Қазақстан • 20 Шілде, 2017

Невзат Уянык: Бауырластық байланыстардың іргетасы берік

150 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уяныкпен сұхбат.

Невзат Уянык: Бауырластық байланыстардың іргетасы берік

– Елші мырза, Қазақстан мен Түркия арасында дип­ло­ма­тиялық қарым-қа­ты­нас­тар­дың орнағанына биыл 25 жыл толды. Ширек ғасыр уа­қыт екі мемлекет үшін ма­ңыз­­ды тарихи кезең деуге бо­ла­ды. Осы орайда, бауырлас ел­­д­ің ел­шісі ретінде екіжақты бай­ланыстың даму барысын қа­лай бағалайсыз?

– Түркия Республикасының осыдан 26 жыл бұрын Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекет екенін үлкен мақтанышпен және қуанышпен атап өткім келеді. Екі мемлекет арасында дип­ломатиялық қатынастар ор­на­ғанының 25 жылдығы сынды атаулы датаға орай сұхбат беру мүмкіндігін ұсынғаны үшін «Егемен Қазақстан» газетіне көп рахмет.  

Жалпы, ширек ғасырдан ас­там уақыт аралығында Қазақ­стан Түркияның Орталық Азия мен байтақ Еуразия кеңістігіндегі ең маңызды стратегиялық саяси және экономикалық серіктесіне ай­налды. Екіжақты қарым-қа­тынас аясының кеңеюі 2009 жы­лы Анкарада қол қойылған Стратегиялық серіктестік туралы шартқа ұласты. Екі мем­ле­кеттің президенттерінің тең төрағалығымен құрылған Жоға­ры деңгейдегі стратегиялық ынты­мақ­тастық кеңесі  страте­гия­лық серіктестігіміздің құ­ры­лымдық тетіктері болып табы­лады. Осы Кеңестің  үшінші оты­рысы жақын арада өтеді деп жос­парланып отыр. 

Экономикалық ынты­мақ­тас­тық жөнiндегi үкiметаралық ко­миссия да Қазақстан-Түркия байланыстарын нығайтуға ба­ғыт­талған.  Комиссияның тең тө­ра­ғалық қызметін екі мем­ле­кет­тің үкімет басшы­ла­рының орын­басарлары атқарады. Соңғы рет Комиссияның отырысы өт­кен жылы Түркияда өткен бола­тын, алдағы тамыз айында Астанада кезекті мәрте басқосу өт­кізу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. 

Қазақстан мен Түркия тек екіжақты ғана емес, барлық түркі әлеміне бағытталған  ынты­­мақ­тастықты  арттыру мақс­а­тын­­да ортақ бас­тама көтеріп ке­леді. Түркі кеңесі, ТүркПА, ТҮРКСОЙ және Халықарарлық Түркі Академиясы сынды халықаралық ұйымдар біздің елдеріміздің түркі әлемінің ұйытқысы ретіндегі рөлінің жарқын көрінісі деп санаймын. 

Ортақ тарихи және мәде­ни құндылықтарға негіз­дел­ген екіжақты қарым-қа­ты­нас­т­а­ры­мыз тек ресми деңгей­мен шек­телмейді. Қазақ және түрік ха­лық­тарының байланысы күн өт­кен сайын ғылыми салада, жеке сек­торлар арқылы әлеуметтік салада күшейіп келе жатыр. Біз бір-бірімізбен рухани тұрғыда жақын, дос және бауырлас елдер ретінде қуанышымызды бөлісіп, қайғымызды бірлесіп көтереміз.

Өзіңіз білесіз, 2016 жылдың 15 шілдесінде Гүлен жетекшілік жасайтын «Фетхуллахшыл лаң­кестік ұйымы» (FETÖ) төң­керіс жасауға талпыныс жасаған еді. Осы оқиғадан кейін Түрік халқына, Түркияға қолдау көр­сеткен алғашқы елдердің бірі Қазақстан болды. Түркияға бі­рін­ші болып Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев мырза сапар жасады. Президент Назарбаев мырзаның және Қазақстанның осы қолдауын Түркия ешқашан ұмытпайды, қазақ еліне және оның Президентіне әрдайым құр­метпен қарайды. Біз Пре­зи­дент Назарбаевты түркі әлемі­нің ақсақалы ретінде ерекше құр­меттейміз!

– Түркия мен Қазақстан арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды қалай бағалайсыз?  Сауда және ин­вес­тиция саласында өзара ын­ты­мақтастықты одан әрі кү­шей­тудің жолдары қалай деп ой­лайсыз?

– Түркия мен Қазақстанның сауда-экономикалық саладағы әлеуеті өте жоғары. Біздің ел Қазақстанды аймақтағы ең ма­ңыз­­ды стратегиялық және эконо­ми­калық әріптестердің бірі, бай­тақ  Еуразия кеңістігіне ашыла­тын қақпа деп санайды. Сол сияқты, Түркияны Қазақстан мен Орталық Азия өңірі үшін Еуропаға ашылатын қақпа, одан да ауқымдырақ қарасақ Батыс елдеріне ашылатын қақпа ретінде қарастыруға болады. 

Соңғы 2-3 жылда болған жаһандық рецессия алдыңғы жыл­дармен салыстырғанда екі ел арасындағы сауда көлемі­нің төмендеуіне әсер еткені рас. Дегенмен, дүние жүзін шар­пыған экономикалық проб­ле­маларға қарамастан, 2016 жы­лы екі ел арасындағы сауда айна­лымының көлемі 2,5 млрд долларды құрады. Бұл жақсы көр­сеткіш. Қазақстанның шет мем­лекеттермен арадағы тауар айналымының көлемін назарға алатын болсақ, Түркия алғашқы он елдің қатарында тұрғанын атап өткен жөн. 

Энергетикалық секторды айт­пағанда, экономиканың мер­ді­­герлік, құрылыс, инфра­құ­ры­лымдық жобалар, қызмет көр­­сету сынды басқа да сектор­ла­рында Қазақстанда ең көп инвес­тициялық жобаларды жүзеге асырған елдердің бірі – Түркия.  Еліміздің жеке компаниялары Қазақстандағы мердігерлік жобаларға, инфрақұрылымды жаңартуға, қала құрылысына 21 миллиард АҚШ доллары­на тең инвестиция салып, соның ар­қасында 475 жобаны жүзеге асы­рыпты. Меніңше, бұл айтар­лық­тай жақсы нәтиже. 

Қазақстан да, Түркия да өздерінің қазіргі экономикалық әлеу­­меттерін пайдаланып, ал­дағы уақытта сауда-эко­но­ми­калық қатынастардың ауқы­мын арттыра түсуге мүдделі бо­лып отыр. Таяу болашақта екі­жақты сауда айналымының жыл­дық көлемін 10 миллиард долларға дейін жеткізу, бір­лескен кәсіпорындардың са­нын көбейту, инвестиция кө­лемін арттыру көзделіп отыр. Бұл – екі елдің президенттерінің өза­ра келіскен, алға қойған мақ­саттары. Оны жүзеге асыру үшін біздің елдеріміздің ада­ми ресурсы да, қаржылай мүмкіндігі де жеткілікті екеніне бек сенімдімін. 

Қазақстан энергетика секторымен шектеліп қалмай, елдің экономикасын әртарап­тан­дыруды алға қойып отырғанынан хабардармыз. Ол үшін «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасының аясында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанына куәміз. Аграрлық сектор, шағын және орта бизнес, сондай-ақ қызмет көрсету салаларын дамытудың болашағы зор екені қазірдің өзінде байқалып отыр. Осы орайда, Түркияның мемлекеттік ведомстволары мен жеке секторлары бұл мәселелер бойынша аталған салаларды дамы­ту үшін өз тәжірибесімен бө­лі­суге қашанда әзір екенін атап өткім келеді. 

