитеттерімен жұмыс аясындағы ынтымақтастық жайына назар аударды.

Вице-министр Ерлан Хаиров өз кезегінде Германияның энергиялық тиім­ділік пен энергия үнемдеу бойынша әлемдік көшбасшы екенін атап өтті. Жаң­ғырмалы энергия көздері мен Гер­манияның мамандандырылған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне белсе­не қатысуы екі елдің болашақтағы өзара іс-қимылының перспективалары мен жоғары деңгейін айғақтайтынын жеткізді. Ал шетелдіктер Қазақстанның инвестициялық ахуалының зор әлеуетін айтып, қызығушылықтарын жеткізді.

Қос тарап Германияның озық технологиясы мен білімін және тәжірибесін қолдануға бағытталған экономикалық өзара іс-қимылды дамыту мәселелерін айрықша атады. Негізінен, біз үшін неміс технологиясы, тауары қашанда сапалы, үнемді болады деген түсінік бұрыннан қалыптасқан. Ал немістер өздері туралы қалыптастырған бұл «брендтерін» қазіргі күні де жойған жоқ. Әрине, Германиядан үйренеріміз көп. Сол себепті де еліміз Германия сияқты алпауыт елмен сенімді серіктес болуға мүдделі.

Елдердің сауда-экономикалық байланысының сәтті шыққан үлгісі ретінде Инвестициялар және даму министрлігі мен Германияның «DENA» энергетикалық агенттігі арасындағы Қазақстанда энергетикалық сервистік нарықты дамыту моделін әзірлеу жөніндегі ынтымақтастығын айрықша айтуға болады. Сондай-ақ, «Қазақстанның индустрияны дамыту институты» АҚ пен Германияның Фраунгоффера институты арасындағы «Индустрия 4.0» технологиясын енгізу саласы бойынша Қазақстан өнеркәсібін цифрландыру ынтымақтастығы да тиімді жүзеге асуда. Германиялық серіктестермен шикізат, өнеркәсіп және технология салаларындағы серіктестік туралы үкіметаралық келісім аясында да қолға алынған бірқатар жобалар бар. Айталық, қазақстандық 3 цемент өндіру зауытында жүзеге асқан «HeidelbergCement» компаниясының жобаларын, «Қазгеология» АҚ пен «Ulmus Fund» компаниясының Қарағанды облысындағы мыс, түрлі-түсті және қымбат металдарды бірлесіп барлау жобасы, Жамбыл облысындағы жобалық қуаттылығы жылына 5100 кг алтын құймасын және басқа да металдар өндіретін «Aurum Deutschland» ЖШС кен металлургиялық комбинаты мен алтын кен орнын игеретін құрылыс жобаларын мысалға келтіруге болады.

Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесі тұрақты түрде жұмыс істеуде. Қазірдің өзінде германиялық инвесторлардың қатысуымен 2020 жылға дейін жалпы қуаты 189 МВт болатын жаңғырмалы энергия көздері жөнінен 5 жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал кезекті отырыстың қорытындысында 872 млн еуро сомасындағы 21 құжатқа қол қойылды.

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»