Көлемі бір беттік қағаздай ғана, әбден тозығы жетіп, қозғаған сайын матасының талшықтары үгітіліп түсіп жатқан, бүркітке ұқсас екі басты айдаһар бейнесі бейнеленген жібек матадан жасалған көне жалауды Анаргүл Әмірқызы Алматыдағы бірқатар белгілі тарихшыларға арнайы көрсету үшін алып келген екен. «Менің бала кезімде бұл жалаудың көлемі үлкен шаршы орамалдай еді. Ал атам «оның көлемі бұрын екі құлаштай еді» деп айтып отыратын. Енді өздеріңіз көріп отырғандай, неше ғасырлар бойы дұрыс сақталмаған жалаудың көлемі көз алдымызда біртіндеп кішірейіп, жоғалып барады», деп қынжылады Анаргүл Әмірқызы.
А.Әмірованың қолында сонымен қатар, Алтын Орда хандығы тұсында мәртебесі жоғары қолбасылардың біріне тиесілі болған жауынгер киімімен қатар, сарбаздар тағынатын, бағалы металдан жасалған белбеу түйіндігі, тот басып, кішірейе бастаған қылыш тәрізді бірқатар жәдігерлер бар екен. Әбден тозығы жетіп, шіруге айналған мақтадан тігілген мата бөлшектерінен иректі ою-өрнектерді көруге болады. Л.Н. Гумилев атындағы археология ғылыми-зерттеу институты берген сараптама қорытындысында: «Айдаһар бейнесі бар жалау мен бүркіт басты түйіндіктер жоғары мәртебелі жауынгерге тиесілі болуы мүмкін. Айдаһар бейнесі моңғолдарға билік символы ретінде Қытайдан келген. Жәдігерлердің зираттан қазылып алынуы мүмкін» делініпті.
Археолог ғалым Карл Байпақов жалау жайынан хабардар екенін айта келіп: «Бұл Алтын Орда хандығынан қалған жәдігер болуы да мүмкін, өйткені ол уақыттары таза қытай жібегі сапалы болған. Бұл жалау мен жауынгер киімі қарапайым сарбазға емес, қандай да бір беделді қолбасыға немесе батырға тиесілі болған сияқты. Қалай болғанда да, мұндай жәдігерлерді мүлдем құрып кетпей тұрғанда әлі де толық зерттеп, тарихшы-зерттеушілердің назарына ұсыну қажет», деген пікірін білдірді.
Осы уақытқа дейін атасының тәсілі бойынша қара тұзға орап сақтап келген жалаудың бір жыл ішінде жылдам тозып, көз алдында ғайып болып бара жатқанын айтқан Анаргүл Әмірқызы ел тарихына жаны ашитын жәдігердің аман сақталып қалуына септігін тигізер азаматтар табылып қалар деген үміт жетегінде жүр.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