18 Қазан, 2011

Қауіпсіз жол ауадай қажет

330 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Бүгінгі күні Қазақстанның және оның Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың ядросыз әлем орнату және ядролық қаруды адамзатқа таратпау ұстанымдарына бүкіләлемдік қоғамдас­тық жоғары баға беріп отыр. Бұған өткен аптада Астана мен Семей қалаларында өткен «Ядросыз әлем үшін» фо­румы кезінде де бүкіл қазақстандықтар куә болды. Сонымен қатар, әлемдік қоғам­дас­тықтың еліміздің ядролық қа­ру­ды таратпау саласындағы нәтижелі бастамаларына қолдау көрсету ба­ғы­тындағы ұмтылысын қуат­тай­тын қадамдардың бірі ретінде 15 қазанда Швейцария астанасы Берн қаласында өткен «Парламентарийлер ядролық қаруды таратпау және қысқарту үшін» деген тақырыпта өткен Парламентаралық Ассам­блея­ның арнайы отырысын айтуға болады. Осындай алқалы жиынға көп мемлекеттерден келген парламентарийлер алдында Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік хат­шысы, Президент жанындағы Жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы Қанат Саудабаев сөз сөй­леді. Өзінің сөзінде Қанат Бе­к­мыр­за­ұлы жержүзілік экономиканың бұрын-соңды болмаған сілкінісі және орын алып жатқан аса күр­де­лі басқа да оқиғалар жағдайында ядро­лық қарусыздану жолындағы неғұр­лым батыл қадамдардың маңызы баға жеткізгісіз екендігін атап өтті. «Қырғи-қабақ соғыстың» зар­да­бын шеккен қазақ халқы мұндай зұлымдықты әлі күнге дейін ұмыта алмай жүр. Семей сынақ поли­го­нында 40 жыл ішінде 450-ден астам ядролық сынақ жасалған, оның ішінде 120-сы атмосферада жасал­ды. Оның жиынтық қуаты 2,5 мың Хиросима қаласын жойып жібере алады. Сынақ салдарынан 1,5 млн. адам зардап шегіп, 300 мыңнан астам шаршы шақырым жер уланды. Қ.Саудабаев өз сөзінде сондай-ақ елі­міз және Ұлт көшбасшысы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуел­сіз­дік алған күннен бастап ядролық қаруды таратпау және қысқарту жаһандық үдерісінің дәйекті және белсенді жақтаушысы болып келеді, деді. Қазақстан Ұлыбритания, Қытай, Франция мемлекеттерінің ядролық қаруларын қоса алған­да­ғы­дан асып түсетін әлемдегі төр­тін­ші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартты. Семей полигоны жабылып, оның инфрақұрылымы, 200 жерасты өткелдері мен шұң­қыр­ларына дейін тегіс жойылды. Әрқайсысының қуаты бір мега­тон­налық 1040 ядролық оқтұмсық, 104 СС-18 құрлықаралық баллистика­лық зымырандармен, 370 такти­ка­лық ядролық зарядтары бар Х-55 қа­натты зымырандармен жабдық­тал­ған 40 ТУ-95 ауыр бомбалаушы ұшақ еліміз аумағынан шығарылды немесе жойылды. Құрлықаралық зы­мырандарға арналған 148 шахталық-іске қосу қондырғылары да жоқ етілді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы кү­ні­нен Президент Н.­Ә.На­зар­баев­ты осынау өлім себетін қаруды сақ­тау­ға үгіттеген шетелдік «ақыл­шы­лардың» қарасы аз болған жоқ, тіпті «ядролық қаруы бар алғашқы және бірден-бір мұсылман елі» ретінде беделі артатынын және Қа­зақстанға мол қаржы беретіндіктерін де білдірген. Сонымен бірге, сол кездегі біздің элитаның елеулі бөлігі де ядролық әлеуетті сақтап қалуға бейілді болды, олардың пікірінше, бұл бұған дейін ешкімге белгісіз елді әп-сәтте «ядролық дер­жавалар» қатарына қосар еді. Бірақ Елбасының ядролық қарудан бас тарту және өлімге алып келетін қаруды жою бойынша батыл да парасатты шешімі әлемдегі прогресшіл адамзаттың көңілінен шық­ты, деді Мемлекеттік хатшы өзінің сөзінде. Сонымен бірге, мемлекеті­міз­дің таратпау режімін қамтамасыз етудегі үлесі полигонды жабуымен және жаппай қырып-жоятын қару­лар­ды жоюымен ғана шектеліп отыр­ған жоқ. Айталық, 2006 жылы Қазақстан Ресей мен АҚШ жа­рия­лаған ядролық лаңкестікпен күрес жөніндегі жаһандық бастама құ­рыл­тайшыларының бірі болды. 2007 жылы Астанада осы баста­ма­ға қатысушы мемлекеттердің үшін­ші кездесуі өтті. 2009 жылдың нау­рыз айында Орталық Азияны яд­ро­лық қарудан азат аймақ жасау ту­ра­лы шарт күшіне енді. Көп қасірет шеккен Семейде қол қойылған бұл келісім арқылы Солтүстік жарты шарда тұңғыш ядролық қарудан азат аймақ құрылды және осындай алғашқы аймақ екі ядролық державамен шектесіп отыр. Ал, жалпы, Қазақстан мен аймақ мемлекеттері өздерінің қарусыздану және таратпау ұста­нымдарын жақтайтынын қуаттады. Қазақстан табиғи уранның әлем­дегі ірі қорына ие болумен қатар, оны өндіруде әлемде бірінші орын ала отырып, МАГАТЭ кепілдіктерімен бейбіт атомды дамы­ту­ды жақтап келеді және ядролық отын циклының қауіпсіздігін ны­ғай­ту және бөлшектенетін мате­риал­дардың таралу тәуекелдерін болдыр­мау жөніндегі халық­аралық күш-жігерді қол­дауда. Осыған бай­ланысты 2009 жылы Президент Н.