12 Қазан, 2011

Келешегі кемел кешен

261 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
АТЫРАУ МҰНАЙ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ: КЕШЕ, БҮГІН ЖӘНЕ ЕРТЕҢ Бүгін біз зауыттың қайтадан түлеу оқиғасының куәгері болып отырмыз. Бұрыннан да ел экономикасына қызмет жасап тұрған индустрия қарлығашының жаңа өмірі басталды. Ең қиын кезеңнің өзінде де бұл зауыт тоқтаусыз жұмыс істеп, өз өнімдерін беріп тұрды. Бұдан былай оны қайта жаңалаудан кейін енді автокөлік жанар жағармайы өндірісі 2,5 есе артады. Жоғары октанды жанармай өндіру 9 есе өседі. Ең бастысы, атмосфераны ластау 3 есеге төмендейді. Ал суды ластау деңгейі 130 есе азаяды... Н.Ә.НАЗАРБАЕВ. ________________ БАЙЛЫҚ – БАЙЛЫҚҚА ИЕ БОЛУДА ЕМЕС, ОНЫ ЖАРАТА БІЛУДЕ Биыл – тәуелсіз Қазақстанымыз үшін ерекше жыл. Егемендігімізді алып, дербес мемлекет болғалы бері қол жеткен жетістігіміз көп. Осы кезеңде ел экономикасы қар­қын­ды дамыды. Жаңадан іске қосылған кәсіпорындар қатары көбей­ді. Сонау кеңестік дәуірден бері жұмыс жасап келе жатқан іргелі кәсіпорындар қайта жаңғыртылуда. Соның бірі – біздің Атырау мұнай өңдеу зауыты. Отандық мұнай­дан сан түрлі жанар-жағармайлар шығаратын бұл зауыт­тың ескі қондыр­ғылары Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назар­баевтың тікелей қолдауымен қайта жаңғыр­тылып, еуростандарттармен мұнай өңдей бастады. Зауыттың қайта жаң­ғыртылуына 2003-2006 жылдары Жапония елі мол инвестиция салды. Қайта жаңғырту жұмыстары аяқ­та­лы­сымен кешен­нің екінші ты­нысы ашылды. Зауыттың қайта жаңғыр­тылғаннан кейінгі іске қосылуына Елбасы­ның өзі арнайы қатысып, мұнай өңдеу­шілер алдына жаңа міндеттер жүктеді. Біздің ұжымның мұнай өңдеушілері Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жүктеген міндеттерді абы­роймен орындау жолындағы үлкен мақсатқа жұмыла ең­бек етуде. Әсіресе, еліміздегі индустрияландыру жоба­сы­на байланысты жастарға кәсіптік білім беру мен бәсекеге қабілетті болу үшін үш тұғырлы тілді меңгерудің маңызы айрықша деп ойлай­мын. Бұл –бәсекеге қабілеттіліктің басты шарты. Бәсекеге қабілеттілік дегеннен шығады, Аты­рау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасы бас­талғалы бері жас мұнай­шыларды жаңа қондырғыда жұмыс істеу үшін шетелде білімін жетілдірдік. Зауыттың жас мұнай өңдеушілері арасында ағылшын тілін меңгергендер көптеп саналады. Президент өңдеу өнеркәсібінде өнім көлемін ұлғайту­дың маңызын ұдайы айтып келеді. Себебі, Қазақстандағы мол табиғи шикізаттарды өңдіріп қана қоймай, оны сапалы өңдеуге бет бұрдық. Өз заманының ұлы ойшылы Сервантес: «Байлық – байлыққа ие болуда емес, оны жарата білуде», деген ғой. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев та осы қағиданы ұстанады. Міне, осы тұрғыдан айт­қан­да, Қазақстан өткен жылдар ішінде 200-ден аса өнімді экспортқа шы­ға­ра­тын болды. Отандық өнімді өңдеу 19 пайызға артты. Демек, Қазақстан да әлеуетті елге айналды. Мұнай-газ өнер­кәсібіне қоса өзге салалар да қарқынды дамуда. Мұнай-химия өнеркәсібі де еңсе тіктемек. Алдағы жылдары осы саланың өркен жаюына бірден-бір қажетті шикізаттар Атырау мұнай өңдеу зауытында шығарылмақ. Қазір осы мақсат үшін 133 мың тонна бензол және бір жылда 496 мың тонна параксилол шығаратын кешен құрылысы жүргізілуде. Мұндағы ең басты мақсат – өнім сапасын еуростан­дарт­тарға лайықтап, экологиялық таза өнімдер шығару. Зауыт­ты қайта жарақтау бұл жобаны іске асырумен