Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2017

Керуленнен Кеңгірге жеткен жол

633 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) ұйымдастырған –  «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» атты ІІІ халықаралық экспедиция жұмысының қортынды нәтижелері жайлы кеше елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада көлемді таныстандырылым өтіп, сонымен бірге көк түркіден қалған көне ғұрыптық кешен «Шивээт улаанда» соңғы екі жыл бойы жүргізілген архелогиялық қазба жұмыстарының барысы жайлы көпшілік хабар алды.  

Керуленнен Кеңгірге жеткен жол

Фото: Ерлан ОМАРОВ, Орынбай БАЛМҰРАТ «Егемен Қазақстан»

«Шивээт улаан» – Моңғолияның орталық өлкесіне қарасты Бұлғын аймағы, Баян-Ақты сұмынынан (ауылынан) 25 шақырым жерде Қануй, Күнуй дарияларының құйғанында орын тепкен ғұрыптық кешен. Түркітанушы ғалымдардың айтуына қарағанда, кешеннің іргетасы 670-693 жылдары қаланған. Оған себеп – атақты Елтеріс қаған тарыдай шашылған түркі тайпаларының басын қосып, дәл осы арада жиын ашқан. Жиынға қатысқан 56 тайпа өкілдері өз таңбаларын тасқа бәдіздеп, түркі бірлігі жолында анттасқан. Бұл оқиғаны зерттеуші түркологтар бірауыздан 682 жылға балаған.

Осындағы ғұрыптық кешенге моңғол әріптестерімен бірге жұмыс жүргізіп жатқан қазақстандық түрколог-ғалым Нәпіл Базылханның мәліметіне жүгінсек, кешен теңіз деңгейінен 1300 метр биіктікте орналасқан, жалпы пошымы сегіз қырлы. Өткен жылы жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде құрылыстың үштен бір бөлігі, яғни үш қыры аршылған, қалған бөлігін тазарту жалғасып жатыр. Кешен аумағынан төрт қойтас, төрт арыстан тас, тоғыз адам мүсіндес жәдігер, барлығы 30-ға тарта балбал табылған.  

«Ұлытауда орын тепкен Домбауыл мен сонау Қангай даласында жатқан Шивээт улаан кешенінің қатты ұқсастығы бар. Екеуді де сегіз қырлы, осыған қарағанда Ұлы дала ескерткіштері сонау Өтукеннен бастап, Балқанға дейін тамырлас кешендер тізбесі созылып жатыр деуге негіз бар. Сондықтан да бұл істің тарихи маңызы өте терең. Болашақта біз  жалғыз қазақ тарихымен шектеліп қалмай күллі Еуразияны мекендеген Ұлы дала көшпенділер тарихын түгендеуді жалғастыратын боламыз» деді мәртебелі жиынды ашып, жүргізуші-модернатор халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі мырза.

****

Жоғарыда атап өткеніміздей келелі жиынға өзек болған басты тақырып –  «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» атты ІІІ халықаралық экспедиция жұмысының маңызы –  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының халықаралық деңгейде көрініс табуы, дейді ұйымдастырушы тарап. 

Өйткені, Түркі академиясының қолдауымен Кентей тауының бір жотасы Бурхан Қалдуынға барған экспедиция құрамында –  түркі-қыпшақ тұқымдас халықтың өкілдері де болған. Атап айтқанда, түркиялық танымал журналист, «Gazete Vatan» басылымының шолушысы Күршат Зорлу, тағы да түркиялық NTV арнасының жүргізушісі, деректі фильм жасаудың маманы Ахмет Иешильтепе, әзербайжандық «Discovery Azerbaigan» журналының бас редакторы, танымал публицист Айда Эйвазова және қырғызстандық зерттеуші-журналист Назарбек Байжігітов қатарлы азаматтар бар.

Аталмыш экспедицияның мақсаты жайлы айтқан идея авторы Дархан Қуандықұлының пайымына назар аударсақ, жолдың басы әуелі Алтайдан басталған. Кейінгі сапар Тәңір тауына жалғасып, әрі түркі жұртының ұйық мекені, ұялы отаны Өтукенге ұласқан. Сөйтіп, Өтукен өңіріндегі Керулен дарияның сағасынан қазақ даласының кіндігі Ұлытауға қарай ойысқан. Болашақта экспедиция маршрутты соңғы тоқтаған нүкте Ұлытаудан басталатын көрінеді.

Экспедицияның Ұлытауға ат басын тіреуінің өзіндік мәні бар. Өйткені бұл жерде 2014 жылы 25 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының құрылу тарихынан бастап, бүгінгі ұлттың рухани ахуалына  қатысты толғанысты әңгімелер айтқан болатын. «Бұл үрдіс соның жалғасы іспеттес» дейді экспедиция басшылары.

****

Сөйтіп, бір ай бұрын 15-ші тамыз күні сонау қиырдағы Керуленнен басталған киелі жол – мыңдаған шақырымды артқа тастап, экспедиция құрамында Моңғолия ұлттық музейі директорының орынбасары Жамсранжав Байырсайхын, РФ Жоғарғы кеңес комитеті төрағасының орынбасары Мурад Заргишиев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университені ұстазы Айболат Құшқымбаев, Қарулы күштері Әскери-тарихи музейі директоры Перизат Өтепова, Қырғызстандағы Манас унисерситетінің түркологы Нурдин Усеев, Әзербайжан Ұлттық академиясының жетекші ғылыми қызметкері Азад Зейналов, ҚР Парламенті Сенаты Аппараты Басшысының орынбасары Дархан Жазықбаев, «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали, танымал журналист Мәди Манатбек бар, бір топ сапарын Орталық Қазақстанда жерінде жалғастырды.

Экспедиция алдымен Жошы хан мазарына соқты. Жолаушыларды өлке тарихымен таныстырған Қаныш Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражайының директоры Кенжал Балкенов айтуынша, мазарда Жошы ханмен бірге бәйбішесі Бектумыш ана жерленген. Жошы бүкіл қазақ хандарының атасы. Яғни, Ұлы Дала елінің бастауы осында жатыр.

Келесі аялдаған Домбауыл кешені жайлы «Моңғол еліндегі Елтеріс қаған кешенінің табанындағы сегіз бұрыш түркілердің жұлдызы екендігін білдіреді. Міне, Домбауыл ескерткішінің де тұғыры сегіз бұрышты. Демек, бұл кешен түрік дәуірінің соңғы кезеңіне жатады және Ұлы Даладағы исламдық алғашқы ескерткіш болып есептеледі. Ұлытау – екі мәдениеттің тоғысқан ортасы» деген жаңа ұстаным айтты экспедиция басшысы Дархан Қыдырәлі.

Экспедиция мүшелерінің келесі табан тіреген тарихи орын  – Алаша хан кесенесі академик Әлкей Марғұлан айтқандай, бұл Шыңғыс ханға қойылған символикалық бейіт болуы әбден мүмкін. Сондықтан да бұл киелі орын есебінде.

Сөйтіп, соңы тірек Ұлытау төрінде табан тіреген жолаушылар әуелі қазақ хандарының жаз жайлауы болған Хан Ордасына да ат басын ірікті. Жол үстінде Сәтбаев қаласында болып, Академик Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоғын қойды.

Ұлытау Ұлы Дала тарихындағы аса маңызды жер. Сондықтан болса керек, оғыздар батысқа барған кезде Анадолыда құрған мемлекеттерінің астанасын «Ұлытау» («Ұлытаг») деп атаған. Ұлытау таудың үлкендігіне байланысты емес, оның көнелігіне, ұлылығына байланысты аталған. Қасиетті тауда халық хандарды ақ киізге хан көтеріп, ұлықтап отырған.

 Халықаралық экспедиция қайтар жолда Жаңарқаның үстімен өтіп, қазақтың аяулы перзенті, саналы һәм санаулы ғұмырын халқына арнаған абыз Ақселеу Сейдімбектің басына құран бағыштады.

****

Жиын барысында жоғарыдағы сапар жайлы қортынды сөзін айтқан Дархан Қуандықұлы, экспедиция мүшелері жергілікті халықпен жылы жүздесулер өткізіп,  рухани жаңғыру  жайлы әңгімелер айтқанын жеткізді. Оның сыртында басқосу барысында таныстырылған тағы бір дүние –  халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ұлттық музейі екі жақты уағдаластық орнатуының нәтижесінде, моңғол даласында әлі күнге жүйелі зерттеу жасалмаған түркі мұраларын тексеруге қол жеткізген. 

Нақтырақ айтсақ, моңғол жеріндегі түркі жазулары мен ескерткіштері Орхан өзені алқабынан көптеп табылғандықтан, ғылымға «Орхан жазба ескерткіштері» деген атпен таңбаланған. Ал күллі түркі-моңғол жұртының ежелгі қонысы Керулен алқабы зерттелмей қалған.

Академия осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында,  жоспарлы жұмыс бастаған. Нәтижесінде, моңғол архелогтарымен бірлдесіп, елдің шығыс-солтүстігіне барлау-зерттеу жұмыстарын жүргізілуде. Соның бірі Кентай аймағы жеріндегі Делгерхан елді-мекені маңынан жаңадан табылған ғұрыптық кешен.

Кешенге зерттеу жүргізген моңғол ғалымы Ж.Баярсайханның таныстыруынан ұққанымыз: аталмыш кешенге 1990-шы жылдары жапон-моңғол археологтары бірлескен қысқа мерзімді жалпылама шолу-зерттеу  жүргізіп, фотосипаттама жасаған екен. Биыл осы жұмыс толықтырылып, кешенге топографиялық, геомагниттік тексерулер жасалып, олардың координаттық бағыттары анықталыпты. Бұйырса, түркі тарихы тағы бір жәдігермен толығатын күн жақын.