Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен палатаның кезекті жалпы отырысы болып, оның күн тәртібінде жеті мәселе қаралды. Отырыс барысында ең қызу талқыға түскен 2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджетке енгізілетін өзгерістер мәселесі болды.
Қаржы заңнамасына енгізілетін өзгерістер жайлы Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов, Қаржы министрі Болат Жәмішев және Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжияқов қысқаша баяндады. Сондай-ақ олар салалық министрліктер мен мекемелер басшыларымен бірге депутаттардың көптеген сауалдарына жауап берді.
Баяндамалардан белгілі болғандай, биылғы жыл ІЖӨ-нің өсімі 7 пайыз деп болжанса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға жоғары. Бюджетте мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 65-тен 90 АҚШ долларына дейін көтерілген. Ал инфляцияның жыл аяғына дейінгі дәлізі 6-8 пайыз деңгейінде болады деп белгіленіп отыр.
Сонымен, 2011 жылға арналған республикалық бюджет түсімдері 4 439,3 миллиард теңге немесе түзетілген бюджетпен салыстырғанда 183,3 миллиард теңгеге көп. Ағымдағы жылғы ақпанда нақтыланған бюджетпен салыстырғанда бюджет тапшылығының 34,6 миллиард теңгеге ұлғаюы бюджет қаражатының қосымша көзі болып табылады. Бюджет тапшылығының жалпы көлемі 730,4 миллиард теңге сомасында айқындалыпты. Бұл ІЖӨ-нің 2,8 пайызын құрайды.
Осы орайда 2011 жылға арналған республикалық бюджет шығыстары түзетілген бюджетпен салыстырғанда 217,9 миллиардқа ұлғайып, 5 170,22 миллиард теңге көлемінде белгіленген. Жалпы шығыстар бойынша 93,8 миллиард теңге болатын босатылған қаражатты ескере отырып, шығыстарды ұлғайту мен қайта бөлуге 311,6 миллиард жұмсау көзделген. Тарқатып айтқанда, шығыс бөлігіндегі қосымша қаражат әлеуметтік салаға 40,7 миллиард теңге, ауыл шаруашылығы саласына –38,8, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылысқа – 39,1, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына – 76,5, өңірлік проблемаларды шешуге – 130 және Үкімет резервіне 23,1 миллиард теңге қарастырылған.
Әйтсе де Ұлттық банк төрағасының орынбасары Б.Тәжияқовтың сөзінен мәлім болғандай, үстіміздегі жылдың 9 айында инфляция 6,2 пайызды (былтыр осы мерзімде 5,2 пайыз болыпты) құраған. Оның өсімі азық-түлік бағасының орташа 7,9 пайызға, ал бензиннің – 22,6 пайызға және дизель отынының 25,3 пайызға қымбаттауымен байланыстырылуда. Ұлттық банк қысқа мерзімді ноталарды 2,7 триллион теңгеге, ал депозиттерді 11,6 триллион теңге деңгейінде жұмылдыру арқылы қаржы рыногын реттеп отырғаны белгілі болды.
Бисенғали Шамғалиұлы қазіргі таңда еліміздің халықаралық резерві 72,5 миллиард АҚШ долларына жеткендігін айта келіп, соның 32,5 миллиарды Ұлттық Банкке тиесілі екендігін жеткізді. Ал Ұлттық қордағы қаржы 40,4 миллиард АҚШ долларына жетіп отыр. Тағы бір белгілі болғаны, екінші дәрежелі банктердің сыртқы қарыздары жыл басынан 6,1 пайызға қысқарып, 16,9 миллиард АҚШ доллары болыпты. Соның ішінде «ТұранӘлемБанк» банкіне тиесілісі 4 миллиард доллар. Егер аталған банк сатылғандай болса, онда түскен қаржы мемлекетке қайтарылуы тиіс. Депозиттер көлемі 8,3 триллион теңгеге толығып, жыл басынан бергі өсім 12,6 пайызды құраған.
Депутаттар өз сауалдарында қаржының өңірлердегі қажетті құрылыстарға жұмсалмайтынын, жергілікті бюджет мүддесі ескерілмейтінін айтып, өзге де нысандар бойынша мәселелер көтерді. Олардың барлығына дерлік жауап берілді. Нәтижесінде «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды.
Депутаттар, сонымен қатар, 2001 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге Хаттаманы ратификациялады. Құжаттың негізгі мақсаты Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттік шекарасын жеке тұлғалар мен көлік құралдарының кесіп өтуіне, жүктерді, тауарларды және жануарларды тасымалдауға қолайлы жағдайлар жасау және екі ел арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту болып табылады.
Күн тәртібіне ұсынылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары, сондай-ақ «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің жобасы бірқатар өзгерістерімен Мәжіліске жіберілді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.