19 Қазан, 2011

Жаһанданудың үйлесімді үрдістері

362 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Рухани келісім күніне арналған «Рухани мә­де­ниет – әлемді жаңартудың кілті. Рухани келісімге бағыт­тал­ған 20 жыл» атты бүкіләлемдік мәдениет форумына қатысқан Ресей, Америка, Түркия, Иран, Аргентина, Австрия, Германия, Украина, Үндістан мен Орталық Азия елдерінің мәдениет пен өнер майталмандары, түрлі діни конфессиялар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері «Риксос» қонақ үйінде жайылған қайырымдылық дастарқанында ізгілік пен қайырымды істерге ортақтасу құрметіне ие болды. Мәдени бағдарлама бойынша қонақтар Арманд Ассантенің (АҚШ) «Қазақстан Голливуд жұлдыздарының көзімен» атты деректі фильмінің тұсаукесерін тамашалап, КСРО халық әртісі Иосиф Кобзонның өнерімен ұштасқан мерекелік кешке қатысты. Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумының қашанда халықаралық мәдени басқосулардың орталығына айналып жататын Бейбітшілік және келісім сарайында өтуінің өзі бұл шараның түпкі мақсат-мүдде­сін айқын аңғартып тұрғандай. Жиында Парламент Сенатының депутаты, халықаралық «Рухани ке­лісім конгресі» қоғамдық қо­ры­ның президенті Төлеген Мұхамед­жанов Рухани келісім күніне байланысты өз ойын қысқаша түйіндеп өткеннен кейін сөз Парламент Сенаты Төрағасының орын­ба­сары Мұхамбет Көпеевке берілді. Ол Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өтіп отырған осынау айтулы шараның маңыз­ды­лығына жан-жақты тоқтала келіп, Сенат Төрағасы Қайрат Мәмидің руханият форумы қонақтарына жол­даған хатын оқып берді. «Ресей халқы ассамблеясы» жалпы­ресей­лік ұйымының төрағасы, Мәскеу мемлекеттік мәдениет және өнер институтының ректоры Рамазан Абдулатипов «Рухани мәдениет – әлемді жаңартудың кілті» деген тақырыпта баяндама жасады. «Біз түрлі қақтығыстар мен ой қарама-қайшылықтары, әділетсіздік пен қысымдық әрекеттер бой көрсет­кен қоғамда өмір сүріп отырмыз. Мұндай келеңсіз жайттар жер ша­рының кез келген бөлігінде халық­тың наразылығын тудырмай тұр­май­ды. Ендеше, оған қарсы қандай да әрекет болсын ұдайы жаңа сипатқа ие болып отыруы керек. Бұл .үшін әділетсіздікпен күрестің өзіне жаңаша көзқарас керектігін уақыттың өзі талап етіп отыр. Бү­гінгі өмірлік мәселелерді түбегейлі өзгертпей, адамзат өркениетінің келешегі кемел болады деп айта алмаймыз. Әлемді түрлі қауіп-қатерлерден құтқарудың жалғыз-ақ амалы бар: ол – рухани құн­ды­лықтар арқылы жақындасу, адамдар арасындағы өзара ынтымақ­тас­тық пен мәдени байланыстарды нығайту болып табылады» деген ресейлік қонақ Астанада өтіп жатқан форум адамзат баласының тарихында жаңа ке­зеңнің бастал­ғанын көрсетеді деп тұжырды. Түп­теп келгенде, жер бетіндегі барлық тіршілік иесі бір-бірінің рухани байлықтарын ба­рын­ша қадір­леп, бағалауы арқылы ғана өзде­рінің мызғымас тұрмысы мен өмірлік қағидаларын тұрақ­тан­дыра алады деген пайым алға тар­тылды. Астана өткен жылы да дәл осы мезгілде мәдениет пен өнердің небір айтулы тұлғаларының ой ала­ңына айналып, соғыс өрті мен қақтығыстардың, есірткі мен адам баласы санасын азғыратын басқа да түрлі залалды құбылыстардың алдын алу мақсатында көпшілікке