Үкімет • 20 Шілде, 2017

Премьер-Министр жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстанда болды

117 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев  жұмыс сапарымен Қызылжар өңірінде болып, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған республикалық кеңес өткізді. Бірқатар  кәсіпорын-шаруашылықтарды аралады.

Премьер-Министр жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстанда болды

Үкімет Басшысы алдымен күрделі жөндеуден кейін халықаралық талаптарға сәйкестендірілген Петропавл әуежайының әлеуеттік мүмкіндіктерімен танысты. Бұдан кейін Б. Сағынтаевтың жұмыс сапары Қызылжар ауданындағы «Зенченко және К» командиттік серіктестігінде жалғасты. Мұнда  АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қуатты жобалар қолға алынып,  өндірістік үдерістер толық автоматтандырылған. Ғылымның озық әдістері егіншілікте, мал шаруашылығында, өнімдерді қалдықсыз өңдеуде, минералдық тыңайтқыштар сіңіруде де  кеңінен қолданылады. Сүттен жасалған өнімнің отыздан астам түрлері елімізбен қатар Ресейге жөнелтіледі.

Осындағы еңселі Мәдениет үйінде Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің қатысуымен республикалық жиын өтіп, агроөнеркәсіп кешенінің 2020 жылға дейінгі дамуының жаңа  бағдарламасының  жүзеге асырылу жайы талқыланды.

Премьер-Министр өз сөзінде Президент  биылғы Жолдауында Үкімет алдына Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі ілгері бастырудың, әлемдегі ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілер сапына қосылудың  келелі тапсырмаларын жүктегенін,  бұл орайда, қолайлы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың  жай-жапсарына тоқталды.  Мемлекетік бағдарламаларда қарастырылған негізгі тетіктер ауыл шаруашылығын түбегейлі  жаңғыртуды көздейді. Соңғы  5 жылда  тікелей мемлекеттік қолдау шаралары 3 есе  артып, субсидиялаудың соны  үлгісін енгізудің нәтижесінде сапалы тұқымдар мен тыңайтқыштарды қолдану мөлшері 1,5 есе өсті.  «Азық-түлік» корпорациясы  АҚ экспорттық әлеуетті арттыру үшін сыртқы нарықтарда отандық ауыл шаруашылық өнімдерін ілгерілету бойынша оператор ретінде қайта құрылды. Мемлекет Басшысының уағдаластықтарының арқасында шетелдік нарықтар ашылуда. Олардың қатарында ҚХР, БАЭ, Иран, тағы басқа  елдер бар. 

АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасын орындаудың  жартыжылдық қорытындылары жайлы  Премьер-Министрдің орынбасары-ауыл шаруашылық министрі  Асқар  Мырзахметов баяндады. Оның айтуынша  өткен жылға қарағанда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі  3,1, ауыз-түлік өнімдерінің өндірісі  7,5 пайызға өскен. Биыл субсидиялардың  үш түрін тағайындау үдерістерін автоматтандыру көзделген. Келесі жылы жұмыс  оның  15 түрі бойынша аяқталады.

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов  өз есебінде  республика бойынша өсірілетін майлы дақылдар көлемі  облыста 55 пайызды құрайтынын, келесі жылы бір миллион гектарға дейін жеткізу міндеті тұрғанын,  минералдық тыңайтқыштарды қолдану екі есе көбейгенін,  соңғы үш жылда 30  миллиард теңгенің 500 бірлік техникасы сатып алынғанын, отандық  өнімдерге басымдық беріліп отырғанын, қайта өңдеу бойынша  24 жоба  іске қосылғанын, экспортқа шығарылатын ауыл шаруашылық өнімдері 24,4 миллион долларға жуықтағанын жеткізді.

Жиында сөйлеген фермерлер, «Атамекен» ҰКП кеңесінің мүшелері  шағын және орта бизнесті дамыту, жұмыспен қамту, елді мекендерде кәсіпкерлікті өркендету, субсидиялардың қолжетімділігін арттыру, қазақстандық  мазмұнның үлесін молайту, өнім сапасы мен қолжетімді бағаны тұрақтандыру,  әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың өкілеттігін кеңейту, өндірістік кооперативтерді көбейту, ветеринарлық қауіпсіздік шаралары,  дизельдік отын мен тыңайтқышдардың қолжетімділігін қалыптастыру, тағы басқа мәселелерді сөз етіп, өз ойларын ортаға салды.

Үкімет Басшысы АӨК саласында мемлекеттік қызметтер ұсыну үдерістерін оңтайландыру, құжаттардың мерзімдері мен тізімдерін қысқарту, технологиялық жаңғырту, ИИДМБ-2 іске асыру, инвестициялар тарту мәселелері бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді. Тиісті ведомоство басшыларына  ауыл шаруашылық тауар өндірушілер мен отандық ауыл шаруашылық техникасын өндірушілерге салық салу мәселесін пысықтауды,  субсидиялау мәселелерін жетілдіре түсуді,  аграршылар ұсынған инвестициялық жобаларды қайта қарауды тапсырды.

Б. Сағынтаев облыстағы жұмыс сапары барысында Петропавл ауыр машина жасау зауытының тыныс-тіршілігімен танысып, жұмысшылармен кездесті. Биыл көктемде болған қарғын судан көп зардап шеккен Заречный кентінде болып, су тасқындарының алдын алу, зардаптарын жою мәселелері  бойынша көшпелі кеңес өткізді. 

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан».