12 Қазан, 2011

Ядросыз әлем – жаһандық қауіпсіздік кепілі

632 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Бүгін және ертең Астана мен Семей қалаларында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ядросыз әлем құру мәселесіне арналған екі күндік ауқымды халықаралық форум өтеді ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМҒА ДАЙЫНДЫҚ ОЙДАҒЫДАЙ Киев қаласында өткен Саммитте Қазақстан Республи­ка­сы­ның Президенті Н.Ә.Назарбаев былай деді: «Биыл Семей яд­ро­лық сынақ полигонының жа­был­ғанына 20 жыл толады. Әлем­дегі ең ірі полигон жабыл­ған­нан кейін барлық ел ядро­лық қарудан бас тарту жайлы шешім қабылдай бастады. Қа­зан айында Қазақстанда «Яд­ро­сыз әлем» деген тақырыппен халықаралық форум өткізілмек. Былтыр Вашингтонда өткен фо­румда осы бастаманы алғаш рет көтерген болатынмын. Қы­зығушылық танытқан мемлекеттер мен халықаралық ұйым­дар­ды Қазақстанда өтетін халық­аралық форумға қатысуға шақы­рамын». Қазақстанның бастамасымен 2006 жылы Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ ретінде қалыптастыру жөніндегі келісімге қол қойылғаны белгілі.Бұрынғы Семей аймағының полигоннан зардап шеккен жерлерін аралаған БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун соғыс атомынан бейбіт атомға көшу барысындағы еліміздің алғашқы қадамдарына жоғары баға беріп, әлем елдерін Қазақстаннан үлгі алуға шақырды. Семей полигонының жабылуы мен Қазақстанның яд­ролық қа­ру­дан бас тартуы адамзат тари­хын­дағы ірі жа­ңа­лық, үлкен өз­геріс еді. Міне, енді Астана, Семей және Курчатов қалаларында Семей по­ли­гонының жабыл­ға­ны­на 20 жыл толуына орай «Яд­росыз әлем» форумы өткізілгелі отыр. Форум аясында Семей қала­сында шетелдік белгілі ға­лым­дар, әлемдік деңгейдегі қо­ғам қайраткерлерінің қатысуы­мен үлкен алқалы жиын басталуда. Бұл – халықаралық дең­гейдегі маңызды саяси басқосу. Фо­румның маңызы ескеріліп, Мем­лекет басшысының тапсы­руымен қаланы көріктендіру жұмыстарына Үкіметтен қо­мақты қаржы бөлінді. Форумға дайындық шеңбе­рін­де қала бойынша басты деген үш нысанға күрделі жөндеу жұ­мыс­та­ры жүргізілді. Олар қала әкім­ді­гінің ғимараты алдындағы Ор­та­лық алаң, Түйемойнақ аралын­дағы «Өлімнен де күшті» монументі. Сондай-ақ «Әлем стел­ла­сы» архитектуралық кешені мен «Абай жолы» стеллалары бой көтерді. Айта кету керек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің тарихи маңызды сапарларының бірі – Бельгия Корольдігіне барған кезде Премьер-министрдің міндетін атқарушы Ив Летерммен кездескендігін білеміз. Елбасы сол кездері “Эгмонд Палас” атты Король сарайының ауласында яд­ро­лық сынақ құрбандарына ескерткіш ашуға қатысқан еді. Бұл ескерткішті Кәрі құрлықтың төріне орнату ұсынысын Шығыс Қа­зақ­стан облыстық мәдениет департаменті жасаған екен. Бұл Семейдегі “Өлімнен де күшті” атты ме­мо­риалдың көшірмесі ретінде жа­салған. Басты мағынасы – адам­зат өз қолымен жасаған зұлымдықты өз қолымен жеңе де алады дегенді білдіреді. Монумент өмір, өлім және жарқын болашақ деп ата­ла­тын үш негізгі ұғымнан құрал­ған. Жоғарғы бөлігіндегі қоладан жасалып, алтынмен апталған күн мен қыран ашық аспан астында еркін самғап ұшып келе жатқан күшті де өр мемлекеттің ны­ша­нын білдіреді. Күннің ортасында бес саусағы жазылған алақан атом бомбаларына әлем халық­тары­ның қарсылығын көрсетеді. Ортада қурап тұрған ағаш жары­лыс­тар әкелген трагедияны мең­зейді. Монументтің діңгек та­сын­да жарылыстардан зардап шеккен мем­лекеттер мен қалалар аттары жа­зылған. Осының ортасындағы тақтаға Президент Нұрсұлтан На­зар­баевтың Семей полигонын жабу жөніндегі Жарлығының қазақ тіліндегі алтын жалатылған мәтіні ор­наласқан. Тастың үстіңгі жағының оң қапталына Мемлекет басшы­сы­ның әлем халық­та­ры­на арнаған Жол­дауы қазақ, ағылшын және фран­цуз тілдерінде ойылып жазылыпты. Осылайша Түйемойнақ ара­лын­дағы «Өлімнен де күшті» мо­нументінің көшірмесі Бельгияда жоғары бағаланып жатқан кезде негізгі нұсқаның да күтімге алы­нуын заңдылық деп бағалаймыз. «Өлімнен де күшті» монументі Түйемойнақ аралында 2000 жылы Қазақстан Республи­касы­ның Құрметті сәулетшісі, халық­ара­лық Абылай хан қорының пре­зиденті, Шығыс елдері сәу­ле­ті Халықаралық академиясының академигі, мемлекеттік «Тарлан» сыйлығының лауреаты Ш.Уә­ли­ханов пен Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі А.Бай­ға­та­ров­тың бірлесіп жасаған жобасы бо­ла­тын. Ол 2000 жылы Президент Н.Назарбаевтың қатысуымен ашыл­ды. Бірақ оның айналасындағы по­лигон зардаптары мен құр­бан­да­рына ар­налған композициялық топтағы кешен бөліктері уақыт тығыздығынан және қаражат жетіспеушілігінен іске қосылмай қалған еді. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА. Семей.