Кеше еліміздегі белсенді азаматтардың басын қосқан V Азаматтық форум өз жұмысын бастады
«Көрме» орталығындағы V Азаматтық форумның жұмысын еліміздегі 500-ден астам ҮЕҰ-лардың және 14 облыс пен Астана, Алматы қалаларындағы бірлестіктердің басын біріктірген Қазақстанның Азаматтық альянсының үйлестіру кеңесінің төрайымы, Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьева ашып: «Азаматтық форум идеологиясы Мемлекет басшысының тәуелсіздік әрбір қазақстандық үшін ең қымбат байлық деген сөздерінен туындайды. Бүгінгі форум демократиялық қоғам құруға атсалысқан ҮЕҰ-лар үшін өзіндік мерейтой болып саналады. Алайда, қоғамды дамытуды өрістету векторын белгілеуге белсенді қатысушылар ретінде біздің алдымызда бұдан да көп жұмыстар тұр. Азаматтық форум маңызды мәселелерді талқылауға және сіздердің өңірлік конференцияларда қабылдаған ұсыныстарыңызды ұлттық деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Яғни, V Азаматтық форум үшінші сектор үшін өте маңызды екенін айта келіп, алдымызда үлкен міндеттер тұрғанын есімізден шығармауға тиіспіз», деген сөзімен бастады.
«Азаматтық қоғамның дамуы 2011 жылы өзінің маңызды кезеңінде тұр деп айта аламыз. Өйткені, біздің азаматтық қоғамымыз жақсы сапалық көрсеткіштерге жетті. Біз өз жұмысымызды жаңа даму деңгейіне шығардық деуімізге толық негіз бар. Осы жерде шешен ҮЕҰ-лардың мемлекетпен, жеке меншікпен тығыз жұмыс істеуін айтып, осы форум тарихи форум болады деген сенімін жеткізді. «Біз бұл форумды Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында өткізіп отырмыз. Елбасы I Азаматтық форумға өзі басшылық ете келе, ҮЕҰ-лармен бизнестің, биліктің өзара әрекеттесе жұмыс атқаруына шақырды. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарымызды одан әрі жүйелі түрде жалғастыруымыз керек», деді А. Соловьева.
Ал Мәдениет вице-министрі Ғазез Телебаев Қазақстанның 20 жыл ішінде түрлі салаларда көптеген жетістіктерге қол жеткізгені, соның бір көрінісі – азаматтық қоғамның қалыптасуы екендігін тілге тиек етті. Ол: «Бізде негізгі құрамы ҮЕҰ-лар болып табылатын кемелденген азаматтық қоғам қалыптасты деп сенімді айта аламыз», дей келе, азаматтық қоғам дамуының маңызды кезеңдеріне тоқталып өтті. «1991 жылдан бастап, егемендік алғаннан кейін «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заң қолданысқа енгізілді. Сол жылдар ішінде отандық және шетелдік сарапшылардың бағалауы бойынша ҮЕҰ-лардың саны 500-ге тарта болса, олардың басым көпшілігі негізінен құқық қорғау бағытындағы ҮЕҰ-лар еді. Елімізде ҮЕҰ-ларлың саны 2000 жылдардан бастап өсті. Бұл жылдары олардың қатары 3500-ге жетті. Көп жағдайда олардың қатарының артуына қоғамдық бірлестіктерді тіркеу үшін тиімді құқықтық жағдайлардың болуымен халықаралық қорлар мен ұйымдар тарапынан қаржылық қолдау көмектескені рас.
2001 жылы «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» және «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуде алым мөлшерін бекіту туралы» Үкімет қаулысының қабылдануы жастар ұйымдарының тіркелуін біраз жеңілдетті. Сонымен қатар, коммерциялық емес ұйымдар үшін салық және басқа да бюджетке міндетті төлемдер туралы Салық кодексінде салықтар бойынша жеңілдіктер қарастырылды. 2002 жылдан бастап, ҮЕҰ-ларды мемлекеттік қолдаудың тұжырымдамасы қабылданды. 2002 жылы ҮЕҰ-ларды мемлекеттік қолдаудың 2003-2005 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданған болатын, ал оны іске асыру үшін 42 млн. теңге жұмсалды. Мұндай бағдарламалар барлық өңірлерде қабылданды.
Бұл жылдар азаматтық сектор жұмысының өрістеуіндегі маңызды кезең болды. Сол жылы, яғни 2003 жылы қазан айында I Азаматтық форум өткізілді. Осылайша, ҮЕҰ-ларды мемлекеттің белсенді қолдауының кезеңі басталып, оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде нақты қаржылық қолдау көрсетуі басталды. 2005 жылдың сәуірінде ҮЕҰ-лардың әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге қатысуының құқықтық негізін қалаған «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» Заң күшіне енген болатын. Бүгінде мемлекет пен ҮЕҰ өзара іс-қимылы жаңа деңгейге көтерілді. Министрліктер мен облыс әкімдіктері және Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері жанынан консультативті кеңесші органдар құрылды.
2005 жылы өткен II Азаматтық форум жаңа бастамаларды көтерді. ҮЕҰ-лардың басын біріктіретін және мемлекеттің сенімді серіктесі болатын Қазақстанның Азаматтық альянсы құрылды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз үкіметтік емес ұйымдардың қызметтерін қаржыландыруды арттыруға ниеттіміз. Келесі онжылдықтың басында кезең-кезеңімен оны 1 млрд. теңгеден астам деңгейге жеткіземіз», деп атап өткен болатын. Біз бұл межеге 2010 жылы жеттік. Осылайша, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс үшінші сектордың дамуы үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға барынша жетелейтін, ҮЕҰ-ларды қолдайтын басты тетікке айналды. 2006 жылы шілдеде Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасында «Азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған екінші тұжырымдамасы» қабылданды. Бұл азаматтық қоғам институттары дамуының басым бағыттарын айқындаған басты құжат болатын. 2007 жылдың қазанында өткізілген Азаматтық форумның айрықша белгісі – әлеуметтік блоктағы министрліктер мен әкімдіктердің ҮЕҰ-лармен өзара іс қимылды дамыту жұмыстары туралы есептері тыңдалуында еді. Биыл да осы үрдіс жалғасын табады.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заңнаманың іске асырылуы кезеңінде үшінші секторды мемлекеттің қаржылық қолдауы айтарлықтай деңгейге жетті. 2010 жылы Мәдениет министрлігі тарапынан бұл қаржы 1 млрд.- тан астам теңгені құрады. Нәтижесінде, бүгінгі Қазақстанның үкіметтік емес секторы посткеңестік кеңістіктегі қарқынды дамып келе жатқан азаматтық қоғам институттарының бірі ретінде өз орнын айқындап үлгерді.
Бұдан кейін Ғ. Телебаев осы форумнан кейінгі алда тұрған міндеттерімізге тоқталып, Үкіметтің қарауында тұрған бірнеше заңға назар аударды.
Осыдан кейін форум жұмысы «ҮЕҰ-лардағы салық салу», «Әлеуметтік модернизацияның ақпараттық-коммуникациялық жүйелерін енгізу, ақпаратқа қолжетімділік», «Қоғамдық мониторинг тетіктері», «Мүмкіндігі шектеулі азаматтар құқықтарының сақталуы», «Экстремизмнің алдын алуға ҮЕҰ-лардың қатысуы және рөлі», «Медиация», «ҮЕҰ қызметінің әдеп кодексі» тақырыптарындағы секцияларында жалғасты.
Мәселен, медиация туралы секцияда «Халықаралық құқық қорғау орталығы қоғамдық бірлестігінің директоры Жәнділда Жақыпов тараптар арасындағы дауды шешу үшін үшінші бейтарап тұлғаның жәрдемдесуімен жүзеге асырылатын бітімгершілік турасында әңгімеледі. Оның айтуынша, халқымыздың қанында бар, кесімді сөз айтып, билерге бағынып, қандай дауды да бір ауыз сөзбен орнына қойған халықтың ұрпағы үшін медиация жүйесінің өмірге келуі өте маңызды. Заң бойынша медиация дауды реттеу рәсімін толығымен бақылап, сонымен қатар, қабылданған шешімнің шарттарын өзара келісе отыра анықтайтын икемді де құпия үдеріс. Дауды шешу барысында тараптарды теңдестірумен бірге, құқық бұзушылықтың салдарынан орын алған зиянды толығымен өтеу, орнын толтыру сияқты бітімгершілер атқаратын жұмыс шетелдерде бұрыннан бар. Мысалы, Австралияда сот арқылы дауды шешуді балама деп танып, медиация арқылы дауды шешуді негізгі жол деп санаса, халықаралық ұйымдар медиация институтын енгізіп, Дүниежүзілік интеллектуалдық меншік ұйымы (ДИМҰ) өз саласындағы дауларды тиімді шешу үшін осындай орталық ашқан.
