19 Қазан, 2011

Қазақстан. Өз жолы. Назарбаев дәуірі

355 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін
  Бүгін Алматыда, Қазақстанның Стратегиялық зерттеулер институтында назар аударарлық оқиға өтеді: Бигелді Ғаб­дул­линнің «Великое кочевье» («Ұлы көш») атты кітабының тұ­саукесері болады. Әрине, қазір кітап та көп, тұсаукесер де көп. Әйтсе де, бұл тұсаукесерді назар аударарлық оқиғалар қата­рын­да атаудың жөні бар. Мәселе Қазақстан Республикасы Тәу­елсіздігінің 20 жылдығына арналған осы кітаптың авторы ел журналистикасының ең бір елең еткізерлік есімдерінің, жұртшы­лық қалам қарымын қадағалап жүретін авторлардың бірі екендігінде ғана емес. Мәселе Бигелді Ғабдуллиннің бұл еңбекте жаңа қырынан – тарихшы-қаламгер ретінде көрініп, сонау Керей мен Жәнібек заманынан бері тартып, ескі жол қалдырған Есім хан, қасқа жол қалдырған Қасым хан, айбынды Абылай, кеудесін кек кернеген Кенесары сынды ұлы тұлғалар туралы ой толғай келіп, кешегі кеңестік кезеңде осынау ұлы даланы басқарған бас­­шылардың саяси бейнесін ашып көрсетуінде ғана емес. Мәселе автордың өзінің тәуелсіздіктің терең тамырларына бойлаған, бүгінгі биігімізді кемел толғаған осы кітапқа келу жолы да тайғақ кешулі болғандығында, кезінде оппозицияның қатары тұрмақ, алғы шебінде жүрген,  тіпті шетелге қашып,  мұхит асып, бірнеше жыл Америкада тұрған қаламгердің көзқарас эво­люциясының күрделілігінде. Бұл тұрғыдан қарағанда қазір публицистік қуатын елдік мұраттарына бағыштап жүрген, Назарбаев билігінің даттаушысынан жақтаушысына айналған Бигелді Ғабдуллиннің өзіндік ой топшылауларының қадір-қасиеті арта түседі. Сондықтан біз бүгін «Ұлы көш» кітабының екі та­рау­шасын оқырман назарына ұсынуды артық көрмей отырмыз.   Тарих тағылымы Жасырмай айтайыншы: осы та­рауды жазуға кірісіп кете алмай-ақ қойдым. Тараудың құлақ күйін көп іздедім. Үйдегі кітапханамның сөре­ле­рін жағалай жүріп, осы жолы кімді серіктестікке шақырсам екен, жаныма керек сөздерді табуға, жеткізіп болмастай ойларды жеткізуге енді кім көмекке келер екен деп толғандым, өйткені мен әңгіме еткелі отырған адамның тұлғасы сондайлық күрделі, ол жайында бәрі де жазылып, бәрі де айтылып біткендей. Қайта-қайта оқылған сүйікті кі­таптарымның да, оқылуын тағат­сыз­да­на күтіп тұрған кітаптардың да түп­терін қолыммен аялай сипалай оты­рып, мен әлде бір түйсікпен Антуан де Сент-Экзюперидің тап-таза дана­лық тұнып тұрған томына тоқтадым. Баяғы әдетімше Кішкентай бекзадамен үн қатыса қалдым да, жүрегім атқақтай соға жөнелді, қайта-қайта қайталағаннан қадірі қашқандай кө­рінетін «Бәріміз бала шақтан бастал­ғанбыз» дейтін сөз әу бастағы әріне ие болып шыға келді. Кітап сөресінің жанына байлан­ғандай күйде мен «Атажұртқа» үңіле түсіп, баяғы жас күнімдегідей бір сөйлемнен кейін бір сөйлемді санама сіңіре бердім: «Ешқандай кітап кө­мек­теспейтін жағдайда жер біздің өзімізді өзіміз тануға септігін тигізеді. Өйткені, жер бізге қарсылық жа­сай­ды. Адам өзін кедергілермен кү­рес үстінде та­ни­ды. Бірақ бұл күрес үшін құрал қажет. Сүргі не соқа керек. Өз мөлтек ал­қа­бын өңдейтін шаруа аз-аздап жара­ты­лыстан оның баз бір жұмбағын тартып алып, баршаға тән жалпы шындықты ашады. Сон­дай-ақ, ұшақ та әуе жол­дарын салатын құрал, ол адамды мәңгі