Медицина • 20 Шілде, 2017

Жібек жолын жаңғыртатын жігіт

225 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Арыстанбекті бірнеше жылдан бері білеміз. Орал қаласында қазақ-түрік лицейін тәмамдаған соң интернет арқылы емтихан тапсырып, бір мез­гіл­де бірнеше жоғары оқу орнынан шақырту алған Арыстанбек грант ұсын­ған кейбір университеттерді аттап өтіп, Варшаваны таңдапты. Алғашқы жылдары оқу ақысын төлеудің өзі оңай болмаған. Ұлы мен қызын жалғыз тәр­биелеп отырған анасына артық сал­мақ салғысы келмейтіні түсінікті ғой. Оқуына да үлгеріп, бірнеше тілді мең­геріп, аудармашы болып ақша тауып, еңбекке араласқан Арыстанбектің әр жетіс­тігіне қуанып, тілеулес болып жү­ре­міз. Елге келген сайын кездесіп, пікір­лесіп қалуға тырысамыз.

Жібек жолын жаңғыртатын жігіт

– Варшавада оқыған қазақ жас­тары­ның басы мен емес қой, – деп жымия­­ды Арыс­танбек. – XX ғасырдың басын­­да білім алуға ұмтылғандар көбіне Орал, Семей, Верный және Ташкент сияқ­ты қалалардағы гимназияларда оқыған. Кейін алыс-жақын ірі қалалардағы институт­тарда білімін жалғастырған. 1910-1920 жылдары Варшавада оқы­ған зия­лы­лар­дың арасында Қанай Бора­н­­баев, Әбіл­мәжін Күшіков те бол­ған. Қанай Боран­б­аев кейіннен ҚазССР-інің Әділет халық комиссары-рес­пуб­лика прокуроры лауазы­мында болып, сот, прокуратура орган­дары­ның қалыпт­асуына, кадрларды тәр­биелеуде өзіндік қолтаңбасын қал­дыр­ды. Ал Әбілмәжін Күшіковке келсек, ауыл шаруашылығы саласына зор үлес қосқан, – дейді Арыстанбек.

Арыстанбек Орынбасаров Варшава­ның «Vistula» университетінде оқып, «халықаралық экономика» бакалавры дәрежесін алды. 2015 жылы Еуропа мен Азияны  Қазақстан арқылы қосуға бағытталған «Заманауи Жібек жолы жобасы» деген тақырыпта дипломдық жұмысын  жазыпты. 

– Дипломдық жұмысым «Қазақстан­ның көзімен: Жаңа Жібек жолы баста­малары» («The New Silk Road Initiatives From Kazakhstan`s Perspective») деп аталады. Онда Ұлы Жібек жолының заманындағы маңыздылығын айқындай келіп, қазіргі таңдағы Қытайдың, АҚШ-тың, Еуропа одағының және  Ресейдің Азия мен Еуропаны Орталық Азия арқылы) жақын­дастыра түсетін жобаларының Қазақстан үшін маңыздылығы сипат­талады.

Қазақстандағы «Нұрлы жол» эконо­микалық саясатының негізгі мақ­сат­тарының бірі – атап өткен бас­тама­ларды бір жерге топтастырып, елі­міз­де шикізатқа тәуелді емес жаңа бір даму бағытын ашу екені сөз болады. Диссертациямды Гар­вард уни­вер­ситетінің түлегі, Жібек жолы сала­сында 40 жылға таяу тәжірибе жи­нақтаған поляк профессоры Войчех Хюбнердің бағыт-бағдарымен жазып шықтым. Адамгершілігі мол, білімі мен біліктілігі аса жоғары, полиглот Хюб­нерден диссертация жазған 6 ай ішін­де эко­номикалық білім ғана емес, сабыр­лы­лық пен кішіпейілділік секілді адами қасиет­терге баулу курсынан өткен­деймін, – дейді Арыстанбек. 

Бакалавриатты тәмамдаған кезде кейіпкерімізге Вистула универ­сите­тінен және халықаралық 5-6 ком­паниядан жұмысқа шақырған ұсы­ныс түскен. Арыстанбек білімін жалғас­тыру­ды қалады. Бүгінде ол Леон Коз­мин­ски атындағы университеттің магистратурасында оқиды. Бұйырса, қаржы саласын терең игеріп, инвестициялар бойынша маман болып шықпақ.

– Таңдау арасында Назарбаев Уни­вер­­ситет, Варшава университеті және Гер­манияның бірнеше алдыңғы қатарлы уни­верситеттері болды. Көңілімнен шық­қаны Леон Козмински атындағы Варшава университеті болып тұр. Бұл оқу орнында Польшаның ғана емес, басқа да елдердің ең үздік профессорлары дәріс оқиды әрі магистратурамен қоса, бұл жоғары оқу орны экономика саласында қызмет етуге мүмкіндік береді, – дейді кейіпкеріміз.

Магистратурада оқумен қатар бүгін­де Арыстанбек институциялық инвес­торларға қызмет көрсететін Еуропадағы ең ірі банк Варшавадағы бөлімшесінде еңбек етіп жүр. 

 Жыл сайын үздік студенттерді оқи­тын саласына қарай түрлі мекемелер мен компанияларға, конференцияларға, тәжірибеге әрі қызметке де шақырып жатады. Соңғы қатысқан конференциям – өткен жылдың 19-28 шілде аралығын­да Ауст­рияның Зальцбург қаласында Еуропа одағының бастамасымен жүзеге асқан «GLOPOLINT Salzburg» еді. Кон­ференцияда басты талқыланған мәсе­лелер демократия, жаһандану, адам құқықтары әрі саяси жүйелері төңіре­гін­де өрбіді. Аустрия, Германия секіл­ді Еуро­паның озық мемлекеттерінің маман­дары­мен тәжірибе алмасудың әсері мол. Оның ертең елге оралып қызмет еткенде пайдалы болатынына нық сенімдімін, – дейді Арыстанбек.

Кезінде Алаш арыстары оқыған шаһар­да білім алуымен қатар Арыстанбек солар­дың ізін жалғастырып, Қазақстанның  экономикасы, өркениеті дамыған озық елдердің қатарына  қосылуға өз үлесін қоспақшы. Алған білім-білігін, тәжірибесін туған елінің қажетіне жаратқаннан артық мақтаныш бар ма?!

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»