19 Қазан, 2011

Маңызды магистраль

651 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Жетіген – Қорғас темір жол желісі шетелдермен байланысты дамытып, ел экономикасын өркендетеді Дерек пен дәйек •Жетіген – Қорғас теміржолы пайдалануға берілгенде, Ақтау мен Алматыдан Қытайға жүк және жолаушы тасымалы 500 шақырымға қысқарады. •Тапсырмаға орай темір жол желісі өтетін аудандардан жалпы көлемі 1400,536 гектар жер телімі бөлінген. •Аталған құрылыстың жалпы құны 153,2 млрд. теңгені құраса, темір жол тармағының ұзындығы 293,2 шақырым. •Темір жол желісін пайдалану кестесінде 2055 адам еңбек етсе, Алтынкөл шекара өткеліндегі мемлекеттік қызметтегілер саны 430 адамға жетеді деп белгіленген. •Қыркүйек айында Іле өзенінің үстінен өтетін көпір құрылысы аяқталып, көгілдір лента қиылды. •Құрылысты 2011-2012 жылдары екі кезеңмен іске қосу көзделген. •Бірінші іске қосу кезеңіндегі құрылыс нысандарына 13,6 млрд. теңге, екінші кезеңіне 3,0 млрд. теңге жұмсалады деп жоспарланған. •Темір жол желісімен пойыздар қозғалысын реттеу заманауи жүйе бойын­ша жүзеге асырылады. • Жетіген, Шелек, Тас­қа­ра­су, Құндызды және Ал­тын­көл стансалары мен Жар­­су және Ортақұдық разъез­дерінде тұр­ғын үй, әлеу­меттік сала нысан­дарын салу қарқынды жалғасып отыр. •Алтынкөл стансасына Панфилов ауданы арқылы 130 шақырымдық газ құ­бырын тарту жоспар­ланған. •Темір жолда еңбек ете­тіндерге 26 үш қабат­ты, 89 бір қабатты екі пә­терлі, 9 бір қабатты үйлер мен, 70 орынға арналған шағын отбасылық жатақ­хана салынуда. •Алтынкөл стансасы орналасқан Пенжім ауы­лында 240 орындық бала­бақша, 600 орындық мектеп, дәрігерлік амбулатория, 11 үш қабатты, 37 екі пәтерлі тұрғын үй құры­лыстары қызу жүр­гізілуде. •Алып құрылысқа  4500 адам күші жұмылдырылған. •Құрылыс бас­талған­нан бергі кезеңде 85,947 млрд. теңге игерілген.   Барыс-келіс, алыс-беріс жақсарады Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа онжылдық – жаңа экономи­калық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «Біз қазірдің өзінде «Жетіген – Қор­ғас» және «Өзен – Түркіменстанмен мемлекеттік шекара» темір жол желілерін салып жатырмыз, олар іс жүзінде біздің өнімдерге Қытай мен Парсы шығанағы елдерінің рынок­тары­на жол ашады. Біз салуға кірісетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» авто­жолы – тауарлар үшін маңызды магистраль» деп атап көрсеткен болатын. Іле ауданы аумағында орналас­қан Жетіген темір жол бекеті мен елі­міздің шығыс шекарасындағы Қор­ғас ауылын жалғастыратын шо­йын жол желісінің құрылысы осылай басталған-ды. 2009 жылғы тамызда облысқа жұмыс сапарында Жетіген стансасындағы салтанатқа қатысқан Елбасы Жетіген – Қорғас темір жол желісінің халықаралық ма­ңы­зы­мен қатар, ел эконо­ми­ка­сы­на қо­сар үлесі қомақты екенін айрықша атап өтті. Жалпы құны 153,2 млрд. тең­ге болатын темір жол тар­мағының ұзындығы 293,2 ша­қы­рымды құрайды. Биылғы жыл­дың желтоқсан айында алғашқы пойыз қозғалысы басталады. Тәуелсіздігіміздің мерей­тойы қарсаңында Жетіген – Қорғас, одан әрі Қытай Халық Рес­пуб­ликасына және сол ел арқылы басқа да мемлекеттермен темір жол қа­ты­насы ар­қылы экономикалық, сау­да-саттық, алыс-беріс жүзеге асы­рыла­ды. Қа­зақ­стандықтар мен алыс-жақын шетелдерден келетін жолау­шы­лар және халықаралық жүк тасы­малы бұрын­ғыдай тек өңірдің Ала­көл ауданын­дағы Достық темір жол бекеті арқылы емес, Жаркент өңірін басып өтетін халықаралық темір жол арқылы да жүзеге аспақ. Алып құрылыстың негізгі тап­сы­рыс берушісі әрі жүзеге асы­ру­­шы­сы – «Қазақстан темір жо­лы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоға­мы. Өткен айда Іле өзенінің үс­ті­нен өте­тін алып көпір құ­ры­лысы аяқ­та­лып, көр­шілес жат­қан Ұйғыр жә­не Панфилов аудандары басшылары­ның қатысуымен көгілдір лента қиыл­ды. Басқа да көпір­лер мен өтпелер рет-ретімен салынуда. Жетіген – Қорғас темір жол желісінде әлеуметтік мақсаттағы нысандар мен кедендік инфрақұрылым және шекара­лық нысандар құрылысы жоба­сы да жалғасуда. Халықаралық маңы­зы зор құрылыс алға жылжыған айлармен бірге қар­қын алып отыр. Сонымен қатар, шо­йын жол желісі басып өтетін аудандарда қазірдің өзінде мыңдаған адам жұмыспен қамтылды. Сонымен бірге, темір жол желісімен алғашқы пойыз құрамдары қаты­най бастағанда тағы да жүздеген жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Жетіген – Қорғас темір жол желісімен пойыздардың қозғалысын реттеу осы заманғы жүйе бойынша жүзеге асырылады. Онда шағын разъездердегі пайдалану қызметтерін барынша азайту қарастырылған. Осыған байланысты Жетіген, Шелек, Тас­қарасу, Құндызды және Алтын­көл стан­салары мен Жарсу және Орта­құдық разъездерінде ғана тұр­ғын­жайлар мен әлеуметтік сала нысандары салыну­да. Құрылыс алаңдарын таң­дауға қойылатын талаптар ескерілген. Со­ған сай тұрғын-жай құрылысына ар­нал­ған алаңдар мен аралық қосын­дар­ды келесі елді мекендерге байланыс­тырып орна­ластыру көзделді. Мәселен, Жетіген стансасы – Жетіген кентінде, Шелек стансасы – Масақ ауылында, Тасқарасу стансасы – Рахат ауылында, Алтынкөл стансасы – Пенжім ауылында, Құндызды стансасы мен Жарсу және Ортақұдық разъездері тікелей осы стансалар мен разъездерде. Техникалық-экономикалық негіздеме бойынша құрылыс нысандарының болжамды құны – 16,6 млрд. теңге. Құ­рылысты 2011-2012 жылдары екі мәрте іске қосу кезеңімен жүзеге асыру жос­парланған. Бірінші іске қосу кешеніндегі құрылыс нысандарының құны 13,6 млрд. теңге болса, екінші іске қосу кешенінің құны – 3,0 млрд. теңге. Сәтін салса, бірінші іске қосу ал­да­ғы желтоқсанда аяқталып, Тәуел­сіз­ді­гі­міздің 20 жылдық мерейтойы қар­са­ңын­да шойын жолмен алғашқы пойыз құрамы сапарға шығады. Бұл кешен бойынша теміржолшылар, мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы­лары­на арналған ең қажет деп табылған тұрмыстық жағдайлар жасалады. Бүгінгі күні Алтынкөл стансасын­дағы шекаралық және кедендік инфра­құрылым, инженерлік инфра­құрылым нысандары, стансаларға кірме жолдар, газбен және баспанамен қамтамасыз ету нысандары тұрғы­зылуда. Болашақ­та Алтынкөл станса­сына Панфилов ау­да­нының аумағы ар­қылы 130 шақы­рымдық газ құбы­рын тарту қарас­ты­рылған. Мұнда тек шекаралық станса­ны ғана емес, Жаркент қаласы мен Шо­лақай, Үлкен Шыған, Пенжім ауыл­дарын да көгіл­дір отынмен қамтамасыз ету ойлас­тырылып, жұмыс жүйе­ленген. Екінші іске қосу кешеніне тұрғын-жайдың қалған қоры мен Алтынкөл және Тас­қарасу стансаларын­дағы әлеу­меттік ны­сандар құ­ры­лысы енгізілген. Тұрғын-жай қажет­ті­лі­гін есеп­теу­де Жетіген – Қор­ғас темір жол желісінің пай­далану шта­тын­­да 2055 адам, Алтынкөл шекара өтке­лін­дегі мемлекеттік қызмет­тегілердің саны 430 адамға жетеді деп белгіленген. Техникалық-экономикалық негіз­де­ме­нің қолданыстағы нор­матив­тері­не сәйкес, 26 үш қабатты, 89 бір қабатты екі пә­терлі, 9 бір қа­бат­ты бір пәтер­лі үйлер мен 70 орын­ға арнал­ған шағын отбасылық жатақ­хана са­лын­­бақ­шы. Пенжім ауы­лын­да (Ал­тын­көл стан­са­сы) 240 орынды ба­ла­­бақ­­ша, 600 орын­ды мектеп, дәрі­герлік амбулатория, асхана құрылысы басталып кетті. Рахат ауылында (Тас­қа­ра­су стан­са­сы) ша­ғын мектеп пен фельд­шерлік-акушерлік қосын са­лынады. Жаңа халықаралық темір жол желі­сінің іске қосылуының нәтиже­сінде Ақтау мен Алматыдан Қытайға жүк және жолаушы тасымалдау қа­шықтығы 500 шақырымға қысқарады. Сонымен бірге, шекаралық екінші темір жол өткелінің арқасында көрші Қытаймен және сол арқылы әлемнің басқа елдерімен экономикалық қа­рым-қатынас одан әрі нығайып, жүк және жолаушылар тасымалы артады. «Жетіген – Қорғас» темір жол құрылысы барысында жол бойында үлкен стансалар салынуда. Соның бірі – Панфилов ауданындағы Алтынкөл стансасы. Былтыр ғана бұл өңір құм сусыған жазық дала болатын. Құм ортасынан тыңнан түрен салғандай заманауи үлгідегі нысандар бой көтеріп, аймақты түрлендіріп әкетті. Осында темір жол вокзалы, кедендік тексеру бекеті, жүк тиеп-түсіретін орын, әлеуметтік нысандардың құрылысы жедел жүргізілуде. Осы жұмыстармен «АБК Құрылыс-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Бүгінгі күні мұнда 900 адам еңбек етсе, оның 200-і жергілікті тұрғындар. Тағы да жұмыс күші қажеттігі айқын аңғарылады. Нәтиже­сінде, қажетті мамандықтарға оқыту жұмыстары қолға алынған. Мәселен, үшжақты келісім бойынша құрылыс компаниясында 30-дай жаркенттік  тәжірибеден өтуде. Солардың бірі Наталья Лимкова. Бес жыл жұмыс­сыз отырған ол жергілікті жұмыспен қамту орталығы арқылы кәсіби білімін жетілдіру мақсатында №18 кәсіптік лицейде 3 айлық курста білімін көтеруде. Енді бір айдан соң куәлік алып, «АБК Құрылыс-1» фирмасына тұрақты жұмысқа қабылданады. Осындай жастар қатары көп екенін де айтқан жөн. Алтынкөл стансасында құрылыс көлемі ауқымды болғандықтан жұмыс күндіз де, түнде де тоқтаусыз жүргізілуде. Әсіресе, тас қалаушы, дәнекерлеуші, сылақшы, эксковаторшы мамандықтары аса қажет. Сондай-ақ, темір жол жұмысшылары мен әскерилендірілген күзетшілерге деген сұраныс өсіп отыр. Құрылыс жұмыстары әлеуметтік қызмет саласына да едәуір салмақ салуда. Өйткені, сұранысқа орай дайын мамандар қажет. Олар да өз тарапынан сараптама жүргізіп, жұмысшыларды кәсіби даярлықтан өткізуде. Өңір жұртшылығына үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдар­ла­масы осындай игіліктер әкелді. Амандық БАТАЛОВ, облыс әкімінің бірінші орынбасары.   