шектелмейді. Бұдан соң мұнайды терең өңдеу кешенінің құрылысы жүргізілмек. Биылғы жыл аяғында осы жоба бойынша келісім-шартқа қол қою жоспарлануда. Осы жобаны іске асыру барысында жаңадан 16 технологиялық қондырғы орнату көзделген. Бұл –мұнай өңдеу тереңдігі 85 пайыздан кем болмайтын деңгейге қол жеткізетін жоба. Міне, осының бәрі Елбасының қолдауымен ел игілігі үшін жасалып жатыр. Талғат БАЙТАЗИЕВ, Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры. ____________________ ЖОБА ҚҰНЫ ҚАНША? Бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытында Жапонияның «Марубени корпорейшн» компаниясы қайта жаңғырту жобасын іске асырған еді. Енді былтырдан бері аталған зауытта Қытайдың «SІNOPEC Engіneerіng» компаниясы хош иісті көмірсутектер шығаратын кешен құрылысын қолға алды. Жоба құрылысы басталмас бұрын, яғни 2009 жылғы қазанда АтМӨЗ және «SINOPEC Engineering» компаниясының басшылары арасында өзара шартқа қол қойылды. Жоба бойынша 2013 жылы құрылысы толық аяқталатын жаңа кешенге салынатын инвести­ция­лық қаржының көлемі 1 миллиард 40 миллион АҚШ долларын құрайды. Сол кезде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының мұнай өңдеу және маркетинг жөніндегі басқарушы директоры Данияр Тиесов мәлім еткендей, бұл Елбасының 2015 жылға дейінгі мерзімде мұнай өңдеу зауыттарын қайта жаңғырту жөніндегі тапсырмасына орай қолға алынған алғашқы жоба болғалы отыр. Сол себептен басым­дыққа ие бұл жобаның құрылысы 2014 жылы аяқталмақ. Бұл жобаны іске асыруға алғашында Еуропа елдерінің, Жа­по­ния­ның, Оңтүстік Кореяның және Қытайдың бірнеше компаниясы ниет білдірген екен. Алайда, соңғы сатыда Жапонияның «Марубени корпорейшн» және «ДжиДжейСи» компаниялар тобы мен Қытайдың «SINOPEC Engineering» компаниясының ұсынысы көңіл­ге қоным­ды­рақ болғанға ұқсайды. Жапониялық компаниялардың АтМӨЗ-дегі қайта жаңғырту жобасын іске асырумен толымды тәжірибелері бар болғанмен, аталған жобаны 3 миллиард 400 миллион АҚШ долларына бағалаған. Ал Қытай компаниясының балама бағамы бұдан әлдеқайда төмендеу, яғни, 1 миллиард 99 миллион АҚШ долларын құраған. Төмен баға ұсынған Қытай компаниясымен арада келісімдер жүргі­зіліп, нәтижесінде тараптар жобаны 1 миллиард 40 миллион АҚШ доллары көлемінде іске асыруға мәміле жасаған. Осылайша, «ҚазМұнайГаздың» басшылығы білікті мердігер таңдау ар­­қылы жобаны іске асыруға қажетті қаржы мәселесін оң шешті. Қаржы Қытай компаниясы арқылы Қытай банкінен алына­ды дегенге тоқтам жасалды. _____________________ ЖОБАНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ НЕДЕ? Жобаны іске асыру еліміздегі мұнай-химия өнеркәсібін дамытуға тың серпін береді. Мұны мамандар жоба туралы әңгіме басталғаннан бері ай­тып келеді. Нақтылай айтқанда, алдымен, жылына 133 мың тонна бензол және бір жылда 496 мың тонна параксилол шығаруға қол жеткізіледі. Соны­мен бірге, осы жоба арқылы АтМӨЗ-де шығары­ла­тын тауарлы бензиндердің сапасын Еуро-4 стан­дар­ты деңгейіне жеткізуге болады. Ал эколо­гия­лық тұрғыдан айтқанда, жанармай түрлеріндегі бен­золдың мөлшері 1 пайыздан, хош иісті көмі­р­сутегілер 35 пайыздан аспайды деп түсіндіреді мамандар. Бензин түрлері мен дизель құрамындағы күкірт мөлшері, қоршаған ортаға зиянды әсері азая­ды. Еуро-4 стандартының талабы осындай. Ди­зель мен авиаотын өндіру де ұлғайтылмақ. Оның ішінде дизель көлемін қосымша сутегі алу есебінен молайтуға мүмкіндік бар екен. Мотор майларының сапасы мұнай