18 Қазан, 2011

Театрды ізденіс өсіреді

383 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Алматы театрының елордаға гастрольдік сапары оны тағы да айқын байқатты Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының Астанаға арнайы гастрольдік сапармен келе жатқаны жайлы біз осыдан біраз бұрын жұртшылыққа хабарлаған бола­тын­быз. Ондағы мақсат – талай-талай алып­тар­дың ізі қалған киелі сахнаның өнерін та­ма­шалауға мүмкіндік барын елорда тұр­ғын­дары біле жүрсін деген ой еді. Әрине, бү­гін­де елордаға келіп-кетіп жататын түрлі өнер ұжымдарының қатары аз емес. Және олар­дың қай-қайсысы болса да өздерін осал са­на­майды. Ендеше, солардың арасынан бұл өнер ұжымы жайында неге бөле-жара айтты екен дегенге келсек, ең алдымен ол бүгінде еліміздегі барша сахна өнері үшін тәлім мектебі болып отырған екі театрдың бірі. Әрі бұл театрда жастыққа тән жалын бар. Сон­дықтан да олар басқа өнер ұжымдары тәуекел ете бермейтін тың ізденістерге қор­қа­соқтамай, батыл бара алатын, өздерінің шығармашылық мүмкіндіктеріне сеніммен қарайтын, көпшілік көңілін алдамайтын театр. Ал мұндай өнер ұжымының Астанаға келуі елорда жұртшылығы үшін көктен іздегені жерден табылғандай қуаныш емес пе?! Әрине, театр ұжымы да күткен үдеден көріне білді деуге болады. Алғашқы күні олар жұртшылық назарына Ғабит Мүсірепов­тің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясын ұсынған. Рас бұл қойылымды еліміздің бар­лық театрлары репертуарларынан дерлік кез­дестіруге болады. Содан да шығар, бір­қатар көрерменнің «Ау, бұл сахнадан көр­се­тіле-көрсетіле жауыр болған дүние ғой. Әкелуге басқа дүние таппағаны ма?» дегендей көңіл-күйде болғанын да жасырғымыз келмейді. Алайда, театр бұл шешімге кез­дейсоқ келмегенін, өздерінде бұрыннан қа­лыптасқан дәс­түрге құрметпен қарайтынын, өткен аға буын өнегесіне адалдықтан жазбайтынын дәлелдей білді. Иә, бұл шешім өздері атын иеленіп отырған Ғабеңнің, жастар театрына кезінде хас сұлудың көз жа­сын­дай мөлдіре­ген деп сүйсінген сөз зер­гері­нің аруағына құрмет деп білген жөн. Оның үстіне бұл спектакль бұған дейін көріп жүрген дәл осы аттас сахналық қойы­лым­дардан әлдеқайда шоқтығы биік дүние екендігіне көп ұзамай көрерменнің де көзі жетті. Өркениетті елдерде, оның ішінде көр­шілес Ресей елінде сахналық қойылым­ды бір емес, бірнеше рет арнайы барып көретін, әр суреткердің өзін­дік ізденісін саралап, салыстыра қарай­тын дәстүр кең өріс алған десек, бұл әдет соң­ғы кезеңде біздің елдегі өнерсүйер қауым­ға да жұғысты бола баста­ған сияқты. Яғни, бү­гін­де бізде де өзіндік қолтаңбасымен көрер­мен­ді тәнті етіп жүр­ген өнер иелерінің ең­бе­гін көруге аңсары ауып тұратындар қатары қалыпта­сып келеді. Міне, осындай көрермен көңілі­нен шығып жүрген өнер иесінің бірі, бірі ғана емес бірегейі, осы спектакльді сахна­ла­ған режиссер Жанат Хаджиев екендігі елордалықтарды қызықтыра түскен. Әри­не, бұл спектакльді көруге өнер жана­шы­ры, қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің келуі де көп көңіліндегі әсерді еселей түскені анық. Сондай-ақ, Фридрих Шиллердің «Махаббат пен ғадауат», Ермек Аманшаевтың «Балкон» атты туындылары да жастар театрына ғана жарасатын жалынымен есте қалғанына дау жоқ. Әйтсе де осы арада Мар Байд­жиев­тің «Тұншыққан сезім» атты сахналық туын­ды­сына бөле-жара тоқтала кетсек дейміз. Неге десеңіз, бұл спектакльдің режиссері кинода да, театр сахнасында да талай-талай сү­йек­ті рөлдерді ойнап жүрген көрнекті актер­лері­міздің бірі Балтабай Сейітмамытов екен. Әр рөлі жұрттың көз алдында қалып қойған дарын иесінің жерортасына келгенде өзін режиссурада сынай бастағанынан да хабарымыз бар еді. Алайда, ол сахнаға қойған дүниелерді көзіміз көрмеген соң, режиссер Балтабай актер Балтабайдан олқы соғып жатпаса етті деген де ойға келгенбіз. Алайда, бұл қаупіміз бекер болып шықты. Дарынды адам қай істе де дарын иесі екенін ол тағы да дәлелдей білді. Дәл қазір ол сахналаған туындыны тара­тып айтуға мүмкіндік болмағандықтан, біз оны бір ғана сөзбен түйіп, көпшілік үшін бұл да бір ұмытылмас күн болды демекпіз. Осылайша, өздерінің бүгінгі бет-бейнесін, із­денісін жұртшылыққа таныстырып өткен театр ұжымы гастрольдік сапардың аяқ­талуы­на да өзгеше сый әзірлеп, көпшілікті тұщынған дәмі аузынан кетпестей тамсандыруды да ұмыт­паған екен. Яғни, бұл күні жастар театры заманымыздың заңғар жазушысы Шың­ғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгір­ген тарғыл төбет» хикаятының негізінде қо­йыл­ған туындыны сахнаға шығарды. Жазу­шы­ның бұл шығармасын оқыған әр адамның, сөз жоқ, бұл дүниенің сахналық шешімі қа­лай болды екен деп қызыққаны анық. Өйт­ке­ні, суреткердің әр еңбегі, әсіресе осы туын­дысы кез келген режиссер тәуекел ете бермейтін, тіпті тісі бата қоймайтын, күрмеулі, күрделі дүние. Сондықтан да шығар, біз де бұл шығарманың сахналық нұсқасында айтар ойдың реңкі солғын тартып қалмаса етті деген ойда болдық. Алайда, спектакльдің режиссері Талғат Теменов екенін естігеннен кейін бұл күдігіміз сейіліп сала берген. Өйткені, бұл қазақ өнеріне қомақты олжа салып жүр­ген талант иесінің Шыңғыс Айтматовтың шы­ғар­масын алғаш сахналауы емес. Бұған дейін ол «Шынарым менің, шырайлым менің» хикая­­тын сахналап, қазақ өнеріне өнегесі өзгеше тың дүние қосқаны да есте. Жалпы, Талғат өзінің қай еңбегінде болса да кейіпкерлерінің ішкі әлемін тереңірек ашуға баса мән беретін режиссер. Ал адами сезімдердің алға шығып, салтанат құруы кімге болса да жылы жаң­быр­дай жайлы тиетіні сондай, көпке дейін жа­ның­ды бір сәулелі сезім кезіп жүреді. Талант құдіреті деген де, бәлкім, осы шығар. Ендігі айтайын дегеніміз сол, Талғат бұл еңбегімен де көпшілікті тәнті етті. Ең ға­жабы, ол жазушы шығармасын тұтастай қам­­тимын деп қара терге түспеген, негізгі ойдың өзегін үзбей, өзіне керегін