Аймақтар • 20 Шілде, 2017

Керней ауылының керегесі кеңейді

598 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұқар жырау ауданындағы Керней ауылы кешегі кеңес заманында дүрілдеп тұрған шаруашылық болатын. Алайда, тоқсаныншы жылдардағы тоқырау іргетасы сонау патшалық заманда қаланған ауылдардың тоз-тозын шығарып жіберген еді. Елбасының жуырда жарық көрген бағдарламалық мақаласының бір тармағы – елді мекендерді жаңғыртуға бағытталғанын білеміз.

Керней ауылының керегесі кеңейді

Президент тапсырмасына сәй­кес, «Көкбөрі Керней баба» қай­­ы­рым­­дылық қоры шарапатты ша­ра­лар­ды қолға ала бастады. 

Алдымен, ауылдың Керней аты­­на аз-кем тоқтала кетейік. Осы ауыл кешегі малды ата Кернейдің ереу­­ілдейтін жері болған. Кер­ней тау­ының баурайында орна­лас­қан ауыл­дың Керней өзені де әлі арна­сы­нан ауа қоймапты. Жер­гілікті тұр­ғын­дар осындағы қа­сиетті атаның әу­лие­бұлағын кәдімгідей мәпелеп отыр. Кеңестік заманның жайы белгілі. Ауыл атауы көпекөрінеу бұр­маланып кете барған. Корнеевка болып... 

Бүгінде батыр бабаның ұлағатты ұрпақтары ауылдың түп атауын қай­та­рып,  «Көкбөрі Керней баба» қо­ғам­­дық қорын ашып, тұрғылықты ха­­лықпен байланысын үзбейді.

Ерте көктемде қолы ашық азамат­тар Керней девиантты арнайы мек­­те­бін­де болып, музыкалық ор­та­­лық, кір жуу машинасы, шаң­сор­ғыш, басқа да ба­лаларға қажетті зат­­тар­ды сыйлап, тәр­биесі қиын ба­ла­лар­мен екіжақты қа­тынас орнатқан еді. 

Ал кешегі өткен Астана күні қар­с­аңында қор тағы да қомақты қар­жы жұмсап, ауыл іргесінен сая­бақ салып шықты. 

Бұл жерде мұндай істерге мұ­рын­дық болып жүретін бірнеше аза­маттың есімдерін атап кетуге болады. Бақи Әбсамат, Мақсұтқан Термизұлы сынды абыз қариялар ауыл­дың ауызбіршілігін бәрінен де жоғары қояды. Бұған дейін көп­шіліктің қолдауымен мешіт салынды. Мақсұтқан ағамыз туған өлке шежіресімен айналысып, екі кітап жазып тастаған. Аққұла еңбектің және бірі – ауыл әкімі Төлеген Іргебаевқа тиесілі. Ауданда басшы қызметте бол­ған Төлеген осы ауыл­ға өзі сұра­нып келіп, әпкесі, жоғарыдағы қор­дың атқарушы ди­ректоры Мира Атам­ал­қы­зымен бі­рігіп, ауыл төрінен ойып тұ­рып Кер­ней саябағын салуды қолға ала­ды. Және ол бақты биыл, келер жылы деп созбақтамай Астана күнінде қолдануға бе­руді ойластырған.

Саябақтың тұсаукесер салтана­ты­на аудандық мәслихаттың хат­­шысы Асхат Әли қатысып, қор мү­шелеріне аудан әкімі Ш. Мама­ли­новтың  Алғыс хатын тапсырды. 

Осы ауылдан облыстық мә­сли­хат­қа депутат болып сай­лан­ған Еркін Ахметов те бұл істен сырт қал­май­ты­нын жеткізді. Өзінің жеке ша­руа­шы­лы­ғы бар Еркін қашанда көмек қо­лын ұсынып жүреді.

– Елбасымыздың өзі қолдап отыр­ған жоба ғой бұл. Сырттан көмек күт­­пей өзіміздің әрекеттеніп жат­қ­а­ны­мыз қуантады. Бұл бақтың әй­теуір, бір салынатыны айдай анық. Оған мем­лекет қаржысы же­теді. Алайда, оны күтіп отыра­тын уа­қыт қайда? Олай болса қолда бар мүмкіндікті ба­рынша осылай­ша пайдалануымыз керек, – дейді Еркін Қабайұлы, – бү­гін болмағанымен мен де бұл бақта қо­лымның таңбасын қалдырамын.

Осы өңірдің тағы бір халық қалау­лы­сы Евгений Әлпейісов те Еркіннің сө­зін қолдап, қуаттап жатты.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы,
Бұқар жырау ауданы