өнім­дерінің түр-түрін көбейту есебінен жақсартыл­мақ. Соның ішінде Еуро-2 стандартына сәйкес­тендірілген Регуляр-92, Премиум-95, Супер-98 маркілі бензиндерінде бензол мен күкірттің мөл­шерлі көрсет­кіш­тері бойынша сапа қоры сақта­ла­ды. Еуро-2,3,4 стан­дарттарымен шығарылатын қысқы және жазғы дизель отындарында қоспа қолданылмаса да 35 градустық аязда қат­пай­тындығымен ерек­шеленеді. Сол себептен, эколо­гиялық жағынан таза бұл өнімді жеңіл және жүк көліктеріне қолдануға әбден болады. Қазіргі кезде жылына 200 мың тоннаға дейін шығарылатын ТС-1 реактив отыны сутегінен тазартылып, керосинмен аралас­ты­рылу арқылы тұтынушыға ұсынылмақ. Атырау мұнай өңдеу зауытының бас дирек­торы Талғат Байтазиевтың айтуынша, жоба құ­ры­лысына шамамен 2500-ге дейін жұмысшылар тартылмақ. Сонымен бірге, жобада қазақ­стан­дық үлесті арттыру мәселесіне баса назар аударылмақ. Бас директордың түсіндіргеніндей, жоба құрылысын жүргізу барысында зауытта өнім өңдеу үдерісіне еш кедергі болмайды. Өнім түрлері тұрақты өндіріле береді. Жаңа жоба іске қосылғанда оған шамамен 300-ден аса маман қажет болады екен. Мұның 200-ден астамын зауыттың қазіргі мамандары есебінен толықтыруға болатындығы айқындалған. Ал 100-ден аса маманды мүмкіндігінше шетелде оқыту жоспары жасалыпты. __________________ БҮГІН – МЕРДІГЕР, ЕРТЕҢ – ТҰТЫНУШЫ АтМӨЗ-дегі кезекті жоба­ны іске асыруға қытайлық «SINOPEC Engineering» ком­па­ниясының таңдалу себебі неде? Осы сауалға түсінік берген Данияр Тиесовтің айтуына қара­ғанда, жобаны іске асыру­ға ниет еткен шетелдік компа­ния­лардың ұсынысы үш са­тылы нұсқамен қарас­ты­рыл­ған. Алдымен, ком­панияның жоба ауқымындағы жұмыстар­ды орындау қабілет­ті­лігі ескеріліпті. Екіншіден, жо­ба­ны қар­жыландыру мүмкіндігі басты назарда ұсталған. Өйт­кені, жо­ба­ны іске асыру басталар қар­саңында әлемдік эконо­ми­каны қаржы дағдарысы шыр­мауық­тай шырмап, оған тиімді жағ­дай­мен инвестиция салу өт­кір мәселе күйінде тұрды. Үшін­ші­ден, «ҚазМұнайГаз» осы жоба арқылы сенімді әріптес із­де­ген. Міне, осы талаптар тұрғы­сынан Қытай компа­ния­сына таң­дау түскен. Бұл – көр­ші елдегі ең ірі компания. Fortune Global 500 рейтнигісінде «SINOPEC Engi­ne­ering» 2008 жылы әлемнің мұ­най өң­деу рыногындағы қуат­ты­лығы бойынша үшінші, мұнай-хи­мия өнімдерін шығаруда төр­тінші, әлемдегі 500 ірі компания арасында 16-орында болса, ал 2009 жылдың шілдесіне дейінгі дерек негізінде 7-орын­ға көте­ріл­ген. Мамандар ха­лық­аралық деңгейде салмағы басым осын­дай компанияның болашақта бен­зол, параксилол секілді мұ­най-химиясына қа­жет­ті жаңа өнімдердің басым бөлігін ха­лық­аралық рынокта сату үшін әріптестігі қажет­ті­гін жоққа шы­ғармайды. Себебі, қазақстан­дық бензол, параксилол өнім­дерін негізгі тұ­тынушы Қытай елі болғалы тұр. Ал Қытайдағы мұнай-хи­мия өнеркәсібінің көш басын­да аталған компания тұр­ға­нын ескерсек, болашақта қа­зақ­­стан­дық өнімдердің ал­ғашқы әрі басты тұтыну­шысы «SINOPEC Engineering» бола­ты­ны дау тудырмаса керек. Демек, бұл компания «Қаз­Мұ­найГаздың» бүгінгі бас мердігері болғанмен, ертең тұтыну­шы­сы атанып жатса, оған аса таң­даныс білдірудің қажеті жоқ. ____________________________ ҚАЗАҚСТАН ИНДУСТРИЯСЫНЫҢ ҚАРЛЫҒАШЫ Атырау МӨЗ – Казақстандағы тұңғыш мұнай өңдеу зауыты. Сол себептен болар, Елбасының өзі біздің зауыттың мұнай өңдеу саласындағы қа­рыш­ты қадамы мен толымды табысына «Қазақстан индустриясының қарлығашы» деп