21 Қазан, 2011

Адалдық

339 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Өзге жұрт қаржы саласынан нәсіп тапқандардың жұмысын оңай деп ой­лайтын секілді. Бұрын шотты тарсыл­датып соғып отырады деуші еді. Енді бүгін барлық есеп-қисапты калькулятормен тез есептейді дейді. Шынды­­ғын­да дәл солай емес. Әсіресе, бюд­­жет­тің кірісі мен шығысын, нақты­­­лан­ған бюджеттің орындалысын қадағалау үшін біліктілік, тіпті тәжірибе де қа­жет. Мұны Атырау облыстық қаржы басқармасының бастығы Бауыржан Жан­теміровтің күнделікті атқаратын жұмысына ерекше құштарлықпен кірісетініне байланысты айтып отырмыз. Бауыржан Ересұлымен әкімдікте өтетін түрлі басқосуларда бас изесіп қана амандасатынымыз болмаса, жа­қын араластығымыз жоқ. Бірақ бұл кі­сінің үлкенге – құрмет, кішіге – ізет танытатын қарапайымдылығы сырт көзге байқалып-ақ тұрады. Қарсы жо­лық­қан адамға құдды күнде көретін та­нысын, не туысын кездестіргендей жы­лы­ұшырай қарайтын дөңгелек жүзінен бір шуақ шашылып тұратындай. Бұл бәлкім, ата-анасының өнегелік тәрбие­сі­нің жемісі болар деп топшылаймыз. – Әкем Ұлы Отан соғысының ардагері болатын, – деп еске алады ол. – 1943 жылдың басында Орал өңіріндегі Бұлан ауылынан майданға аттанған ғой. Содан Балтық теңізі жағалау­ын­да­ғы портты қала – Кенигсбергке дейінгі майдан жолында жауға қарсы шайқас­қан. Бұл қаланы кеңес әскерлері 1945 жылғы 6 сәуірде азат еткен. Әкеміз елге 1946 жылдың күзіне таман оралыпты. Ерес қария елге оралысымен соғыс жылдарында әбден күйзелген халық шаруашылығын өркендетуге бел шеше кірісіпті. Әуелі Орал өңірінде, кейіннен Ақтөбе облысында абыройлы ең­­бек етіпті. Мәреш жарымен 8 ұл-қыз тәрбиелеген Ерес қария бала­ларына: «Ешкімнің ала жібін аттамаң­дар. Әрқа­шан адал болыңдар», дегенді ұдайы өсиет етеді екен. Балаларының бәрі де жоғары білім алып, әке өсие­тіне адал­дықтан шалт басқан кезі жоқ. Қазір жасы сексеннің сеңгірінен асқан анасы Мәреш өзінен өрбіген бала­ларының жапырақ жайып, абыройлы еңбек етіп жүргеніне тәубе, дейді. Әкесінің өзгеге мейірімділік таны­ту, өз жұмысын құштарлықпен атқару секілді қасиеттері Баукеңе де жұғысты болғандай. Емен есіктің арғы жағында шіреніп отыратын, біреу кірсе сыздана қалатын кей шенеуніктердей емес, Бау­ыржан Ересұлы қабылдауына келген адамды жылы шыраймен қарсы алады. Өтінішін мұқият тыңдайды. Ол тек сырттан келушілерге ғана емес, өзі басқаратын ұжым қызметкерлеріне дәл солай ілтипат көрсетеді. Әсіресе, жас мамандардың қаржы сала­сының ұңғыл-шұңғылына қанығуына баса мән береді. Басқаша айтқанда, шәкірт қолына алғаш қалам ұс­­­тат­­­қан ұстаздай тәрбиелейді. – Өйткені, кезінде өзім де Мұхамеджан Нұрпейі­сов, Сердіғали Бердешов, Үкітай Байжомартов секілді қаржы саласының білгірлерінен тәлім-тәрбие ал­дым, – дейді облыстық қар­жы басқармасының басты­ғы Бауыржан Ересұлы сонау 70-ші жылдарға ойша шолу жасап. – Міне, осы ұстаздарым: «Қаржыгер алғыр, адал, өзгеден жауапкершілікті талап ету үшін алдымен, өзі тәртіпті болуы керек», деп отыратын. «Талабы бар жастарды көрсең, ізіңді басар шә­кірт ретінде тәрбиеле», дегенді үнемі айтушы еді. Қырық жылдай осы салада еңбек етіп, жемісін көр­дім десем, бұл – маған сенім артқан ұстаз­да­рым­ның өнегесі. Бауыржан Ересұ­лы­­ның өзі айтқандай, қар­жы саласындағы еңбек өтілі 40 жылға таяпты. Алматыдағы халық ша­руашылығы институтын бітіргелі бері осы саладан табан аударған жоқ. Көп жыл Ақтөбе облыс­тық қаржы басқарма­сын­да тәжірибе жина­ды. Басшы да болды. Ал Атырау облыстық қар­жы басқармасына 2002 жылдан бері жетекшілік етеді. «Сол жылдары бізде маман жетіспейтін. Бас­қарма штатының 50 пайыздайы бос тұ­ратын. Бірақ алыстан ешкімді әкелген жоқпын. Жергілікті жердегі оқу ор­ын­да­рын бітірген жастарды жұмысқа қа­былдап, тәрбиелеп келемін», дейді ол. Шәкірт демекші, Баукеңнің көп жыл­дық еңбек тәжірибесінен тәлім ал­ғандар көп. Солардың бірі Амантай Айт­баев қалалық қаржы бөлімін бас­қарды, қазір қала әкімінің орынбасары. Үміт күтетіндері де аз емес. Солардың қатарындағы Шынар Мақсотқызы Елеу­сінованы өзіне бірінші орынба­сар­лыққа ұсынды. Баян Сабырғалиева мен Серік Демегенов те Баукеңнің тәрбие­сінде жетіліп, бұл күндері аталған бас­қармада орынбасарлық лауазымына дейін көтерілді. Рас, адамның бәрі бірдей емес қой, қаржы есептеудің қиынды­ғы­на төселе алмай, өзге жұмысқа ауысып кеткендері де кездесіпті. «Таудай та­лап­ты жастар аз емес. Сол жастарды тәрбиелеуден қашпаймын. Жастар қа­лай тәрбиелесең, солай қалыптасады. Алдымен, оларды тәртіпке, алғырлық­қа, тапсырылған жұмысты уақытында орындауға үйрету парыз. Бұл мемлекеттік қызметкердің имиджіне нұқсан келтірмеу үшін басты қағида болуы тиіс», дегенді де қосып қояды әңгіме арасында Баукең. Тәртіп дегенге байланысты мынаны баса айта алар едік. Ай сайын облыс­тық тәртіптік кеңестің отырысы өтеді. Осы кеңестің жұмысы жанданғаннан бергі 7-8 жылдың ішінде облыстық қар­жы басқармасы қызметкерлерінің «Мем­лекеттік қызмет туралы» Заң та­ла­бын бұзғанына қатысты іс қарал­мап­ты. Сыбайлас жемқорлыққа ыңғай беретін факті де тіркелмеген. Демек, Бау­к­ең басқаратын басқармада қалыптас­қан тәртіп, мемлекеттік қызметтің беделін көтеруге ұмтылыс өзгелерге үлгі-өнеге болса дейсің. Ал Бауыржан Ересұлының өзі таң­даған мамандығына адалдығынан ай­ны­мауын үйренерлік үрдіс ретінде қа­былдасақ артық па! Әйтпесе, қазір кей мамандық иелерінің үлкені де, кішісі де көбірек жалақы төлейтін жұмысқа ауысатынын жиі кездестіреміз. Тіпті, мамандығын өзгертіп жататындары да бар. Осы тұрғыдан айтқанда, қаржы саласынан мол тәжірибе жинаған, ең бастысы, өзгелер қаржы ісінің білгірі деп атайтын Баукеңнің мамандығына деген құштарлығы саябырлаған емес. Сол құштарлықтың, адалдықтың жемісі шығар, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Оны қаумалайтын достары да, шәкірттері де көп. – Ұлағатқа толы өнегелі тәрбиесін бер­ген ата-анамның, тәлімін үйреткен ұс­таздарымның абыройына дақ түсір­меу – басты қағидам. Балаларымды да, шәкір­т­терімді де солай тәрбиелеймін, – дейді жары Күнжәмиламен бірге ұл-қы­­зы­нан өрбіген жеті немеренің бал қы­лы­ғын қызықтар ата жасына жеткен Баукең. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.
Соңғы жаңалықтар