2 151 000 000
Атырау мен Канаданың сауда-экономикалық байланысы былтыр осынша доллар құраса, биыл бұл көрсеткіш 5 есе өсті
Мұнайлы Атыраумен экономикалық байланыс орнатуды көздеген шет мемлекеттер көбеюде. Мәселен, Атырауда АҚШ-тың әр саладағы 42 бірлескен кәсіпорны жұмыс жасайды. Еуропа елдерінің ықыласы мұнайлы өңірге ауды. Канаданың іскер топтары да Атыраудың сан алуан саласында сауда-экономикалық қарым-қатынасты жандандырудың қамына кірісті. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат Дәукеновпен кездесуде Канаданың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Стивен Миллар мәлім етті.
Қазір мұнайлы өңірде үйеңкі жапырақтар елінің 8 бірлескен кәсіпорны жұмыс істесе, Атыраумен арадағы сауда-экономикалық байланыс өткен жылы 2 миллиард 151 миллион АҚШ долларына жеткен екен. Биылғы 9 айда бұл көрсеткіш бес есеге дейін өсіпті. Елшінің айтуынша, алдағы уақытта Атырауға Канаданың жетекші бизнесмендер тобының сапарын ұйымдастыру жоспарлануда көрінеді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
Атырау облысы.
40 000 000
Жыл соңына дейін көлік жолдарын күтуге қала бюджетінен қосымша осыншама теңге қаржы қарастырылатын болды
Бұл жайында Ақтөбе қаласының әкімі Нұрмұхамбет Әбдіковтің төрағалығымен өткен шаһарды санитарлық тазалау және көркейту жөніндегі мердігерлік ұйымдар мәселелері қаралған жиында айтылды. Ақтөбе қаласы мен қалаға қарасты бес ауылдық округтегі көлік жолдарын күзгі-қысқы мерзімде күту жұмыстарымен «Таза қала», «Тазалық», «Актобегордорстрой», «КТП», «АқжолЛТД», «Ассан-СтройСервис», «Дорожник-К» мекемелері айналысады. Олардағы 52 өзі аударатын көлік, 20 автогрейдер, 25 тиегіш, 21 «МТЗ-80» 25 «ПМ-130» техникасы, «ЗИЛ-130» базасындағы 9 құмшашқыш, 2 қар жинағыш, 2 «К-701», «Урал» базасындағы роторлы техникалар мен тіркемелерді қосқанда барлығы 160 арнайы техника тазарту жұмыстарына тартылады деп күтілуде.
Сондай-ақ, жедел әрекет ету үшін мердігерлік ұйымдарда тәулік бойғы кезекшілік ұйымдастырылады. Қала басшысы күзгі-қысқы тазалық және жолдарды күтіп ұстау жұмыстарында кідіріс болмауы үшін арнайы техника паркін кеңейтуді міндеттеді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.
11
«Жайықжылуқуат» АҚ биылғы маусымда осынша шақырым жылу жүйесін ауыстырды
Иә, қылышын сүйретіп қоян жылының қысы да жақындап қалды. Осындай қатал сынға жылу өндіретін кәсіпорын орны тыңғылықты әзірлік жасады. Мұндағы жаңғырту жұмыстары ұзақ мерзімдік жоспарға сай жыл сайын жалғасып келеді. Бүгінде «Жайықжылуқуат» коммуналдық кәсіпорны қуат үнемдеу бағдарламасы бойынша жұмыс істейді.
Соған сай құбырлар соңғы уақытта жылуды ұстап тұратын материалдармен қаптала бастады. Бұған қоса таяуда жылу үнемдегіш жаңа технология өндіріске енгізілмек. Кәсіпорынның қысқа әзірлік жұмыстарына қажетті қаражат жөндеу қорынан және бюджет қаржысы есебінен бөлінген. Оның мөлшері 214,8 миллион теңге.
Темір ҚҰСАЙЫН,
Орал.