Үкімет • 30 Қаңтар, 2025

Қазақстан мен Ресей тауар айналымы 30 миллиард долларға жетеді

427 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин екіжақты келіссөздер жүргізді. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен РФ Президенті Владимир Путин арасында екіжақты сауда көлемін арттыру бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан мен Ресей тауар айналымы 30 миллиард долларға жетеді

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Келіссөз барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту жоспарлары қаралды. Өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік өнеркәсібі және басқа да салалардағы өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі міндеттерді жүзеге асыруға назар аударылды.

Сонымен қатар Үкімет басшысы екі мемлекет басшылары арасындағы тауар айналымын $30 млрд-қа дейін жеткізу жөніндегі уағдаластықтарына қол жеткізу мақсатында тасымалданатын тауарлар аталымын кеңейту маңызды екенін атап өтті.

«Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің бірлескен күш-жігерінің арқасында екіжақты ынтымақтастығымыз сапалы жаңа деңгейге көтерілді. Маңызды міндет – жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету. Қазақстан Үкіметі тығыз өзара іс-қимыл жасауға және барлық салада ынтымақтастықты дамытуға дайын», деді Олжас Бектенов.

Үкіметтің мәліметінше, өткен жылдың 11 айында өзара сауда көлемі $24,2 млрд-қа жеткен. Сондай-ақ, 2024 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің айналымы 5%-ға өсіп, $3,2 млрд-тан асқан.

«Қазақстан – біздің стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз. Біздің қарым-қатынасымыз достық, тату көршілік, өзара сыйластық және бір-бірінің мүдделерін ескеру қағидаттарына негізделген. Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында қарым-қатынастарымызды одан әрі дамыту жөнінде маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Екі ел үкіметтерінің міндеті - көшбасшыларымыз қол жеткізген келісімдердің мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету», деді Михаил Мишустин.

Келіссөздер нәтижесінде тараптар стратегиялық әріптестікті нығайтуға және барлық бағыт бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.