18 Қазан, 2011

Азаттықты аңсаған абыз ақын

1242 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кердері Әбубәкір Боранқұлұлының 150 жыл­дық мерейтойы Алға қаласында өтті. Ол отарлық езгіден, құлдық бұғаудан азат болуды, заман, адам, дін, әдет-ғұрып, имандылық, халқымыздың тұр­мыс-тіршілігі, адами қадір-қасиеті туралы өлең-толғаулары қазақ жеріне ең көп тараған ақын­­дардың бірі. Көптеген өңірлерге жиыр­ма­сын­шы ғасырдың басында-ақ мәшһүр болған оның кезінде Шортанбай, Мұрат, Дулаттарман бірге зар заман акыны ретінде бағаланғаны да рас. Тәуел­сіздік алғаннан кейін ғана Кердері Әб­у­бәкір шы­­ғармалары хал­қы­мен кеңірек қауыш­ты десек, а­р­тық айт­қан­дық болмас. Ең ал­ды­мен Кер­дері Әбу­бәкір Боран­құл­ұлы­ның 150 жыл­ды­ғына арналған ғы­лы­ми-тәжіри­белік конференция өткізілді. Аудан әкімі Қабай Сәрсенғалиев кон­ференцияға қаты­су­шыларға құт­тықтау сөз арнап, ақын өмірі мен шығарма­шы­лығы жәйлі, ұрпақтар тәрбиесіндегі мәні мен маңызы хақында ой өрбітті. Ал филология ғылымдарының кандидаты Серік Берма­ғам­бетов Кердері Әбубәкірдің шығар­машылық ғұ­мы­рын тарқатып айтып, ол өмір сүрген кезеңді ша­йыр­дың өз өлең-толғау­ларында кездесетін деректермен дәйектесе, филология ғылымдарының док­торы Жұбаназар Асанов ақын шығарма­лары­ның жанрлық-тақырыптық ерекшеліктеріне тоқталды, оның шығармашылық мұра­сының сан-салалығын тілге тиек етті. Онда толғау, арнау, жоқтау, сүре айтыс, жазба айтыс, жұмбақ айтыс, мадақ, саяси-әлеуметтік философия, көңіл-күй лирикалары кездесетінін баяндады. Конференцияда сөз алған ақын Ақұштап Бақ­ты­гереева өзінің Кердері Әбубәкірдің атажұрты болған Жайық бойының жырсүйер жұртынан ыс­тық сәлем алып келгенін жеткізді. Кердері Әбу­бәкір ақынды халқының мұңын мұңдаған, жоғын жоқтаған Мөңке би­дің жалғасы ретінде ба­ғалауы да жара­сым­ды шықты. Конференцияда сөз ал­ған­дар Кердері Әбу­б­әкірдің есі­мін есте қалдыру үшін мектепке, көше­ге атын беруді ұсынды. Ақын мерейтойы «Тәуелсіздік – елім­нің ерлік жолы» атты республикалық ақындар айты­сымен жалғасты. Елі­міз­дің түкпір-түкпірінен келген жиырмадан астам ақын­дар айтыстың көрі­гін қыз­дыр­ды. Аламан ай­тыс­та Ақтөбенің абы­ройы асқақ­та­ды, шалқарлық Қайнар Алагөзов же­ңім­паз болды. Ақынның 150 жылдық мерейт­ойы­мен тұстас Алға қаласының 50 жылдығы аталып өтті. Қала көшелері той салтанатына бөленді. Тәуел­сіздік саябағына тігілген киіз үйлерде мол дастар­қан жайылды, ән шырқалып, би биленді. Ең бас­ты­сы, Кердері Әбу­бәкір аты мәңгілікке қалды, ақын бабамызға ескерткіш орнатылды. Көптеген спорт түрлерінен жарыс­тар өткізілді. Спорт сайыс­тарының қорытындысы­мен жалпы коман­далық есепте алғалықтар алдарына жан салмады, бірінші орын­ды иеленді. Екінші және үшінші орындар Темір және Мұғалжар аудандары­ның еншісіне бұйыр­ды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.