Жақсы  жол  бәрін жақындатады Жетіген ауылындағы №29 жол жөндеу-машина стансасының ұжымы алдағы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын толымды табыстармен қарсы алғалы отыр. Олай болатын жөні де бар. Өйткені, Жетіген – Қорғас темір жолы үлкен маңызға ие екенін қарапайым жұмысшылар жақсы түсінеміз. Сондықтан да күн демей, түн демей еңбек етудеміз. Цехта негізінен темір жол рельстері құрастырылып, жолға төселетіндей етіп арнайы вагондармен Жетіген мен Қорғас арқылы құрылыс жүріп жатқан разъездерге жіберіледі. Әрине, бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осы талап деңгейінен көрінуге күш салып, кәсіби шеберліктерімізді жұмсап келеміз. Осы орайда Б.Жекеев, И.Ысқақов және басқа да әріптестерімнің тындырымды істеріне сүйсінемін. Баршаның игілігіне арналған алысты жақындататын жаңа темір жол құрылысының ашылу сәтін асыға күтудеміз. Берікбай АЛПЫСБАЕВ, жол жөндеуші.   Біздің де үлесіміз бар Осыған дейін Жетіген ауылындағы «Рассвет» кеңшарында қарапайым механизатор болдым. Мектепті бітіргеннен соң тракторшы болып жұмысқа араластым. Темір жолда 2000 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Жетіген – Қорғас темір жол құрылысының жұмысы қызу жүріп жатқан қазіргі тұста біздің мамандығымыз ауадай қажет. Өйткені, жол бойындағы жұмыстар бульдезор сияқты алып техникасыз қиынға түскен болар еді. Міне, қазір де кезекті сапарға шығып барамын. Мені онда да жауапты жұмыс күтіп тұр. Осы Жетіген ауылында тұрамын. Жолдасым Патигүл үй шаруасында. Аңсар, Әзиза, Әлібек сияқты үш ұлым өсіп келеді. Менің барым да, бақытым да солар. Оларды да еңбекке баулып, жұмысты мейлінше адал атқарып, жоғары өнімділікке қол жеткізіп жүргеніме қуанамын. Құралбек АСАНБАЕВ, бульдезерші.   Жетігеннің келешегі зор Мен Сыр бойының, Қызылорда өңірінің тумасымын. Бірнеше елдің экономикалық қарым-қатынасына негіз қалайтын темір жол құрылысына қатысқаным, әрине, мәртебе. Жетіген ауылындағы жол жөндеу-машина стансасында Нұрқанбек Айытбеков тәрізді зейнет жасында болғанымен Құрметті теміржолшы ретінде бізден ақыл-кеңесін аямайтын қариямыз бар. Көп жағдайда оның ақылы мен тәжірибесіне жүгінеміз. Жол төсеу, жөндеу жұмыстары тиянақты жалғасуда. Айлығымыз жақсы. Айтып-айтпай не керек, күні ертең Жетіген ауылы үлкен елді мекендердің біріне айналатыны қуантады. Темір жолға қатысты құрылыс нысандары бірінен соң бірі бой көтеріп жатыр. Іргемізден теміржолшыларға арналған тұрғын үй кешендері де салынады. Бұл да тұрғындар игілігі. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі өрелі істер ел Тәуелсіздігінің жемісі. Ал, оған үлес қосу азаматтық парыз. Мұңайтпас  КҮЛПЕЙІСОВ, жол жөндеушілер бөлімінің шебері. Беттердегі материалдарды дайындаған «Егемен Қазақстанның» Алматы облысын­дағы меншікті тілшісі Күмісжан БАЙЖАН.