Аймақтар • 16 Қазан, 2017

Әуезов театры 92-маусы­мы­н ашты

666 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры өткен маусымын шығар­машылық табыспен аяқтап, жа­ңа 92-маусымын жағымды жаңа­лықтармен бастағалы отыр.

Әуезов театры 92-маусы­мы­н ашты

ЭКСПО көрмесіне 8 спектакль апарып, Астана қонақтарын өнерімен тәнті етіп қайтқан театр көп жылдан бері үзіліп қалған гастрольдік сапарларын қайта жандандырып, екі апта бойы Атырау облысын ара­лап, шалғайдағы ауыл көрер­мен­дерін шабытты ойынымен сүй­сіндіріп қайтқан еді. Бұл күн­дері театрдың жұмыс жос­пары­ тығыз болғаны сондай, бір күнде төрт спектакль­ден қойып, қияндағы елді мекен­дердегі қарапайым тұрғын­д­арды қарашаңырақ театр­дың беломыртқасы іспеттес бел­гілі әртістерімен, кейін­гі буын актерлерімен жақын­нан жүздестіріп, бүгінгі шығар­ма­­шылық ұжымның бағыт-бағ­дарымен танысуға кең мүмкін­дік сыйлады. Ауыл-елді ара­лап болған соң іле-шала әкем­театр әртістері Ұлыбрита­­ния­ға аттанып кетті. Режиссер Е.Обаев­­­тың сахналауымен қо­­­­йыл­­ған жазушы-драматург Дулат Исабековтің «Жаужүрек» спек­­таклінің Лондон көрер­мен­деріне ұсынылуы қазақ руха­ни өміріндегі айтулы оқиға ре­тін­де қабылданды. Себебі КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовтің айтуынша, сонау 1960 жылдары әйгілі сахна шебері Шәкен Ай­манов Шекспир шығар­ма­лары негізінде ұйым­дасты­рылған театр фестива­ліне эпизод­тық рөлімен жеке-дара қаты­сып қайтқаны болмаса, әуезовтіктер әлемдік драма өнері­нің ордасы Англия төрін­дегі театр сахнасында бұрын-соңды ойнамаған. 

Ұлылардың ізі қалған орда­дағы жетістіктерді сүйін­ші­леумен сөз бастаған театр ди­рек­торы, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Ер­лан Біләлов маусымның ашылуына орай шақырылған баспасөз мәслихатында басқа да жаңалықтарымен бөліс­ті. Текті өнердің тоқсан жыл­дық төріне көтеріліп, өзге театр­­­ларға үлгі көрсетер үл­кен театр болғандықтан, М.Әуезов театры дәл осы күні Алма­ты қа­­ла­сындағы 8 театр­дың ба­­с­ын қосып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаң­­ғы­ру» бағдарламасының және ұлы жазушы М.Әуезовтің 120 жыл­дығы аясында «Театр әлемін­­дегі рухани жаңғыру» атты театр­лар көрмесін өткіз­ді. Көр­меге М.Лермонтов атын­­дағы орыс академиялық драма театры, Корей театры, Неміс театры, Ғ.Мүсірепов атын­дағы Бала­лар мен жастар театры қаты­сып, өз өнер ордаларын­дағы таланттардың тері сіңген сах­на­лық киімдерін, әртістер тұтын­ған бұйымдар мен тарихи сурет­терді, бутафориялық біре­гей жәдігерлерді жұрт наза­ры­на қойды. 

Екі айлық демалыстан соң сах­наны сағынған театр актер­­лері қызыл кілемнің үсті­мен салтанатты түрде жүріп өткен соң, М.Әуезов атын­дағы театрдың көркемдік же­тек­­шісі Асанәлі Әшімов сөз алып, лентасын қиған алғаш­қы көрмені көрер­мен­дер зор қызығушы­лықпен тамашалады. 
Сондай-ақ М.Әуезов театры үшін биылғы жыл – мерей­тойлар жылы. Театр есімін ту етіп ұстаған М.Әуезовтің 120 жылдығы, Мүлік Сүртібаев­тың 100, Нұрмұхан Жантөрин­нің – 90, Райымбек Сейітметов, Әнуар Молдабеков, Жұма­бай Медетбаевтың – 80, Әнуар Боранбаев пен Әшірбек Сы­ғайдың 70 жылдық мерей­тойлары шеру іспетті бірінен соң бірі осы театрдың төрінде аталып өтеді.

Көрмеден соң қадым за­ман­­нан қалыптасқан дәс­тү­ріне сәйкес, М.Әуезов атын­­дағы Қа­зақ мемлекеттік ака­де­миялық др­ама театры 92-маусы­мы­ның шымылдығын ұлы драма­тург­тың «Абай» спектаклімен ашты. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