19 Қазан, 2011

Шіркін, қазақтың келіндері-ай!

2257 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
«Келін» дегенде көз алдыңа жүзінен нұры төг­іл­ген, ізетті де инабатты, өн бойынан кішілік пен мейірімділік есіп тұратын, талшыбықтай ма­йыс­қан сүйкімді жан елестейді. Ежелден, сона-а -ау ықы­лым заманнан жаңа табалдырықты имене аттаған сәтінен-ақ жас келін сол отбасы мүшелері­нің жү­рек­теріне шырақ жағып, өмір­лерінің көкжиегін ке­ңей­тетін-ді. Қиялдарына қанат бітіріп, үйдің қуыс-қуысының бәрін қуанышқа толты­ра­ды. «Жаңа түскен келіннің аяғымен» осылай әр шаңы­рақ­қа құт-береке енетін еді. Байқап қарасаң, қазір де солай. Жасырып қайтеміз, бірақ біз бойымызға кеңес­тік тәрбиені мол сіңіреміз деп, осы үрдісіміз­ден жаң­ы­лып қала жаздадық. Қазір, жаңадан түскен келіннің ертесіне үлкен адамдарға ізет көрсетіп, мөлдіреп оты­рып шай құйып беретіні біздің Балқаш ау­данында сирек. Қандастарының өз ана тілінен жерінгендей орыс тіліне көбірек көңіл бөліп кеткенін байқаған, көзі тірі­сін­де-ақ аты аңызға айналып, халықтың өзі батыр атағын бе­ріп қойған, жүз жылда бір туар ардақты ата­мыз Бауыр­­­­жан Момышұлы кезінде: «Қазақтың тамы­ры ауыл­­да жатыр, бүгінде бүкіл Қазақстанды қазақ етіп отыр­ған оңтүстік облыс­тары­ның қазақтары» деп, батыл айтқан еді. Халық қаһарманы айтқан пікірге бұл күнде ешкім таласа алмай­ды. Қазақы қасиеттің қай­мағы бұ­зылмаған өңір оңтүстік екенін жұрттың бәрі де біледі. Жақында, Балқаш ау­да­­ны­ның бұрынғы әкімі Ерғазы Қошан­беков көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Д.А. Қо­наев­тың қайтқан күніне орай құран бағыш­та­тып, отбасы атынан ауызашар берді. Осы ауызашар дастарқаны үстінде тірісін­де-ақ халық­тың ақ бата­сына ие болған атамыздың көзін көрген, ол кісіге өз қолынан шай құйып берген бір құрметті апамыз: «Қонаев атамызға Шымкенттің келіндерінше иіліп отырып талай рет шай құйып бердім, – деп айтып қалды. Жәй күн­дері ондай сөз арасында айтыла салатын тіркестерге аса мән бер­мейсің ғой. Бірақ осы бір ауыз сөз маған үлкен ой салды. Мақаланы жазуыма да түрткі болған осы бір ауыз сөз. Бәлкім, апамыз: «Қазір мен де қартайып қал­дым, ол кезде жас едім. Әдемілігім, көркемдігім Шым­кент­тің келіндерінен бір де кем емес болатын дегенді айтқысы келген болар. Дегенмен және ең бас­тысы, апамыз данагөй қартқа өз қолы­мен шай құйып бергенін мақтанышпен айтты. Жақсы өнеге алған барша қазақтың келіндері ата-бабамыздан қалған салт бойынша шайды үлкендер алдында иіліп, майысып отырып құяды. Бұл сыйлағаны, құрмет көрсеткені. Жаңа түскен келіннің шайын ішу – қуанышқа ортақ­тасудың, оны мақұл көрудің, ауызбірлі­гімізді дәлелдеудің бір түрі. Ол – ғасырларды көктей өтіп, сона-ау ежелден, ата-бабамызбен бірге жасап келе жатқан дәстүріміз. Бұрындары да, қазір де бүкіл қазақтың келіндері, той өткеннен кейін ертесіне жүзінен нұры төгіліп отырып, шай құйып береді. Ол келін үшін үлкен сын. Сын болғанда қандай?! Осы алғашқы сынақтан сү­рін­­­бей өтсе, бүкіл ауыл қарттарының ақ батасын ала­ды. Көсегесі көгергенін ойлаған келін шай құюға бар өнерін салады. Шайды то­был­ғы күрең етіп құйып, дастарқан басында-ақ жақсы тәрбие алғанын, өнегелі отбасынан шыққанын паш етеді. Жас келін үшін мұн­­дай әдемі көрініс са­налы ғұмырында бір-ақ рет қай­та­ланады. Жіті назар салсаңыз, қазақы тәрбие, сы­пайы қимылы үйлесіп, жас келінге ерекше нәзіктік, әсемдік береді. Сүй­кім­ді, биязы етіп көрсет­е­тін де осы дәс­түрі­міз. Осы сұлулықты көзіңмен емес, жаның­мен, жүре­гің­мен көре алсаң, ғажап рахатқа бөленесің... Шайды жақсылап құя білу де өнер. Өнер болғанда қандай, нағыз төресі. Мәселен, жоғарыда біз сөз еткен апамыз иіліп отырып, Дінмұхамед атамызға шай құйып берді. Сөйтіп, үлкен адам алдында инабатты, әдепті әрі тәрбиелі келін болып көрінді. Иә, ізеттілігін, тәрбие­лілігін көрсетті. Жүз жылда бір туар қария­ның көңілін тауып, бүкіл ауылдың абыройын асқақтатты. Жаман