12 Қазан, 2011

Тәуелсіздікті тұғырландыру

269 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Сенат Төрағасы Қайрат Мәмидің Австрия Республикасына сапары аяқталды Алдымен уәде етілгеннен бастайық. Кешегі нөмірдегі «Пар­ламентаризм парасаты» атты ма­қалада «Дөңгелек үстел ба­сын­да жалпы парламентаризм төңі­регінде қызғылықты пікірталас өрбіді. Австрия Парламентінде өткен ол кездесу жайында га­зеттің ертеңгі нөмірінде сәл то­лығырақ жазатын болармыз деген едік. Ол пікірталас «Қа­зақ­стан­ның саяси дамуы және парламентаризм» тақырыбында Австрия Федералды жина­лы­сы­ның ғима­ратында өткен, біз Сенат Төр­ағасы Қайрат Мәми сөзін қыс­қа­ша баян­дап берумен шектелгенбіз. Австрия парламентіндегі пікірталас шынында да қыз­ғы­лық­ты өтті. Қайрат Әбдіра­зақ­ұлы кіріспе ретіндегі шолу сөзін айтып шығысымен-ақ Федерал­ды жи­на­лыс депутаты Стефан Женах бірден Сенат ұғымының әр елдегі пайымдалуы әр түрлі екендігі жайындағы топшы­лау­ларын бастап жіберді. Бұл тектес инс­ти­тут­тың Германиядағы, Швейцария­да­ғы, Австриядағы үл­гілері, олар­дың өзіндік артық­шы­лықтары  жай­ындағы ал­ғаш­қы сұрақтың астарын аңғарған Сенат Төр­аға­сы салған беттен Қазақстанның әлгі аталған елдерден басты айыр­машылығы уни­тар­лы мемлекет екендігін, Сенат де­пут­ат­тарының басым бөлігі өңір­лерден сайла­на­тынын, олар­дың алмасуы көптеген елдермен салыстырғанда жиіректігін көл­де­нең тарта қойды. Бұл тақырып солай тез жабыла қалды. Қайрат Әбдіразақұлының осы сұ­раққа жауап бере келе, «Пар­ла­менттің бірпартиялылығы» деген айып алдымыздан шықпай тұрып, сол мәселе мұндайда қозғалмай қой­май­тынын білгендіктен де, осы тақырыптың алдын орап кеткендігі де ұтымды шықты. Иә, жа­с­ы­ратыны жоқ, шетке бара қалсаң-ақ осы жай бетіңе шіркеу бола кетеді. Төраға келесі жылы өтеді деп күтіліп отырған Мәжіліс сай­лауында ол палатаның міндетті түрде кем қойғанда екі партиялы болуы заң жүзінде қарасты­рыл­ған­дығын айта отырып, жалпы Қазақстан Парламентін тұтастай бірпартиялы деу онша дәл еместігін ескертті. Иә, Мәжіліс бір партия мүшелерінен түзілді. Ха­лық қалауы солай болды. Басқа пар­тиялардың сайлауалды тұғыр­на­малары халық та­ра­пынан қол­дау таба қойған жоқ. Алған дауыс­тары сол кездегі белгіленген белдеуден аса ал­мады. Оған би­лік­тің қандай кінәсі бар? Ал Сенат бір партиялы емес. Онда басқа партияның өкілімен қатар, жалпы партияда жоқ депутаттар да бар. Мысалы, Төр­аға­ның өзі ешқандай партия қата­рында жоқ. Сондықтан Мәжіліс сайлауы өтіп, ол палата көппар­тиялы болмай тұрғанға дейін де біздің Қа­зақстан Парламенті бір­партиялы деген айыпты то­лық мойын­да­майтын жөніміз бар. Әңгіме әрі кеткенде «Қос палатаның бірінің – Мәжілістің бірпартиялылығы, бірақ оның өзі де уақытша екендігі, бұл мәсе­ленің шешімі заң жүзінде қа­растырылғаны» ту­ралы ғана қозғалуға тиіс. Заң ғылым­дары­ның докторы Қайрат Мәмидің