Бұл жолғы Елбасы кітапханасында өткен семинар-тренинг «Қазақстан жолы: Мәңгілік ел» бағдарламасы бойынша жалғасын тапты. Алматы қаласындағы іргелі білім ордаларының бірі Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті студенттері Отанымыздың өткені мен бүгінін жарқын болашағын семинар-тренингте жан-жақты танып білуге мүмкіндік алды. Осы уақытқа дейін «Қазақстан жолы: Мәңгілік ел» курсы бойынша 947 адам білімін жетілдірген екен.
Семинар аясында кітапхананың ғылыми қызметкерлері, сонымен қатар, профессор Ғазиз Телебаев пен тарих ғылымдарының докторы Сағынтай Бердағұлова алуан түрлі тақырыптарда дәрістер жүргізді. Ал тренинг бөлімінде түрлі сабақтар мен тапсырмалардан, ой-талқы мен пікірсайыстардан құралған дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Екінші күні Қазақстан Жастары конгресі республикалық ұйымы баспасөз қызметінің жетекшісі Аида Сыздықова Президенттің рухани жаңғыру жөніндегі бастамасы елдің көңілінен шыққанын, әсіресе кейінгі ұрпақты серпілткенін айтып, қазақ жұртын төрткүл дүниеге танытқан ЭКСПО көрмесі кезінде 5 мыңға жуық еріктілердің жұртшылыққа қызмет еткені туралы жан-жақты баяндады. Бұл тәуелсіз ел жастары қандай жұмысты тапсырса да мүлтіксіз алып шығатынын көрсетті деген ол енді Жер-Ананың тағдырын ойлау, болашақты бағдарлау әр жас өз мақсатын іске асыру жолында қимыл-қарекет жасап, сол арқылы жүрер жолыңды таңдап, бағытыңды белгілеп алу керектігін де еске салды. Ендігі жерде ерікті жастарды қалыптастыру, олардың азаматтық белсенділігін арттыру, тәжірибе жинақтау, алдыңғы толқынға ізет көрсете отырып, ізбасарларға қамқорлық таныту ісін жолға қою, сөйтіп «Кемел ел» бағдарламасы арқылы көш-
басшылар санын арттыру жайын да тіліне тиек етті. ЭКСПО кезінде ел жастары елдік іске қашанда дайын екенін танытып қана қойған жоқ, өздерінің білімімен де, іскерлігімен де, ұйымдастырушылық қабілетімен де таныла білді, деді А.Сыздықова.
Бұдан кейін Алматы мен Қызылордадан келген студенттер алған білімдері туралы баяндап, өздерінің өнерлерін көрсетті. Әсіресе ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 3-курс студенті Әзиз Қадырқанұлы келістіре орындап, жұрттың ілтипатына бөленді.
Жастарға арнайы сертификаттар мен бағалы сыйлықтарды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов тапсырып, Мәңгілік ел жастарын Елбасы алға қойып отырған идея аясында баулып, рухани жетілдіру ісі алда да жалғаса беретінін айта келіп, бұрын қазақ жастары көп жағдайда алға ұмтылуға талпына қоймаса, қазір одан арылып, әлемдік үрдістің кез келген жақсы салаларын өздерінің ойы мен бойына дарытып қана қоймай, жұрт алдында көрсетуге талпына бастағанын жетістік деп атады.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»