21 Қазан, 2011

Түркілер тоғысуы

483 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бүгін, яғни жұма күні Түркітілдес мемлекеттер ынтымақ­тас­тық кеңесінің (Түркі кеңесі) І Саммиті басталмақ. Ал кеше Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесіне мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы болып өтті. Түркі Кеңесін құру туралы шешім 2009 жылғы 3 қазанда Түр­кі­тілдес мемлекеттер басшыларының Нахчыван саммитінің қорытын­ды­сы бойынша қабылданғаны бар­ша­ға мәлім.  Қазіргі таңда Түркі Ке­ңе­сіне төрт мемлекет – Әзер­бай­жан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия мүше болып табылады. Кеше осы төрт мемлекеттің сырт­қы істер министрлері бір жерде тоқайласып,  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалы­ғы­мен бүгін өткізілетін Түркі Ке­ңесінің І Саммитіне соңғы дайын­дық жұмыстарын талқылады. Отырысты Қазақстан Сыртқы істер министрі Ержан  Қазыханов ашып, алдымен Түрік Респу­б­ли­касы­ның оңтүстік-шығысындағы лаң­кес­тік әрекет құрбандарына бай­ланысты Түркия Үкіметі мен түрік халқына, қаза тапқан азаматтардың отбасы­ла­ры мен туған-туысқан­дарына Қазақ­стан жұртының атынан көңіл айтты. – Орны толмас қасіретті бау­ыр­лас түрік халқымен бөлісе отырып, терроризмге қарсы түркі халық­та­ры­ның бірлескен әрі табанды кү­ресін одан әрі жандандыру қажет деп санаймыз, – деді қазақстандық министр.  Осыдан кейін ол ма­ңыз­ды шараның Әзербайжан, Қазақ­стан мен Қырғызстан тәуелсіздік­те­рінің 20 жылдығында өтуінің ны­шандық белгісі бар екендігін айтты. Еліміз сыртқы саясат ведом­ство­сының басшысы Алматы Саммиті тарихымыздың, тіліміздің және мәдениетіміздің ортақтығына негізделген мемлекеттеріміз арасын­да­ғы ынтымақтастықты одан әрі дамытып, нығайтуға бағытталған жаңа асулы кезең де ұйым­дас­ты­ры­лып отырғанын тілге тиек ете келе:    – Түркі Кеңесі қандай да бол­сын үшінші елдерге қарсы бағыт­тал­маған. Өз қызметінде біздің елдеріміз өкілдік ететін Біріккен Ұлт­тар Ұйымы мақсаттары мен қағи­даттарын, халықаралық құқық нор­маларын, сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдар шеңберінде қабылданған міндеттемелерін толық қолдайтын­ды­ғын атап өту маңызды, – деді.   Министрдің мәлімдеуінше, келешекте Түркі Кеңесі шеңберінде Түркі мәдениеті мен өнерін бірлесе дамыту ұйымы – ТҮРКСОЙ, Түр­кі­тілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА), Түркі Кеңесінің Ақсақалдар кеңесі және басқа да сол сияқты дербес қызмет ететін институттар жұмы­сын үйлестіру шараларын іске асыру қажет. Оған қоса Түркі Кеңесі қам­қор­лығымен Астана қаласында құры­лып жатқан «Түркі академия­сы­ның» қызметін қамтамасыз ету бой­ынша іс-шаралар жүзеге асуы тиіс. Осы халықаралық ұйымды құ­руды тездету мақсатында Хатшылық мүдделі тараптармен аталған жал­пы­түркілік институт келісімінің бейімделген жобасын келістіру жұ­мы­сын үдету керектігі көрініп отыр. – Бас хатшы, елші Халил Акын­джи­дің басшылығымен Түркі Ке­ңесі Хатшылығының үдемелі да­муына маңызды мән беріледі.  Хат­шылық жоғары деңгейдегі кездесуді, сарап­шы топтың отырыстарын және жал­пытүркі басымдықтарын анықтайтын құжаттарды сапалы әзірлеуін қам­тамасыз ететініне кә­міл сенеміз, – деді Е.Қазыханов. Қазақстандық министр Түркі Кеңе­сінің Ақсақалдар кеңесі инсти­тутының жұмысын және оның аясында екі отырыс өткенін ри­зашылықпен атап өтіп: – Осы жылғы 30 қыркүйекте өт­кен Ақсақалдар кеңесі екінші отырысының барысында Түркі Кеңесінің туы мен эмблемасының жобалары, әлемдік мұраның бей­ма­териалды құндылықтар тізімі үшін туындыларға ұсыныстар, ЮНЕСКО шеңберінде «түркі тобын» құру бас­тамасы, түркі тарихын тану ту­ралы фильмдерді дайындау мүм­кіндігі және басқа да мәселелер қарастырылды, – деді. Баршаға мәлім болып отырғандай, І Сам­мит­тің қорытындысы бойынша мем­лекет басшылары бірқатар өзекті халықаралық және өңірлік мәселе­лер бойынша түркітілдес мемлекет­тер­дің келісілген ұстаны­мы мен эко­номикалық және мәде­ни-гумани­тарлық ынты­мақтас­тық­тың негізделген бағыттарын анық­тайтын Алматы декларациясына қол қоймақ. Мемлекет басшыларының шешімімен Сыртқы істер министр­лері­нің кеңесінде қабылданған Түркі Кеңесінің рәсімдер ережесі бекітілетін болады. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы. Суретті түсірген Борис БУЗИН.