21 Қазан, 2011

Валентин Двуреченский: «Гектарынан 37 центнерден астық алдық. Бұл – біз үшін рекорд!»

371 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Қостанай өңірінде  бұрын-соңды дәл биылғыдай астық біткен емес. Облыс диқан­да­ры қамбаға 8 миллион тон­на­ға жуық алтын  дән құйып алды. Тіпті өңірдің қара то­пырақты солтүстік ауданда­рын былай қойғанда, Таран, Денисов, Амангелді, Арқа­лық  сияқты  оңтүстікте жат­қан аудандарында да  астық  бітік шықты. Алайда, би­ылғыдай жаңбырлы емес, то­пырақ­тың апшысын қу­ыр­ған  құр­ғақ­шылықта да Қостанай ғы­лыми-тәжірибе институтының бас директоры Валентин Двуреченский  тәжірибесіндегі ылғал сақтау  технологиясын қолданған диқан­дар­дың қамбасы дәнсіз болмайды. Ал биыл ол басқаратын «Заречный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі гектарынан 37 центнерден  астық жинап, рекордтық көрсеткішке жетті. Біз Валентин Ивановичке  науқан аяқталар тұста жолығып, әңгімелескен едік. – Валентин Иванович, сіз үшін биылғы астық жинау науқанының ерекшелігі неде? – Менің ылғал сақтау техноло­гия­сымен біржолата айналысып келе жат­қаныма 15-16 жылдың жүзі болды. Біз биыл осы технологияның жүйесін бірінші рет толық пайдалана алдық. Сон­дықтан Құдай қолдап, биыл бұрын-соңды бітпеген астық жинадық. «За­реч­ный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі гектарынан 37 центнерден өнім алды. Біздің топырақтың бонитеті 32 балл екенін ұмытпаңыз. Ал Сол­түс­тік Қазақстан облысы жерінің бонитеті – 55, Ақмола облысында топырақ бонитеті 40 баллдан асады. Озық техноло­гияның артықшылығын осыдан-ақ ба­ғам­дай беріңіз. – Валентин Иванович, ылғал сақ­тау технологиясын өзіңіз өнерта­бы­сым деп бағалайсыз. Ол биыл сәуір айында өткен республикалық «Ша­па­ғат» өнертапқыштар байқауында бірінші жүлдені иеленді ғой. – Иә, жер өңдеудің өзім жасаған жаңа тәсіліме Интеллектуалдық меншік жөніндегі ұлттық комитеттен төрт патент алғанмын. Олардың бағалағаны­на ризамын. Мен бұл еңбегімнің ба­ғалануымен қатар, осы жүлде арқылы жаңа технологияның елімізде наси­хат­талатынына қуандым. Бұл технология қазір астық державаларының бірі ка­надалық, аргентиналық, австралиялық ғалымдар мен диқандар тарапынан мойындалған. Әлемдік стандартқа сай келеді. Қазақстандық технология тура­лы менің еңбектерім Австралия мен Канадада ағылшын тілінде басылып шықты. Ылғал сақтау технологиясы (мұны диқандар мен ғалымдар тікелей себу, нөлдік технология, ресурс сақтау деп әртүрлі атап жүр)  көп жылғы тынбай жүргізілген тәжірибе мен ең­бектің жемісі екені рас. Мен 60-шы жыл­дардың ортасында Науырзым ауда­нының «Раздольный» кеңшарына жас агроном болып келгеннен бастап осы технологияның керектігін ойлай бас­тағанмын. Тіпті Мичурин атындағы жеміс-жидек институтын бітірер кезде қорғаған диплом жұмысымның тақы­ры­бы да осы технологиядан алыс кеткен жоқ. Мен диплом жұмысымды егін шаруашылығындағы жаңа технология­ға кірісудің басы деп білемін. Оны сол кездегі ғалымдар жоғары бағалаған еді. Бүгінге дейін 150-ден аса мақала жазыппын, екі