21 Қазан, 2011

Жүзімдіктердегі жүйелі жұмыс

361 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Азық-түлік молшылығын жа­сау­дың басым бағыттарын басшы­лыққа алған Еңбекшіқазақ ауда­нын­да шағын шаруашылықтарды дамы­ту қолға алынған. Кластерлік жүйе­мен жұмысын бастаған кәсіп­орын­дар соңғы жылдары жүзімдік­терді қалпына келтіре бастады. Ауданда 4000 гектар алқапқа жүзім өсірілсе, оның 1500 гектары «Голд­продукт» акционерлік қоғамының еншісінде. «Голдпродукт» акционерлік қо­ға­мы саланы 1997 жылдан бері да­мытуды қолға алған. Ол кезде ал­қап­тар қараусыз еді. Жекелеген шаруаларда үш-төрт гектардан ғана жүзімдік алқаптар болды. Шарап пен шырын өндіретін кәсіпорын зауыты үшін аз мөлшерде ғана өнім өткізген бағбандармен жұмыс істеу тиімсіз екені белгілі. Осы кезде зауытты шикізатпен қамтамасыз етуді өз қолдарына алған ұжым жекешелендіру кезінде қараусыз қал­ған жүзімдік алқаптарды қалпына келтіру жұмыстарына бел шеше кірісіпті. Қазір акционерлік қоғамның бел­сенді еңбегі арқасында ауданда­ғы 1500 гектар жүзімдік алқап өнім беріп, тұтынушының қажетін аш­қан. Оның үстіне осындағы халық көктемнен бастап, күз түскенше жүзімдіктерде еңбек етеді. Айлық­тары да жақсы. – Елбасы өнімді өсіруден бастап, өңдеудегі кластерлік жүйені да­­мы­туды міндеттегені белгілі. Сон­­дықтан осы бағытта аянбай жұ­мыс істеудеміз. Өнімді күтіп-бап­тап өсіреміз, өңдейміз, сапалы азық-түлік түрлерін дүкен сөреле­ріне жібереміз. Бұл бүгінгі күннің талабы, – дейді «Голдпродукт» акционерлік қоғамының бөлім бастығы Яков Кунц. Акционерлік қоғамның жүзім шаруашылығымен айналысатын арнайы бөлімі бар. Мұндағы мамандар Грузия, Франция елдерінің тәжірибесімен алқаптарды кеңей­ту­мен қатар жаңа сорттарды енгізуге де ден қойған. Әсіресе, жүзімнің асханалық түріне қарағанда техни­калық сорттарын өңдеу тиімді. Ша­руашылықта «Шардонэ», «Кабер­нэ», «Қара Пино» деген рынокта жоғары сұранысқа ие жүзім сорт­тары өсіріле бастаған. Қазір ал­қап­та жүзімнің «Мускат» деген сорты жиналып, өңдеуге жол тартты. – Өткен жылы қыс көп әуреге салды. Жүзімдердің түбін көмсек те, үсікке ұрынды. 2010 жылы 7 мың тоннадай жүзім жинадық. Биылғы нәтиже сәл болса да аздау, – дейді жұмысшылар. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары елімізде 27 мыңдай жүзім алқаптары болыпты. Оның 10 мыңнан астамы жеміс-жидек өсіру­мен айналысатын Еңбекшіқазақ ауданының еншісінде екен. Одан кейінгі жылдары күрт кеміген жүзімдіктер мемлекеттің қолдауы арқасында ғана көлемі артып келеді. Соның дәлелі, бағбандар әр гектардан 45 центнерден өнім алып, алқапты 3650 гектарға жеткізген. Әрине, алдағы жоспарлар ау­қым­ды. Мәселен, 2015 жылға дейін ауданда жүзімдік алқаптарын 8 мың гектарға жеткізу көзделіп, осы бағыттағы жұмыс жандана түскен. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.