Аймақтар • 20 Шілде, 2017

Қабанбайдың тойы өтті...

579 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тірісінде басынан сөз, тұсынан жау асырмаған даңқты батыр өлген соң да көлденең дақпыртқа бағын ұстата қоймапты. Қазақ еркіндік алған тұстағы әлгі 300 жылдық тойдан соң да ширек ғасыр өтті. Абылайдың бас батыры, қазақ даласын жоңғардан азат ету жолында жылдарға созылған ұлы жорықтың ту ұстаушысы Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына – 325 жыл толыпты.

Қабанбайдың тойы өтті...

Келген адам кеткісі келмейтін Лепсінің жағасында батырдың рухына арналған ас өтті. Күні өктемдеу көршісіне қарап қал­ған сонау бір замандарда да қазақ қол үзе қоймаған – бәйге мен көкпар, күрес пен айтыс төңірегіндегі қызықтың бәрі сонда. Қай ауызға құлақ төсесең де батырдың ірілігін айтады, ерлігін айтады. Күрес финалға жақындаған сайын кезегі жиілеп кеткен балуандарға жан­а­­шырлық танытып, «сәл үзіліс жасап дем алдырмай ма», деген сөздер әр тұстан естіліп қап жат­ты. Сон­да, біздің қапталымызда отыр­ған күнқақты қоңыр қазақ: «Бұл күресің Қабанбай атаңның 103 жекпе-жегінің жанында не дейсің, шыдайды ештеңе жоқ», деп кесіп тастады. Күн астында көлеңке іздеп кеткен түрімізден ыңғайсызданғандай «мынадай күннің астында күрестіріп қойғаны обал-ақ болды-ау» деп тұр едік, мына сөзден кейін күреске түсу де анау айтқандай қиын шаруа еместей көріне бас­тады. Енді келіп аттарды ойла­дық. Қапырық ыстықта өкпесі күйіп... Ағамыздың сөзі есімізге тағы түсті. 103 жекпе жек өткізген батыр қанша жорыққа қатысуы мүмкін?! Ат шыдатпаған алып батырды көтеріп күн-түн демей, ыстық-суық демей жор­тып бақ­қан әйгілі Қубас атты ойла­дық. Оның жанында... Рас, батыр­дың соңынан ерген аңыз бен дерек­пен салыстыра берсең бүгін­гі тіршілігің  тым сұйық, тым қара­байыр көріне бастайды екен...

Лепсінің жағасындағы той арырақтағы ақшаңқан үйлерімен, берідегі 3 шақырымдық  бәйге айналмасымен, оның ішіндегі көкпар ойындары өтетін алаңы­мен көз тартады. Бәрі көз алдың­да. Тай жарыстан бастап аламанға дейінгі бәйге түрлері әр айна­лым сайын жиналған жұртты бір қиқулатып өте шығады. Ары­рақта көкпар ол қызып жатыр. Көрермендер отырған ақ шатыр­ларға ең жақын орналасқан күрес кілемінде балуандардың жаға­ласы жүріп жатыр. О баста ойла­дық, бәйгенің 6 түрі, көкпар, күрес, концерттік бағдарлама.., бәрі қосылып, кеш бата бір-ақ аяқ­талар деп. Сөйтсек, өте жин­ақы ұйым­дастырылған тойды түс ауа аяқтауға болады екен. 

Тойдың салтанатты ашылуы – Алматы облысы әкімінің орын­басары Жақсылық Омардың алғы­сөзімен басталды. Одан соң тойды ұйымдастырушы аудан – Алакөлдің әкімі Әлібек Жақан­баев той қонақтарын құттық­тады. Тойдың негізгі ұйым­дас­тырушысы «Zhersu» кор­порациясы директорлар кеңе­сінің төрағасы, меценат Бауыр­жан Оспанов, Мәскеу Олим­пиадасының чемпионы Жақ­сылық Үшкемпіров, кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Қанат Ислам, айтыскер ақын Балғынбек Имашев бастаған бірқатар ақындар дүбірлі тойдың құрметті қонағы ретінде қатысты. 

Жеңімпазы алдымен анықтал­ған спорт түрі – қазақша күрес болды. Салмақ дәрежелері де әр тектес. 90 келіні төңіректеп жүр­ген жігіттерден бастап 140 келі­ден асып жығылатын бал­уан­дар­дың арасынан түйе бал­уан болған – үштөбелік Жігер Сәкенұлы. Салмағы 100 келіге жете қоймайтын балуан үйіне көлік мініп қайтты. Финалда Жігерге жол беріп қойған Алматы­дан Әлімжан Жұмахметов екінші орын, Қабанбай ауылының ба­л­уаны Тоқтар Қарақатеров үшін­ші орын алды. 

Бәйге 6 түр бойынша өтті: Тай жарыс, құнан жарыс, құнан жор­ға, жорға, топ бәйге, аламан. Тай жарыс – 3 шақырым. Бас бәйге – Қордайдан келген болашақ сәйгүлік Арабелланың иесі Серік Сатыбадиновтің қанжығасында кетті. 7,5 шақырымдық қашық­тық­қа жүгірген құнандар арасы­­нан ақсулық Ақсу (иесі Қанат Әбдірахманов) атты жүй­рік мәре­ні бірінші кесті. Құнан жорға­ға 4 үміткер қаты­сып, бас бәйге­ні Асылбек Сейіт­жа­маловтың Француз атты құнаны алды. Бұл шағын бәйгелерге ақ­шалай жүл­де тігіліпті. Ал бәй­гетөбенің сәнін келтіріп, қи­қуын қоздырған жор­ға, топ бәйге, аламанның бас бәйгесі – көлік. Топ бәйгені сөреге Қарагөз атты жүйрік бастап келді. Қарасайлық Артығали Мирасов баптапты. 26 аттың ішінен мәре­ге үшеуі ғана жетті. Жорға жарыс­­тың бас жүлдесін Рүстем Жек­сенбаевтың Қаракөз атты тұлпары алды. 21 шақырымдық аламанда топ жарған – Алакөл ауданының атынан додаға түскен Кеңесбек Оспановтың Бараны. Екінші, үшін­ші болып келген жүйріктер ақша­лай сыйлықпен марапатталды.
Анығында, Қабанбайдың тойы бір күн бұрын Лепсі қала­сында басталды. Қабанбай ауы­лы­нда кешқұрым өткен ақын­дар айтысын айтпай кетуге болмайды. Соңғы кездері республикалық айтыс аламанынан көп көрінбей кетті деп жұрт жиі іздейтін Айтақын Бұлғақов, Балғынбек Имашев, Жандарбек Бұлғақов, Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова, Талғат Мықи, Сырым Әуезхан, Мұрадым Мирлан секілді ақындар өнер көрсеткен. Тақырып шартты түрде батырдың 325 жылды­ғы болғанмен, ақындар еркін көсіл­ді. Біз жоғарыда келтірген тізім­дегі құрметті қонақтар мұнда да қатарын бұзбай қатысып отыр­д­ы. Негізгі тілге тиек еткен мәселе – «Келген адам кеткісі келмейтін» Алакөлдің жолы. Айтылмай жүрген кеп емес, бірақ, ойнатып айтатын ақындардың аузынан естігенде мүлде басқаша әсер етеді екен. Қабанбай аймағын қайтадан дербес аудан жасау жөнінде де ұсыныстан гөрі, тілекке келіңкірейтін сөздер айтылып қалып жатты. Расында, орталыққа бару үшін біраз жер шалып қайтуға мәжбүр ауыл тұрғындарын бір қиқулатқан сөз де осы болды. Төрт жұпқа бөлініп айтысқан ақындар ешқандай жүлдеге таласқан жоқ. Тойдың қонағы ретінде қатысып, «Ақындарға көрсеткен құрметің­ді, Отыз тіспен еліме таратамын», деп, алғыс айтып, алғыс арқалап қайтты.

Екі күніміз өткен Алакөл ауданы жерінің қасиетін соншама ат қанша айналса да шөкімдей шаң ұшпаған бар болғаны 3 шақырымдық бәйге алаңына қарап-ақ таныға­н­дай­сың. Киіздей ұйысқан шөбі, көк-жасыл тауы, таудан ғана бастау алатын асау өзені... екен ғой бабаларды атқа мінгізіп, жаннан кештірген. Ентелеген дұшпанмен қысқа күнде қырық шабысқан, алақандай жер үшін қанын төккен, жанын қиған батырдың тойы – Қазақ даласында, атаме­кенде өтті.  

Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы  

Суретті түсірген
 Аслан Қажеке