Үкімет • 03 Қазан, 2017

БҒМ білім берудің негізгі трендтерін атады

563 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкіметтің бүгінгі отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қазіргі білім берудің негізгі екі трендін атады, деп xабарлайды ҚазАқпарат.


БҒМ білім берудің негізгі трендтерін атады

«Бірінші тренд бұрыннан бері бар. Мәселен, мен Астанада отырып, Қостанайдағы балаларға дәріс оқимын. Ал екінші тренд қазір кеңінен тарала бастады. Оған сәйкес, мен бейнедәрісті жазып аламын да, мультимедиялық материалдармен толықтырамын. Ішіне графиканы саламын, әрбір 5-10 минут сайын сұрақтарды кіргіземін. Сөйтіп, сапалы бір сабақты жасап шығарамын. Оны үздіксіз пайдалануға болады. Сондықтан бүгінде дәл осы екінші тренд біріншіні басып озып, алға шығып келеді», - дейді Сағадиев.

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде мектептерге арналған бейнефильмдер мен интерактивті сабақтарды даярлау жұмысы аяқталуға жақын. Ал жоғары оқу орындары үшін әлі де біраз шараларды атқару қажет.

«Шыны керек, жоғары оқу орындарына арналған бейнесабақтарды даярлау жұмысы енді басталып жатыр. Бізге сапалы контент жасау қажет. Мемлекеттік қызмет саласындағы мұғалімдерге де бейнеконтентті даярлайтын боламыз», - деп атап көрсетті Ерлан Кенжеғалиұлы.

Бүгінде мектеп мұғалімдері үшін 80 мың бейнефильмдер мен интерактивті сабақтар бар. Олар кез келген материалды ғаламтордан, я болмаса, мектеп серверінен алып, сабақ кезінде пайдалана алады.