21 Қазан, 2011

Дүбірге толы дүние

407 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Капитализмді немен ауыстыруға болады? Өткен сенбі, сірә, тарихта қалатын шығар. Капитализмге әлеуметтік қарсылық күні ретінде, жаңа бір күрестің басы ретінде ақпарат құралдарының хабарлауынша, қарсылық акцияларына әлемнің 82 еліндегі 951 қаланың тұрғындары үн қосқан көрінеді. Тарих капиталистік жүйеге қарсы социалистік рево­лю­ция­лардың бол­ғанын, белгілі бір мерзімде сол социалистік жүйенің өмір сүр­генін де біледі. Бірақ өткен сенбідегі қар­сылықтың сипаты ХХ ғасыр­дағы социалистік революция­лардың сипатынан мүлде өз­геше. Ең басты өзгешелік – капиталистік жүйедегі билікке және қаржылық алпауыттарға қарсы бой көтергендер сол халықты сүліктей сорған жүйе­ні немен алмастыру керек екеніне жауап таба алмай отыр. Әбден сіңірі шығып кедейленген қауымның шылқа байы­ғандарға қарсы әлеуметтік күре­сінің қозғаушы күші интернет болғанын да оның басты сипаты деп тұжы­рымдаса жөн шығар. Жоғарыда аталған 951 қаланың халқын бір мезгілде қарсылыққа көтерген де сол интернеттің әлеуметтік жүйе­сінің хабар­ларды жан-жақты таратуының арқасында мүмкін болды. Бұл қарсыластар қата­рын көбейтіп қана қойған жоқ, оған белгілі тұлғаларды да тартты. Бұл ретте жұрт алдымен АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті, Нобель сыйлығының лауреаты Альберт Горды ауызға алады. Ол қарсыластар қозға­лысы америкалық эконо­мика­лық жүйенің кемшіліктерін көрсетті деп мәлімдеді. Ал атақты миллиардер Уоррен Баф­феттің баласы Говардтың қаржы алпауыттарының бұқара халықты алдап келгені туралы айтқандары әжептәуір әсерлі естілді. Сол ал­пауыттардың өкі­лі солай десе, жұртшылық оны білген соң айтады деп қа­былдайтыны бел­гілі. Қазан айы­ның тура ор­та­сында өткен бұл капиталистік жүйе билігіне, қаржылық ал­пауыттарға қар­сы қозғалыс «Ашу-ыза күні» деп аталды. Көтерілгендер ең алдымен биржа орталықтарына «шабуыл» жасады. Бұл «шабуыл» сөз жүзіндегі әрекет қана еді. «Уолл-стритті басып ал!» ак­циясы Нью-Йорк орталығын­дағы шерумен шектелді. Ал Лондон биржасына «шабуыл» жасаған бес мыңдай шерушілерді полиция оп-оңай қуып жіберген соң, олар қаланың бір скверінде шайлаларын тікті. Өздерінің мәлімдеуінше, олар үкімет басшысы Дэвид Кэме­рон қызметтен кеткенше сонда қала бермек көрінеді. Дегенде, «капитализмге қар­сылар» қатары әлемдік-эконо­микалық дағдарыстан жапа шеккен Еуропа елдерінде қа­лың болды. Айталық, Испа­ния­­ның 71 қаласында тұрғын­дар билікке қарсы «ашу-ыза­сын» білдірген. Барселонада 400 мың, Мадридте 500 мың адам көшеге шыққан және шерулерін, митингтерін ұйым­шыл­дық­пен өткізген. Ал Ита­лияның астанасында көшеге шыққан­дар бұлардан аздау болғанмен, әрекеттері белсендірек болып­ты. 150 мың римдіктердің ара­сына кірген 400-дей әсіре­радикалдар алды­мен қорғаныс министрлігінің ғимаратына от қойып, онан соң дүкендерді қиратып, автокөлік­терді өртеген. 70 адам жара­ланыпты. Қираған, бүлінген дүниенің мөлшері әлі анық­талып жатыр.   Израиль капралы мың арабқа баланды Бес жыл бойы палестиналықтардың түрмесінде жатқан израиль әскериі Гилад Шалит ұзақ келіссөзден кейін еліне қайтарылды. Оған жауап ретінде израиль түрмесінен мың­нан астам палестиналық жасақшылар да отанына оралмақ. Бұл туралы газетімізде бұ­рын хабар шық­са да, оқиғаның астарына үңі­луді жөн көр­дік. Ең алды­мен, осы оқи­ғаның жүзеге асқаны екі жақ арасындағы қарым-қатынаста жаңа бір бет-бұрысты аңғар­тады. Бұған жақындағы БҰҰ Бас Ассамблеясында Палестина мемлекеттігін тану мәсе­лесінің талқыланғаны да әсер еткені анық. Иә, Израиль қорғаныс әске­рі капралының босатылуы үл­кен халықаралық оқиғаға ай­налып, әлемнің телеарналары соңғы күндері өз хабарларын осы оқиғаны көрсетуден бастап жүрді. Гилад Шалиттің алды­нан Израиль үкіметінің басшы­сы Беньямин Нетаньяху шы­ғып, қарсы алды. Бүкіл ел жалаулатып-кернейлетіп, бейне сол қатардағы жауынгер жауды жапырып келгендей құрмет көрсетілді. Арабтар Гилад Шалит үшін көп нәрсе сұрады. Түрмеде жат­қан барлық жасақшыларды бо­сатыңдар деп талап етті. Басқа бас есебін олар ауызға да алған жоқ. Ал Израиль үкіметі өз адамын қалай да босату жолын іздеді. Тіпті, сол үшін Газа секторына шабуыл да жа­сады. Бірақ бұл жолдың жақ­сылыққа апармайтынына, жеме-жемге келгенде, арабтар Шалитті өлті­руі де мүмкін екеніне көздері жеткен соң, келісім жолына тоқ­тады. Ақыры кап­­ралды босату үшін олар 1027 палестина жа­сақ­шысын қай­таруға уәде берді. Мұны екі жақ та өздерін­ше жеңіске са­найды. Израиль өз азаматын босату үшін қан­дай да құн төлеуден бас тартпайтын биік мақсатты ел екенін дәлелдеді. Ал мыңнан аса отандас­та­рының елге оралатыны палес­тиналықтар үшін шын мәнінде жеңіс те, шексіз қуаныш та еді. Ешқан­дай соғыспен мұндай нәтижеге жете алмас еді. Келісім бойын­ша алғашқы кезекте 477 адам, оның 27-сі әйел, Палестинаға оралса, қалған 550 адам келесі айда еліне қайтады. Дегенде, Израиль қауымын­да бұл оқиғаға баға әртүрлі болып отыр. Қуанғандар көп. Бірақ ең алдымен экстремис­тердің құрбаны болғандардың «Альмагор» ассоциациясы Шалитке көп «құн» төленгенін айыптайды. Оның үстіне 1100 палестиналық белсенді экстре­мис­тердің босатылуы жағдай­ды қиындата түседі дегенді айтады. Сондай-ақ, енді палес­ти­налық экстремистер алда тағы да саудаға салу үшін адам ұрлауды күшейтетін болады деген күдікті алға тосады. Қалай болғанда да, келісімге қол жетіп, тұтқындардың алмасуы екі жақты қарым-қатынастағы жақсылықтың ныша­ны екенін айтқан жөн. Мамадияр ЖАҚЫП.