ЭКСПО-2017 • 19 Шілде, 2017

«Күш машинасын» құралсыз бағындырды

291 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық көр­ме­сін­дегі ең ерекше аймақтардың бірі – Аустрия павильоны. Онда «Күш машина­сы» деп аталатын аттракциондар­дан жә­не механизмдерден құралған тұтас бір құ­рылым орнатылған. Ол келушілерге ойын арқылы электр қуатын өндіруге мүм­кіндік береді. Биіктігі үш қабатты үй­мен бірдей болатын құрылым ау­мағы 870 шаршы метр павильонның бар­лығын алып жатыр. Осы биіктікті қа­зақстандық белгілі альпинист Мақсұт Жұмаев ешқандай құрал-жабдықсыз ба­ғындырады. 

«Күш машинасын» құралсыз бағындырды

Ол құрылым бөренелеріне өрмелеп шы­ғып, Қазақстан мен Аустрия Туын орнатты. Па­ви­льон басшылығының айтуынша, бұл – екі ел ара­сындағы ынтымақтастық пен өзара тү­сі­ніс­тік­ті білдіреді.  Әлемдегі барлық сегіз мың метрлік шыңдарға оттегі құралынсыз шыққан Мақсұт Жұмаев – Аустрия еліне бұрыннан бері достық ниеттегі жан. Бұл достықтың бастамасы сонау 2003 жылы Гималай экспедициясы кезінде сегіз мың метрлік Нангапарбатқа шығу алдында қаланған. Ол әлемдегі барлық сегіз мың метрлік шыңдарды оттегі құралынсыз бағындырған  тарихтағы алғашқы әйел – аустриялық альпинист Герлинда Кальтенбруннермен таныс. 2011 жылы биіктігі жағынан Эвересттен кейінгі әлемдегі ең биік шың – К2-ге «тау патшайымы» Герлинда Кальтенбруннер және қазақстандық альпинис­тер Мақсұт Жұмаев пен Василий Пивцовтың бірге көтерілуі – үшеуі үшін де әлемнің сегіз мың метрлік шыңдарын бағындырудағы өздерінің жеке бағдарламаларының аяқталуы болды. 


Төрт жыл бұрын Мақсұт Жұмаев Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Венаға ресми сапары қарсаңында Аустрияның ең биік нүктесі – Гросглокнер шыңын бағындырып, екі елдің достығы мен өзара түсіністігінің кепілі ретінде Аустрия мен Қазақстан Туын қадаған. 
Аустрияда тауды еңкейген кәріден, еңбек­те­ген балаға дейін жақсы көреді. Онда 150 жыл­дан астам уақыттан бері тау демалысы мен та­би­ғатын ұнататын адамдардың «Alpenverein» альпі­лік қауымдастығы жұмыс істейді. Ұйым мен Мақсұт Жұмаев ынтымақтастық туралы ме­морандумға қол қойып, Қазақстанда осыған ұқ­сас клуб құрған. «Мен Аустрияны оның адам мен табиғатқа қатысты «жасыл» технологиялары үшін қатты сыйлаймын. Қазақстандық альпини­стер клубының негізгі мақсаты – адамдарды табиғатпен дұрыс тіл табысуға үйрету», дейді М.Жұмаев. 
ЭКСПО-дағы Аустрия павильонына келу­ші­лер қазақстандық альпинистің «Күш машина­сын» бағындырудағы әсерлі шоуына куәгер болып, қазақстандық клубпен, оның аустриялық әріп­тесі – «Alpenverein» клубымен танысты. Со­нымен қатар, альпинистің әлемнің ең биік шың­дарын бағындырғаны туралы, Герлинда Каль­тенбруннермен бірге тауға шығуы жайында естеліктерін тыңдады. Мақсұт Жұмаев альпинизм мен «жасыл» технологиялар арасында да байланыс бар екендігін айтты. «Альпинизм табиғатпен байланысты. Осы арқылы біз «жасыл» технология-
лар түсінігі бар екендігін жеткізгіміз келді. Бұл – тек адамдар арасындағы ғана байланыс емес, табиғат пен адамзат арасындағы байланыс. Адам табиғатты қалай аяласа, осыдан оның әлемге деген көзқарасын анықтауға болады», дейді ол.


Альпинист «Күш машинасына» шыққан кезде бойында қорқыныш болғанын да жасырмады. «Конструкцияға өрмелегенімде шынымен қорықтым. Себебі, бұл қондырғыны мен тұрғызған жоқпын. Сондықтан ыңғайсыздау болды. Қорқыныш жаңа әрекет жасатады, егер оған берілсеңіз, алға жылжымайсыз. Өзіңізге деген сенім болу керек. Армандарыңызға сеніңіз. Жаныңыз өзгерістерді қаласа, арманыңызға қол созыңыз. Мысалы, менің арманым – әлемдегі ең биік Эверест шыңын арнайы жабдықсыз бағындыру», деген М.Жұмаев келесі жылы оның да реті келетінін әңгімеледі. Оның айтуынша, Эверест шыңына екінші экспедициясын ұйымдастырмақ. «Сол кезде осы ойымды жүзеге асыру үшін бар күшімді саламын», – деп ағынан жарылды альпинист. 

Асхат РАЙҚҰЛ

"Егемен Қазақстан"