12 Қазан, 2011

Азамат басшыға арқа сүйей отырып

275 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Міне, еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың алғашқы Жарлықтарының бірімен ажал аждаһасы атанған Семей атом полигонының жа­был­ғанына да жиырма жыл  тол­­ды. Ел егемендігінің жиырма жылдық мерейлі мерекесімен тұспа-тұс келіп отырған бұл оқи­­ғаның да жолы мен жөні бө­лек. Шындығында, тұңғыш Пре­зи­дентіміздің әлемдегі ең қуатты атом полигонын кешегі алып империя тарамай жатып жабуы көзсіз ерлік, теңдесі жоқ оқиға болды. Әйтпесе, қырық жылға созылған қырғында мұндай ерлікке ешкім де бара алмаған. Рас, алпысыншы жылдары Семей облысының басшысы М.Сужиков сынақ зардабын айтамын деп жылы орнынан босап қал­ған. Сонда оған республика бас­шыларының ешқайсысы ара түсе алмаған. Осыны көріп, біле отырып сол тұста республика Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаевтың сынақ аймағындағы елдің денсаулы­ғын тексерту мақсатымен ар­найы экспедиция жіберуі де өзін­­ше бір ерлік еді. Заманы­мыздың заңғар жазушысы Мұх­тар Әуезовтің де өмірінің соңына дейін семейлік жерлестерінің болашақ тағдырына алаңдап өт­кенін кейінде ғана білгеніміз ащы шындық. Қашан Лениндік сый­лықтың иегері атанғанша мыл­тық­тың қарауылында тұрған Мұ­хаңды бұл мәселеде қайрат көр­сете алмапты деп қайтіп сөгер­сің! Солай дей тұрғанмен, Мұхаң Жапонияға барған сапарында атом апаты туралы сөз қозғапты деген дерек бар. Солайша тілімізді тістеп, іштен тынып жүргенде Үкімет басына жасындай жарқылдаған жас азамат келді. Оның сол кездегі республикамыздың бірінші басшысы Колбин түгілі Одақ басшыларымен тең дәрежеде иық теңестіре  сөйлесе білетіндігіне көңіліміз марқайып қалатыны рас еді ғой. Іле арқа сүйейтін аза­ма­тымыз да сол болатындығына қапысыз сендік. Соның айға­ғын­дай, 1989 жылдың басында ақи­ық арғымақ ақынымыз Олжас Сүлейменов ядролық сынақ­тар­ды тоқтату жөніндегі батыл бастама көтерді. Оған бүкіл халық болып үн қосты. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына Алма­тыдан өте алмаған Олжас жо­ғары мандатты Семей өңірінен алды. Соның бәрінде тегеурінді жас басшының ықпалы бол­ғандығын бүгінгі күні ашып айтуға тиіспіз. Келер 1990 жылы Мәскеуде коммунистердің соңғы съезі өтті. Сонда көптеген қордалы мәсе­лелермен бірге Чернобыль апаты туралы кеңінен сөз қозғалды. Ал ұлылар еліндегі ядролық сынақ зардаптары туралы көкейкесті мә­селелер жабулы қазан жабуы­мен қалып бара жатқан шақта әзер дегенде микрофонға қол жеткізіп, бейбіт заманда қырық жыл қырғынды бастан кешіп келе жатқан арттағы елдің мұң-зарын мәртебелі жиын арқылы баршаға жеткізіп қалуға тыры­сып баққанбыз. Іле бұл тілегіміз съезд қарарына кірді де. Сонда біз мұндай батыл қадамға арт­та­ғы азаматқа арқа сүйей отырып барғанбыз. Бұл шақта Нұрекең еліміздің бірінші басшысы бо­латын. Ал одан кейінгі жерде яд­ро­лық сынақтарды тоқтатып, Семей атом полигонын жабу жөніндегі күрес толассыз жүргізілгені бар­­шаға мәлім. Семей облы­сының бірінші басшысы Кешірім Боз­таевтың одақтық әскери ведом­ствоға қарсы атойлап қарсы шы­ғатыны да осы кез. Жайшы­лық­та ұяңдау көрінетін Кешекеңнің де жігерін жанып, қайратын қай­раған Нұрекең десек, ешкім дау айта қоймас. Енді, міне, бүгінде Нұрсұл­тан Әбішұлының ядролық қа­тер­лерге қарсы, жаппай қырып-жоятын қаруларды  таратпау бағытындағы бейбітшілік жо­лын­дағы күрескерлік қабілетін әлемдік қоғамдастық мойындап отыр. Елбасы бастамасымен Астана мен Семейде «Ядросыз әлем» ауқымды форумының ұйымдастырылуы да дүние жүзін қатерлі қару түрлерінен арылтуға бір табан жақындата түсетіні сөзсіз. Ендеше, арқа сүйер азаматымызға қашанда қолдау білдіріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білгенге не жетсін, ағайын! Хафиз МАТАЕВ, Семей қаласы мен Абай ауданының құрметті  азаматы, зейнеткер.