19 Қазан, 2011

Тәуелсіздіктің төл перзенті

394 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Алматы облысында «Ел тәу­елсіздігіне – 20 жыл, «Алатау газетіне – 10 жыл» атты мәдени үгіт-насихат керуені үлкен қол­дауға ие болып отыр. Негізінен жазиралы Жетісуды қамтитын «Алатау» басылымы туралы Ал­маты облысының әкімі Аңсар Мұсахановтың: «Алатау» – Жетісу өңіріндегі оқылымды, ойы еркін, мазмұны салмақты тәуел­сіз басылымдардың бірі де бірегейі. Ол алғашқы санынан бас­тап-ақ қоғамның жақсылығын сүйіншілеп, кемшілігін түзетуге атсалысып келеді. Соның нәти­жесінде «Алатау» өзінің жүріп өткен 10 жылдық белесінде ақ­па­рат кеңістігінен лайықты орын алып отыр», – деген болатын. «Алатаулықтардың» мәдени үг­іт-насихат керуенінің құрамында есімдері республика жұртшы­лығына кеңінен танымал белгілі ақын-жазушылар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, өнер шеберлері және «Алатау» басы­лымының қаз тұрып қалыпта­суына үлес қосқан ардагер-журналистер бар. Мақсаттары – ел тәуелсіздігін, осы жолда еліміз жеткен жетістіктерді паш ету. Мәдени үгіт-насихат керуені қыркүйек айының ортасынан ауа бері облыстың алты ауданын ара­лап шықты. Алакөл ауданы­нан басталған сапар Сарқан, Ақсу, Балқаш, Қарасай, Жамбыл және Іле аудандарында жалғас­ты. Тәуелсіздіктің 20 жылды­ғы­на дейін олар облыстың өзге де аудандары мен қалаларын аралап өтуді көздеп отыр. Бұл сапардың тағы бір ауыз толтырып айтарлық жетістігі – басылыммен еншілес «Алатау» баспасынан шыққан кітаптарды аудандардағы оқырмандарына жә­не аудандық кітапхана қорына тегін үлестіру. Айталық, «Мәде­ни мұра» ұлттық стратегиялық жобасының негізінде «Көптом­дық шығармалар» сериясы бой­ынша жарық көрген академик Әлкей Марғұланның еліміз бен жерімізге қатысты рухани мұра­ларымыз – ежелгі жыр-аңыздар, сал-серілік дәстүр, саят құстары, археология мен қазақ қолөнері жайлы зерттеу еңбектерінің 1-8- том­дары, кіндік Азияда фара­би­танудың атасы атанған ғалым Ақжан Машанидің 1-16-том­да­ры, сондай-ақ академик Мұха­мед­жан Қаратаевтың халқы­мыз­дың әдеби-мәдени мұрасын тү­гендеп, оны егемен еліміздің игілігіне жарату бағамындағы ой-толғаныстарын қамтыған «Бет­бұрыс белестері» атты жинағы, филология ғылымдарының док­торы, профессор Шерияздан Елеукеновтің 1991-2001 жыл­дар аралығындағы қазақ әде­бие­тінің тәуелсіз даму жолын зерттеуге арналған «Қазақ әдебиеті тәу­елсіздік кезеңінде» атты кі­тап­тарымен қоса қазақ әде­бие­тінің ежелгі дәуіріне арналған түр­ко­лог-ғалым Немат Келім­бетовтің «Ежелгі әдеби жәді­гер­ліктері» мен әдебиеттанушы-ғалым Алма Қыраубаеваның «Еж­елгі дәуір әдебиеті», сыншы Сайлаубек Жұмабектің «Сын симфониясы» және қазақ бас­па­сөзінің, яғни қазақ журналистика ғылымында өзіндік қолтаң­басы дараланған, публицист, жазушы, ұстаз, профессор Әбіл­файыз Ыдырысов­тың естелік-очерктерін қамты­ған бес томдық шығармалары жә­не басқа да кітаптар топтама­сы бар. Тағы бір айта кетерлігі, оқыр­мандармен кездесудің көш басын бастап жүрген белгілі ақын, Қа­зақстанның еңбек сіңір­ген қай­раткері, халықаралық «Алаш» әде­би сыйлығының лауреаты Сә­кен Иманасов өзінің бес томдық, «Алатау» баспа-по­ли­графиялық корпорацияның президенті, «Ала­тау» газеті редакция алқасының төрағасы Ырым Кененбай екі­ то­м­дық шы­ғармалар жинағын ау­­дан­­дық кі­тапханаларға сыйға тар­­­туда. Екі­нің бірінің қолы жете бермейтін мұндай ғылыми-зерт­теу дүние­лерінің аудан жұртшы­лы­ғы үшін өте қат екенін айта отырып, кітапхана қызметкерлері баспа басшылығына шексіз риза­лық­та­рын білдіруде. – Тамшыдай ойларынан те­рең­дік, екі ауыз сөздерінен пара­саттылық, әрбір жазған дүние­лерінен көрегенділік лебі есіп тұ­­ратын осындай дара тума­ла­ры­­мыздың құнды мұраларының кітапхана оқырмандарына тарту ет­іл­­геніне шексіз ризамыз, — дейді Жамбыл аудандық кітапхана бас­шысы Бибінұр Ибрайжанова. Сарқан қаласындағы