Мәліметтерге қарағанда, 104 құрлықаралық баллистикалық СС-18 зымырандары орналасқан. Ал оларға 1400 ядролық оқтұмсық орнатылған-ды. Сондай-ақ, аэродромдарда 370 қанатты ядролық зымырандары бар 40 стратегиялық бомбалаушы ТУ- 95 МС ұшақтары тұрды.
Бұл жойқын қарулар Қытайдың, Ұлыбританияның және Францияның ядролық күштерін қоса алғандағы әлеуеттен едәуір көп болатын. Оның үстіне, Семей полигонында ядролық қаруды өндіруге және жетілдіруге дайын тұрған инфрақұрылым да бар еді. Әлемде төртінші орын алатын осындай қуатты әлеуеттен бас тарту, шынында да, аса күшті саяси ерік-жігерді қажет ететін-ді. Елбасымыз өз халқының, өз Отанының кемел болашағы үшін ядролық қарудан өз еркімен бас тартуға тәуекел етті. «Ядролық қарудан және ядролық держава мәртебесінен бас тарту біздің саналы, шынайы таңдауымыз. Қазақстанның бүкіл халқы қолдаған ерікті акт болды. Осы тарихи шешімнің гуманитарлық өлшемі де айтарлықтай маңызды еді», – деп атаған еді Елбасымыз ядролық қарусыздануға байланысты өткен халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде.
Қазақстанның, оның ішінде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ядролық қарусыздануға байланысты өміршең бастамалары 1991 жылғы 29 тамыздағы Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы № 409 Жарлығынан басталды десек, қателесе қоймаспыз. Содан бергі кезеңде біздің еліміз жаппай қырып-жоятын қаруды сынақтан өткізуге тыйым салуға және оны таратпауға бағытталған халықаралық деңгейдегі іс-шараларға бастамашы болып келеді. Мысалы, Орталық Азия ядролық қарудан азат аймақ ретінде танылды, еліміз Төмен байытылған ядролық отын халықаралық банкінің депозитарийі атанды. Қазақ елінің бастамасы бойынша бүкіл адамзатты ядролық қаруға жаппай тыйым салу жолындағы күреске жұмылдыратын АТОМ жобасы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, БҰҰ Бас Ассамблеясы 2015 жылдың желтоқсанында әлем тарихында тұңғыш рет Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады. Ал Мемлекет басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін белгілі саясаткерлер мен сарапшылар жоғары бағалағанын көпшілік қауым жақсы біледі.
Әлемдік қоғамдастық Елбасымыздың ядролық қарудан азат етуге бағытталған саясатын мойындады. Осындай саясат Қазақстанның ядролық қаруды таратпау, қарусыздану және ядролық қауіпсіздік саласындағы жаһандық көшбасшылық рөлін айқындап отыр. Жалпы, Семей ядролық полигонының аумағында 456 ядролық және термоядролық жарылыс жасалған екен. Полигонды жабу мәселесі ядролық сынақтарға тыйым салу жөніндегі халықаралық қозғалысқа ұласты. Осының негізінде 2009 жылдың 2 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялау туралы қарар қабылдады.
Ядролық қарудан өз еркімен бас тарту Қазақстан басшылығына жеңілге түскен жоқ. Бұл жерде ең бастысы, ірі мемлекеттердің Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесі еді. Елбасымыздың қайрат-жігерінің арқасында бұған қол жеткізілді. «Біздің ядролық дипломатиямыз түптің-түбінде тамаша табыспен аяқталды, – деп атап өтеді Президент «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында. – 1994 жылы ЕҚЫҰ-ның Будапештте өткен саммитінде Америка Құрама Штаттары, Ресей Федерациясы, Ұлыбритания тарапынан Қазақстан қауіпсіздігіне берілетін кепілдіктер туралы меморандумға қол қойылды Кейіннен ондай кепілдіктерді біз Қытай мен Франция тарапынан да алдық».
Шын мәнінде бұл еліміз үшін тарихи оқиға болды. Ол бүгінде қол жеткізген баянды бейбітшіліктің, саяси тұрақтылықтың, өркениетке ұмтылудың жолы еді. Рас, ертеректе әлем жұртшылығы жапон трагедиясы жөнінде көп айтатын, олардың қайғы-қасіретіне ортақтасатын. Біз де сөйттік. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан соң, Елбасымыз қазақ халқының, қазақ даласының ядролық сынақтардан орасан зор зардап шеккенін жария ете отырып, ендігі жерде Қазақстан ядролық қарусыздандыру мәселесіне ерекше мән беретінін ашып айтты. Бұл бүгін де, болашақта да жалғасын таба бермек.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»