айтқанынан осылай ой түюге болатын сияқты. Төраға біздің елімізде қабылданғалы жатқан «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның негізгі қағидаттары туралы сұ­раққа да Қазақстанның зайырлы мемлекет, сонымен бірге, Батыс пен Шығыстың, мұсылмандық пен христиандықтың түйіскен тұ­сын­да тұрған ел ретіндегі өзін­дік сипатын айта отырып, бай­салды түсінік бере кетті. Бұл жауапқа Қуаныш Сұлтановтың: «Сіздерде діни экстремизмге бейім бірлес­тік­тердің тіркелмейтінін білеміз, біз Қазақстанда да дәл сондай жағдай болғанын  қалаймыз» деп австриялық­тар­дың өзіне көпшік қоя оты­рып то­лықтыру жасағаны да жа­расып тұрды. Сенатор Анатолий Баш­ма­ков­тың Австрия федералды жер­­лерінің қандай қағидат бой­ынша қалыптастырылғаны жө­нін­дегі сұ­рағына жауап қай­тар­ған Стефан Женах бұл мәсе­ле­нің Австрия-Венгрия монархия­сы­ның ыдырауына байланысты шешілгенін, ол кезде, әсіресе, кешегі со­ғыстан кейін Австрия жан-жа­ғынан кесіп алынып, тіл­гілен­ге­нін айта келіп,  бір тілдегілердің, бір діндегілердің дәйім бір ділдегілер  бола бермейтінін әдемі аң­ғартты. «Ол кезде Зальцбург австриялық қала емес еді, ал Брау­нау австриялық қала болатын. Бірақ біз Зальц­бургте туған Мо­цартты авс­трия­лық етіп алдық та, Браунауда туған Гитлерді неміс етіп жібердік», деп әзілдеді С.Женах. Австрияда туған, осын­­да білім алған Гитлердің қан­дайлық қан­құйлы қылмыскер екенін біз жек­сенбі күні әлемге әйгілі Маутхаузен концлагеріне барғаны­мызда бұрынғыдан бетер біле түстік. Ондағы ба­рак­тарды, газ камераларын, крематорийді аза бойың қаза болмай қарай ал­майсың. Иіспен тұн­шық­тырыл­ған адамдарды пешке салып өр­тердің алдында (жалпы мұнда 122 мың адам өлтірілген)   ауыз­дарын түгел қарап шығып, алтын, күмістен салынған тістерді қысқашпен суырып алады екен! Генерал Карбышевті аяз­ды  түнде төбесінен су құйып, тірідей мұзға айналдырып жіберген жерді де көрдік. Маутхаузендегі тұтқындардың ара­сын­да қазақ­стандықтардың да біраз болғаны белгілі. Осындағы елшілік өткен жылы отандас­тарымызға тағзым ететін мемориал тақта орнатып, дұрыс жа­сапты. Қайрат Мәми бастаған делегация мүшелері тақтаға гүл шоқтарын қойды. Сенат Төрағасының екі күн­дік сапар бағдарламасының кешегі басты оқиғасы Вена дип­ломатиялық академиясында лек­ция оқуы болды. Бұл бір бө­лек­ше оқу орны. Даңқты дәс­түрлері бар атақты академияда қазір Қа­зақстан Сыртқы істер министр­лі­гінің қызметкерлері де дәрістер тыңдап, Президент жанындағы Мемлекеттік бас­қа­ру акаде­мия­сы Дипломатия институтының магистранттары тәлім алып жүр­генін біліп, қуанып қалдық. Солардың бірі Темір Асанов деген жігіт бізге келіп, аман­дасып жатты.  