21 Қазан, 2011

Ажары ашылған Алтынды

362 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Тәуелсіздік алғанға дейін еліміздегі барлық кен орындарының Ресейдің зауыттарын шикізатпен   қамтамасыз етумен келгені рас. Оларды одақтық дәрежедегі кәсіпорын деп әспет­тегенімен жергілікті халыққа пайдасы тиіп жарытпады. Сөйтіп, байлықтың үстінде отырған халық  оның игілігінен шетқақпайланды. Осы маңдағы ауыл тұрғындары ауыр жұмыстарға жегіліп, азды-көпті табыс тапқанын ғана малдануына тура келді. Бұл итке сүйек тастағанмен бірдей болатын. Егемендіктің алтын күрек самалы есе бастағанда бір-біріне әдейі байланыс­тырылған экономикалық тізбектің тіні үзіліп, өңдеу кәсіпорындары кешегі одақтас республикаларда  қалып, көптеген кен орындары жабылып  қалды. Тәуелсіздік алған жас мемлекетімізде мұндай ірі өндіріс орындарын игеріп,  тез іске қосатындай мүмкіндік болмады. Сондықтан игеруге тілек білдірген шетелдік компанияларға ұсынылды. Осындай күрделі кезеңді пайдаланып, майшелпекке кенелмек болған шетелдік компаниялар алуын алғанмен, көп қаржы шығарып, елдің ертеңіне қызмет ететін кәсіпорын­дарды жұмыс істетуге құштар бола қоймады, көбі қайткенде де тез мол пайдаға кенелуді мақсат тұтты. Міне, Кеңес одағы тарағаннан кейін иесіз қалып, француздық компания игермек болған Алтынды кеніші осындай жағдайды бастан кешті. Бұл компания не мол қаржы салғысы келмеді, не бұл салада жұмыс істеу тәжірибесі болмады, әйтеуір, егеменді елге ауадай қажет алтын өндіретін кеніштің тамырына қан жүгіртпек түгілі иесіз тастап кетті. Нәтижесінде кеніштің шахталары еріген қардың суына толып, карьерлер қараусыз қалды.  Барлық инфрақұрылымы осы кәсіп­орын жұмысына тәуелді болған Алтынды ауылының да күйі тайды. Бұл бір болашағы бұлыңғыр  елді-мекенге айналды. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, кенішті 2001 жылы ресейлік компания сатып алғанда барып халықтың иығынан ауыр жүк түскендей болды. Жеке капитал есебінен құрылған «Юбилейный» ЖШС осылай дүниеге келді. Құылтайшылар алғашқы қадамын бірден ауылдың тоқтап қалған инфрақұрылымының жұмысын  қалпына келтіруден бастады.  Күйі кеткен жолды жөндеді. Ауылға электр қуатын жеткізді. Содан кейін барып кен өндірілетін шахталарды, кенішті қалпына келтіруді қолға алды. Екі қолға бір күрек таба алмай отырған жергілікті тұрғындар жұмысқа тұра бастады. Бұл серіктестіктің кенішті игерудегі алғашқы қадамдары еді. Осы кеніште өндірілген кен әзірге Ресейдің Орта Оралдағы тау-кен байыту зауыттарына жөнелтілуде. – Кезінде солай ойластырылған әрі бізге ең жақын өңдеу кәсіпорындары осылар. Сондықтан біз әзірге осы­лайша жұмыс істеуге мәжбүр болып отырмыз. Жалпы, таяу жылдарда өзіміздің кен байыту фабрикамызды салу және кенішті қайта жарақтан­дыру қолға алынады. Кеніштің жалпы шикізат қоры 48 млн. тоннаны құрайды, ол 136 тонна алтын өндіруге мүмкіндік береді. Жер астынан өндірілетін кеннің 1 тоннасының құрамында  5,58 грамм алтын, ал ашық әдіспен алынатын кенде ол 1,78 грамм болады. Жылына 5,0 миллион тонна кен өңдеуге болады. Кен қорын арттыру үшін қосымша барлау жұмыстары жүргізілуде. Мұның өзі біздің серіктестіктің болашаққа бағыт ұстап отырғанын көрсетсе керек, – дейді «Юбилейный» ЖШС бас директорының орынбасары  Валерий Сапрыга. Еліміздің индустрияландыру кар­та­сына енгізілген жаңадан салынатын өңдеу фабрикасының жалпы құны 370,0 миллион АҚШ долларын құрайды. Жылына мұнда 7,2 тонна алтын, 6,0 мың тонна мыс өндіру