21 Қазан, 2011

Қазақстан – Әзербайжан: Әріптестіктің әлеуеті зор

495 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Алматыдағы резиденциясында елімізге ресми сапармен және Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің І Саммитіне қатысу үшін келген Әзербайжан Республикасының Президенті Илхам Алиевпен кездесті. Екі мемлекет басшыларының қатысуымен   шағын және кеңей­тіл­ген құрамдағы келіссөздер өтіп, оның қорытындысы бойын­ша Қазақстан мен Әзербайжан президенттерінің Бірлескен дек­ла­рациясына  қол қойылды. Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев пен Әзер­бай­жан Президенті Илхам Алиев екеуара келіссөз кезінде халық­ара­лық және өңірлік ұйым­дар­дағы екіжақты өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың, сондай-ақ алдағы Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің I Саммитінің күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелерді талқылады. – Мен Қазақстанға келген Илхам Гейдарұлы Алиев пен Әзербайжанның делегация мүше­ле­рін қарсы алғаныма қуаныш­ты­мын. Сіз менің шақыруым бой­ынша ресми сапармен кел­ді­ңіз. Бұл дәстүрге айналып келеді. Сіз Қазақстанда жыл сайын бо­ласыз. Мен де Әзербайжанда жиі боламын. Бұл біздің елдеріміздің, мемлекет басшыларының ара­сын­дағы қарым-қатынастардың жо­ғары деңгейін көрсетеді. Біз сізбен экономика, көлік, ауыл шаруашылығы, халықаралық ын­ты­мақтастық мәселелерін қоса алғанда, біздің елдеріміз ара­сын­дағы өзара қарым-қатынастың кең ауқымын талқыладық. Әзер­бай­жан таяу күндері өз тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығын атап өтті. Біз Қазақстанның тәуелсіздік ме­рейтойын осы жылдың желтоқ­са­нында мерекелеуге дайындалуда­мыз. Бұл 20 жыл екі ел үшін бір жағынан күрделі болса, екінші жа­ғынан біздің ата-бабалары­мыз­дың арманы орындалды. Мен Қа­зақстан мен Әзербайжан осындай уақыт сынынан лайықты өтті деп санаймын. Әзербайжан біз үшін туыстас, дос ел, Кавказ өңіріндегі негізгі серіктесіміз болып та­бы­лады, – деді өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев. Әзербайжан Республикасы­ның Президенті Қазақстан бас­шысына жылы шырайлы қабыл­дауы мен қонақжайлығы үшін ри­зашылы­ғын білдіре келіп, бы­лай деді: – Құрметті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы, тәуелсіздігіміздің 20 жыл­ды­ғымен құттықтауыңыз үшін рахмет! Мен де Сізді және бауыр­лас Қазақстан халқын алда келе жатқан тәуелсіздік мерей­тойы­мен құттықтаймын. Осы жылдар ішінде біздің елдеріміз қарқынды экономикалық даму мен саяси тұрақтылықта үлкен белестерді бағындырды. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан тамаша табыстарға жетті, ел өте серпінді және тиімді дамуда. Сіз­дердің табыстарыңыз жасампаз істеріңізден, қалалар келбетінен, барлығын сүйсіндіріп отырған жаңа елорда – Астананың әсем келбетінен көрінеді. Қазақстан – әлеуеті орасан ел. Сіз жүргізіп келе жатқан реформалар бола­шақ­қа бағытталған. Бүгін қолда бар әлеует әлеуметтік мәселені, экономикалық реформа мәсе­ле­сін тиімді шешуге мүмкіндіктер ту­ғызып отыр. Біз үшін Қазақ­стан барлық уақытта достас, бауыр­лас ел болды. Әсіресе, тәуел­сіздік жылдары екі елдің арасындағы қарым-қатынас барынша нығай­ды. Қазір біздің делегация­лары­мыз экономика, көлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы жо­баларды талқылауда. Бұл екі­жақ­ты қарым-қатынас әлеуе­ті­мізді нығайтуға өз ықпалын тигізеді. Біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы зор қарқынмен өсуде, алайда тауар айналы­мы­ның көлемі бізді қанағаттан­дыр­майды, сондықтан біздің елде­рі­міздің орасан әлеуеті толықтай жүзеге асырылуы тиіс, – деп атап өтті Илхам Алиев. Келіссөздердің қорытындысы бойынша екі елдің екіжақты қа­рым-қатынастары мен халық­ара­лық аренадағы ынтымақтасты­ғын нығайтудағы өзара ұмты­лы­сын көрсететін Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті мен Әзербайжан Республикасының Президентінің Бірлескен декла­ра­циясы қабылданды. Сонымен қатар, келіссөздердің қоры­тын­дысы бойынша мынадай бірқатар екіжақты құжаттарға қол қой­ыл­ды: Қазақстан  Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Респуб­ли­касының Үкіметі арасындағы дипломатиялық өкілдіктердің ғи­мараттарын салу үшін жер телімдерін өзара беру туралы,   Қа­зақ­стан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Әзер­бай­жан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арасындағы ын­тымақтастық туралы хаттама, Қазақстан Республикасының Үкі­меті мен Әзербайжан Респуб­ли­ка­сының Үкіметі арасындағы те­ңіз сауда қатынастары саласын­да­ғы ынтымақтастық туралы келісім. Ресми бағдарлама аяқтал­ған­нан кейін Қазақстан Президенті мен Әзербайжан Президентінің бірлескен брифингі болып өтті. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан мен Әзербайжан арасында өте тату бауырластық қарым-қа­тынастар орныққанын атап өтті. Әзербайжан Қазақстанның Кавказ өңіріндегі негізгі эконо­ми­ка­лық және саяси серіктесі болып табылады. Бұл қарым-қатынастар тәуелсіздік жылдарында жалға­сын тапты. Әзербайжан осы 20 жыл ішінде толымды табыстарға жетті. Экономикалық көрсеткіш, халықтың әл-ауқатының артуы, экономиканы реформалау бой­ын­ша Әзербайжан алдыңғы қатарда келеді. Қазақстан Президенті екі ел де Каспий теңізі бойынша көр­шілес екенін атап өтті. Энер­ге­ти­ка, мұнай тасымалдау мәселеле­ріндегі байланыстар, Каспий ар­қылы Қазақстанның Кавказға, Қара теңізге, Еуропаға шығуы көлік күрежолы тәрізді екенін, бұл – Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастығының маңызды құрамдасы болып табылатынын атап көрсетті. Мұнай мен газ өңдеу және қайта өңдеу үшін жабдықтар шығару мәселелері жө­ніндегі ынтымақтастықты да­мыту үлкен әлеуетке ие. Қазақстанның Маңғыстау, Аты­рау өңірлеріне көкөніс, жеміс және өзге де ауылшаруашылық өнімдерін жеткізу туралы келіс­сөздер жүргізілуде. Қазақ­стан­ның батыс облыстары Әзер­бай­жанмен тығыз қарым-қатынастар орнатып, өзара тиімді жағ­дай­ларда тиісті келісімдер жасасу­ла­ры керек. Президент екі елдің арасындағы тауар айналымы 60 пайызға өсіп, жалпы көлемі 350 миллион долларды құрағанын, алайда бұл жалпы әлеуетке сай келмейтінін атап өтті. Сондықтан келешекте Әзербайжан Қазақ­станның өнімдері үшін маңызды көлік күрежолының біріне ай­налуы қажет. Түркиядан Грузия мен Әзербайжан арқылы Каспий теңізіне шығатын жаңа темір жол құрылысы және кавказдық жүк­терді Қазақстан арқылы Қы­тайға тасымалдау мүмкіндігі – елдеріміз арасында тұрған өте үлкен міндет. Президент Қазақстан мен Әзер­байжан тілі, діні, мәдениеті, дәстүрі ортақ, түркі тамырлас елдер екеніне тоқталды. Қазақ­стан­дағы әзербайжан диаспорасы 130 мың адамды құрайды. Ұлты әзер­байжан болып келетін Қазақстан азаматтары елдің экономикасын, мәдениетін, саяси өмірін дамы­туға атсалысып келеді. Нұр­сұл­тан Назарбаев БҰҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК аясында елдеріміз ұқсас ұстанымда екенін атап көрсетті. Қазақстан мен Әзербайжанның соғыс пен бейбітшілік мәсе­ле­сінде БҰҰ-ның рөлін нығайтуға, Еуропалық Одақпен ынтымақтас­тық­ты дамытуға, посткеңестік кеңістікте ынтымақтастық пен ин­теграцияны өзара тиімді жағ­дай­ларда жалғастыруға ұмты­лысы бірдей қолдауға ие болып отыр. Қазақстан басшысы Әзер­бай­жан Президентімен келіссөз­дер екіжақты қарым-қатынас­тар­ды дамытуға жаңа серпін беретінін атап өтті. Елдер арасында келіссөздердің құқықтық негізін құрайтын 60 құжатқа қол қой­ыл­ды. Бүгін құжаттар Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ын­тымақтастықтың серпінді және үдемелі дамып келе жатқанының айғағы. Илхам Алиев өз кезегінде Қазақстан тәуелсіздік жылда­рында Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен үлкен жолды жүріп өткенін атап өтті. 20 жыл ішінде Қазақстан өзге елдер 100 жылда жетпеген жетістіктерге жетті. Ел серпінді дамып келеді, экономикалық саясат, индустрия­лан­дыру, әлеуметтік мәселе, ха­лықтың әл-ауқаты мәселесі табысты шешімін табуда. Илхам Алиев сондай-ақ Астана өте қысқа уақыт бедерінде қала салудың бірегей тәжіри­бе­сінің мысалы болып табыла­тынын атап өтті. Астана – әсем де әдемі қала. Әзербайжан Президенті Қазақстанға жыл сайын келеді. Бұл – соңғы 7 жыл ішіндегі үшінші ресми сапары. Сон­дай-ақ Қазақстан Президенті де Әзербайжанға жиі барады. Илхам Алиев мұндай өзара тиімді байланыстар екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға назар аударудың және мән берудің жар­қын куәсі болып табылатынын атап көрсетті. Екі ел халықтары арасындағы қарым-қатынастар­дың көпғасырлық тарихы бар. Қос мемлекет халықаралық ұй­ымдар аясында белсенді өзара іс-қимыл жасап келеді. Қазақстан мен Әзербайжан екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды да­мытуға үлкен мән береді. Үкіметаралық комиссия жұмыс істейді, бизнес-форумдар тұрақ­ты өтеді. Ақтауда Әзер­бай­жанның консулдығы ашылды. «Баку-Тбилиси-Карс» темір жол құ­рылысы аяқталғанда Азия мен Еуропаны жалғастыратын жаңа «Темір Жібек жолы» ашылатын болады. Илхам Алиев атап өт­кендей, Қазақстан мен Әзер­бай­жан әртүрлі бағыттарға тауарлар тасымалдау, сондай-ақ үлкен жүк ағыны үшін транзиттік елдерге айналу мүмкіндігіне ие болады. Мұнай саласындағы дәстүрлі байланыстар нығая түсуде, жаңа идеялар, жаңа ұсыныстар бар. Сондай-ақ, Әзербайжан Президенті таяуда Бакудегі бір көше қазақ халқының дана ұлы, ой­шылы, ағартушысы Абай Құнан­баевтың есімімен аталғанын атап өтті. Бұл Қазақстан мен Әзер­байжан халықтары арасындағы достықтың белгісі, екі халықтың тарихи тамырластығындағы қа­ты­настардың белгісі, гумани­тар­лық саладағы ынтымақтастықты нығайту ісіне қосылған тағы бір үлес. Ильхам Алиев Қазақстан Әзербайжанның жақын страте­гия­лық серіктесі, досы болып табылатынын айта келіп, Нұр­сұлтан Назарбаевты Әзербай­жан­ға ресми сапармен келіп қайтуға шақырды. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.