Мә­жі­ліс депу­та­ты Жақып бауы­ры­мыздың баласы екен. Қазақстан Парламенті Сена­ты Төрағасының дәрісін тың­дау­ға осындағы саяси партиялар мен іскер топтардың, сон­дай-ақ дипкорпустың өкілдері жина­лып­ты. Дипломатиялық ака­де­мияның ректоры Ганс Винклер кездесу кезінде оқу орны жайлы қысқаша мағлұмат бере келіп, Қазақстан осы академияда оқуға өз қызметкерлерін жіберетін ел­дердің бірі екендігіне ризашы­лы­ғын білдірді. Г.Винклер Астанада болғанын, жас мемлекеттің жаңа елордасына қай жағынан да көңілі  толға­нын разылықпен айтты. «Мен сіздермен әлемдегі ең беделді альма-матерлердің бірі – Вена академиясында жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. 1754 жылы Шығыс елдерінде – Түр­кияда, Персияда, араб мемлекеттерінде жұмыс істейтін дипломаттар дайындау мақса­ты­мен құрылған Академия қа­зіргі таңда еуропалық білім кеңістігінде көшбасшы орын­дар­дың бірін иеленеді», деп бастады дәрісті Қайрат Әб­діразақұлы. Үстіміздегі жылдың жел­тоқ­са­нында Қазақстан Тәуелсіз­ді­гі­не 20 жыл толады, деді сөзін ары қарай жалғастырған Сенат Төр­ағасы. Егемен даму жыл­да­рында Қазақстан әлемдік қо­ғам­дас­тықтың ажырағысыз бөл­шегіне айналды. Адам құқы мен бостан­дығына басымдық бере отырып, еліміз демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құндылық­тарына жақындығын конститу­циялық тұрғыдан бекітті. Қайрат Мәми келесі кезекте мемлекеттіліктің қалыптасуы оның құқықтық жүйесінің маз­мұнды және құрылымдық та­быс­ты дамуымен айқын­да­ла­ты­ны бел­гілі екенін атап көрсетті. Тәуелсіздіктің таңсәрі шағында Қазақстанның құқықтық жүйе­сін түбегейлі реформалау қажет­ті­гі өткір тұрды. Біз демо­кра­тиялы, нарықтық экономикаға, гуманизм мен әлеуметтік әді­лет­тілік қағи­дат­тарына негізделген сапалық жағынан жаңа мемлекет құруға тиіс болдық. Осы орайда Қ.Мәми өтпелі кезең қажетті­лік­теріне жауап беретін тиімді бас­қару жүйесін құ­ру міндеті туын­дағанын атап көр­­сетті. Мұның қатарында эко­но­ми­каға түбе­гей­лі реформалар жүр­гізіп, инфля­ция­ны ауыздық­тау, әлеуметтік ахуалды тұрақ­тан­­дыру, оның үс­ті­не, бұл мә­селелердің барлығын іс жүзінде бір мезгілде шешу қа­жет бол­ғанын айтты. Саяси трансформацияның, шы­найы азаматтық қоғам қалыптас­тырудың және экономи­ка­ны тү­бі­рінен реформалаудың аса ма­ңыз­ды негізі 1995 жылдың 30 тамы­зында бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Респуб­ли­касы Конституциясының қабыл­дануы болды. Конституцияда ел Президенті бастамашылығындағы Еуропа симбиозы мен Азия дәс­түр­лері үйлесім тапқан еур­азия­лық тұжы­рымдама негіз ретінде кө­рін­ді. Бұл Шығыс үшін қажетті президенттік билік пен Еуропа дәс­түр­леріне сай Парламенттің болуы еді. Қазақстан халқының еуразия­лық менталитетіне сәйкес келетін мұндай ұстаным уақыт сынына тө­теп беріп, іс жүзінде өзінің өмір­шеңдігін дәлелдеді. Қ.