орынды баға берген еді. Зауытымызға қолдауын да білдіріп келеді. Олай дейтінім, Жапония инвестициясымен қайта жарақтандыру жұмыс­тарының атқарылуына Президент  Нұрсұлтан Назарбаев тікелей ықпал еткен болатын. Дәлірек айтқанда, 2006 жылы зауыт­ты қайта жаң­ғыртудың бірінші кезеңі аяқталып, жаңа мұнай­ды өңдеу және ауқымды күкірт­сіз­дендіру өн­дірісі іске қосылды. Қайта жаңғырту заманауи озық технологияларды өндіріске енгізу ар­қы­лы өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға, қор­шаған ортаға шығарылатын зиянды қалдық­тар­дың көлемін азайтуға және еуро стандарттары та­лабына сәйкес келетін мұнай өнімдерін шыға­ру­ға бағытталған. Өндірістің құрамына мұнайды алғашқы өң­деу қондырғылары мен каталитикалық риформинг қон­дырғысынан басқа жаңа бензин мен дизель оты­нын сутекпен тазарту құрамдас­тырыл­ған қондыр­ғы­сы, сутегін тазарту және өндіру қондырғысы кіреді. Бензин мен дизель отынын сутекпен тазарту құрамдастырылған қондыр­ғысы процесінің лицен­зиа­ры америкалық ЮОП ЛИМИТЕД компаниясы. Бензинді сутекпен тазарту және изомеризация қон­дыр­ғысы мұнайды алғашқы өңдеу қондырғы­лары­нан келетін бензинді күкірттен, азоттан, оттегінен тазартуға және жоғарғы октанды бензин компонентін (изомеризат) шығаруға арналған. Жылдық жобалық жүктемесі – 470 мың тонна. Ал изомеризация блогы бойынша – 170 мың тонна. Дизель отынын сутекпен тазарту қондыр­ғы­сы – керосин және дизель фракцияларын кү­кірт­­тен, азоттан, оттегінен тазартуға және дизель оты­нының қату температурасын төмен­детуге арнал­ған. Жыл­дық жобалық жүктемесі – 1 300 мың тонна. Зауыттың салалық бөлімдерімен бірлесе оты­рып, жоғарғы октанды Премиум-95, Супер-98 мар­ка­лы бензин өнімін өндіру жолға қойылды. Бұл өнімдер сапасы арнайы сертификатталды. Қазіргі уақытта жоғарғы октанды Аи-92, Аи-95 маркалы бензиннің үлесі жалпы бензин көлеміне шаққанда, 2008 жылмен салыстырғанда 14 пайыздан 39 пайызға дейін өсті. Демек, Атырау мұнай өңдеу зауы­ты ішкі рынокты жанар-жағар- май өнім­дері­мен қамти алатын­дай деңгейге ұмтылыс танытудың қадамын жасауда. Жасұлан ТӨЛЕУОВ, цех бастығы. ______________ ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК АтМӨЗ-ді қайта жаңғырту жобасы­ның бірінші кезеңі 2003-2006 жылдары іске асырылды. * * * Екінші кезеңі 2009-2013 жылдары жүр­гізіл­мек. * * * Үшінші кезеңі 2011-2015 жылдары қолға алынатыны көз­дел­ген. * * * Қазір АтМӨЗ-де мұ­най шикізатынан 21 түр­лі өнім шыға­ры­лады. * * * Биылғы жыл ая­ғы­на дейін зауытта 4,47 млн. тонна ши­кі­зат­тық мұнай өң­делмек. * * * Осы жоба іске қо­сылғанда жылына 133 мың тонна бензол және 496 мың параксилол өн­діру жолға қойылады. * * * Қазіргі таңда АтМӨЗ шығаратын бензиндер құ­рамын­да бензолдың үлесі 5 па­йызға дейінгі мөл­шер­де болса, жоба іске қо­сылған соң бұл үлес 1 пайызды ғана құрамақ. * * * АтМӨЗ-де 2015 жы­лы Еуро-4 стан­дар­ты­мен автобензин шы­ғарылмақ. * * * Зауытты жаң­ғыр­­ту жобасы­ның үшін­ші кезеңінде жа­­ңа 16 техноло­гия­лық қон­дырғы орнаты­лады. * * * Сол кезде экология­лық таза мотор май­ларын шығару арқылы аймақтың экология­лық ахуалын жақсар­ту­ға оң қадам жасал­мақ. * * * Хош иісті көмірсу­тек­тер шығару кешені құрылысына жұ­мысқа тартыла­тын­дар саны бастапқыда 2500-ге, ке­йін 3000-4000-ға жетпек. Беттердегі материалдарды дайындаған «Егемен Қазақ­­стан­­ның» Атырау облысындағы меншікті тілшісі Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.