Мәде­ниет үйіндегі жұртшылықпен ди­дарласуда ақын Сәкен Иманасов осы өңірдің көрнекті тұл­ғаларын оқырмандарына таныс­ты­руда баспасөздің лайықты ор­ын алып отырғандығын баса айтты. Және Сарқан топырағы өзінің біртуар тұлғаларымен, яғ­ни олар Алаш­тың айтулы аза­мат­тары Мұха­мед­жан Тыныш­баев, Кәкімжан Қа­зыбаев, Мұ­қан Тө­ле­баев, сон­дай-ақ ғалым Мұхтар Арын, композиторлар Еркеғали Рахмадиев, Күнсайын Қуатбаев, балуандар Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұ­­­ғыбаев, өнер саң­лақтары Құман Тастанбеков, Сара Тыныштығұ­ло­вамен мақ­та­на алатынын айта кетті. Қа­расай ауданындағы бас­­­­қосу да есте қаларлықтай өтті. Онда тәуелсіздікті ту еткен керуен мүшелерінің бірі «Әл-Ма­ша­ни» атындағы халықаралық қор­дың президенті, педагогика ғы­лым­­да­рының докторы, профессор, фантаст-жазушы Шамшидин Абдраман: – «Әл-Машани» халықара­лық қоры ұлылардың еңбектерін ұрпаққа дәріптеу үшін құрылған орталық. Мұндағы біздің көзде­геніміз, әл-Машани мұрасын қайт­сек рухани кәдемізге айнал­дыра аламыз деген ниет. Міне, жеті жылдан бері көптеген ғалымдардың қатысуымен көп­томдығы әзірленіп бітті. Ол еңбектердің бірқатары «Алатау» газеті беттерінен де орын алып келеді. Бүгін біз осы газеттің еншілес баспасы «Алатау» баспа-полиграфиялық корпорация­сы­нан шыққан ғалымның 16 том­дық еңбектерін сіздерге таныс­ты­руға әкеліп отырмыз, – деді. Ал Балқаш ауданы әкім­ді­гін­де өткен зиялы қауым өкілдері­мен және жергілікті «Алатау» газетінің оқырмандарымен кездесу ирандық ғалым Ширин Баянидің «Иранда билік құрған қазақтар оның ішінде Жалайыр ұлысының тарихы» атты тарихи зерттеу кітабының тұсаукесері­мен жалғасын тапты. Иран та­рихында ғана емес, қазақ тари­хында да әлі толыққанды зерттелмеген тарихи тың деректер және құнды мәліметтерімен аса бағалы бұл еңбектің тұсауке­се­рін Балқаш ауданы әкімінің ор­ынбасары Сайран Смағұлов аш­ып, әлем зерттеушілерінің наза­рын аударған, бір кездері Иран, Ирак, Әзербайжан, Гүржістан, т.б. елдерді билеген Жалайыр сұл­­тандарының арғы-бергі та­рихын тереңінен толғап, тұтас туынды етіп ұсынған автордың ұшан-теңіз еңбегіне тәнтілігін жеткізсе, филология ғылымда­ры­ның докторы, профессор Сәр­сенбі Дәуітұлы аталмыш кітап­тың та­рауларына кеңірек тоқ­талды. – Бұл еңбектің кейіпкерлері бұдан бірнеше ғасырлар бұрын өмір сүрген адамдар, – деді әде­биетші-ғалым Сәрсенбі Дәуіт­ұлы. – Сондықтан да дүние жүзі та­­рих­­­шыларының нысаны бол­ған бұл еңбек бұрын-соңды ай­тылмаған тың дүние ретінде отандық мә­дениетімізге өзіндік ою-өрнегі­мен қосылған игі қа­зына екені дау­сыз. Автор сегіз сұлтанның ғұ­мырбаянын қамти отырып, олар­дың әрқайсысы жайлы кітап­тың төрт тарауында жан-жақты түсі­­­нік береді. Сон­дай-ақ, автор зерттеу барысында Ирандағы тарихи оқиғаларға қа­зақтардың қан­ша­лықты қатысы болғанды­ғын ан­ықтауға тырыс­қан. Және қазақ­тар, оның ішінде жалайыр­лар ұлы­сы билік құрған дәуірлер Иран тарихында саяси жағынан да, өнер, әдебиет тұр­ғы­сынан да аса маңызды бол­ғанын айтады. Мың рет естігеннен гөрі, өз кө­зіңмен оқығанға не жетсін. Енді сіздерде ондай мүмкіндік бар, – деді ол. Басылым өз оқырмандарына жазылым науқанында әдеттегі жеңілдіктерін де қаперінен шы­ғар­мады. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, мүгедектерге, әлеу­меттік тұрмысы төмен отбасы­ларына газетті тегін жаздырды. Өткен жылы табиғат апатынан зардап шеккен Қызылағаш елді мекені тұрғындарымен арнайы кездесіп, оларға да осындай сый жасап, қуантты. Және бұл үрдіс аралаған аудан-аудандарда жал­ғасын тауып келеді. Ұлы көштің қалың нөпірімен бірге тәуелсіздікті ту еткен, он­ың төл перзенті – «Алатау» газеті еліміздің үлкен мерекесі қар­саңындағы өзінің мәдени үгіт керуенінің алғашқы сапарларын осылайша сәтті қадамымен бастап отыр. Алдағы күндер еншісіндегі шарапатты шаруаның жалғасы өрісті болғай! Қызжібек БӘКІР. Алматы.