теріп алып, бас-аяғы біртұтас дүниені құраған. Адам ата мен Хауа ана­дан бері жалғасып келе жатқан басты мұ­рат – ұрпақ өсіру, соның амандығын көк­сеу екен­дігін айтуды мақсат тұтқан жазушы кө­ке­йін­дегі ойға да селкеу түспеген. Қайта сахна құдіреті осы ойды айшықтай түскен. Содан да болар, бүгінде өзі үшін ғана өмір сүретін өркөкіректердің айналаңда толып жүрге­нін, солардың кесірінен көзі жасты, көңілі қаяу тірі жетімдердің көбейіп бара жатқа­нын еріксіз есіңе аласың. Әу баста Жаратқан ие бойға дарытқан ұрпақ алдындағы жауапкершіліктен бүгінгі заман­дастың ажырап бара жатқаны қалай деген ой толқынына малты­ғып, біразға дейін шыға алмайсың. Әне, көк теңіздің төсінде қалқыған қа­йық­тағы үш буын өкілі жандарын шүберек­ке түйіп, тау-тау толқынмен арпалысып келе жатыр. Екі күн бойы үздіксіз соққан дауыл бағдардан айырған. Бәрі ындыны кеуіп, бір жұтым суды аңсайды. Қанша жерден шөл буса да, ыдыстың түбінде ғана қалған суды ішу баланың еншісі деп білген ата мен аға, әке бәрі бірінен соң бірі өз еріктерімен көк теңіздің қойнауына кете барады. Сөйтіп, олар ұрпағының, келешегінің жағаға аман-есен жетуі үшін өздерін құрбандыққа ш­а­лады. Ең ғажабы, бұл сахналық туынды кезінде жазушы шығармасынан алған әсеріңді бәсеңдетпейді, қайта бояуын қалыңдата түседі. Өмірдің бар мәні – бала сүю, ұрпақ жалғастығы екенін жүрегіңе жазып береді. Әдетте, киноға қарағанда, театр өнерінің мүмкіндігі шектеулі дейміз. Алайда, қа­лауын тапса қар жанады деген сөз рас екен. Олай дейтінім, сахна төріне жайылған көк мата көз алдыңда жал-жал толқынға айна­лып, қалтыл­да­ған жалғыз қайықты қақпа­қыл қақтырғанда сіз де бей-жай қала алмай­сыз. Тіпті, осы көбігі көкке шапшыған тол­қын­дар Айвазовскийдің «Тоғызыншы вал» картинасын еріксіз көз алдыңа әкеледі. Сол толқынмен арпалыс шын мәнінде, тап қасыңда жүріп жатқандай бір­түр­лі үрей құшағында отырасың. Құр сүлдері қалған әлжуаз баланың қайығы жағаға іліккенде ғана барып уһ деп дем алғаныңды сезбей де қаласың. Біз бүгін бұл спектакльді ой­на­ған актерлердің ойынына, олардың кәсіби шеберлігіне әдейі тоқталмай отырмыз. Өйт­ке­ні, мұның бәрі кеңінен толғап айтатын әңгі­ме. Ал бүгінгі сөз кезегінде режиссер ізденісі жа­йында ғана аз-кем айтып өтуді мақсат тұттық. Оның үстіне бұл қойылымның сах­на­ға шы­ғуы­на бас­тан-аяқ тер төккен, ин­ци­нировкасын жазған да, жалпы сцено­гра­фия­сын құраған да Талғаттың бір өзі екенін біле тұра ол туралы айтпай кету оның өнеріне деген қиянат болар еді. Бір айта кететін жәйт, алматылық театр­дың гастрольдік сапарын қорытын­дылаған бұл туындыны Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед келіп тамашалады. Министр спектакль соңынан сахнаға көтеріліп, театр ұжымымен жүздесіп, оларға өнерді өр­кендетуге қосқан үлестері, бүгінгідей ғала­мат көңіл-күй сыйлағаны үшін ризашы­лығын білдірді. Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ.