21 Қазан, 2011

Алаш ұраны

1213 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бүгінгі жұрт самарқау. За­ман­­дастарымыз бейқам, енжар. Нарық, нарық деп парықтан кетіп барамыз. Осылай  айтатындар аз емес. Осылай айтатындардың біразы алдыңғы күні Астанадағы Кон­гресс-Холл сарайында өткен Бекболат Тілеуханның «Алаш ұраны» атты шығармашылық кешіне қатысқан болса, райынан қайтқан шығар деп ойлаймыз. Ол кеш Бекболаттың бүгінгі бір биігін көрсетіп қана қойған жоқ, ол кеш қазіргі қазақ рухының деңгей-дәрежесін де біршама  танытып берді. Бекболат Тілеуханның әнші­лі­гі, композиторлығы, қоғамдық белсенділігі жайында айтып жату көзі қарақты оқырман үшін артық та болар. Алайда, кештің талай тұсында өрелі өнер иесі­нің асқақ үнімен де, жүрегінің терең түкпірлерінен шымырлап шыққан, шырқырап айтқан өз шындығымен де тыңдаушы­лар­дың жан дүниесін сілкіп-сілкіп жібергенін, бүкіл залды қанат­тан­дырып әкеткенін тағы да ра­зы­лықпен атап өтудің жөні бар. Рас, кейінгі кезде сан түрлі себептерге байланысты БАҚ бетінде, Интернет сайттарында біресе мақталып, біресе датталып жатқан Бекболатқа қоғамдық өмірдің әр қырына қатысты көп­те­ген сұрақтардың қойылуы кеш­ті өзіндік төл  сипатынан алыс­татып әкеткен тұстар да болды, Бекболаттың өзінің шы­ғар­машы­лық кешті саясиландыруға, сах­на­ны көптің көкейінде жүрген біраз сауалдарға жауап қайтаруға пайдаланып қалудан кет әрі еместігі де кей-кейде көрініп тұрды.  Алайда, дұрыс айтса да, бұрыс айтса да сөзіне қалың халық құлақ түрмей қоймайтын азаматтың жүрекжарды үнін кей­де еліте, кейде еліге, кейде же­лі­ге тыңдаған жастардың қо­ғам­ды толғандырар тақырып­тарға назары сол кеште арта түскені анық. Бір жақсысы, Бекболат Ті­леу­хан сол кеште бәрін өзі білетіндей, шындықты жалғыз өзі тілетіндей болып сөйлеген жоқ. Өнер адамы, эмоция иесі ретінде артық айтып, кем түсіп жа­та­тын жайлары бар екенін де жа­сыр­мады. Сондықтан да оның сөзі залды кернеп кеткен жұрт­шылықтың (үш сағатқа созыл­ған кешті тікесінен тік тұрып тыңда­ған адамдарды айтпаған­да, залға кіре алмай сыртта қал­ған­дар қаншама десеңізші!) жү­регіне жетіп, көңілінен орын тауып жатты. Мұның өзі ел адамына айналған тұлғалардың халық алдындағы әрбір сөзіне айрықша жауапкершілікпен қарауы шарт екенін тағы да дәлелдей түседі. Ең бастысы, Бекболат бабын­да екенін көрсетті. Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде  көп жұмыс атқара жүріп, әнші­лік деңгейін төмендетпегенін таныт­ты. Шын мәнінде,  Бекболат үні Алаш ұранына айналды.  Кеш иесінің  өзі «Патшамыздың жан-жүрегін жарып шыққан сөз ғой» деп бастап, «Елім менің» әнінің асқақ әуенімен аяқталған сол кеш халқымыздың бойын­дағы елдік мінездің Тәуелсіз­діктің жиырма жылдығы қарсаңында кемеліне келе түскенін көрсетіп берді. «Егемен-ақпарат».