көзделуде. Жобаны жүзеге асыру 2014 жылға жоспарланған. Қазір серіктестік кенішті игеру жұмыстарын қар­қынды жүргізуде. Кен өндірумен қатар кеніштін қорын барлау-бұрғы­лау жұмыстары да жүргізілуде. Жал­пы, құрылысы қолға алынып жатқан байыту фабрикасы құрамында алтыны мен мысы аз кенді өңдеуге арналған бірегей қондырғылармен жарақтанды­рылатын болады. Бұл кенді іргеден байытып, өңдегендіктен өнімнің өзіндік құнын арзандатып, пайданы көбейтетіні сөзсіз. Әлемде алтын мен мысты қатар өндіретін мұндай фабрика жоқ десе де болғандай.  Серіктестік  90 тонналық 30 өзітүсіргіш, алымды 12 экскаватор сияқты арнаулы тех­никаларды көптеп сатып алуда. Трансформатор және насос қондырғылары орнатылуда. Өңдеу фабрикасының техникалық жобасы жасалуда. Осы­мен бірге құрылыс-құрастыру жұмыстары да атқарылуда. Қазір серіктестікте 600 адам еңбек етеді. Соның 310 ақтөбелік болса, 186-сы ауыл тұрғындары, қалғандары да еліміздің өзге облыстарынан келіп жұмыс жасап жатқан қазақстан­дықтар. Мұны жергілікті тұрғындар серіктестіктің директорлар кеңесінің төрағасы Борис Лузинннің арғы түбі қазақстандық болуымен сабақтасты­рады. «Қанына тартпағанның қары сынсын» дегендей, оның жергілікті халықтың мұндай сеніміне ие болуы да негізсіз емес. Халыққа ауыз су жеткізді, ол үшін  ауыл орталығынан ұң­ғымалар қазып, колонкалар орнатты. Инвестор өз қаржысына осындағы орта мектепті жөндеп, балабақша салып, оны жергілікті бюджетке өткізді. Жергілікті тұрғындарды жұмысқа тартты. Ауылда пошта бөлімшесі мен медпункт жұмыс істейді. Компаниямен әкімшілік арасында қол қойылған  меморандумға сәйкес 5 жылда 700 миллион теңге әлеуметтік көмек көрсетілетін болады. Серіктестік жергілікті жастардан өздеріне қажетті кадрлар даярлауды жүйелі жүргізіп келеді. Ауылдың жоғары оқу орын­дарында оқитын студенттерінің бір жылғы төлемақысын мойындарына алып,  әлеуметтік қолдау жасады. Сон­дай-ақ, тау-кен мамандықтарына  ондаған жасты өз қаржыларына оқытуда. Бұл дәстүрді алда да жал­ғастыруға бағыт ұстауда. Жалпы, құрылыс кезінде 800 жұмысшы еңбек ететін байыту фабрикасы толық іске қосылғанда қажет болатын 1000-нан астам адамды түгелдей қазақ­стан­дықтардан тартуды ойластырып отыр­ғаны қуантады. Сондықтан Алтынды ауылына алыс-жақыннан қоныс аударуға тілек білдірушілер көп. – Серіктестік сондай-ақ, көршілес Қайыңды ауылының мектебін толық компьютерлендірді. Біз инженер-техник қызметкерлер үшін екі жатақ­хананы, екі кеңсе ғимаратын, қонақ үйді пайдалануға бердік, жас мамандарға екі коттедж дайын тұр. Алдағы жылы 102 пәтерлі тұрғын үй салу көзделуде. Жақында ауылдықтар көгілдір отынның игілігін де көріп қалады. Кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін бірінші орынға қойып отырмыз. Ауылдықтардың көмек сұрағандарының бетін қайтарған емеспіз, –дейді ол. Кеніште қазір кен өндіру көлемі күн өткен сайын артып келеді. Өндірістен қашық өңірдегі эконо­микалық-әлеуметтік дамуға серпін беретін бұл жобаның жергілікті халыққа тиер шапағаты алдағы уақытта да кеңейе түспек. Алайда, серіктестік басшыларын «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының кенді Ресей зауыттарына жеткізуге қажетті вагондарды уақтылы жеткілікті бөлмеуі қынжылтады. Егер осындай кемшіліктер түзелсе, серіктестік алға қойған міндеттер үдесінен көрінуге ынталы. Бұл ба­ғыттағы жұмыстары табысты болатынына қазіргі сәтті қадамдары мен игілікті ізденістері сендіре тү­седі. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.