15 Қазан, 2011

Кәсіпкерлік – ел дамуына қосылатын қомақты үлес

444 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше облыс орталығында «Бизнестің жол карта­сы-­­ 2020» бағдарламасына қа­ты­сушыларға арналған кеңес болып өтті. Алқалы жиынға еліміз Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орын­баев, Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов, облыс әкімі Ба­қыт­жан Сағынтаев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрайымы Ләз­зат Ибрагимова қатысты. «Бизнестің жол картасы-­ 2020» бағдарламасына қатысу­шы­­ларға арналған кеңес жұ­мы­сына сондай-ақ «Даму қаржы­лан­дыру қоры» бизнесті дамыту комитетінің, бизнес қауымдасты­ғы­ның өкілдері жиналды. Об­лысқа келген меймандар ал­ды­мен облыс орталығында бірқатар өндіріс орындарының жұмы­сы­мен танысты. Келесі кезекте «Астана» мұз сарайында ашыл­ған еліміздің әр жерінен келген тауар өндірушілердің көрмесіне қатысты. Жалпы, «Биз­нес­тің жол картасы-2020» бағдар­ла­масының құрылғанына бір жа­рым жылдай уақыт өтті. Бағдар­ла­ма негізінен төрт кезеңнен тұрады. Оларда бизнестің шикізатты сектордан өзге бағыттарда дамуына үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Ал, осы жиын бизнес пен мемлекеттік органдардың «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру бойынша өзара іс-қи­мылын үйлестіру жөніндегі мәсе­ле­лерді талқылауға арналды. Бағ­дар­лама Елбасы Жолдауын және еліміздің 2020 жылға дейінгі Стра­те­гиялық даму жоспарын іске асы­ру үшін әзірленгені белгілі. Құжат 2014 жылға дейінгі мемлекеттің үде­мелі индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасын іске асы­ру тетіктерінің бірі болып табы­ла­ды. Яғни, экономиканың шикі­зат­тық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты өсуін қам­тамасыз етуге, сонымен қатар, бар жұмыс орындарын сақтап, тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орын­дарын құруға арналған. Бағдарламаға қатысқан 135 кә­сіп­орын өз жетістіктерін көрсетуге әкеліпті. Бұл кәсіпорындардың қа­тарында кезінде тоқтап қалып, кейіннен осы бағдарламаның арқа­сын­да істері алға басқандары да бар. Кеңеске Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов төрағалық етті. Министр өз сөзінде еліміздегі шағын және орта бизнеске мемлекеттің жол ашқан бағыттарын атап өтті. Келесі кезекте мамандар тапшылығын жою, бір жарым жыл ішінде еліміздің мың­даған кәсіпкеріне өз істерін дамы­туға жол ашқан бағдарламаның тиімді тұстарын талқыға сала оты­рып, болашақта дамыту жолдарына тоқталды. Яғни, мамандарды шет елдерде оқытып, олардың кәсіби біліктіліктерін арттыруға жағдай жасау басты басымдықтардың бірі болып табылады. Жалпы, «Биз­нес­тің жол картасы-2020» еліміздің экономикасын өркендетуге толық мүмкіндік беріп отыр. Бұл жаңа жұмыс орындарының көбеюімен қа­тар, ел қазынасын толтыруға, жақ­сы өмір сүруге де оң ықпал етеді. Бұл бағдарламаның мақсаты белгілі, ол – жаңа жұмыс орын­да­рын құрып, салық түсімін арттыру, деді өз сөзінде Премьер-Министр­дің орынбасары Ербол Орынбаев. Кеңесте сондай-ақ бизнес бастама­лар­ды қолдау, мемлекет тарапынан бизнес-әріптестік орнату жайы сөз болды. Мәселен өңірлерде, оның ішінде Павлодар облысында шағын және орта бизнесті дамытуға жақ­сы жағдай жасалған. Бұл жайлы облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев ай­тып өтті. Ал Қайрат Келім­бе­тов­тің айтуынша, жалпы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы қаржы дағдарысына қарсы тұруға арналған бағдарлама болып табылады. Бір жарым жылдық мерзімді қамтуға арналған кеңес соңында «Атамекен» ұлттық-экономикалық палатасының төрағасы Абылай Мыр­захметов пен Экономикалық даму және сауда министрлігінің кә­сіп­керлікті қолдау комитетінің төр­аға­сы Қайрат Айткенов әріптестік қарым-қатынас орнату туралы ортақ меморандумға қол қойды. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар.