19 Қазан, 2011

Ғылымның қос алыбы

787 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Бұл күндері елімізде тағдырлары тоғысқан, өмірлері жарасқан, арман­дары асыл, еңбектері егіз, бір-біріне кө­леңке түсірмей, жұптары жазылмай, кейінгі ұрпақ өнеге алатындай ұлағатты өмір сүрген, Қазақстанның білім беру ісі мен ауыл шаруашылығы ғылымының білгір де білікті ұйым­дастырушылары әрі шамшырағы, тіршіліктану са­ла­сында айтып жүретіндей жарқын із қалдырған қазақтың тұңғыш ғалым қызы, академик Нәйлә Базанова мен халқымыздың тағы бір ардақты да аяу­лы перзенті Фазыл Мұхамедғалиевтің 100 жылдық мерейтойлары кеңінен аталып өту үстінде. Таяуда ғана Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ерекше тағылым аларлық, тәрбиелік мәні терең, тәжірибелік маңызы бөлекше оқиға болып өтті. Ол тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңына орайластырылып, Қа­­зақ физиологиялық қоғамы­ның кезекті VII съезінің ша­қырылуы десек, еліміздің жар­қын бола­шағын қамтамасыз етуде білім мен ғылымның атқа­ратын рөлі ерекше екені өзімізге белгілі. Қолданбалы ғылымның да­муы мен өндірістік сұраныс­ты қамтамасыз ету әлеуеті іргелі ғылымның, соның ішінде фи­зио­логия мен биоморфология­ның даму деңгейіне байланыс­ты екені дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Халықаралық деңгей­де өткен бұл съезде іргелі ғы­лымның болашақта шұ­ғылда­нуға тиісті проблемалары кө­терілді. Съездің «Қазіргі физиология: клеткалы – моле­ку­ляр­лықтан интегративтікке дейін – денсаулық пен ұзақ өмір сүру­дің негіздері» деп аталуы соның айқын белгісі. Бұл жиынға ерекше мән беретін жәйт – аталмыш съездің тек Қазақстанға ғана емес, алыс және жақын шет елдерге аттары мәшһүр екі ғұлама – Нәйла Базанова мен Фазыл Мұхамед­ға­лиевтің туғанына 100 жыл толу мерейтойларымен байла­ныс­тырылып өткізілуінде болса керек. Аттары аңызға айналып кеткен қос ғұлама Қазақстанда биология ғылымының дамуына қомақты үлес қосқан тұғыр­лары биік, ірі тұлғалар. Осы құ­рылтайға алыс және жақын шет елдердің – Ресей, Украина, Татарстан, Қырғызстан, Израиль ғалымдарының қатысуы соған дәлел боларлық. Бұл тұста жи­ынға қатысқан ресейлік ға­лымдардың географиясының кең болғанын (Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосібір, Том, Челябі, Одесса, Сыктывкар, Ростов) айырықша атап өтеміз. Сондықтан мұндай жиынның тәрбиелік маңызы өте зор. Ол ең алдымен сананы саралауға, өрені өсіруге, өнегені өрбітуге, өшкенді жаңғыртуға, ойды оя­туға түрткі болмақ. Бүкіл елімізге, тіпті төрткүл әлемге танымал ғалым, физиолог, Қазақстанда жануарлар фи­зиологиясы ғылымының негізін салушы, Мұхтар Әуезов ар­дақтаған Нәйлә Оразғұлқызы Базанова өмірде өшпес із қал­дырған, асқар шыңмен иық қағыстырар дарабоз жан. Қа­зақта «жақсыдан шарапат» деген ұлағатты сөз бар. Академик Нәйлә Оразғұлқызының ғы­лым­­ға біржолата бет бұруына сонау 1934 жылы физиолог, биохимик, фармакологтардың бү­кіл­одақ­тық V құрылтайына қа­тысуы үл­кен ықпалын тигізген. Осы жи­ында Базанова еліміздің көр­некті ғалымдары Л­.­А.Орбели, А.А.Ухтомский, И.­С.Бериташвили, Л.С.Штерн, Л.А. Анохиндермен танысып, олардың ғылыми баяндамаларын тың­даған, ақыл-кеңестерін алған. Өзінің табиғи зеректігі мен қажырлы еңбегінің арқасында Нәйлә Базанова есімі осынау ғалымдар қатарына қосылды, жұлдызы солармен тең жар­қырады. Нәйлә Базанова 1936 жылы биология ғылымдарының кан­ди­даты дәрежесін алды. Осы арада ерекше айта кететін бір жәйт, ғалым – тек Қазақ елінің ғана емес, бүкіл Орта Азияда әйелдер арасынан шыққан тұң­ғыш ғылым кандидаты, тұңғыш профессор, тұңғыш академик еді. Оның ғылыми еңбектері тек өз республикамыздың шеңбе­рінде ғана емес, бұрынғы Одақ көлемінде де жоғары бағаға ие болды. Алғашқы 10 жылдан аса зерттеуінің нәтижесінде ол 1945 жылы «Онтогенездік даму ба­рысында кейбір ауылшаруа­шы­лық малдарының қан айналым және тыныс алу процестерінің реттелу тетіктерінің қалып­та­суы» деген тақырыпта док­тор­лық диссертация қорғаған. Бұл тақырып сол кездегі физиология ғылымының дамуына айтар­лықтай қозғау салған еді. Олай дейтініміз, жануарлар физиоло­гиясы ол тұста Қазақстан жағ­дайында әлі зерттеле қоймаған, құпиясы терең ашылмаған ғылым саласының бірі болатын. 1946 жылы ғалымға профессор атағы беріліп, сол жылы құрылған Қа­зақ Ұлттық Ғылым академия­сына бір ауыздан корреспондент-мү­ше­лігіне, ал 1951 жылы толық мүшесі – академик болып сай­ланды. Талмай талпынып, биік деңгейге жету тек төзімі мол, ойы терең, өресі кең адамның жетер жетістігі екенін айғақтап берді. Нәйлә Базанова 1948 жылдан 1951 жылға дейін Экспери­мен­талдық биология институтының директоры, 1951-1962 жылдар аралығында Ұлттық ғылым ака­демиясының биология және медицина ғылымдар бөлімінің академик – хатшысы қызметін ат­қар­ған. Өзі жеке шауып, дара шық­қанмен, енді ізін басар дарынды жастарға ерекше қам­қоршы бола білді. Табиғат сый­лаған осы зор қасиет, текті де дарқан жанның әр ісінен көрініс тауып жатты. Сөйтіп, тұла бо­йындағы тұнба қасиеттер мен дарындылық Нәйлә Оразғұл­қы­зын ғылымның шебер ұйымдас­тырушысы санатына алып шықты. Ол осылайша ғылыми және ұйымдастырушылық қызметін же­­місті ұштастыра жүріп, педагогтік жұмысты да абыройлы орындап, ұстаздық қызметтің де барлық сатысынан өтті. Нәйлә Оразғұлқызының өміріне қарап отырсаң, өзгелердің сүйемелде­уімен, сүйреуімен емес, адал ең­бекпен, талмай ізденумен мақса­тына жеткенін көресің. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында оның жануарлар физиологиясы пәнінен студент-жастарға дәріс оқу шеберлігін көргендер бүгінде аңыз етіп айтады. Оның әр дәрісі өте тар­тымды, ерекше мазмұнды өтуі­мен шәкірттері мен ізбасар­ла­ры­ның есінде қалған. Ол кісі тура­лы әңгімеге құлақ түрсеңіз: «Ашық дауысты, нұрлы жүзді, дәріс оқу мәнері мен шеберлігі өте жоғары, тыңдаушыны еріксіз баурап ала­тын, еркінен шығар­майтын таби­ғи дарын иесі еді», деген сүйіс­пеншілікті естисің. Нәйлә Базанова – шебер тәлімгер, жастар тәрбиесіне зор жауапкершілікпен қараған, адам­ды тани да, бағалай да білген ұстаз. Нәкеңнің шарапаты тиіп, кейіннен аттары республика­мызға танымал ғалым-ұстаздар, көп­теген оқымыстылар шыққа­нын біз мақтанышпен айтамыз. Бү­гінгі таңда академик Базанова бастаған ғылыми көшті оның ізбасарлары Казис Тәшенов, Хабдрахман Дүйсембин, Төлеутай Несіпбаев, Ерболат Мақашев және тағы басқалар абыроймен жалғастыруда. Нәйлә Оразғұлқызы 1966 жылдан өмірінің соңына дейін ҰҒА Адам және жануарлар физио­логиясы институтының ди­рек­торы және И.П. Павлов атын­дағы Бүкілодақтық физиологтар қоғамы Қазақ бөлімше­сінің төр­айымы қызметтерін атқарды. Осы қызметінде жүріп, ол физиология институтының жаңа ғимаратын тұрғызды, ғылы­ми лаборатория­ларды озық үлгі­дегі жаңа құрал-жаб­дықтармен қамтамасыз етіп, жабдықтады. Бұл зерттеудің әдістемелік дәре­жесін, ғылыми-теориялық дең­гейін жоғары сатыға көтерді. Осының нәтиже­сінде Қазақстан­да физиология ғылымы қарыштап дамыды десек, артық айтқандық емес. Бұ­рынғы Одақ шеңберіндегі рес­пуб­лика ғалымдарымен де, шетелдік әріптестермен де (Венгрия, Чехословакия, Польша, Ресей, т.б.) бірлесе жұмыс жүргізуі соның дәлелі. Академик артына 160-тан астам ауқымды ғылыми еңбектер қалдырды. Оның ішінде көлемді 3 монографиясы – орыс тілінде Мәскеуде 3 мәрте басылып шық­ты. Студенттер қауымына арнал­ған «Ауыл шаруашылық малдары физиологиясы» атты оқулығы тағы бар. Нәйлә Базанова мен шәкірт­терінің ғылыми-зеттеулерінің негізгі бағыты – күйіс қайыратын мал түліктерінің жасы, өнімділігі және қоректену жағдайына қарай азық қорыту жүйелерінің физио­логиялық ерекшеліктерін анық­тау. Демек, әу бастан ғалым прак­тикалық маңызы зор тың тақы­рыпты таңдай білген. Оның кандидаттық диссертациясының тақырыбы «Күйіс малының мес қарнындағы бактериялық процестер» деп аталуы көп жайларды аңғартады. Кейіннен бұл бағытта көптеген физиологиялық заңды­лықтар ашылып, ғылыми құн­дылығы жоғары тұжырымдар жа­салды. Сауын малының азық қорыту ағзалары мен сүт без­дерінің қызметтері арасында ты­ғыз байланыс болатыны ғылы­ми дәлелденіп, орталық жүйке жүйе­сінің ас қорыту бездері қызметін реттеуге қатысты жолдары ай­қын­далды. Қалқанша және жы­ныс бездерінің ас қорыту жүйесі мен сүт бездерінің қызметтерін реттеудегі рөлі анықталды. Академиктің ғылыми еңбекте­рінің биік шыңы ретінде күйіс қайыратын малдың ас қорыту жолының алдыңғы бөлімдерінің кілегейлі қабығында қоректік заттарды қорытудың мембра­на­лық тетігінің орын алатынын анықтаған зерттеулер екенін ерекше айтып өткен жөн. Ғалым­ның бұл бағыттағы зерттеулері әлемдік физиология жетістіктеріне қосқан қомақты үлесі болып табылады. Ғалымның басшылы­ғы­мен үй жануарларының ас қорыту процесіндегі бұрын бей­мәлім құбылыстың мәні ғана ашылып қоймай, оны қамтамасыз ететін физиологиялық тетіктердің де құпия сыры ашылды. Күйіс малының ас қорыту ағзаларының биоморфологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, ғалымның жетекшілігімен оның шәкірті Казис Тәшенов орыстың ұлы физио­логы И.П.Павловтың көбек (фистула) қою тәсілдемесінің жаңа жетілдірілген түрлерін ұсынды. Академик өзінің табиғи та­лан­тымен танылған ғұлама ға­лым ғана емес, белгілі қоғам қайрат­кері де еді. Ол КСРО Жо­ғарғы Кеңесіне қатарынан 4 рет депутат болып сайланды. Жо­ғарғы Кеңестің бесінші шақы­рылуында Одақ кеңесі төр­ағасының орынба­сары міндетін атқарды. Оның үстіне Нәйлә Базанова 1949 жыл­дан бастап, Бейбітшілік қорғау­дың кеңестік комитеті прези­диумының мүшесі, респуб­лика­мызда құрылған сол қоғам комитетінің төрайымы қызметін қатар алып жүрді. Бұған қоса ғұлама ғалым И.М.Сеченов атын­дағы Бүкілодақтық «Физиология» және «Физиология ғылы­мы­ның жетістіктері» журналда­рының алқа мүшесі болды. Осы міндеттердің барлығына да Нәйлә Оразғұлқызы зор жауапкершілік тұрғысынан қарады. Бейбітшілік қорғаудың дүние­жүзілік комите­тінің төрағасы Эжени Коттон, Кеңестік бейбітшілік қорғау комитетінің төр­айым­дары Н.Попова, В.Терешковамен сұхбат­тасқан, аралас­қан кездерін ғалым-ұстаз түрлі отырыстарда тартым­ды әңгіме­лерге арқау етіп сыр шертіп отыратын еді, дейді көз көргендер. Нәйлә Базанова өмірі – мен қызметі кейінгі ұрпаққа үлгі болатындай парасаттың, өнегенің алтын қазығы. Осындай қыруар жұмыстарды атқара жүріп, ға­лым-ұстаз 10 ғылым докторын, 25 ғылым кандидатын даярлап шы­ғарды. Республикамызда физиология саласында өз мектебін қалыптастырды. Оның шәкірт­тері биология, физиология және медицина саласындағы ондаған ғы­лыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарында қызмет істейді. Олардың ішінде академиктер К.Тәшенов, З.Қожа­беков, М.Тойшыбеков, Қ.Дүйсен­бин сын­ды республикаға, ТМД елдеріне танымал ғалымдар бар. Бұл күнде Нәйлә Оразғұлқызы мектебін, ғылыми мұраларын әрі қарай дамытушы, жалғастырушы боп жүрген шәкірттері жеткілікті. Нәйлә Оразғұлқызының өмір жолы мен еңбек табыс­тары өзі білім кәусарынан су­сындаған аграр­­лық университет ұжымы мен студент жастары үшін үлкен өнеге, зор мақ­таныш. Сондық­тан да ғалым есімі университетте құрметпен, ыстық ілти­патпен аталады. Қоғамдық жұмыстарға белсенді қатынас­қан, үздік оқы­ған студенттерге академик Н.Базанова, академик Ф.Мұха­медғалиев атындағы арнаулы стипендия тағайындау үрдісі жылдан-жылға жалғасып келеді. Өзі негізін қалап, өр­кендеткен кафе­драға ғалымның атын беру де ғұламаға көрсет­кен құрмет белгісі, тәрбиелік маңызы бар орта­лық болып табылады. Осы кафедраның тұсаукесер салта­наты ұстаздың туғанына 90 жыл толуымен байланысты өткізіл­ген болатын. Одан бері игілікті ізденістің небір табыс­ты белестерін артқа тастадық. Нәкең өмірде қарапайым, сезімтал, мейірбанды адам бол­ған. Ол ері, сүйген жары, академик Фазыл Мұхамедғали­ұлы­мен сый­ластықта ғұмыр кешкен. Нағыз ерлі-зайып­тылардың жа­расымын таныт­қан. Олар жа­ры­са өскен бәй­теректер сияқ­ты өмір сүрді, бірге есейді, бірге кемелденді, марқайса бірге мар­қайды. Тіпті жандары да бір жер­де жай тапқан. Нәйлә Ораз­ғұлқызы елімізде жануарлар физилогия­сының қалып­тасып, дамуына зор ықпал етсе, биология ғылымдарының док­то­ры, про­фессор, Қазақ ҰҒА және ВАСХНИЛ академигі Фазыл Мұха­медғалиев – Қазақ­станда био­мор­фологияның, мор­фо­гене­ти­каның негізін қалаған ғалым. Нәйлә Базанованың басшы­лығымен республика­мызда мем­­­браналық ас қорыту меха­низмінің малдарға да тән құ­былыс екені дәлелденсе, Фазыл Мұхамадғалиев – елімізде био­технологиялық зерттеулердің негізін қалап, шарананы (эм­брион­ды) аударып қондыру технологиясын қалыптастырып, дамытқан ғалым. Нәйлә Базанова Ұлттық Ғы­лым академиясының қалып­тасып, нығаюына үлес қосып, биология саласының академик хатшысы, Экспериментальды биология, адам және жануарлар физиологиясы институт­тары­ның директоры болып қызмет атқарса, Фазыл Мұхамедғалиев – Алматы зоотехникалық – мал дәрігерлік институтының, Экс­пе­риментальды биология инс­титутының директоры қызметін атқарып, ВАСХНИЛ-дің Шы­ғыс бөлімшесінің негізін қалап, оның тұңғыш президенті болып сайланған. Нәйлә Базанова мен Фазыл Мұхамед­ға­лиев ғылым­ның қос шыңын­дай қатар өсіп, бір-біріне көлеңке түсір­мей, шуақ шашып, ғылым ке­ңіс­тігінде қырандай қатар қа­лықтаған, ізденуден жалық­па­ған қоғам және мемлекет қайраткерлері. Саралап келгенде, Нәйлә Базанова мен Фазыл Мұхамед­ғалиевтің көрсетіп кеткен үл­гісі, жас ұрпаққа қалдырған мұрасы – ұшан-теңіз. Ғалым­дардың ізбасарлары мен шә­кірт­­терінің олардың өмірінен үлгі тұтар жақтары мол. Ұлы ғалымдар қалдырған мұраны егемен еліміздің, ұлттық дең­гейдегі университеттің мұра­тына жарату бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышының бірі. Аруақ­тарына бас иіп, жатқан жерлерің жайлы, ұрпақтарың бақытты, елің тыныш, еңселі болсын, аса құрметті Нәке, қадірлі Фазеке деген тілектеміз. Ол кісілердің арман-мақсат­тарын қазір ізбасарлары жал­ғастырып келеді. Соның кейбір тұстарына тоқтала кетсем, қазақ ғылымның сабақтас­ты­ғына көз жетер еді. Иә, ғылым жолына түсіп, білім қуған ұрпақтың басты міндетінің бірі – алдыңғы буын ғұламаларының осы күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған ғы­лыми бағыттарын заман тала­бына сай өрістету, олардың мұраларын жаңғырта отырып, игілікті нә­ти­желерге қол жеткізу. Бұл тұр­ғыдан университет ғалым­дары­ның ауыз толтырып ай­татын жетістіктері жеткілікті. Бүгінгі күні Қазақ ұлттық аграрлық университеті білім мен ғылымды, аграр­лық сала­ны инновациялық жолмен да­мы­тудың беделді орталы­ғына айналып, ауыл шаруа­шылы­ғының бәсекелестікке тө­зім­ділік қабілетін көтеруде ай­тарлықтай үлесін қосуда. Тілектес ЕСПОЛОВ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА академигі. АЛМАТЫ. Суреттерде: Ф. Мұхамедғалиев (жоғарыда) және Н.Базанова (төменде) жұмыс үстінде.