үндеу арнаған болатын. Бұл ретте Қазақ елі астанасының өзінің сон­да­ғы байсалды байламы мен жар­қын келбетіне берік күйінде қала беретіні әрбір қазақстандықтың кеу­десін мақтаныш сезіміне толты­ра­тыны айтылды. Қайырымдылық, махаббат, әділеттілік пен жасам­паз­дық қасиеттерін ұрпақтан ұр­пақ­қа жалғастыру әр адамның алдына қойған басты мақсатына айналуы тиіс. Рухани мәдениетке негізделмеген өмірдің аяғы құр­дымға кетіп тынады. Сондық­тан да адамның жан байлығы қай қоғамда да алдыңғы орынға қойылып келді. Бүгін бәріміздің тағы да бас қосып отырғандағы мақсатымыз жалғыз-ақ нәрсе – рухани жаңғыру мәселесі. Бүкіләлемдік мәдениет форумы ХХІ ғасырды рухани ағар­ту ғасыры деп жария еткені мәлім. Осыған байланысты әлі біздің бірлесе тізе қосып атқаратын шаруа­ларымыз ұшан-теңіз. «Культура» деген сөздің түп төркіні өте терең мағынаны білдіреді. Бұл бізді жа­сампаздыққа, жарқын болашаққа қызмет етуге шақырады. Саясаткерлер мәдениетті баға жетпес байлық деп бағалағаны абзал деген баяндамашы бейбіт өмір мен ты­ныштық жырын әлемге паш етуде басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанның алатын орны ерекше екенін атап өтті. Қонақ мұның бәрі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зарбаевтың жүргізіп отырған сарабдал саясаты мен Қазақстан хал­қының біртұтас бірлігінің арқасы екеніне айрықша тоқталды. Қазақ елі мұндай нәтижеге аз уақытта қол жеткізе салмағаны белгілі. Тарих қойнауынан небір құнды жау­һар­лар табылуда. Б.д.д. VI-VII ғасырлардан сыр шертетін ар­хеологиялық қазба байлықтары бұл өңірде жазу мәдениеті бұдан қаншама ғасырлар бұрын пайда болғанын көрсетеді, көне мұ­ралар ежелгі мәдениеттің орта­лы­ғы да осы жер болғанына күмән келтіртпейді, дейді форумға қа­тысушы. КСРО халық әртісі Иосиф Кобзон өзінің былтыр да осы форумда сөз сөйлегенін, бейбітшілік рухын жырлайтын қандай да іс-шараға үн қатуға дайын екенін жеткізді. Мә­де­ниеттің өзегі рухани ізгілікте деп атап көрсетті. Сондықтан да бұл форум өзінің әлем алдындағы бо­рышын абыроймен атқарып келеді деген ой білдірді. Мәдениет пен өнер қашанда адамзаттың жарқын болашағы үшін қызмет етіп келеді. Бұл жолда Қазақстанның жарқын бастамасы өзгелерге үлгі болуы ке­ректігін назарға салды. БҰҰ жанындағы бүкіләлемдік дін өкіл­дері кеңесінің бас хатшысы Бава Джейн Қазақстан ядролық қарудан түбегейлі бас тартқан дүние ­жүзіндегі ең алғашқы ел деп баға берді. Осы бағытынан-ақ мұн­да­ғы халықтың көздегені бейбіт өмір мен тыныштық екені айқын аң­ға­рылады. Бүкіл адамзат ба­ла­сы­на қауіп төндіріп отырған мұндай алапат қарудан бас тар­ту­дың өзі кемел басшысы бар елдің ғана қо­лы­нан келетін іс деп пайымдады. Рухани мәдениетте діннің ерекше рөл атқаратынына көңіл бөлді. Сөзінің соңын американ ақынының адам­затты парасаттылыққа үндейтін отты жырымен түйіндеді. Дін істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шәріп дін әлеуметтік-құқықтық реттеуші ретінде қалып­тасып келе жатыр дей келіп, ис­лам­ның қай кезде де бірлік пен бейбітшілікке, қайырымдылық пен иман­дылыққа қызмет еткенін еске сал­ды. Кейбір еуроцентристік пиғыл­да­ғы кертартпа көзқарастардың исламды адамзат өркениетіне кере­ғар оймен әшкерелеп көрсетуге тырысып бағып жатуы да тегін емес. Мұндай ислам қағидаларына қарадай күйе жағып, адам шо­шыр­лық етіп көрсетуге тырысатын кез келген әрекеттің ар жағында халық пен халықты, дін мен дінді бір-біріне қарсы қоюға ұмтылған жан­дар­дың жат пиғылы жатқанын аң­ғару қиын емес. Дінге деген мұн­дай экстремистік шабуыл барша адамзат баласын толғандыратын бас­ты мәселеге айналып отыр. Бұл ғасыр қантөгістер мен қақтығыстар дәуірі емес, халықты қайырым­ды­лыққа үндейтін кезеңге айналуы керек. Елорда төріне дүние жүзі­нен мәдениет пен руханияттың осын­шама танымал тұлғаларын жи­ып отырғандағы көздеген мақ­сат та сонда екенін форумда сөз сөй­леген қонақтардың бәрі атап өтті. Америкалық қонақ Арманд Ассантенің ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тартуы ретіндегі «Даламен сырласу» деректі туындысы осы шараның ең басты оқиғасы деу­ге лайық. Қазақстан туралы кино­ның басты ерекшелігі – Қазақ елі­нің басынан өткерген тарих-талай­ын басқа бір елдің азаматының көз­қарасымен бағамдау бұрын-соңды кино үрдісімізде көп кездесе бермейтін бастама еді. Күні кеше осы фильмнің Нью-Йорк қала­сын­да тұсауы кесілгені баспасөз беттерінде жұртшылықты қуанышқа кенелтіп жатыр. 20 минөттік оқиға желісі қыран құсты білегіне қон­дырған қазақ жігітінің отты, қайсар рухқа толы жанарындағы өрлікті бейнелеумен өріліп, Невада-Семей полигонының қазақ жеріне келтірген қасіретін, адам қолымен жа­сал­ған алапат зұлматты бүкіл адамзат баласының қарсы үніне айнал­ды­рып жібереді. Тәуелсіздік тұғырын бекіткен еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың са­лиқалы саясатының нәтижесі – түрлі этносаралық татулық пен бірлікті, ізгі қарым-қатынасты оқиғаға өзек етуімен қызғылықты. Форум­ға қатысқан Арманд Ассантені көрерменге таныстырып жату, әри­не, артығырақ болар. Актер өнері жұртқа «Одиссей», «Бонапарт пен Жозефина» сияқты әлемге кең та­раған көркем туындылар арқылы өте таныс. Өткен жылғы форумда түсірілімі басталып кеткен фильм­нің араға бір жыл салып, осы кеш­те салтанатты жағдайда тұсауы­ның кесілуі Голливуд актеріне деген құрметімізді бұрынғыдан да асыра түсері сөзсіз. Американың танымал актері Питер Гриннің «Мені Арманд Ассанте мен оның қазақстандық достары жасаған фильм таңғалдырды. Өзімді жас баладай сезіндім. Бұл фильм жаңа білімге деген құмарлығымды оята­ды. Оны ең алдымен балалар көру­ге тиіс. Фильмді мектептерде көр­се­ту керек – өйткені, ол болашаққа деген үміт пен сенім туралы әң­гімелейді» деп сүйсініс білдіруінің өзі жай болмаса керек. Сонымен, форумға әлемнің 27 елінен келген делегаттар бір үстелдің басында адамзатқа ортақ құн­дылықтар ту­ралы ойларын ортаға салды. 1997 жылы республикалық деңгейдегі қайырымдылық асына бір мезгілде 60 мың отандасымыз қатысқан екен. Сол дәстүрдің жалғасындай мерекелік ас «Әлемде бейбітшілік, ауызбірлік пен сүйіспеншілік ор­на­сын!» деген тілектермен биыл тағы да жұртты жұмылдырып жатқаны қуанышты ғой, әрине, алайда біз сол қайырымдылық оты бір күн­мен өшіп қалмай, әр адамның жү­ре­гін мәңгі жылытып тұрғай деп тілейміз. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.