­На­зар­баев Қазақстан МАГАТЭ қам­қор­шы­лығымен ядролық отын­­ның ха­лықаралық банкін өз аума­ғын­да орналас­ты­руға әзір екенін мә­лімдеді. Біз бейбіт атом энер­ге­ти­касын қауіп­сіз дамытуға мүд­д­елі барлық елдердің ізгі еркімен бұл идея жүзеге асады және халық­ара­лық қоғамдастықта таратпау жүйе­сі­нің тағы бір тиімді тетігі пайда болады деп сенеміз, деді Қ.Саудабаев өзінің сөзінде. Қазақстан Президенті Вашингтонда 2010 жылғы сәуірде өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте ядролық қаруларды жалпыға бірдей таратпау туралы жаңа әм­бе­бап шарт жасау туралы бастама көте­ріп, 2011 жылғы қыркүйекте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясы 66­­-сес­­сиясының шеңберіндегі жо­ғар­ғы деңгейдегі кездесулер бары­сын­да да ядросыз әлем құрудың дүние жүзіндегі қауіпсіздікке оң әсер ететінін тағы да жария етті. Осылайша халықаралық аренада тың мәселелер көтеріп жүрген Елбасының бастамасын одан әрі дамыту мақсатында 12-13 қазан күндері Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 20 жыл толуына орай Астана мен Семей қалаларында «Ядролық қару­сыз әлем» форумы атты ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Әлем­нің әр түкпірінен келген саясаткерлер мен ғалымдар Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Н.На­зар­баевтың таратпау және ядролық қарудан азат әлем құру жолындағы күш-жігерін қолдаған үндеу қа­былдап, Ядролық қарусыз әлем жөніндегі декларацияға қол қойды. Қ.Саудабаев, сонымен қатар, Қа­зақстанның Семей сынақ поли­го­нының жабылған күні – 29 та­мызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялау туралы бастамасын БҰҰ Бас Ассамблеясы қолдап, ар­найы қарар қабылдағанын, 2009 жылдан бері 29 тамыз солай ата­лып келе жатқанын көлденең тарт­ты. Мен бұл күн «Парламентарийлер ядролық қаруды таратпау және қысқарту үшін» деген халық­ара­лық шара қызметінде өзінің лайық­ты орнын алатынына сенемін, деді Қ.Саудабаев. Сөз ретіне қарай айта кетсек, аталған қауымдастық мү­ше­лері қазіргі таңда 800-ден астам адамның басын біріктіретін 80 мемлекеттен жиналады. Егер ядро­сыз әлем құруға шынайы ұмтылған әртүрлі елдердегі барлық ізгі ниетті адамдар өздерінің күш-жігерін біріктіріп, осы жоғары ізгі мақ­сатқа қол жеткізу үшін табан­ды­лықпен және дәйектілікпен кү­ре­сетін болса, біз ғаламшарды үнемі төніп тұ­ратын ядролық қатерден құтқара ала­тынымызға кәміл сенемін, деп сөзін түйіндеді Қазақстан Респуб­ли­касының Мемлекеттік хатшысы. Астанадағы форум және Берндегі парламентарийлер кездесуі яд­ро­лық таратпау және ядролық қа­русыздану бойынша жаһандық қоз­ғалыста жаңа оң үдерістер белгіленгендігін көрсетті. Халықаралық қоғамдастық қазіргі таңда адамзат ойлап тапқан ең қатерлі қару – ядролық қарудан тезірек құтылу амалын іздесе жөн болар еді. Әлем мемлекеттері алдарындағы мұрат­та­рына қол жеткізу үшін оларға басқа мемлекеттердің оң ықпал­да­ры керек. Осындай жауапты рөлге Қазақстан шыға алар еді, деді парламентарийлер кездесуінде қауым­дастықтың тең төрайымы, Ұлы­британия Лордтар палатасының мүшесі Сью Миллер ханым. 1945 жылдың қырқүйек айында Хиросима қаласын көрген соң, Қызыл Крест халықаралық коми­те­тiнің дәрігері Марсель Жино бы­лай деп жазыпты: «...Біз мұндай сұмдықты ешқашан көрген емеспіз. Қаланың орталығы жермен жек­сен етіліпті. Ештеңе қалмаған. Барлық тіршілік иелері әп-сәтте өртеніп кеткен». Бұл сөздер бүгінгі күнгі келте, шолақ ойлайтындар үшін үлкен сабақ болу керек. Ха­лықаралық апатты естен шығар­май, ешқашан да біреулердің ба­сына мұндай зобалаң тумас үшін оны жоюдың жолдарын бәріміз біріге отырып іздеуіміз қажет. Мұндай іздеу жолының ауадай керек екендігін соңғы 20 жыл бойы елі­міздің Тұңғыш Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев ұдайы айтып келеді. Сәулебек КӨКШЕҰЛЫ.