Үкімет • 21 Шілде, 2017

Кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптасып келеді

1326 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Үкіметтің баспасөз орталығы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруға арналған арнайы брифингтер легін кеше кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру тақырыбында жалғастырды. Оған Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова қатысып, Ұлт жоспарының бірінші бағыты бойын­ша атқарылған жұмыстар жайын баяндады.

Кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптасып келеді

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бірінші бағыты кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталған және 15 қадамнан тұрады, олардың 11-і жүзеге асырылды, 3-уі орындалуда, 1-уі кейінге қалдырылды, деді агенттік төрағасының орынбасары. Тарқатып айтар болсақ, 1-қадам бойынша мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғырту қажет болатын. Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс. Осылайша, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясында мансаптық модельге көшу жүзеге асырылды. Бұл мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдерін жаңғыртуға мүмкіндік берді. Бұған дейін, мемлекеттік қызметке алғаш қабылданатын тұлғалар кез келген бос жұмыс орнына, оның ішінде басшы лауазымына үміткер бола алатын. Жаңа модельде бұл мүмкін болмайды. Енді мемлекеттік қызметке алғаш қабылданатын және жұмыс тәжірибесі жоқ тұлғалар өз мансабын тек төменгі лауазымдардан ғана бастай алады. Ал 2-қадам негізінде төменгі лауазымдарға кандидаттарды реттеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асырылуы тиістігі айтылған. Бұл ретте мансаптық модельге көшумен мемлекеттік қызметке қабылданатын үміткерлердің заңдарды білуі, құзыреттерінің болуы бағаланады. Заңда мемлекеттік қызметкерді оның құзыреттерін ескере отырып, мемлекеттік қызметте ілгерілету құқығы бекітілген. Үміткерлерді іріктеу кезінде біліктілік тәсілін енгізу үшін жеке қасиеттерді автоматтандырылған бағалау әзірленді, онда үміткерлердің қажетті құзыреттерінің бар болуы тексеріледі. Сондай-ақ, конкурс өткізу ережесіне сәйкес конкурстық комиссия үміткерлермен сұхбаттасу барысында жеке қасиеттерді бағалау нәтижелерін ескеруі тиіс.
3-қадам – Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыру есебінен мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданушыларды іріктеу ресімін орталықтандыру, сондай-ақ, үш сатылы іріктеу жүйесін енгізу мәселесі де шешімін тапқан. 4-қадам – 3+3 фомуласы бойынша мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданушылар үшін міндетті түрде сынақ мерзімі болып қабылданды. Сынақ мерзімі әкімшілік мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған мемлекеттік қызметкерлердің, сондай-ақ, орналасқан мемлекеттік лауазымды тоқтатқаннан кейін әкімшілік мемлекеттік қызметке қайта қабылданғандардың сәйкестігін тексеру мақсатында бекітілген. 
«5-қадам – мемлекеттік қызмет­кер­лер­дің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру және 6-қадам – мемлекеттік қызметкерлер үшін еңбекақыны нәтиже бойынша төлеуге көшу міндеттері орындалуда», дейді спикер. Сондай-ақ, 7-қадам – мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдық еңбекақыларына өңірлік үйлестіру коэффициенттерін қосу мәселесі бойынша өңірлік үйлестіру коэффициенттері бойынша тәсілдер пысықталуда, оларды енгізу қаржыландыруды талап ететін бас­тамаларға мораторийге байланысты кейінге қалдырылған. Қазір Қазақ­стан Республикасы органдарының жұмыс­кер­лерінің еңбекақысын төлеу жүйесін жетіл­діру бойынша жұмыс тобы құрылған. 
«7-қадам аясында халықаралық озық тәжірибені талдау жүргізілді. Онда лауазымдық қызметақыға түзетуші коэффициенттер белгілеудің қолайлы тәсілдері мен әдістемесі анықталды», деді А.Шайымова. Ал 8-қадам – ауыстырылатын мемлекеттік қызметкерлерге лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде оларға жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлерді міндетті түрде беру тапсырмасы орындалған. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік қызметкерлер басқа жерге ауыстыру кезінде жекешелендіру құқығынсыз қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес ведомстволық тұрғын үй қорының тұрғын үйлері лауазымдық міндеттерін орындау кезеңінде ауыстыру тәртібімен қызметке тағайындалған мемлекеттік қызметкерлерге беріледі. 9-қадам – мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту жүйесін заңды түрде бекіту – 3 жылда бір рет олардың кәсіби шеберлігін арттыру бойынша да жұмыстар орындалған. Осыған сәйкес мемлекеттік қызметкерлерді үш жылда кемінде бір рет оқыту бекітілген. 10-қадам – мемлекеттік қызметкерлерді мансаптық жоғарылату үшін конкурстық негізге көшу, сондай-ақ, «Б» корпусының жоғары лауазымдарына жылжыту төменгі лауазымдағы мемлекеттік қызметкерлер қатарынан тек қана конкурстық негізде жылжыту есебінен меритократия қағидатын нығайту жөнінде де біраз  жұмыс атқарылып, межелі міндет игерілген. Сонымен қатар, 11-қадамда қаралған міндеттер де орындалған. Шетелдік менеджерлерді, жекеменшік сектордың жекелеген мамандарын, халықаралық ұйымдардың қызметкерлері болып табылатын Қазақстан азаматтарын мемлекеттік қызметке жіберу жайы шешілген. Оларды тағайындау ерекше талаптар және лауазымдардың жеке кестесі бойынша жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл қадам мемлекеттік қызметті ашық және бәсекеге қабілетті жүйе етпек.
12-қадам – жаңа этикалық ережелерді енгізу. Бұл ретте мемлекеттік қызметтің жаңа этикалық кодексін жасау, этика мәселелері жөніндегі уәкілетті өкіл лауазымын енгізу жұмыстары қолға алынды. Қадамды іске асыру мақсатында жаңа заңда этика мәселесіне жеке тарау арналған, Президент Жарлығымен мемлекеттік қызметкерлердің жаңа Этикалық кодексі бекітілген.
13-қадам – жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, сонымен бірге, жаңа заңнамалар әзірлей отырып, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қар­сы арнайы бөлім құру тапсырмасын орын­дау аясында «Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл туралы» жаңа заң қабылданды, ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға бағытталған.
Барлық мемлекеттік органдарға, оның ішінде құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлеріне қатысты мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылдау жұмыстары да мәжесіне жетті. Бұл – Ұлт жоспарындағы 14-қадам. Осыған сәйкес «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне де таралады. Ендігі құқық қорғау органдарына үміткерлер мен мемлекеттік қызметкерлер агенттікте бастапқы іріктеуден өтеді. 15-қадам бойынша мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылданғаннан кейін іс басындағы мемлекеттік қызметкерлерді кешенді аттестаттаудан өткізу, кәсіби талаптарды күшейту және еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Заңның 63-бабына сәйкес, әкімшілік мемлекеттік қызметкерлерді аттестаттау Президент шешімі бойынша жүргізіледі, ол оның тәртібін, мерзімін және аттестаттаудан өтіп жатқан мемлекеттік қызметкер санатын анықтайды.
Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары А.Шайымованың айтуынша, жалпы, мемлекеттік қызметтің тартымдылығы артып келеді. Реформаны іске асырғаннан бастап мансапты төменгі сатыдан бастаған тұлғалардың үш есе артқаны байқалған. Әрине, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру жұмыстары әлі де жалғасын таппақ. 

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»