Мәми Қазақстанның бүгінгі таңда адам құқықтары сала­сын­дағы халықаралық қағидаттар мен ұлттық стандарттарға қол жет­кізу мақсатында жүйелі түрде жұ­мыс­тар жүргізіп келе жатқа­нына тоқ­тал­ды. 1948 жылдың 10 желтоқ­са­нындағы Адам құқының жалпыға ортақ декларациясы ере­желеріне сәйкес еліміздің адам құқы мен бостандығының іргетасын айқын­дай­тын негізгі халықаралық құ­жаттарды рати­фи­кациялағанын көл­денең тарт­ты. Осы үдерістер ая­сын­да Конс­ти­туцияға өлім жа­за­сын қол­да­нуды шектеуге, тұтқын­дауға санк­цияны соттарға беруге қатысты өзгерістер енгізілді, деді Сенат Төрағасы. Елімізде 2003 жылдан бері өлім жазасына мораторий жарияланған болатын. Қазір өлім жазасын толық алып тастау мәселесі күн тәртібінде тұр. Негізгі Заң Парламентті екі палатадан – Сенат пен Мәжі­ліс­тен тұратын жоғары өкілетті орган ретінде айқындады. Бүгінде Пар­ла­мент­тің екі палаталы құры­лымы өзіне жалпы­рес­публи­ка­лық және өңірлік мүдделерді біріктіруге мүм­кіндік береді. Со­ны­мен қатар, кең ауқымды парламенттік үнқа­ты­су мен қолда­ныстағы заңнама­лар­ды жетілдіруге барлық жағдай жасалған, дей келіп, Қ.Мәми жи­нал­ған­дар­дың назарын елімізде жал­пыға ортақ, теңдік, балама­лы­лық және дауыс беру құпиялы­лы­ғы қағи­даттарына сүйенетін сайлау жүйесі құрылғанына аударды. 2007 жылы конституциялық дең­гейде бірқатар салмақты саяси реформалар жүзеге асырылды, деп сабақтады сөзін Сенат Төр­аға­сы. Соның нәтижесінде Пар­ла­менттің өкілеттілігі кеңейіп, саяси пар­тия­лардың рөлі жоға­ры­лады, жергілікті өзін өзі бас­қа­ру­дың арқаулық өлшемдері айқын­далып, азамат­тар­дың конститу­ция­лық құқықта­рын қорғаудың кепілдігі күшей­тіл­ді. Тұтастай ал­ғанда, елдің барлық саяси жүйе­сі реформалауға ұшы­рады. Қ.Мәми қазіргі кезде Қазақ­станда ұлттық мүдде мен саяси дамудың әлемдік үрдісін есепке алатын саяси құрылымның тиімді моделі жасалғанын атап өтті. Мұн­дай жүйе қоғам мен мемлекетті басқарудың аса тиімді тәсі­лін қамтамасыз етеді, деді ол. Ал саяси тұрақтылық – Қа­зақ­стан та­бысының кепілі. Аза­мат­тардың конституциялық құ­қық­тары мен бостандықтарын қор­ғауды одан әрі қамтамасыз ету мәселелері заңдар негізінде шешімін тапқан. Сонымен бір мезгілде, оң әлемдік тәжіри­бе­лер­ді есепке ала отырып, сот жүйесін кезең-кезеңімен реформалау жалғасуда. Сенат Төрағасы Қазақстан­ның посткеңестік елдер ішінде ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлау моделіне көшкен алғашқы мем­ле­кеттердің бірі болғанын да мақ­та­нышпен жеткізді. 1997 жылдың қа­занында қабылданған «Қа­зақ­стан – 2030» даму страте­гия­сы ұзақ мерзімді міндеттерге қол жет­кізудің жолбасшысы болғанын атап айтты. Оған енгізілген ба­сым­дықтарды дәйекті­лік­пен жүзе­ге асыра оты­рып, кейінгі жылдары Қазақстан ай­тар­лықтай табыстар биігінен көрін­ді, деді Қайрат Әб­ді­разақұлы. Бірінші кезекте рес­публиканың жаңа бюджеттік, са­лық­тық, қар­жылық, кедендік жүйе­сі құрылса, ол кейінгі жылдары тұрақты жетілдіріліп отыр­ды. Жеке өзінің қаржы жүйе­сінің болуы ел эко­но­микасының тәуелсіздігін айғақ­тай­ды. Қазақ­станда, соны­мен қа­тар, дамыған банк жүйесі жұмыс істейді. Сенат Төрағасы елімізде Ұлттық қор құрылғанын да на­зарға сала кетті. Оған мұнай мен газ сатудан түсетін табыстар ба­ғыт­талатынын айтты. Дер кезінде қабылданған заңдар дестесі бол­ма­ғанда, мұндай та­быс­тарға қол жеткізе де алмаған болар едік, деді Қ.Мәми. Бүгінде біздің еліміз аталған салалар бойынша ТМД ел­дерінің ішінде аса күшті заңна­ма­лық базалар­дың біріне ие. Мем­лекеттің ин­вестициялық тартым­ды­лы­ғын ны­ғайтуға бағытталған норма­тив­тік-құқықтық базаларды дәйекті­лік­пен жақсартудың арқа­сын­да қазіргі кезде Қазақстанда ТМД елдерінің ішіндегі ең жа­ғымды инвестициялық ахуал қалып­тасып отыр. Қайрат Әбдіразақұлы халық­ты әлеуметтік қорғау, білім беру және ғылым салаларына қатысты заң­дар да тұрақты жетілдіріліп оты­ра­тынын көлденең тартты. Аза­мат­тарды әлеуметтік қолдауда зей­нетақы жүйесі ерекше орын ала­ды. 1998 жылы Қазақстан Рес­пуб­ликасы жинақтаушы зейнет­ақы қорын енгізді. Орта білім алу міндетті. Мектепте тегін оқыту мемлекет тарапынан кепілдендірілген. Түрлі мамандықтар бой­ын­ша жо­ға­ры білім алу гранты да бар. Мем­лекет тұрғындардың денсау­лы­ғы­на да ұдайы назар аударып отырады. Медициналық қызмет көрсетудің кепілдендірілген тегін шектеулі көлемі белгіленген, деді Сенат Төрағасы. Оппозициялық партиялар мен қозғалыстар, кәсіподақтар мен өзге де көптеген үкіметтік емес ұй­ымдар қоғамдағы және мемлекет өміріндегі кез келген мәсе­лелер бойынша өзінің пікірлерін білдіруге толықтай құқылы, деді Қ.Мәми. Соңғы жылдары бұ­қа­ра­лық ақпарат құралдары қыз­меті са­ласында түбегейлі өзге­ріс­тер жүр­гізілді. Аталған секторды мемлекеттен алу үдерісі жүзеге асы­рыл­са, бүгінде БАҚ-тардың 85 пай­ызы үкіметтік емес болып та­былады. 5 мыңнан астам үкі­меттік емес ұйым тіркелген. Үкі­меттік емес ұйым­дарды мемлекеттік қол­дау туралы тұжы­рым­дама қабыл­данған. Сенат Төрағасы тәуелсіз­ді­гі­міздің алғашқы жылдарынан бастап мемлекет өзінің алдына әлем­нің барлық мемлекеттерімен дос­тық қарым-қатынасты дамы­ту мін­де­тін қойғанын көлденең тарт­ты. Қазір Қазақстан – Еуразия кеңістігінде тұрақты өңірлік держава және интегратор мәр­тебесін ісімен дәлелдеген мемлекет. Бұл еліміздің әлемдік қо­ғамдастықтың сенімді әріптесі болып табыла­ты­нының айғағы, деді осы орайда Қ.Мәми. Қа­зақ­станның конфес­сия­аралық және ұлтаралық келісімді қамта­ма­сыз ету тәжірибесін, оның яд­ро­лық қарудан бас тартып, ядро­сыз әлемді қолдауын, терроризммен және экстремизммен кү­ресті ұйымдастыруын халық­ара­лық қоғамдастық лайықты ба­ғалап отыр және қолдау көр­сетуде. Қазақстанның табысты сырт­­қы саяси қызметіне 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы дәлел бола алады, деді сөзінің соңында Сенат Төрағасы. Биыл Ислам Ын­ты­мақтастығы Ұйы­мына төр­аға­лық етіп жатырмыз. Был­тырғы желтоқсан айында Астанада соң­ғы 11 жылда ал­ғаш рет ЕҚЫҰ Сам­миті өтсе, онда Астана дек­ларациясы қа­был­данғаны белгілі. Тұрақ­ты­лық пен толерант­ты­лық, діншілдік, ұлтшылдық және өзге си­паттағы экс­тре­мистік кө­рі­ніс­терден адалығы біздің елі­міздің тәуелсіздік жыл­да­рын­да қол жеткізген ма­ңызды жетістігі болып табылатыны кү­мәнсіз. Сенат спикерінің сөзі ықы­ласпен тыңдалды. Жалпы, қазір қай елде де Қазақстанға қызы­ғушылық үлкен. Жаһандық қар­жы дағдарысы жағдайында да жылына 7-8 пайыздық өсімге қол жеткізе алған біздей ел әлемде сирек бүгінде. Дәрістен кейін төрағаға сұ­рақтар қойылды. Оның біріншісі елімізде жақында қабыл­данған діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңға бай­ланысты бол­ды. Спикер қай­тарған орнық­ты жауаптағы бір сөз тіркесіне оқырмандар назарын аудартқы­мыз келеді. «Мемлекет діни бір­лестіктердің ішкі ісіне аралас­пайды», деп қадап айтты Қайрат Әбдіразақұлы. Бізде мем­лекеттің зайырлық сипатын алға тартып, мемлекет діннен бөлек деп тым қарапайым, анығын айтсақ, қа­ра­байыр түсіндіру кездесіп қа­лады. Шын мәнінде мемлекеттің шіркеуден, яғни дін­нен толық бөлектігін  кешегі құ­дай­сыз қо­ғам­нан, атеистік мем­лекеттің пос­тулаты деп қараған жөн. Мемлекет дін істерін қа­дағалауға тиіс. Өйткені, дін – мемлекет азаматтары өмірінің маңызды құрамдас бөлігі. Тағы бір сұрақ Қазақстандағы  орыс тілінің мәр­тебесіне байланысты қойылды. Сұрақ қоюшы әйел: «Орыс ті­лі­нің мемлекеттік мәртебесін алып тастау жөнінде мәселе көтеріліп жатыр екен. Осыған қалай қа­рай­сыз?»,  деді. Сенат Төрағасы Қазақстандағы мемлекеттік тіл бір тіл – қазақ тілі екендігін  басын аша айтып, орыс тілінің көпұлтты елдегі өзіндік қызметі жалғаса беретіндігін атап өтті. Мақаланың соңында Қайрат Мәми дәрісінің басында келтірілген дерекке тағы бір наза­рыңызды аударғымыз келеді, қадірменді оқырман. 1754 жыл... Дипакадемия... Шығыс елдеріндегі миссияға арналған дипакадемия... Осындай жағ­дай­лар ал­ды­мызда мемлекет­тіліктің қан­дай­лық ұлан асу­лары тұрғанын еске салады.  Со­нымен бірге, біз­дің  тарих сағатының тілі сырт ете қал­ғандай қысқа уа­қыттың ішінде осыдан жиырма-ақ жыл бұрын алдымызда алты қыр асып бара жатқан жұрт­тарға же­те­ғабыл жүргенімізге,  ал кей көр­сет­кіштер бойынша тіпті те­ңе­сіп те қалғанымызға таңдана қа­рап, мына жердің бетіне ұл­тың­ның ұлы белестерге бет ал­ған ұлан асуының тұ­сында кел­ге­ніңе, Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаев бастаған сол ұлы көш­ке ергеніңе шү­кір­шілік айта­сың. Тағдырыңа тәубе дейсің. Қайрат Мәмидің Сенат Төр­ағалығына келгелі бергі алғаш­қы шет ел сапары көңілге осын­дай ойлар да оралтты. Бұл сапар Қазақ­стан парламента­ризмі­нің ел тәуелсіздігін тұғырландырған ерен еңбегін Еуропаның бей­ресми саяси астанасы сана­латын қалада тағы да  таныта түсті, екі елдің арасындағы бай­ла­ныс­тар­ды бекемдеуге өз септігін тигізетіндей қадамға ай­налды. Сауытбек АБДРАХМАНОВ, «Егемен Қазақстан» – Венадан.