19 Қазан, 2011

Өмір сапасы

833 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
– Хал нешік? – Әйтеуір, өмір сүріп жатырмыз ғой! ... Өмір сүріп жатырмыз ғой! Сөзінде бекемдік жоқ. Бұлталақ басым. Алаңкөңіл біреу. Алмағайып сезімі ойын бір ізге түсір­мей, бұлаң күйге салып тұр. Өзіне-өзі сенбейтіндей. Өмір сүріп жатқанына дүдәмәл кейіпте. Не боп қалыпты оған? Әне, ол көшеде кетіп бара жатыр: өз сұлбасы емес, көлеңкесі ғана көрініп, көлбеңдейтіндей...Бір жағымсыз гәп бар оның мына өмірінде. – Хал нешік? – Өте жақсы! Өмір неткен тамаша! Көкейіндегі арғы айтпағы белгілі. Өмірге ғашық бір пенде. Өмір сүруге ынтық. Махаб­батын бар ғұмырына арнап, балын сорып, арын тамызық етіп, жарастықпен мағыналы күн кешіп жатқаны бесенеден белгілі болып тұр. Үнінен жарық сәулеге іңкәрлігі сезіледі. Іс-қимылынан өлшеулі ғұмырдың маңызын безбендеу жағы ай­қын байқалады. Иә, мұн­дай адамдармен өмір құнды, өмір сапалы! Өмір сапалы деп қалдық-ау. Шынында да солай емес пе? Сапалы адамы болса – өмір сапалы болмай қайтеді. Демек сапалы адамдар сапалы өмірдің құрамдас бір бөлігі десек, жарасар. Ендеше, өмір сапасы туралы толғанысқа түссек, артық болмас. Өмір сапасы! Оны қалай түсініп жүр екенбіз, осы? Мақаланы әу деп бастағанымызда, өмір сапасына екі түрлі ишара, меңзеу, баға, көз­қарас түйгендейміз. Бірі – өмірге енжар, нем­құрайды, болбыр, дәрменсіз, дәйексіз, жігерсіз бір пенде. Екіншісі – өмірге ғашық, ойлы, білімді, үлкен істерге ынтызар, еңбек­шіл, аз ұйықтап көп тындыратын, жарық дүниеге келгеніне марқайып жүретін, өтіп бара жатқан бір минөтін бағалай білетін, махаб­батын тапқан, үйелмелі-сүйелмелі ота­ға­сы немесе отанасы, терезеден сыртқа көз тастап отырып-ақ күллі әлемді сүйе білетін әзіз жүрек, төсегінен тұра салып күнге сәлем беретін, шүмектен аққан бір тамшы суға таңғы несібем деп ернін шылайтын, батқан күнге есеп беретін сапалы адам екен. Иә, сапалы адам. Иә, оның өмірі сөзсіз сапалы өмір! Сондайлардың тұрмыс-тіршілігі, ой-арманы арқылы, рухани байлығы жөнінде саралай отырып, өмір сапасы хақында толға­нуымызға әбден болады екен. «Қайдан білейін, жұрт қатарлы өмір сү­ріп жатырмыз ғой», – дейді өмірдің сапа­сына өзіндік үлес қосып жүрген бір азамат. Дараланып ештеңе жасап жүрмеген сыңай­лы. Күнкөріс қызметі бар. Күміс тойын тойлағанда, он баласын қаздай қалқытып ертіп шықты. Сонда балапандарына қарап тұрып, көзіне тірелген мөлдір жасты тежей алмай, қатты қысылсын. «Жыла, жыла, жасырмашы!» – деп бір досы оның құлағына сыбырлады. Бұл: «Ұят,ұят», деп зайыбының білегінен жеңіл қысып-қысып қояды... Мұны отбасы сапасы десек ше? Сапалық мысалдарда кіші, ірі мөлшерлеу жат болуы тиіс. Сапалы екен – шекара жоқ, тыйым жоқ. Діттелгені – сапа. Ендеше мына жайтқа назар аударалық. Жол апатына ұшы­раған сіңлісінің шиеттей екі сәбиін ер жеткізіп, тұрмысқа беріп, кішкенелерін сүйіп отыр... Немерелерінен қалған қатқан нанды тісі жоқ кейуана кеміріп отырып: «ендігәрі тістеген нанды түгел жеп қоймасаңдар, өле қаламын», – деп баж етіп қисая кетпесін бе? Содан қайтіп ол дастарқанда нан ысырап болмайды екен. Нан – өмір сапасы емес пе? Көпті көрген көнекөзден ақыл сұрамау керек екен, жай елеусіздеу етіп сыр бөліссе, жетіп жатыр. Далаға тән мінезімен аңқылдап отырып, даналығын білдіріп алады. Іскерлік дегенге тіреліп қалдық. Өзі