Алдағы уақытта Каспий ар­қы­лы өтетін, Шығыс пен Батыс­та­ғы ірі нарықтарды жал­ғайтын көлік дәлізі тек экономикалық қа­на емес, мәдени-әлеуметтік ма­ңызға ие болады деп болжанып отыр. Көлік, логистика, те­ңіз порттарын басқару, туризм, визалық, кедендік және кө­лікт­ік инфрақұрылымды дамыту сын­ды салалар Қазақстан мен Түр­кияның екіжақты тиімді бай­ланысын одан әрі нығайта түсетіні сөзсіз. Сонымен қатар, Қазақстан мен Түркияның, Орта­лық Азияның басқа да мем­ле­кеттерінің аумағы арқылы өтетін жаңарған Ұлы Жібек жолының бойында аса ірі әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық дүниеге келеді деп сенемін.  

– Биыл Қазақстанда Ел­ба­сы Н.Назарбаевтың бастама­сы­мен Конституциялық ре­фор­­малар жүзеге асырылды. Жалпы, біздің еліміз үшін аса зор мәнге ие болған осы оқиғаға қатысты ұстанымыңыз, көз­қа­расыңыз қандай? 

– Қазақстан ширек ғасыр ішінде Н.Назарбаевтың басшы­лы­ғымен барлық салада зор же­тіс­тіктерге қол жеткізді. 25 жыл­да экономикада, әлеуметтік салада, білім беру саласында, мәдениетте маңызды реформалар жүзеге асырылды. Сыртқы саясаттағы шебер саясатының арқасында сіздердің елдеріңіз аймақтық және жаһандық аренада жоғары абырой-беделге ие болды. Ал Түркия Қазақ­стан­ның қай салада болсын алға басуына барынша қолдау көр­сетіп келеді. Президент Назар­баевтың Конституциялық рефор­ма туралы бастамасының да табыс­ты жүзеге асырылғанына куә болдық. Қазақстан Консти­ту­ция­сына енгізілген өзгерістер, осы­ған байланысты жүргізілген ре­фор­малар елдің саяси тұрақ­ты­лығына, экономикалық жә­не әлеуметтік жаңғыру ба­ғы­тын­да­ғы талпынысына оң ықпалын тигізетін маңызды қадам деп бағалаймыз. 

– Сирияда қалыптасқан аху­алды реттеу бойынша ке­піл­­гер елдердің бірі ретінде, Түр­кия «Астана процесінен» қан­дай нәтиже күтеді?

–Жеті жылдан бері жалғасып жатқан Сирия дағдарысы үлкен гуманитарлық апатқа, елдің күйреуіне себеп болды. Түркия ір­гелес орналасқан мемлекет ре­тінде, Сириядағы ахуалдың те­ріс әсерін жақыннан көріп отыр. 7 жыл ішінде тоз-тоз болып елінен бас­қа жаққа қоныс аударуға мәж­­бүр болған 3 миллионнан астам сириялық босқынды қа­был­дап, оларға пана болып отыр. Біз көрші елдегі қарулы қақ­­тығыстың неғұрлым тезірек аяқталғанын, елде бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнағанын қалаймыз. 

Астана процесінің бес раун­дын­да Сириядағы атысты тоқ­­тату режімін іске қосу, БҰҰ-ның Женевадағы келіс­сөз­дері­нің та­­­бысты өтуіне үлес қо­су ба­ғы­ты­н­да маңызды жұ­мыс­тар ат­қа­рылды. Женевадағы ке­ліс­сөз­де­рін толықтыратын қо­сым­ша арна ретінде Астанада про­це­сінің өтуі Қазақстанның ха­лық­аралық аренадағы абыройын биіктете түсетініне сенімдімін.    

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»