кітапты осы салаға арнадым. – Ауыл шаруашылығы тауар өн­ді­рушілерінің облыста өтіп жататын мә­жілістерінде сіздің ылғал сақтау тех­нологиясы туралы айтпаған ке­зіңіз кемде-кем. Осы молшылық тәсілінің «кілті» неде? – Кілті дейсің бе? Оны айту үшін сәл шегініс жасайын. Жас кезімде қыз­метті Науырзым ауданының «Раздоль­ный» кеңшарында агроном болып бас­та­дым дедім ғой. Сонда қатар жатқан «Буревестник» деген атақты кеңшар болды. Оның екі рет Социалистік Ең­бек Ері атанған Николай Козлов деген директоры болды. Біз осы технология­ның арқасында «Буревестникке» қара­ған­да астықты 1,5 есе көп жинадық. Николай Григорьевич шаруашылықты шебер ұйымдастырушы еді. «Екі ша­руашылық та Науырзымның шөлейт даласында жатыр, ал неге көрсеткіш екі түрлі?» деген мәселе ол кісіні дереу ойлантты. Ол біздің шаруашылыққа жиі келетін болды, жайқалып тұрған егіс­ті аралайды. «Бұл қалай?» деп жүрді. Мен сол жылы жаңа технология бойынша жерді аударып жыртпай, іреп, тырнап ғана дән себуді бастағанмын. Жерді іреп жыртатын құралды қол­дан­дық. Гәп те, кілт те, міне, осында. Яғни, топырақты қалай өңдеуде ғой. Содан Козлов мені «Буревестникке» бас агроном етіп шақырды. Сол шаруашылықта жаңа технологияны одан әрі жетілдіре түстім. Одан шаруашылық директоры, облыстық ауыл шаруашылығы басқар­ма­сының бастығы, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болдым, тәуел­сіздік жылдары Ауыл шаруашы­лығы министріне дейін өстім. – Сіздің технологияның «кілті» жер­ді соқамен аудармай, жерді бетінен ғана іреп жыртып, немесе сызып қана дән тастау болып табылады екен. Сонда сіз топырақты өңдеудің осы кезге дейін қолданып келе жатқан дәс­түрлі тәсілін теріске шығармақсыз ба? – Иә, дәл солай айтудан қорық­пай­мын. Адам соқаны ойлап тапқалы жердің қыртысын аударып, топырақтың құна­рын құртумен келеді. Басқа жақта шаруам жоқ, Қазақстанда тың көтерілгелі 50 жыл ішінде топырақтағы органикалық заттардың 30 пайызын жойып жібердік. Топырақта 7-8 пайыз органикалық заттар болады, қазір оның мөлшері 4-5 пайыз­дан аспайды. Жер бетіндегі 1 сантиметр қарашірік қалыптасуы үшін жарты ғасыр уақыт керек. Ол қалай пайда болады? Өсімдіктің сабағы, жапырағы, тамыры орнында қалып, шіріп, жер астындағы түрлі микроорганизмдермен өзара әре­кет­тескенде қалыптасады. Біз, адамдар, соқамен топырақты бірнеше сантиметр тереңдікте аударып тастағанда, ондағы тірі организмнің барлығы да желге, күнге тиіп жойылып кетеді. Соқаны адамзат өркениетінің көрінісі деп қабылдадық. Ал 1850 жылы Чарльз Дарвин: «Адам соқаны ойлап тапты, бірақ топырақты соқа қопсыта ма, құрт-құмырсқа қопсыта ма, оны әлі өмір көрсетер», деген екен. Сол Дарвиннің айтқаны дұрыс. Жердің қыртысының астан-кестеңін шығарған­дықтан да ол азып барады. – Ылғал сақтау технологиясы құр­ғақ­шылық жылдары айырықша нә­ти­же беріп жүр ғой? – Ылғал сақтау немесе нөлдік технологияны тек құрғақшылық немесе қуаңшылық жылдары ғана керек дегендер түбірлі қателеседі. Рас, бұл технологиямен жұмыс істегенде жаңбыр аз жау­ған жылдары түгел, қуаңшылық