18 Қазан, 2011

Дәстүрге дәнекер тұлға

486 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Тәуелсіздік сарайында белгілі қоғам қайраткері, этнограф ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің 80 жылдық мерейтойына арналған этнографиялық көрме өтті. Өзағаңның қолының табы қалған асыл мұраларының бәрін бірдей сөрелерге қою мүмкін болмағанмен, тұлғамен кезінде қызмет істеген, тәлім-тәрбиесін көрген шәкірттерінің еңбектерін көпшілікке таныстырған бұл көр­ме жастарға халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы ту­ралы мол мағлұмат беруімен та­ғы­лымды. Оның тікелей атса­лы­суы­мен құрылған Ықылас атындағы халық музыка аспап­тары мұра­жайы мен Орталық мем­лекеттік музейінде ғалым есі­мін тарихтан өшірмейтін құн­ды дүниелер жет­кілікті десек, этнографиялық мұ­ражайдағы ал­ғашқы көрменің осын­дай ғажап тұлғаға арна­луы­ның өзінде үлкен мән бар. Тәуел­сіздік сарайының қолдан­балы өнер және этно­гра­фия гале­рея­сының жетекшісі Тілеукеш Жау­басова кейінгі жас буын Ө.Жәнібеков еңбектері­мен сусындап өсуі тиістігін тілге тиек етсе, ғалыммен бес жыл бірге жұмыс істеген шәкірттерінің бірі, суретші, ағаш шебері Мәраш Ғаб­­ді­л­мәжитқызы 1978-1982 жыл­­дар аралығында «Қазмузей­рес­тавра­ция» мамандары қалпына кел­тірген тарихи жәдігерлермен та­ныстырды. Олардың ішінде Қы­зылорда музейінде сақтаулы қы­мыз ыдыстарының жиынтығы, Алматыдағы демалыс паркінен орын тепкен «Түлкі мен күлше» ертегісінің көшірмесі, Арыс­тан­баб кесенесіндегі XV ғасырдан қалған діңгек, суретші Николай Хлудов­тың орындығы, Жәнібек батырдың қымыз ішкен сапты­аяғы, Әлібек Жангелдинге сый­лан­ған домбыра, Ш.Уәлиханов­тың інісі Мақы жасаған қымыз ожау сияқты бірталай аса бағалы бұйымдар бар. Этнограф ғалымның қазақ сах­на өнеріне қосқан үлесі ұшан-теңіз екенін осындағы ұлттық киімдер үлгісінен, музыкалық аспаптардан көруге болады. Ел аузында сақталған халық ән­дері­нің сирек нұсқаларын қайта жаң­ғыр­ту­да да өлшеусіз тер төк­кеніне «Шертер», «Сазген», «Адырна», «Алтынай», «Арқас» секілді өзі дүниеге әкелген фольклорлық-этнографиялық ансамбльдері дә­лел. Он сауса­ғы­нан өнер там­ған шебер-рес­тавраторларды, зер­герлер мен қолөнершілерді музей істеріне көптеп тартқаны осы саланың бүгінгі майтал­ман­дары атқарып жатқан қыруар істерден де айқын аңғарылып тұ­ратынын айта кету керек. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.