18 Қазан, 2011

Мол астықты сақтау да, сату да өзекті

401 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қостанайлық диқандар ас­тық­ты алқаптың 95 пайызын жинап, қамбаға құйды. Жауын-ша­шы­­нның салдарынан  оңтүстік аудандарда  дала кемелері  қайы­р­­лап тұрып қалған  күндер де  болды. Диқандар соңғы апта­да­ғы қазан шуақтың құрғақ күн­де­рін барынша пайдаланып қалуға ты­ры­суда.  Биыл Қостанай өңірі тари­хында болмаған астық шық­ты. Қазірге дейін диқандар 7 миллион 600 мың тонна астықты қамбаға құйып алды.  Облыстың  солтүстік аудандары түгілі, шө­лейтті оңтүстік аудандарының өзін­де  гектар айналымы 17,1 цент­нерден келді. Таран, Амангелді сияқты  аудандар  мұндай астықты  бұрын жинап  көр­ме­ген. Ал аты республикаға белгілі ғалым-агроном Валентин Дву­ре­ченскийдің  шаруашылығында  гек­тарынан 36,4 центнерден бидай жиналды.  Мұндай  көрсеткіш об­лыс қана емес, республика аума­ғын­да  болған емес. Валентин Ива­­но­вич биылғы аса мол  ас­тықты  табиғаттың  берген ырысы дей отырып, оған  ылғал сақтау  технологиясы арқылы  қол жеткенін айтады. – Облыс диқандары осы тех­но­ло­гияны қолға алғалы қамба  дән­сіз қалған емес.  2000-шы жыл­дан бері гектар айналымы жыл сайын жоғарылап отырған екен. Тіпті, өткен екі жыл қа­тарынан  қуаң­шы­лық болғанда  да диқандар орташа өнім жи­на­ды, – дейді Валентин Двуреченский. – Өткен жылы  мемлекетке астық тапсыруда  жоспарын ор­ын­даған жалғыз Қостанай облысы болды, – деді  жақында  кеңей­тіл­ген актив мәжілісінде облыс әкімі Сергей Кулагин. Ал биылғы мол астық мемлекетке де, сыртқа   сатуға да жетіп ар­тылады. Қазір  диқандарды ас­тықты сатудан бұрын оны сақтау мәселесі алаңдатып отыр.  Об­лыстағы  элеваторлардың 81 пайы­зы астыққа аузы-мұрнынан шы­ғып толып тұр. Облыс әкімі  Сергей Кулагин  астық қабылдау пункттері қанша толық болса да  ал­қапта  ылғал астық қалмасын, қайт­кенде де тығырықтан шы­ғатын жол табу керектігін айтты. Сол үшін де элеваторлардағы кепкен астықты  ылғал астықпен ауыс­тырып отырса да, бір лажын қарастыруды аудан әкімдеріне  жүктеді. Жылда осындай астық жинау кезінде  теміржолда оны  тасы­мал­дайтын вагон тапшылығы білінеді. Биыл да солай. Бірақ Қос­танай теміржолы бөлімшесінің бастығы Ермек Темірбаев облыста бұл жөніндегі  жағдайдың  оңал­ғанын айтты. Жан-жақты жүр­гізілген келіссөздер нәтижесінде жақын  күндері облысқа  335 вагон жеткізіледі. Қазірдің өзінде Қостанай астығы шетелдерге жол тартты.  Бүгінге дейін  сырт­қа 250 мың тонна астық  тиелді, соның 66 мың тоннасын Азық-түлік келісім-шарт корпора­ция­сы сатып алды. Мемлекет қар­жысына сатып алынатын ас­тыққа квота белгіленген бола­тын. Сондықтан Қостанай ди­қандары үшін  бидай сату әзірге  өзекті болып қала беретін түрі бар.  Бүгінде рынокта оның тон­насының бағасы 12-15 мыңнан аспай тұр.  Сергей Кулагин  аудан әкімдеріне  бидайдың  тон­насы қанша тұрса да,  600 грамдық ақ бөлкенің бағасы 40 теңгеден аспайтынын тағы да ескертті. Биыл науқанның  аяғына дейін қамбаға құятын астық 8 миллион тоннаға жетеріне қос­танайлықтар сеніммен қарайды. Бұл енді мерекелі жылы  та­би­ғаттың берген ерекше берекесі  болды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.