сауалдарға тәнті тұрғызады. Тұңғыш рет түнгі ұшқанымды еш­қашан да ұмытпаймын – бұл Аргентина үстінде болып еді. Көз түрткісіз түн басып, жазық үстінде шашылған сирек оттар ғана бейне бір жұлдыздар сияқты жылтылдайды. Бұл түнек теңізінде әрбір от адам рухының кереметін айғақтайды» (Аян Нысаналин аудармасы – Ред.). Еліктіріп алып барады. Кім екенімді, қайда тұрғанымды ұмытқан­дай­­­мын... Тереземнің сыртында ХХІ ға­сыр тұрғаны да естен шығып кеткен. Кітапты тапсыратын уақыттың өтіп бара жатқаны да, редакто­рым­ның  ас­ық­тырып, сылбырлығым үшін сынап, сыбап жатқаны да ұмыт қалған... Сөйткенше, кенет, тағы да түй­сікпен, белгісіз болжаммен мынаны түсіндім: жаңа ғана Экзюперидің бас­қа шығармасынан («Цитадель») үзін­ді оқыған екенмін, сол үзінді осы күн­дерде менің үстелімнің үстінен түс­пейтін кітаптың мән мәтініне өзгеше бір, шұғылалы әуен беріп тұрған үзіндісіндей баурап алған екен. Өз болжамыма тиянақ табуға асығып, мен жаңағы кітапты қолыма тез алдым: «Нұр­сұлтан Назарбаев. Қазақстан жолы». Алғы­сөзде, екінші азатжолдың өзінде әскери ұш­қыш, эстет, дана тұлғаның тасқа қашалғандай сөздері келтірілген: «Үйдің мән-жайын білгісі келіп бұзған адам оның қабырғасын қалаған кірпіштерін, төбесін жапқан қыш тақталарын ғана көреді, ал бірақ олардың талай уақыт бойы басқа пана, жанға сая болған рақатын көре алмайды. Егер осының барлығын біртұтас етіп біріктірген сәулетшінің ойлаған ойы бір сәтте ғайып болса, жаңағы жалаң кірпіш пен қыш тақталардан қандай тағылым болмақ? Тас екеш тастың өзі де адамның жүрегі мен жан жылулығын керек етпей ме?». Әрі қарай кітап авторы былай жалғап әкетеді: «Жұрттың көбі, әсіресе аға ұрпақ жақсы үй салудың оңай емес екендігін біледі. Ал біздің ортақ үйіміз – Қазақстан сияқты жас мемлекетті құрып орнықтыру бұдан әлдеқайда қиын болды». Өзім көргендей көз алдыма келе қалды: «Қазақстан жолының» авторы өзінің көлемді де шымыр кітабына бастау жасау, құлақ күй табу үшін мына мен сияқты кітап сөрелерінің алдында қинала сарсылған екен. Егер мен Экзюпери томына қолымды түйсікпен созсам, қалам ұстаған ағаның бұл қадамы өзектен өт­керілген, мақсатты қадам екен. Бұлай бола­тынының тағы бір себебі, мен қазір жазғалы отырған адам бала күнінен аспанды аңсаған, ұшқыш болғысы келген, сол мақсатына қол жеткізу үшін бәрін де жасап баққан. Оны тіпті ұшқыштар дайындайтын оқу орнына қабылдаған да, алайда ол Киевте болатын, алыстағы Киевке оны өзінің балалық, жастық дәурені өткен Шамалғанның ақса­қалдары жібермей қойған, сен осы жерге, туған жеріңе керексің, деген оған. Жасы үлкендерді сыйлап өскендіктен ол аға буынның айтқаны­нан шыға алмаған. Әйтсе де, өз арманының күйреп-қирағанына қиналған жас жігіттің бойын кернеп кеткен сол бір бөлекше сезімдерді шамалау қиын емес. Одан әрі қарай мен Рүстем Әбдірәшевтің сондайлық жан жылылығына толы «Балалық шағымның аспаны» фильмінің ауанына тағы бір сүңгіп шықсам деген тілегімнен бас тарта алмай қалдым да, қолым компьютерімнің жа­нында жатқан лазерлі дискіге қарай өзінен өзі созылды. «Алла-ай, біздің туған жеріміз қан­дай ғажап», деп ойладым мен фильм оқиға­лары өріліп жүре берген дисплейден көзімді ала алмаған күйі. Қазақ жерінің мұндайлық сұлулығы фильм операторының ғана еңбегі емес, әрине. Бұл