болды ма? Әрине, жақсы. Бұдан артық тамаша бола ма?! Дінмұхамед Ахметұлы шай құйып берген бір келіннің тәрбиелілігі, инабат­ты­лығы арқылы-ақ бүкіл ауыл халқы, тіпті барша қазақ келіндері туралы жылы пікірде кетті. Ер адамдардың абыройы да асқақтады сол сәтте. Міне, осы бір қа­рым-қатынастан-ақ ата-бабамыздан қал­ған дәстүріміз­дің қадір-қасиетін байқауға болады. Жалпы, жаңадан түскен келіннің шайын ішу дәс­түрі, әсіресе оңтүстік облыстарда жақсы сақтал­ған. Осындай жарасымды көрініске басқа елдің адамдары куә болса, еріксіз таңғалар еді. Сөзсіз қызығары анық. Шай құю дәстүрінен ерекше сыйластық пен тату­лықты, ауызбірлікті байқауға болады. Көзге көрін­бейтін, жүрек қылымен жіпсіз байланған нәзік, елдік құрмет сонадайдан есіп тұрады... халық­тық болмыс, бітіміміміз де айырықша паш етіледі. ... Қандай қыз болмасын келін болып түскенде, оның ойында барған елім жақсы қабылдаса, жылы шырай танытса екен деген ниетте болары хақ. Бөтен табалдырықты алғаш аттаған сәттен-ақ әрбір отбасы мүшесіне, туған-туыстарына, ауыл-аймаққа ұнағысы келетіні де заңдылық. Өйткені, басқа отбасында тәр­бие алып, танымайтын, бөтен ортаға келіп, бірден бал­­дай батып, судай сіңіп кету, әрине, кімге болса да оңай бол­май­ды. Осындай сын са­ғатта ата-баба дәс­түрін берік ұстанып, әдептен озбаса жас келін ешқа­шан жаңыл­майды. Тал бойынан ал­ған өнегелі тәрбиесі есіп тұрса, ол түскен елі­нің бағы бол­ғаны. Ба­сына орамал сал­ған үйдің от­басы мү­ше­­лері де жы­лы қабақ та­ны­тып, біл­мегенін аялай үй­рететін болса тәтті сый­лас­тық­тың жібі еш­­қа­шан үзіл­мейді... Осын­дай бір-бірімізге көр­сет­кен шы­найы құр­мет ар­қылы-ақ арамызға ға­жа­йып тату­лық орнар еді. Қаймағы бұзылма­ған ын­­тымақ бірін-бірі қас-қабағынан ұғатын нәзік түсініс­тік­ке ұласар еді. Жалпы бұл өмірде сыйластықтан қасиетті еш­нәр­се жоқ. Халқымыздың салт-дәстүрлерінің әр­қай­сы­сының алатын өзіндік орны бар. Олар біз­дің қазақ деген ел екенімізді білдіріп, шаңыра­ғы­мыздың бір- бір уығын көтеріп тұр. Діліміз бен дінімізді де қор­ғап, бойымыздағы қанымызға да қуат беруде. Иә, ата-бабамыз ұлт тәрбиесін, салт-дәстүрді ұс­тану арқылы-ақ өркениетке қарай бет бұрып отыр­ған. Байқасаңыз, салт-дәстүрімізде осындай, үлкен киелі қасиеттер жатыр. Қандай ғажап! Тәрбие, ұлт тәрбиесі – қазақта келіндеріміздің иіліп отырып, шай құю өнерінен басталады. Бүгінгі түскен келін – ертеңгі ана. Түскен үйіне жақсы келін аяғымен құт-береке, бақыт ала келеді. Отымен кіріп, күлімен шығады. Отын жағып, ұрпа­ғын өсіріп, отбасын жылылыққа бөлейді. Ошағында шырақ болып жанады. Үй ішінің қуыс-қуысының бәрін қуаныш кернейді. Армандарына қанат бітіреді. Өрістерін кеңейтеді. Келіннің бойындағы ізеттілік дүниеге келген бала тәрбиесі арқылы бүкіл ұрпақтың бойына сіңіріледі. Қанатын бірте-бірте кеңге жая береді. Менің Елеусіз Мұратов деген курстасым студент кезінде-ақ «Өмірдің мәне неде?» деген сұрақ­қа жауап іздеп, газеттерге мақала жазып жүретін. Қазір ойлап қарасам, шынында да Елеусіз ол мә­селені босқа көтермепті. Терең ойлансақ, біз бұл өмірге уақытша қонақ екенбіз. Қамшының са­бын­дай қысқа ғұмырда бір-бірімізді сыйлап, бір-бірі­міз­дің қадірімізді біліп, өткенге не жетсін, шіркін?!. Кім біледі, адам баласы бір-бірін қадірлеп, бағалап, түсінісуге ұмтылса – өмір сүру қашан да жеңіл әрі қызықты болар ма еді. Ойлана келе анық көз жеткізгенім, бабалар салып кеткен сара жолдан айнымасақ, елдігіміз де, бірлігіміз де анағұр­лым нығая түсері анық. Тәрбие бала шыр етіп дү­ниеге келгеннен басталып, келін табалдырық аттаған­нан одан әрі жалғасатын болса, ұлтымыз одан әрі сауыға түсер еді. Сонда ғана біз басқа халықтар қызыға әрі қызғана қарайтындай жаңа деңгейге көтерілер едік. ...Жүзінен нұры төгілген тәрбиелі де, инабатты келін осындай адами қасиеттерге бай асыл қасиеттерімен де біз үшін қымбат. Марат ҚАШҚЫНБАЕВ. Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бақанас ауылы.