Ал қоғамдық мониторинг тетіктері секциясында Қазақстанның Азаматтық альянсының «Қоғамдық мониторинг» жобасының сарапшысы Құралай Байбатырова ұйымның жобасы мен бағдарламасы шеңберінде атқарылған жұмыстарды жоспармен салыстыру негізінде үздіксіз бақылаудағы мониторинг рөлінің маңызын атап өтіп, ал дұрыс атқарылған мониторинг жүйесі жобаны іске асырушыларға жоспардан тыс пайда болған мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді, дей келе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Әр өңiрдегi әрбiр индустриялық жоба жергiлiктi билiктiң ғана емес, сонымен бiрге, жұртшылықтың да айрықша бақылауына алынуы керек. Бұл жұмыс таяудағы онжылдықта бүкiл елiмiздiң жалпыұлттық мiндетiне айналуы тиiс», деген Қазақстан халқына Жолдауындағы сөз рөліне тоқталды. Секция жұмысына қатысқан делегаттар да әлеуметтік зерттеулерге қарапайым халықтың қатысуының маңызын айта келе, осындай жобаларға қатысқысы келетін азаматтарға қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.
Форум жұмысына шетелдік ұйымдардың өкілдері мен сарапшылары да қатысып отырды. Арасында «Карнеги» қорының бас сарапшысы Марта Олкотты да көзіміз шалып, микрофон тостық.
– Мен Қазақстандағы азаматтық қоғам дамуынан үлкен өзгеріс көремін. Егер осыдан 25 жыл бұрынғы алғашқы ҮЕҰ-ларды еске алатын болсақ, онда қазіргі жағдаймен мүлде салыстыра алмайсыз. Қазіргі үшінші сектор – нығайған сектор. Олардың жұмыс атқаруының заңдық негізі қаланған. Және олардың ел дамуында өзіндік атқаратын рөлі де бар. Егер ҮЕҰ-лардың бастауында олардың жұмысына қажетті заңдардың өмірге келуіне билік араласып барып жүзеге асса, қазір ҮЕҰ-лар өздері бастама көтеріп, қолға алатындай күшке айналған. Тағы бір айта кететін мәселе, осы жылдар ішінде ҮЕҰ-лар айналысатын салалардың молаюы. Бұл шынында да қуантарлық жәйт», деді Марта Олкотт.
V Азаматтық форумның түстен кейінгі жұмысына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев қатысты. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткізіліп отырған шарамен жиналғандарды құттықтаған Өмірзақ Естайұлы: «20 жыл ішінде Қазақстанда билік пен ҮЕҰ-лардың ынтымақтастығының ең тиімді тетіктері қалыптасты. Бүгінгі таңда елімізде барлық қоғамдық күштер арасында өзара консенсусы орнағаны аян, ол баршаңызға мәлім ақиқат. Сонымен бірге, жүйелі түрде демократиялық реформалар да жүргізіліп отыр. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан халықаралық демократиялық институттармен белсенді түрде қарым-қатынас орнатып келеді. Осындай игі қадамдар арқылы біздің қоғам әлемге әйгілі болып отыр», деді.
Осы жылдар ішінде мемлекет тарапынан ҮЕҰ-ларға қолдау көрсетіліп келгенін айтқан Ө.Шөкеев Азаматтық альянстың құрылуы, тұжырымдамалар дайындалып, әрбір форумның өткізілуі елімізде азаматтық қоғам дамуының жаңа бір белесін ашып отырғанын атап көрсетті. «Әлеуметтік мемлекеттік тапсырыс туралы» Заңды жетілдіру жалғасуда, сонымен қатар, мемлекеттік органдардың ҮЕҰ-лармен ынтымақтастығын дамыту жөнінде бірқатар шаралар өткізілді. Жалпы айтқанда, үшінші сектор біздің қоғамымыздың алға жылжуында үлкен рөл атқарып отыр. Біз сіздермен ынтымақтастығымызды әлі де тереңдете келе, үлкен жетістіктерге қол жеткіземіз деп ойлаймын, деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.
«Бүгінгі форумға әлеуметтік сала министрлері қатысып отыр. Бүгін біз Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы бойынша атқарылған жұмыстарды тыңдайтын боламыз», деген Өмірзақ Шөкеев сөз сөйлеу үшін мінберге Азаматтық альянстың Үйлестіру кеңесінің төрайымы Айгүл Соловьеваны шақырды.
«Бүгінгі форум республикалық маңызы бар алаң, осындағы айтылған ойлар еліміздегі қоғамдық институттардың дамуына өз үлесін қосады. Және ақылдаса отырып, келешектегі даму перспективаларын да анықтайтын боламыз», деген ол тұжырымдамалық мәні бар бірнеше мәселеге тоқталды.
Бұдан кейін сөз тізгінін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова алды. «Өткізіліп жатқан әрбір шара, әрбір жұмыс тәуелсіздік шежіресіне жазылып жатыр. Тәуелсіздік барлық қазақстандықтар үшін киелі құндылық деп алдағы келе жатқан ұлы мереке туралы ел Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев бекер айтпаған болар. Бүгінде Қазақстанда азаматтық қоғам қалыптасты деген ойды ешкім жоққа шығара алмайды. Біздің министрлік басқа мемлекеттік органдар сияқты қоғамдық институттармен ынтымақтастығын жалғастыруда. Осы орайда, 2000 жылы ҮЕҰ-лар туралы бірінші тапсырма болған кезде әріптестік туралы заң жобасын әзірледі. ТМД елдерінің арасында бірінші нормативтік құқықтық акт болып танылды және оның кейбір көрінісі еліміздің Еңбек кодексінде қарастырылды.
Біздің осы саладағы жұмысымыздың бір бөлігі – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі конкурс өткізу. Ол биыл төртінші мәрте өткізіледі. Сіздер білесіздер, әлеуметтік жобаларды іске асыру жөнінде меморандумдарға қол қойылды. Жалпы алғанда, біздің саладағы атқарылған көптеген жұмыстар ҮЕҰ-лар мен кәсіподақтардың араласуынсыз өз мәнінде орындалмас еді. Біздің бағытымыздың ендігі бір ауқымды бөлігі аз қамтылған отбасылармен және мүгедек жандармен жұмыс. Мүгедектердің құқықтарын қорғау жөнінде халықаралық конвенцияға қосылдық. Осы жұмыстарды алға жылжыту үшін үлкен жоспар әзірледік. Оған үшінші сектор белсенді үлесін қосты. Қазақстан Мүгедек әйелдер одағының төрайымы Шырақ Мұхамед сынды азаматшалар белсенді араласты. «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» Заң әзірленген кезде үкіметтік емес 11 ұйым бар күш-жігерін салды. Осылайша, біз ТМД шеңберінде алғашқы болып, заң қабылдадық. Ал негізінен мұндай заң қарыштап дамыған елдерде ғана бар, – деді министр.
Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшім бүгінгі таңда барлық елдерде азаматтық қоғамның экологиялық мәселелерді шешуде белсенді, толық атсалысу үшін институттық және саяси заңнамалық алғышарттар жасалғанын атап көрсетсе, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков ҮЕҰ секторының өміріміздегі сан алуан мәселелерді шешудегі, оның ішінде ауыл шаруашылығы мәселесін оңтайландырудағы рөліне тоқталды.
Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева: «Бүгін біз маңызды үлкен шараға қатысып отырмыз деп ойлаймыз, деп бастай келе, шараның маңыздылығына тоқталды. Шараның аты – азаматтық форум. Қазақта азамат деген қастерлі ұғым бар. Азаматтық тек қана төлқұжатпен айқындалмайды. Азаматтық – өзінің ісімен, өзінің жүрегімен, Отанға жасаған қызметімен өлшенетін ұғым. 20 жылдың ішінде ҮЕҰ-лар азаматтықтың мектебіндей қалыптасты. Біздің министрлік ҮЕҰ-лардың үйлестірушісі қызметін атқарады. Өйткені, мемлекет пен үшінші сектор арасындағы жұмысты қалыптастыру қажет», деді.
Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев «ҮЕҰ- лар жұмысының маңыздылығын айтпай кету мүмкін емес. Біздер, яғни меморгандар кез келген құжатты әзірлеген кезде міндетті түрде мемлекеттік емес ұйымдардың қорытындылары мен сараптамаларын аламыз. Осындай екіжақты байланыстардың маңыздылығы бөлекше. Себебі, меморгандармен ҮЕҰ-лар тығыз байланыста жұмыс атқаруы тиіс. Өйткені, қабылданған әрбір құжат мемлекеттің, оның халқының игілігіне қызмет етеді. Мәселен, біздің салалық заңнамаларымызды әзірлеу кезінде ҮЕҰ-лардан көптеген ұсыныстар түсті. Болашақта да біз ҮЕҰ-лардың ой-пікірлеріне ден қойып, оларды назарда ұстайтын боламыз», деді А.Жұмағалиев.
Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Серікбол Мусинов өз сөзінде ҮЕҰ-лардың жұмысына ризашылығын білдірді және сала бойынша атқарылып жатқан оң үдерістер туралы әңгімеледі.
Білім және ғылым вице-министрі Махметғали Сарыбеков форум жұмысын жоғары бағалады.
Форум жұмысы бүгін одан әрі жалғасады.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.