сұлулықты, біздің тәңір тауларымызды – Іле Алатауын, оның баурайындағы адамның басын айналдырардай алқаптарды Жаратқан Иеміз жасаған. Бес жасар баланың құйттайынан білетін жартасқа шығып алып, құс ұшардай ту биіктен өзі туған Ұшқоңыр шатқалына көз тас­тайтыны, одан әрі қарай көгілдір мұнарға бө­ленген егістіктер мен жайылымдарға, көкжиек­пен астасып кететін жолға қарайтыны қандай бақыт, – деп ойладым мен. – Соның бәрінің үстінде аспан, Отанымыздың асқақ аспаны. Ол енді осынау асқақ та таза аспанның жан нұрландырар шуағын өз жүрегіне құйып алып, ересек өмірдің үлкен де тынышсыз жолына аттанады. Бұл фильмде естен шығуға айналған ескі суреттерді жадымызда жаңғыртып, мені ғана емес, бәрімізді де балалық шаққа қайта ор­алтқан көріністер тізбектеліп тұр. Жеті жасар Сұлтанның домбыраны алғаш ұстап, қолынан шығармай, қазақтың жанына өмір бойы серік болып өтетін құдіретті дыбыстарды соның шанағынан саууға әрекет етіп жатқан сәті жанарыма жас үйірді. Мен мынаған сенемін: Астанада, Ақ­ор­даның бір құпиялы қалта­рысында жұ­мысы соншама қат-қабат иесінің тым құрығанда он-он бес минөт уақыт бөліп, құндағынан шыға­руын, аңсарлы ішектерге қолын жайлап қана тигізуін күтіп домбыра тұр. Бұл сәттер оның өмірінің бақытты сәттері болады. Бәріміз  бала шақтан басталғанбыз. Ол өзін алдағы тағдыр қандай биіктерге көтерерін білмей тұрған кездің өзінде, жер жүзіне құс ұшар биіктен көз тастаған еді. Жастық шағының өзінде оның бойында көшбасшылық қасиет танылғаны фильмде шымыр да жұмыр жеткізілген. Көшбасшы болу – ауыр жүк. Индуизмде «көшбасшы кармасы» деген ұғым бар. Мені осы формуланың қолмен қашалғандай қалпы тәнті етеді. Көшбасшы деген, қашандағыдай, саясаткер, ал саясат – кәсіп, әрбір кәсіп сияқты ол да талантты тұғыр етеді, бөлекше шеберлікті талап етеді. Алайда, саясаткер табиғаты бойын­ша көшбасшы болса, ол толықтай тарихи жауапкершілікті өз мойнына алмай, тосын шықса да, дұрыс шешім ұсынуға әзірлік танытпай тұра алмайды. Нағыз көшбасшыларды даралап көрсететін сипат та осы. Көшбасшылар көптің қалпына сыймайды. Олар конвейермен құйылмайды. Олардың өз­дері сирек кездесетін, ұлт үшін өмірлік қажетті адамдар тобынан. Көшбасшылар деп біз «орташа сапалы», яғни көптің бірі бола алмайтын, көзге түспей қала алмайтын адамдарды айтамыз. Бұл айтылғанның бәрі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа толық қатысты, Елбасы – Ұлт көшбасшысы туралы заңнамаға түзету енгізілетін-енгізілмейтініне қарамастан. Нұрсұлтан Әбішұлымен осы тұста келіспеуге болмайды: «Ұлт көшбасшысы мәртебесін заңнамалық актілермен тиянақтаудың керегі жоқ». Көш­басшыларды тағайындамайды, көшбасшы болып қалыптасады. Сонымен, Президент, Қазақстан Қарулы Күш­терінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев елді өзі Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы лауазымын иеленген 1989 жылдан бері басқарып келеді. 1990 жылдың сәуірінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сес­сиясында оны республика Президенті етіп сайлаған. 1991 жылдың желтоқсанында, 1999-дың қаңтарында, 2005-тің жел­тоқсанында және 2011 жыл­­­дың сәуірінде Назарбаев бүкілхалықтық сайлауларда же­ңіп, Қазақстан Президенті болып сайланды. Жалпақ жұртқа мәлім жай­ды қайталағым келмейді-ақ, алайда, кітаптың жалпы түпкі ойына бағына отырып, оның өмірбаянының жалпы сұлба­сын айтып шығайын. 1940 жылдың 6 шілдесінде Алматы облысының Қаскелең ауда­нын­дағы Шамалған ауылында туған. Алты жасқа дейін Үш­қоңыр шатқалындағы Шұба­рат жайлауында өскен. Орта мектепті Қаскелеңде, сынып­тастарымен интернатта оқып жүріп бітірген. 1958 жылы ол комсо­мол­дық жолдамамен Қарағанды металлургия комбинатының құрылысына аттанады. Мұнда ол «Доменстрой» басқармасы­ның жұмысшысы болады. Дәл сол жылы металлург маман­дығын игеру үшін бір топ құрдастарымен бірге Укра­и­на­дағы Днепродзержинск техни­калық училищесіне түседі, арада бір жарым жыл өткенде Теміртауға қайтып оралады да, 1969 жылға дейін Қара­ған­ды металлургия комбинатында құю мәшинесінің шойыншы­сы, домна пешінің көрікшісі, диспетчер, газшы, домна пе­шінің аға газшысы болып жұмыс істейді. Көрікші Назарбаев домна пешінің жанында түскен атақты сурет бар. Иә, ол ұшқыш болған жоқ. Тағдыр жазбаған шығар. Әйт­се де, аспанға ұшу, әуеде қа­лық­тау сезімі оған бала күннен тән еді, ол сезім өмір бойы өзінде сақталып та қалды. Оның әкесі ауылдағы ұста еді, баласы жанынан қалмайтын көмекшісі бо­латын. Орақ, айыр деген сияқты ауыл шаруа­сына қажет бұйымдарды олар өз қолымен жасайтын, сонан да Нұрсұлтан құрыштың қалай құйылатынын жас күнінен біліп өсті. Кейін келе-келе құрыштың қалай балқыты­ла­тынын да көрді. Домнаның жанында көрікші болып тұрған адамның мінезі де, тегінде, беріктік сынағын аса жоғары температура режімінде өткізетін шығар. Тағдыр оған бұл орайда да ерте бастан көмектескен. Оның өзі Қазақстан Республи­касы аталатын алып ауқымды мемлекеттің басында тұратынын және өзінің халқын, өзінің елін күрделі әлеуметтік күйзелістердің көрі­гінен алып шығуға тиісті болатынын алдын ала көріп-білген деуге де келеді. Комсомол мүшесі, одан кейін жас коммунист, цех парторгы болған ол 1967 жылы Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы зауыт-втуздың кешкі бөлімшесін бітіріп, инженер-металлург мамандығын алып шықты. Одан кейін Қонаевпен тағдыр айқындай­тындай кездесу болды. Димаш Ахметұлы Қарағандыға өзінің аса маңызды мемлекеттік шаруаларымен келген еді. Металлургия комби­натында ол жас инженер-металлургті байқап қалды. Оны назарға алды. Мұның өзі онсыз да болайын деп тұрған инженердің келешек өмір бағдарын да айқындап берді. Назарбаев Жоғары партия мектебін сырттай оқып бітірді. Сол кездің өзінде оның, жоқ, мансапқорлық емес, тап көшбасшылық қасиет­тері таныла бастайды. 1973 жылы ол комбинат парткомының хатшысы, 1977 жылы Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы болды. 1979 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы қызметіне жоғарылатылды. 1984 жылдың наурызында Назарбаев Қазақ КСР Министрлер кеңесінің басшылығына келді. 1989 жылдың маусымында Қазақстан Ком­партиясы Орталық комитетінің бірінші хат­шысы лауазымын иеленді. 1990 жылдың ақпан айынан бастап әрі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сінің Төрағасы болды, ал 1990 жылдың сәуі­рінде республика Парламентінің бір сессия­сында Қазақ КСР-нің Президенті болып сай­ланды. Ақыр аяғында, 1991 жылдың 1 желтоқсанында Назарбаев Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің алғашқы бүкілхалықтық сайлауында жеңіп шықты. Осы қысқаша өмірбаяндық мағлұматты қорыта келіп, мен Президент Назарбаевтың егемен Қазақстан үшін жасаған аса маңызды жұмыстарының бірқатарын атап өтейін: - ел тәуелсіздікке қол жеткізді; - егемен Қазақстанның жаңа Конститу­ция­сы жасалды; - барлық көршілес елдермен мемлекеттік шекаралар делимитацияланды (әрі халық­ара­лық құқықпен заңдастырылды); - ядролық полигон жабылды; - ұлттық валюта енгізілді; - қос палаталы Парламент құрылды; - Қазақстан Республикасының Қарулы Күш­те­рі жасақталды; - жаңа астана тұрғызылды... Бұл арада орынды болатын жалғыз белгіні – көп нүктені қойып отырмын, өйткені Президент атқарған істің толық тізімін беріп шығу өте қиын-ақ. Ал енді ең басты жайға ауысайын, мұны айтпасам менің кітабым толыққанды еңбек болмайды. Біздің еліміздің бүкіл тарихы – бүгінгі күнгі биікке жетудің асулары, ал Елбасы тұлғасы мен істерінің ауқымдылығы оның өз ізашарларының биігінен де биікке көтеріле алғандығына байланысты. Оның ішкі және сыртқы саясаты, ел Президенті ретіндегі дара қасиеттері өз ізашарларының Ұлы Далада Қазақстан Республикасы атты тәуелсіз мемлекет құру ісіндегі көп ғасырлық тәжірибесінің сығындысы болып табылады.   Жасампаз жылдар Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақстан жолы» деген кітабын мен басынан аяғына дейін оқып шықтым. Иә, ол кәсіби жазушы емес, әйтсе де бұл кітап, автор қаласа да, қаламаса да, Герценнің «Оқиғалар мен ойлар» романындай болып шыққан. Кітапты оқып біткен кездегі «ойлар» әрқайсымызда әрқилы бола беретін шығар, ал біз бастан өткерген «оқиғалар» бәріміз, бүкіл қазақстандықтар үшін ортақ. Бар айырмасы, біз негізінен бәріміз дерлік болып жатқан оқиғаларды болмай қоймайтын жайдай, біздің билігіміз жүрмейтін нәрседей көріп, «ағыспен» жүзе бердік. Ал Назарбаев, мемлекет басында тұ­рып, алдымен өзін ойламай, елді, сіз бен бізді ойлады, жаңағы жайдың бәрін өзгертуге ты­рысты. Ел мүддесі үшін. Біздің әрқай­сымыз­дың мүддеміз үшін. Бұрынғының газетшілері іргелі мерей­тойлардың  қарсаңында «Үлкен жолдың белестері» деген тақырыппен айқайлатып берілетін айқара беттерді ұмыта қойған жоқ. Бүгінде мұны жымия отырып еске алуға болар, әйтсе де тақырып мәні жағынан дәл қойылатын. Тек ол кезде бәрі де байсалды түрде жасалатын, әзілдеуге орын жоқ еді. Тіпті қазір де, «Қазақстан жолы» кітабын кәдімгі бестселлердей қайталай оқып, бір тарау­дан бір тарауға ауыса отырып, мен ол кітаптың құрылымын уақыт сынынан өткен «Үлкен жолдың белестері» деп айқындаған болар едім. Оның әрбір тарауын елдің және бүгінде де мемлекет штурвалын берік ұстап отырған Президенттің өміріндегі жасампаздық белестері деп қабылдай аламын. «Тәуелсіздік стратегиясы» деп аталатын алғашқы тараудың өзі оқырманды өткен ға­сырдың соңғы онжылдығында Қазақстан жо­л­айрыққа түскен жаһандық проблемалардың толқынына сүңгітіп жібереді: «Егемен Қазақ­станның дүниеге келуі қарсаңында болған кезеңнің ерекшелігі сол, оны аса ірі мемлекеттік құрылым – Кеңестік социалистік республикалар одағының жан тәсілім кезіндегі жағдайымен салыстыруға болатын еді. Мемлекеттік құрылым экономикалық және саяси дағдарыстардан ес-түссіз талмау күйде болды, сол уақытта бұл ауыр үрдіске қоғамдық ақыл-ой тарихтың қысқаша курсына боямасыз жіті көзбен қарады да, әлеуметтік сана осынау ауыр көріністен біржола сансырап қалды». Әрі қарай былай дейді: «Аурудың» асқын­ғаны соншалықты, әлі күнге дейін бұрынғы КСРО-ның кейбір аймақтары осы ауыр жағ­дайдан шыға алмай, үрейге толы жаңалықтар мәліметтерінде планетаның «шиеленісті нүктесі» ретінде көрініс беруде. Міне, осыған байланысты менің есіме 2005 жылғы наурызда Грузия Президенті Михаил Саакашвилидің Қа­зақ­станға алғаш ресми сапармен келуі барысында бірге өткізген баспасөз конферен­циясы түседі. Ол сонда    жур­налистердің сұрақтарына жауап бере келіп, өз елінің тәуелсіздікпен өткен он бес жылын өлім халіндегі жан ағ­за­сына дем сала бастаған жағ­дайымен салыстырған еді. ТМД-ның бірқатар елдерінің экономикасы шамамен осын­дай жағдайда». Сөйтеді де тосын, бірақ әбден заңды түйін жасайды: «Бұл дегеніңіз біздің олардан 11-12 жыл алда екенімізді білдіреді». Әлеуметтік күйзеліс пен селқостықты, адамдардың пси­­хологиялық тұрғыдан шар­шап-шалдығуын біз де бастан кешкен болатынбыз. КСРО-ның апатты түрде ыдырауына байланысты біздің алдымызға да экономикалық жүйені тү­бірінен өзгерту ғана емес, жалпы мемлекеттік құрылым­ды, оның негізгі ұстын­да­рынан бастап, әрбір қазақ­стандықтың ойлау жүйесіне дейін өзгерту міндеті қой­ылған еді. Бізге өз даму жо­лымызды табу үшін өзіміздің неменеге ұмтылатынымызды айқындап алу қажет болды. Сол кезде  Президент «Қа­зақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен да­муының стратегиясын» жа­рия­лады. Алғашқы үш­жыл­дық жалпымемлекеттік жоспарға сәйкес би­ліктің мемлекеттік институттарын құру, халық­аралық аренада танылу, әртүрлі халықаралық ұйым­дарға кіру қажет болды. Иә, ол жан сақтау стратегиясы еді, әйтсе де дәл сол стратегия біздің кім екенімізді, таяу болашақта, алыс болашақта кім болаты­ны­мыз­ды айқындап берді. Ол қазақстандық ұлттың өзін өзі айқындауының арқауына айналды. Стратегия нарық экономикасын қалыптас­тыруды және адамның экономикалық тұрғыдан өзін өзі айқындауын жүзеге асыруға құқықтық шарттарды жасауды жария етті. Бұл арада Назарбаев серіктестерінің – сол кездегі вице-президент Ерік Асанбаев пен бір топ жас экономистердің: С.Ахановтың, Ө.Шөкеевтің, О.Жандосовтың, Г.Марченконың еңбегі елеулі. Олар осы құжаттың жобасын жасады, олардың алдына жоспарлы экономикадан нарықты экономикаға, тоталитаризмнен либералды саясатқа өту кезінде «ойлаудың тоқырауын» еңсеру талабы қойылды. Тәуелсіздік стратегиясының келесі қа­дамы 1994 жылғы «Президент меморан­ду­мы» бол­ды. Ол мемлекеттік биліктің жоғары буында­рын, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерді қалыптасқан жағдайды дәл пайымдауға, сындарлы жұмыс істеуді бас­тауға шақырды. Мұның өзі ақша-несие және банк жүйелерінде түбегейлі реформалар жасауды, мемлекеттік аппаратты қысқарту, әкімшілік саланы оң­тайландыру жөнінде бұрын-соңды болып көр­меген қадамдарға баруды көздейтін: біз 19 об­лыстан 14-ін, 230 ауданнан 169-ын қалдырдық. Ақыр аяғында, 1997 жылы ұзақ мерзімді «Қазақстан-2030» Стратегиясы өмірге келді, ол құжат Президенттің халыққа жыл сайын Жолдау арнау дәстүрін бастап берді. Кейінгі жылдарда «Бәсекеге қабілетті ұлт үшін» және «Қазақстанның әлемнің бәсекеге барынша қабілетті елу елінің қатарына қосылу стра­тегиясы» елеулі құжаттарға айналды. Б­үгінде Қазақстан 1995 жылғы Конституциямен өмір сүруде. Оның елдің әлеуметтік өмі­ріне әсері, ықпалды рөлі біз үшін өзіміз ты­ныстап жүрген ауадай табиғи жай. Ата Заңның негізінде жаңа заңнама қалыптасты, жаңар­тылған конституциялық құқық жасалды. Аза­маттық құқық жеке меншік пен еркін кәсіп­керліктің қарым-қатынасын реттеп отырады. Бәрі осылай, бәрі кәдуілгі және үйреншікті. Ал кітаптың «1995 жылғы Конституция» деген тарауын оқыдым да, бәрі қаншалықты оңайға түспегенін, Жоғарғы Кеңес заңсыз деп танылған күрделі тұста республиканың Негізгі Заңын жаңадан жасау жұмысын қолға алу үшін Президентке қаншалықты шыдамдылық, та­бан­дылық, даналық көрсету керек болғанын көріп таң қалдым. Иә, Б.Мұхамеджанов, Н.Шәйкенов сияқты серіктестер, Ю.Басин, Ғ.Сапарғалиев, М.Сү­лей­менов сияқты көрнекті заңгерлер жанында болды. Олардың бәрінің үстінен Президенттің ерік-жігері, оның қырағы қадағалауы мен назары қарап тұрды. Екі апталық демалысты пайдаланып, ол, тәжірибесін ескеру үшін, жиырма елдің конституцияларын мұқият зерттеп, конспектілеп шықты. Біздің Конституциямыздың барлық қа­ғидалары қазақстандықтардың менталитетіне, қазақ халқының озық дәстүрлеріне және біз бағыт ұстаған болашаққа сәйкес болуға тиіс деген аса биік мақсат алға қойылды. Президент шындықтың жүзіне тіке қарай алады және әр нәрсені өз атымен атаудан қаймықпайды. Иә, мұнай байлығы біздің эко­номикалық табысымыздың іргетасы бол­ғаны рас. Иә, экономика қалыптасуының алғашқы белесінде біз энергия қуаттары мен металл экспортын пайдалануға мәжбүр болғанымыз рас. Дамудың келесі белесінде, өзіміздің экспорт ресурстарының әлеуетіне сүйене отырып, біз экономиканы жоғары технологиялар мен инновациялар негізінде құрамыз, қайта өңдеу мен шикізатты кәдеге жарату индус­триясын өркендетеміз. Ал қазір ше... Бүгінде әлемдік аренада біз шикізат ресурстарын экспортқа шығаруға бейімделген ел ретінде белгіліміз. Бұл жағдайдан атымен бас бұру алыстан ойламаушылық болар еді. Аллаға шүкір, әлем біздің осынымызға мүд­делі, тек қолда бар ресурстарды елдің, халық­тың игілігіне ақылмен жұмсай білуіміз керек. «Қара алтын» байлық па, бәленің басы ма деген баламалық сұрақтың жауабы осыған байланысты. Таңғаларлық жай, алайда «Каспий үшін күрес және мұнай дүмпуі» деген тарауды қай­талай оқи отырып, мен өзімнің ақыл-пара­сатым қуаты арта түскен компьютердей жұмыс істей бастағанын, ал жадымның аумағы бірнеше жүз гигабайтқа көбейгенін сезіндім. Кейбір мәтіндер осындай жағымды жақсылыққа қарай жақындатады. Әйтсе де, әлсіздігімізді де мойындайын: менің бойымдағы тоғышарлық түгесіліп бітпеген екен. Әйтпесе, «Теңге – біздің тәуелсіздік нышанымыз» деген тарауға соншама шыдам­сыздықпен ұмтылатынымды басқаша қалай түсіндіруге болады? Тақырыптың айшықты­лығы анық, алайда біз рубль аймағынан шығудың, рубльді теңгеге айырбастаудың, жаңа валютаға үйренудің, оған байланысты қуаныштар мен қауіптенудің қалай өткенін білеміз ғой. Қампайды ма, қағылды ма деп  қалтамызды жанталаса сипалаған кездеріміз есімізде. Сол қалтаға аяқ астынан түсе қалған нәрсенің салмағы қанша? Мен кітаптың теңге туралы тарауын Агата Кристи мен Жорж Сименонның тартымды ро­манындай оқыдым. Менің көз алдымда ынтық­тық кернеуі жағынан Шекспир драмаларына немесе Пушкиннің «Борис Годуновына» тең келетіндей оқиғалар көлденеңдеп өтіп жатты. Маған тым асыра айтып отырсың деген айып тағылуы мүмкін. Әйтсе де, бізбен бірге өмір сүріп жатқан азаматтарымыздың көпшілігі сол қаржы реформасының көрігінен өтті, тек өздерін өздері сақтап қалу үшін пешенесіне жазылған сол толғаныс-күйзелістерді ұмытуға тырыса білді. Президент оны ұмыта алмайды. Сөйтіп, біздің көз алдымызда нағыз детективке лайықты айла-шарғылар өтіп жатады. Онда құпия тыңшылар да, сатқындық та, бекзаттық та, болмай қоймайтындай көрінген апатты күту де, сюжет құраудың ағылшындық рецептіне жақын келетін «happy end» те бар. Бұған осы іске теңгенің дүниеге келуінің басында жүрген Дәулет Сембаев пен сол кезде премьер-министр қызметін атқарған Сергей Терещен­коның қатысуы да септесті, ұлттық валютаны енгізуге байланысты қиындықтардың үлкен салмағы соның иығына түскен болатын. Әйтсе де, осының бәрінің үстінен сол сюжетті, сол интриганы қолдан жасауға мәжбүр болған, басын бәйгеге тігіп, тәуекелге басып, бар жауапкершілікті өз мойнына алған адам­ның қуатты тұлғасы өзінен өзі зорайып көрініп тұрады. Ол адам сын сағатта сыр алдырмады. Бәріне төтеп берді де, жеңіп шықты. Сол бір тағдыршешті сынақтар қазіргі Қазақстанның ұлттық валютаға, дербес қаржы жүйесіне жетер жолында алдан шықпай қой­майтын еді дегенді біз қазір ғана түсініп отырмыз. Оларсыз ел нағыз егемен ел бола алмас еді. Жекешелендірудің тарих таразысына тар­тыл­ған кезі... Қазақстандық болашақ ұрпақ қоры... Жер мәселесінің эволюциясы... Осы проблемалардың барлығының шешімін өзінің иығына артып алу үшін адамның бойында қандайлық қуатты энергетика болуға тиісті десеңізші... Уинстон Черчилль Екінші дүниежүзілік со­ғыстың басында өз халқына арнау сөзінде шамамен мынаны айтқан: сіздерге жеңіл жеңісті уәде ете алмаймын, сіздер ұтылыстың уытын жұтып, барлық қиындықты еңсеруге тиістісіздер... Бәлкім, оның өз сөздері сәл басқаша шығар, дегенмен мәні сол. Оны айтқан адам да жауапкершіліктің бүкіл салмағын өз мойнына салған еді. Тағы да менің бойымда тоғышар бас көтеріп келеді. Заңдық күші бар «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» Жарлық шыққан күн есімде. Сол күні мен Көктөбеге көтерілген едім, осы жаңалықты сол жерде транзистордан естідім. Қаланың жалпы суретіне, көкжиекпен астасып жатқан алыс қиыр­ларға қарадым. Мен бұл жерден алыста дүниеге келгенмін, алайда Алматыда өмір сүрген жылдарымда осы қала менің жаныма жақын болып кетті. Астананы Ақмолаға ауыстыруға қарсы болдым дей қоймаспын, олай емес. Әйтсе де, осы кез дәл мұндай кеуделі жобаларды жүзеге асыра­тын кез бе? Одан да көкейкесті, одан да маңызды проблемалар бар ғой. Содан кейін ойлағаным – бұл жерден астананы алып кетеді, Алматы қаусап-күйреп, жөнделмеген-жинал­ма­ған күй қала береді, тозығы жеткен провинция­лық шет аймаққа айналады. Талайлар осылай ойлады. Бәлкім, жұрттың бәрі дерлік осылай ойлаған шығар. Осылай ойламаған жалғыз адам заң күші бар Жарлыққа қол қойған адам болуы да мүмкін. Бүгін мен Жарлыққа қол қойған адамнан басқалардың бәрінің ойы қате болып шыққанына қуа­ныш­тымын. Мені оның ерік-жігері, рух күші тағы да таң қалдырады. Жүрек жұтқан ерлігі қайран қалдырады. Бигелді ҒАБДУЛЛИН. Бексейіт ТҮЛКИЕВ. «Ұлы көш» картинасынан.