Қазақстан • 20 Шілде, 2017

Азаматтарды қабылдаудың жаңа үлгісі

379 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде прокуратура органдарының қызметі заман талабына сай жаңа бағытта құрылып жатыр. Басым бағыттар айқындалып, жұмыс тәсілдері жетілдірілуде. Бұл орайда Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Жақып Асанов прокурорлардың азаматтар мен заңды тұлға өкілдерінің арыз-шағымдарын жіті қарауына ерекше көңіл аударып, азаматтар құқығының нақты қорғалуын талап етуде.

Азаматтарды қабылдаудың жаңа үлгісі

Арыз-шағымдарды тиімді қараудың маңыздылығы еске­ріліп, ашық прокуратура жоба­сы­ның аясында сәуір айынан бастап Бас прокуратура жанынан Азаматтарды қабылдау орталығы ашылып, халыққа қызмет көрсетілуде. Жыл соңына дейін осындай орталықтарды өңірлерде де ашу жұмыстары жүргізілуде. Орталықта прокурорлар қабылдау жүргізіп, азаматтардың бұзылған құқық­та­рын қорғап, кеңес беруде және шағымдарды жазуға көмекте­суде. Орталықтың жауапты қыз­мет­­керлері айына бір рет Бас про­курор­­дың жеке қабылдауын ұйым­дастырады.  

Бас прокуратура басшылы­ғы­ның қабылдауына жазылу Call-орталығына шалынған қоңы­раулар, порталдарға («115.kz», «egov.kz») түскен электронды және қағаз форматы өтініштер бойынша жүзеге асыры­лады. Бұл ретте Бас про­курор­дың қабылдауына жа­зу арыз берушіге Бас прокурор орын­басарының сол мә­се­ле бо­йынша өтінішті қанағат­тандырудан бас тарту туралы жауа­бы бар болғанда ғана жүр­гізіледі. Сондай-ақ, шешім қабылдау процесіне араласпау мақ­са­тында сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысындағы және сот­тар­дағы істер бойынша қабылдау жүзеге асырылмайды. 

Бұдан басқа, сол мәселе бойынша бұрын Бас прокурормен жауап берілген және сот актіле­ріне шағым беру мерзімін өткізіп алған адамдар Бас прокурордың қабылдауына жазыла алмайды. Биыл осы кезге дейін Бас про­куро­р­дың жеке қабылдауын­да барлығы 84 азамат пен заңды тұлғалардың өкілдері болған. Ал Бас прокурордың орынбасарлары 92 азамат пен заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдаған. 

Сот актісімен немесе мемле­кеттік орган басшылары­ның әре­кет­терін даулау мәселе­сі кей­бір жағ­­дай­­лар­да жер­гілік­­ті проку­рор­лармен дұрыс шешіл­ме­­ген соң, Бас прокурордың қабылдауына жүгіну­ші азаматтардың саны да көбейе түсуде. Биылғы жылы өтініштерді тиісті деңгейде қара­ма­­ғаны үшін прокуратура органдарының 13 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Заман талабына сай қай салада болсын жаңа технология-лар қолданылуда. Бейнекон­ференцбайланыс құралының көмегімен қабылдауға жазылған азаматтар «оn-line» режімінде Астана қаласына келмей-ақ, Бас прокурормен сөйлесіп, өтініш мәнін баяндауына мүмкіндік бар. Осындай тәртіппен өңірлерден 5 азамат жүгінген.  

Аталған жеке қабылдауда 10 ша­ғым қанағаттандырылған. Барлығы 4 азаматтық, 2 қылмыс­тық іс бойынша сот актілері­нің заңдылығын қадаға­лау жай­лы өтініштер қолдау тапқан. Мәселен, лауа­зымдық өкілет­тігін теріс пайдаланғаны (ҚК-нің 307-бабы  1-бөлігі) және қызметтік жалғандық жасағаны (ҚК-нің 314-бабы 1-бөлігі) үшін сотталған Г.Мотина Бас прокурордың жеке қабылдауына жүгінген. 

Бас прокуратураның қызмет­кері Сырым Ақбаевтың жете зер­де­­леуімен Г.Мотинаның мемлекет мүддесіне залал келтір­мегені, ақша қаражаттарын ұйым­ның мақсат­тары мен міндет­тері­не сәйкес келетін іс-шара­лар­ға жұм­­са­ғаны анықталған. Ал ол «Колос» балалар мәдени-сауық орталығы» МК ҚК-ның директоры бола тұра мүгедек балалар шарасына бөлін­ген қаражатты басқа мақсатқа жұмсады деген желеумен сотталған.  

Жәбірленушіге қала әкімдігі тарапынан қандай да бол­масын материалдық залал келгендігі жөнінде талап қойыл­маған. Сотталған, Г.Мотина бар­лық іс-шараларға қаражат бөлі­­не бермегенін, сондықтан атал­ған іс-шараларды өткізу үшін ақша­ны басқа көзден алғанын теріске шығармаған және басқаша іс­теу­ге мүмкіндігі болмағанын көр­сет­кен. Әкім­дік аталған іс-шара­ларды жоспарға енгізбеген,  қаражатты мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндерді өткізуге бөл­меген. Сондықтан, Г.Мотина өзінің міндетін атқару үшін осындай қадамдар жасауға мәжбүр болған.   

Ал оның жалған құжаттарды жасау себебі қала әкімдігінің жос­­­пардан тыс іс-шараларға қара­жатты бөлу бойынша жұ­мыс­ты тиіс­ті түрде ұйымдас­тыр­мауы­нан болған. Сотталған Г.Мотинаға қатысты үкімді Бас проку­рор қарап, оның әрекетінде қылмыс құра­мы болмағаны анықталады. Сөйтіп, Жоғарғы Сот сотталған Г.Мотинаны ақта­ды. 

Сонымен қатар, У.Ерғалиева­ның Астана қаласы әкімдігінің әрекеті жайлы өтініші қаралып, оның тұрғын үй кезегіне қатыс­ты құқығы бұзылғандығы анық­талды. 

Оның өз кезегін мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар тізіміне ауыстыру туралы қаулыны заңсыз деп тану жөніндегі талабы сотпен қанағат­тандырусыз қалдырылған. 

У.Ерғалиева «Тұрғын үй қарым-қатынастары туралы» заң талабына сәйкес тұрғын үйге мұқтаж мәртебесін жоғалтпаса да, әкімдік оның кезегін неғұрлым кеш мерзімге ауыстырған. Бас прокурордың наразылығымен сот актілерінің күші жойылып, У.Ерғалиеваның тұрғын үй кезегі қалпына келтірілді.  Со­ны­мен қатар, ӘҚБтК-нің 610-бабы 1-бөлігімен (жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету ережесін бұзу) әкімшілік жауап­тылыққа тартылған С.Тузиков жеке қабылдауға жүгінген. Бас прокурор арызданушыны тың­дап, оның уәждері дәлелді деген қорытындыға келіп, касса­циялық наразылық дайындауды тапсырды. Әкімшілік іс құ­жат­тары зерделеніп, бірінші жә­не апел­ляциялық сот сатылары (Жамбыл облысы) барлық мән-жайларға құқықтық баға бермегені, С.Тузиковтың дә­лел­де­рі назарға алынбағаны анық­талды. Сөйтіп, сот актілеріне наразылық келтіріліп, ол қанағат­тандырылып,  іс жаңадан қарауға жіберілді.  

Осы аталған мысалдар Бас про­курордың арызданушылар­мен жеке кездесу барысында олар­­дың түйінді мәселелерін тарқа­туға мүмкіндік беріп отыр­ғанын көрсетеді. Бас прокурор арыз-шағымдарды қа­рау про­курорлардың негізгі міндет­тері екенін, оған салғырт қарауға болмайтынын ұдайы ескертіп, адам құқығын қорғауды қатаң талап етуде. Осы мақсатта ол әр жеке қабылдау кезінде прокурорларға арызданушылармен әңгімелесіп, мәселенің төркініне көз жеткізіп,  олардың пайымына жете назар аударып, заң тұрғысында баға беріп, жаңа көзқараспен қарауды және жағдайға талдау жасауды ұсынады. Жеке қабылдаудан түскен өтініштерді жан-жақты, толық және шынайы қарау үшін оны бұрын қараған қызметкерлерге бермеуді тапсырады.

Алайда, Бас прокурордың бар­­лық наразылықтары сотпен қолдау табады деген қате түсі­нік бол­мау керек. Себебі, негізі­нен наразылықты Жоғарғы Сот қарап, өз құзыретінің шегінде шешім қабылдайды. На­ра­­зылық қанағаттандырусыз қал­дырылған жағдайда заңды күшіне енген сот шешімін талқылауға ешкімнің құқысы жоқ және ол талқылануға жатпайды.

Сағатбек СҮЛЕЙМЕН, 
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының аға көмекшісі