іскер жан еді, тежелсін бе: қабілет болмаса, қажыр болмаса, білім болмаса, ақша болмаса іскерлігің көк тиынға тати ма деп қарап отыр жарықтық. Кейін дәл осы жіктелген ұғымдарды бір жерден ұшыраттым. Бір ақылманның аманаттап кеткен сөзі. Шынында да әлгіндей атрибуттар болмаса іскерлігің құрала ма? Іскерлік табиғатын сонда іскер адамдар жан-тәнімен, түйсігімен түсіне білетін болған ғой. Міне, өмір сапасы! Ал қабілеті, қажыры, білімі және ақшасы болып мардымды ештеңе бітіре алмай жүргендерге не дауа?! Ондай­лар­дың өмірі сапасыз-ау! Елбасы Н.Ә. Назарбаев бір сөзінде: «Адам әлеуетінің дамуы – Тәуелсіздіктің бас­ты құндылығы», деп тереңнен толғады. Шынында да өз әлеуетін біліп, оны қоғам игілігі үшін орынды жұмсай білген адам өмір сапасына оң ықпал ететіні белгілі ғой. Ал шыңдай білсе, адам әлеуеті мемлекеттің ұшан-теңіз байлығы емес пе? Осы Тәуелсіз­дігіміздің жиырма жылдығында қол жеткізген ұлан-асыр табыстар, әрине, адам әлеуе­тінсіз жүзеге аспаған болар еді ғой. Тәуел­сіздікті құру, экономиканы жетілдіру, тығы­рық­тан шығу бір мәселе. Ал жаңа даму са­ты­сына көтеріліп, ғылым мен білімнің шы­ңына жетіп, дүниедегі ең озық технологияны үйреніп, Қазақстанда енгізу – бұл өркениетті алып іс. Осының бәріне адам әлеуетінің қарымы қажет болатыны айтпаса да түсінікті жайт. Сол себепті де біздің елімізде білімі терең, парасаты кең, мемлекет басқару ісіне жетік, өндірісті жандандыра алатын жастар­ды тәрбиелеуді, олардың бойына туған Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптас­тыруды міндет етіп қойған. Сайып келгенде Отан үшін жанын беретін жас ұрпақтарды тәрбиелей алсақ, Қазақстанның тағдыры мен болашағы мыңжылдықтарға тамыр жаймақ. Басты мәселе осында. Өмір сапасының мәнін де осыдан іздеген жөн. Әсілі, өмір сапасын әркім әрқалай мәні­мен сапаластырып, таразылайды. Мәселенки, Алаш мұрасының алтын тінінен неге ажы­ратпасқа? Әбден қисынды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың: «Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін», деуінде халқының қамына деген мәңгілік алаңдаушылық жатқан жоқ па? Өмір сапасының дауасы осындай-ақ болар! Немесе Міржақып Дулатов «Оян, қазақ!» манифесін еріккеннен жазып па? Қалың ұйқыдағы қазағын оятып, алдыңғы қатарлы ұлттар санатына қоспаққа деген жанкешті талпынысы аяқсыз қалмағанына тағы куәміз. Міне, сапалық нәтиже! Сапа – сананы тілгілеп, ойды қуырып, еңбекті ұршықша үйіріп зор игілік көзіне ұла­сады екен. Өмір сапасы үшін күрес әсте толастамайды. Міржақып ХХ ғасырдың бастапқы кезеңінде «Қайда едің?» өлеңін еріккеннен жазбаған болар. «... Құландай үркіп елдерің, Қалдырып мекен жерлерін, Жаяу-жалпы, жалаңаш, Қатын-бала, ерлерің, Аштықтан қырғын тапқанда, Сыпыра жомарт, қайда едің?» – деп тұтас елдің траге­диялық зұлматтан қалай босануының жолын іздестіріп, тиісті зиялыларға сауал тастап ойландырып, болашақ сапалы өмір үшін күреске шақырмай ма оларды. Иә, сөйткен. Нәтижесі жоқ емес, бар. Дегенмен де Мір­жақып қойған сол сауал бүгін де кейбір көкейкесті мәселелерде маңыздылығын жой­ған жоқ. Айталық, ана тіліміздің тағдырына қатысты қатты алаңдаушылығының дабылы әлі күнге құлағымыздың түбіне жетіп тұр­ғандай емес пе? Тілсіз өмір сапалы болушы ма еді, бауырым-ау! Зиялылар зердесінсіз өмірді сапалы ету мүмкін еместей көрінеді. Расында да солай ғой. Егер ұлттың тұтастығы мен халық өмірінің сапасы үшін күреспесе, несіне оларды зиялы деп ардақтаймыз. Осындайда ұлтжанды азамат, қазір Жезқазған қаласы­ның әкімі болып жемісті қызмет атқарып жүрген Берік Әбдіғалиұлының биік мінберден айтқан кейбір сөздері жадымызда жатта­лып қа­лыпты. Оның пайымынша, Тәуелсіз­діктің қадірі мен құнын халықтың санасына жеткізіп, жадына түйетіндей дәрежеге жеткізу қажет. Әрбір қазақ өз ұлтының алдында жауапкершілігін сезінсін. Еліміз күшейіп, тәуел­сіздігіміз нығайған сайын: «Елге не әке­леміз?» дегенді ойлаған жөн. Ұлттық арман мен әділетті тарихи бағаны сезіну қажет. Міне, зиялы азамат осылай дейді. Осы тілектер орындалса, ел іші сапалы өмірге қанағаттанар еді-ау! Әлгі сөздің мәйегі – қайткенде қазақ, қазақ болып қала­дыға келіп тіреледі емес пе? Шынайы, толыққанды қазақ бола білгенге не жетуші еді. Бар өмірдің сапасы соған тіреліп тұр­ғандай екен. Өмірдің сан қырын нұрландырып, алаулатып тұратын өзіндік тән құбылыстар болады. Оның түбіне жетіп, түгеспейсіз. Балалап кете барады. Айталық: білімділік, елге адал қызмет, Отанға күн туа қалса ез болмай, ер болуға үйрену, шыншылдық, мейірімділік, парыз бен қарызды түйсіну, ар мен намыс, атамекенді ардақтау, ұлттық рухани өрлік,т.б. қасиеттер әр адамды шапағатына бөлеп, шырайландырып тұрады. Отан­сүй­гіштік қасиетін еселейді. Өмірге текке келмегеніне көзін жеткізеді. Өмір сапасының мәнін ұқтырады. Өз ойыңның алдында ұятқа батпау да өмірді адал сүргеніңе жатады. Бір сапарлас­тың айтқаны әлі күнге тобық жұтқаннан бетер өңешімде кептеліп тұрғандай. Жасамыс кісі. 75-те. Істегеніне бармағын шайнайды. «Жас иіспен» әулекіленгеніне он жылға тақапты. Кемпірі бертінде біліп қалып, оқыс сезімнен миына қан құйылып өліпті. Бала-шағасы сырт айналған. Өзі жазылмас дерт құшып, шетел асып келіп жүр екен. Иманы қасым болғандай. Абыройы төгіліп, елі бетіне түкіргендей. Сырт қарағанда мағыналы өмір сүріп, жақсы қызмет етіп, отбасылық бақытқа кенеліп келген отағасы неліктен нілдей бұзылғанына өзі қайран! Осы кәр­тамыс «желөкпені» дұрыс, сапалы өмір сүр­ді деп айта аламыз ба? Әрине, жоқ! Ал арамызда осындай білінбей жүрген «жас иіске танауратқандар» жетіп артылатын шығар, бәлкім? Соны сезіп жүрміз бе? Сезсек, секемшілдікпен, сергектікпен көз алартып, көзге түрпідей етіп, тұмсықтан қағып, тәртіп қамытын кигізе алып жүрміз бе? Ойласып көрсек ше? Өмір сапасына нұқсан келтіретін кердеңбайлар – солар ғой. Өмір сапасын жақсарту туралы әңгімені соза беруге болар. Шектелер тұста, И. Гете: «Жастық шақтағыдан гөрі жас ұлғайғанда көп еңбек тындыру керек», А. Чехов: «Адам кім болса да еңбек етіп, терге шома жұмыс атқаруы тиіс: өмірдің мәні мен мұраты, оның бақыты мен мақсаты осында», Ф. Достоевский: «Еш нәрсе істемеуге болатын кездің қандай екені миыма кірмейді», И. Павлов: «Әрбір істегі ең маңызды нәрсе – жұмыс істегіңіз келмеген сәтті күштеп жеңу», Абай: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», М. Шоқай: «Өзінің ішкі бірлігін нығайта алған халықтар ғана тәуел­сіздігіне қол жеткізе алады және оны қорғап қала алады», депті ғой, осы өсиеттеріне адалдыққа шақырамыз! Сонда өмір сапасы тіптен айқындала түсердей... Сапалы адам өмірді сапалы ететіні бесенеден белгілі! Сыртымызды ғана емес, ішімізді де ар-ұят тезімен адақтап көрелікші... Қайсар ӘЛІМ.