ЭКСПО көрмесіне 8 спектакль апарып, Астана қонақтарын өнерімен тәнті етіп қайтқан театр көп жылдан бері үзіліп қалған гастрольдік сапарларын қайта жандандырып, екі апта бойы Атырау облысын аралап, шалғайдағы ауыл көрермендерін шабытты ойынымен сүйсіндіріп қайтқан еді. Бұл күндері театрдың жұмыс жоспары тығыз болғаны сондай, бір күнде төрт спектакльден қойып, қияндағы елді мекендердегі қарапайым тұрғындарды қарашаңырақ театрдың беломыртқасы іспеттес белгілі әртістерімен, кейінгі буын актерлерімен жақыннан жүздестіріп, бүгінгі шығармашылық ұжымның бағыт-бағдарымен танысуға кең мүмкіндік сыйлады. Ауыл-елді аралап болған соң іле-шала әкемтеатр әртістері Ұлыбританияға аттанып кетті. Режиссер Е.Обаевтың сахналауымен қойылған жазушы-драматург Дулат Исабековтің «Жаужүрек» спектаклінің Лондон көрермендеріне ұсынылуы қазақ рухани өміріндегі айтулы оқиға ретінде қабылданды. Себебі КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовтің айтуынша, сонау 1960 жылдары әйгілі сахна шебері Шәкен Айманов Шекспир шығармалары негізінде ұйымдастырылған театр фестиваліне эпизодтық рөлімен жеке-дара қатысып қайтқаны болмаса, әуезовтіктер әлемдік драма өнерінің ордасы Англия төріндегі театр сахнасында бұрын-соңды ойнамаған.
Ұлылардың ізі қалған ордадағы жетістіктерді сүйіншілеумен сөз бастаған театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләлов маусымның ашылуына орай шақырылған баспасөз мәслихатында басқа да жаңалықтарымен бөлісті. Текті өнердің тоқсан жылдық төріне көтеріліп, өзге театрларға үлгі көрсетер үлкен театр болғандықтан, М.Әуезов театры дәл осы күні Алматы қаласындағы 8 театрдың басын қосып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының және ұлы жазушы М.Әуезовтің 120 жылдығы аясында «Театр әлеміндегі рухани жаңғыру» атты театрлар көрмесін өткізді. Көрмеге М.Лермонтов атындағы орыс академиялық драма театры, Корей театры, Неміс театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жастар театры қатысып, өз өнер ордаларындағы таланттардың тері сіңген сахналық киімдерін, әртістер тұтынған бұйымдар мен тарихи суреттерді, бутафориялық бірегей жәдігерлерді жұрт назарына қойды.
Екі айлық демалыстан соң сахнаны сағынған театр актерлері қызыл кілемнің үстімен салтанатты түрде жүріп өткен соң, М.Әуезов атындағы театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов сөз алып, лентасын қиған алғашқы көрмені көрермендер зор қызығушылықпен тамашалады.
Сондай-ақ М.Әуезов театры үшін биылғы жыл – мерейтойлар жылы. Театр есімін ту етіп ұстаған М.Әуезовтің 120 жылдығы, Мүлік Сүртібаевтың 100, Нұрмұхан Жантөриннің – 90, Райымбек Сейітметов, Әнуар Молдабеков, Жұмабай Медетбаевтың – 80, Әнуар Боранбаев пен Әшірбек Сығайдың 70 жылдық мерейтойлары шеру іспетті бірінен соң бірі осы театрдың төрінде аталып өтеді.
Көрмеден соң қадым заманнан қалыптасқан дәстүріне сәйкес, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 92-маусымының шымылдығын ұлы драматургтың «Абай» спектаклімен ашты.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