болып, көктен тамшы тамбаған уақыттың өзінде диқан қамбасы құр болмайды. Оған Қос­танай облысындағы соңғы жылдарғы көрсеткіштер куә. Мысалы, 2009-2010 жыл­дары қатарынан екі жыл Тобыл-Торғай өңірінде жаңбыр жаумады. Осы технологияны пайдаланатындардың аты­зында гектар айналымы 8 центнерден кеміген жоқ. Ал бұрын мұндай жылдары диқан қырманы бос қалатын. Құрғақ­шылық біздің Қазақстан жерінде таби­ғат­тың жиі болатын құбылысы. Тәжіри­беге сүйенсек, әр он жылдың үш жылы құрғақ, үш жылы қуаң, төрт жылы жаң­бырлы болады екен. Әлемдік тәжірибе бойынша, жылына 350 мм-ден аз ылғал түскен жер қуаң, шөл болып саналады. Қазақстанның солтүстік өңірінің барлы­ғы да шөлейт аймаққа жатады. Ылғал сақтау технологиясы ылғалды ұстайды, ең бастысы топырақ құнарын арттырады. – Сіздің технология бойынша топы­рақ­ты қалай қопсыту керек? – Мен ылғал сақтау технологиясын жүзеге асыру үшін соқаның бір тісіндей ғана, өзі жұқа, тұмсығы үшкір құрал ойлап таптым. Ол сошник деп аталады. Осы құралды дәнсепкішке тіркеп, жерді те­реңдігі 2 сантиметрден аспайтын етіп іреп сызып, оған дән тасталып отырады. Сонда топырақтың флорасы бұзылмай, ертең өсетін бидайға не басқа өсімдікке керекті азықтың барлығы да топырақтың өзінде қалады. Сошниктерді Челябі, Омбы зауыттарында істетіп аламыз. Біз­дің облыста да өндіруге болар еді, бірақ Челябідегідей темір жоқ. Қайталап айтайын, ең бастысы – то­пырақтың құнарын өзінде қалдыру бол­мақ. Бұрын диқандар мен мамандар ара­сын­да мынадай түсінік бар еді. Жерден қанша мол өнім алсаң, жер сонша азады, оған үстеме минералдық тыңайтқыштар беру керек. Ал ылғал сақтау техно­ло­гия­сы­мен жерді өңдегенде жыл бойы топырақ өсімдік қалдықтарымен жабу­лы жатады. Ол қалдықтардың барлығы да жауын-шашын және микроорганизмдер әрекетімен қарашірікке айналып, топырақты органикалық заттармен бай­ы­та түседі. Қысқасын айтқанда, дайын тыңайтқышқа айналады. Ол осы жерден орып алған астықты өсірген құнар­дың барлығын да қайтадан орнына келтіреді. Сонда мынадай түсінік шығады. Күзде бітік астық орған сайын, топырақ азбайды, қайта құнарлы бола түседі. Өйткені, жақсы өскен астықтың топы­рақта қалатын сабағы мен жапырағы, тамыры да мықты, топырақ бұрын­ғы­дай азудың орнына органикалық заттармен құнарлана түседі. Мен аузым тынбай ай­тып жүрген ылғал сақтау немесе нөлдік технологияның бар сыры осы ғана. Ал бұл технологияның басты ар­тық­шылығы – химиялық тыңайт­қыш­тар­ды керек етпейміз. Сондықтан то­пы­рақ химиямен ластанбайды. Ал ондай жерге еккен бидайдың сапасы да жоғары. Біздің өндірген бидайымыз халықаралық көрмелерде экологиялық тазалығымен, сапасымен жоғары ба­ға­ланып жүр. Құнарлы топырақ – сапалы азық. Ол – халқымыздың, кейінгі ұрпақтың денсаулық кепілі деген сөз. – Жер өңдеудің нөлдік техноло­гия­сы тек мол өнімді қамтамасыз етіп қоймайды, топырақты таза сақ­тайды дегеніңіз көңілге қонып отыр. Экологиялық мәселелер өткірленіп тұрған мына заманда бұл өте құп­тарлық іс екен. – Барлық мемлекеттерде табиғи ресурсты қорғайды. Ал топырақ – басты табиғи байлық. Барлығы да то­пы­рақтан өнеді. Көптеген елдер то­пырақтың құнарын сақтауды заңмен бекітіп отыр. Мысалы, Германияда, Австралияда фермер топырақты аздырып жіберсе, ол заң шеңберінде үлкен айып ақша төлейді немесе одан жер учаскесі қайтарылып алынады. Бірқатар елдерде топырақты сақтау қызметі пайда бол­ды, оны мемлекет бақылап отырады. Егер топырақ тиісті технологияға сай күтілмесе, оның беті қарашірікті қам­тамасыз ететін өсімдік қалдықтарымен жабылмаса, онда фермерге айыппұл салынады, ал топырақ жақсы күтілсе олардың сұраған субсидиясын береді. Ал біздің елде «Жер туралы» Заңның 93-бабында жер учаскесінің күтілу керектігі, жерді жалға алған адам оны күтпесе кері алып қою жөнінде айтылады. Бірақ бұл бап жұмыс істемейді. Ондай бап бар екенін ескеріп жатқандар аз. Сондықтан топырақты сақтау туралы арнайы заң керек. Жер- ананы қашанғы қорлаймыз... – Валентин Иванович, сіз ылғал сақтау технологиясы жөнінде айт­қан­да арқаланып кетесіз. Енді әңгіме арнасын сәл бұрыңқырайық. Өзіңіз­дің 90-шы жылдары Ауыл шаруа­шы­лығы министрі болғаныңызды айт­тыңыз. Бірақ Қостанайға қайтып орал­­дыңыз. Неге? – Министр орынтағында отырып, астық алқабына, далаға көңілім ауа берді. Менің тегім шаруа адамы ғой. Жоғары лауазымды қызметтерде істегенмен де, мүмкін саясаткер бола алмас едім. Ақырында биік лауазымды егіс алқабына ауыстырдым, Қостанайға қайтып оралдым да, ғылыммен айна­лыс­тым, жаңа технологияны аяғына дейін жеткіздім. Елбасы бір мәжілісте «Лауазым орынтағын тастап, егіс дала­сына оралған жалғыз министр Двуреченский», деп айтыпты. – Қазақстанның болашағын қа­лай елестетесіз? – Маған журналистер «тарихи ота­ныңызға кетпейсіз бе?» деген сұрақ та қойып жатады. Ол заңды шығар. Егер шынымды айтсам, 90-шы жылдары мені курстас досым Егор Строев Ресейдің Орел облысына жоғары лауазымды қызметке шақырды. Кейінге сілтей бердім, өйткені, екі ойлы болып жүрдім. Бір күні Меңдіғара ауданына бардым. Жайқалған егін, табиғат тамылжып тұр екен. Көргендердің барлығы алдымнан құрақ ұшып амандасады, жағдай ауыр кез ғой, жастар ақыл сұрайды. «Мына жерді, адамдарды қалай қиып кетемін» деген ой, оймен бірге көзіме жас келді. Имандай шыным. Келдім де Мәскеуге телефон шалып, бармайтынымды айт­тым. Қылшылдап тұрған кезімде кетпеген мен енді қайда барамын? Зайыбым Тамара Алексеевнамен Қостанайда кездестік, балаларым, немерелерім Қоста­найда туды. Менің туған жерім Ресей болғанымен, 25 жасымнан қазақтардың арасында келемін. Қазақтың тамаша адамдарымен сыйлас, дос-жармын. Олар маған орыссың деп, бөтен пиғыл­дағы сөз айтып жатқан жоқ. Қазақтар мені қазақтан бетер сыйлайды. Жалпы, қазір ұлтқа бөлудің қажеті жоқ, елдің заңдарын орындап, мемлекеттік тілді үйреніп, Конституцияны басшылыққа алу керек. Мен – бос сөйлемейтін жан­мын. Мысалы, немерем Катя қазақ тілін еркін меңгеруге тырысып жүр. Бо­ла­шақ осы немерелерімдікі, сон­дық­тан Қазақстанның бай ел болғанын тілеймін, солай боларын жүрегім сезеді әрі сенеді. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы.